23. Абайдың Он жетінші қарасөзіндегі «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста» сөзінің мәнін талдап жаз. Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек. Абай Хакім Абай Он жетінші қарасөзінде «Ақыл, қайрат, жүректі» сөз
таластырып, ғылымға жүгінтеді. Үшеуі мақтанып, адам үшін өздерінің бірінші
орында тұратынын айтып, таласады. Ғылым әділ төрелігін айтып, «Осы үшеуің
басыңды қос. оның ішінде жүрекке билет» дейді. Шынында, неге жүректі бірінші
орынға қойды екен?
Абайдың бұл қарасөзі «Әуелде бір суық мұз, ақыл зерек» деген өлеңінің
түсініктемесі ретінде жазылған.Я ғни кеңінен ашып көрсетуге тырысқан. Менің
түсінігім бойынша, біріншіден, бұл үшеуі де адамның ең қажетті асыл қасиеттері.
Бойыңда қайратың болмаса, айналаңдағыларға масылсың. Жақсы мен жаманды
таразылау үшін ақыл керек. Жүрегің соқпаса, өліксің. Өлікке ақыл мен қайрат
керек емес қой. Жүректің соғуы – тіршіліктің белгісі. Абайдың өзі де «Тірі
адамның жүректен аяулы жері бола ма?» дейді.
Екіншіден, адам қайратын жақсымен қатар жамандыққа да жұмсай алады.
Бойдағы қайратты мақсатқа жету жолында қолданатынымыз рас. Дегенмен
дүниедегі қиянаттың барлығы күш-қайратының тасығанынан да болып жатады.
Ал осы кезде мықты болса, ақыл қайда қарайды? Демек ақыл қайратыңды жұмсар
кезде саған көмектесе алмайды. Ал жүрегіңе үңілсең, тек ізгілікке бастары анық.
Үшіншіден, «Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл,
жылы жүрек» деп ақынның өзі айтқандай, осы үшеуі бірлікте болғаны абзал.
Үшеуінің ішінде жүрек қана адалдыққа, тура жолға бастайды. жүректі жылы етіп,
қайртатты ыстық, ақылды нұрлы етіп алуында да үлкен себеп бар. Жылы жүрек
мейірім мен ізгілікке үндейді, ыстық қайрат тек жақсы істерге ұмтылуды, нұрлы
ақыл жақсы ниетте таза істерге жұмсауды меңзеп тұрғандай. Жүрек арқылы түрлі
сезімді бастан кешіреміз. «Жүрегіңе үңіл, жүрегің не қалайды?» деп жатамыз.
Яғни түптеп келгенде, жүректің әміріне құлақ түреміз.
Абайдың «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден
бөлек» деуінде үлкен мән жатыр. Мемлекет басшысы Қасымжомарт Тоқаев "Абай
және ХХІ ғасырдағы Қазақстан" атты мақаласыында "Біз Абайдың "толық адам"
тұжырымын қайта зерделеуіміз керек. Бұл бағытта ғалымдарымыз тың
зерттеулерді қолға алуы қажет. "Толық адам" концепциясы, шындап келгенде,
өміріміздің кез-келген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес
пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек деп есептеймін"
деген еді.
Қорыта айтқанда, Абай армандаған «толық адам» болу үшін білім, ғылымға
көңіл бөліп, ақылымыз бен қайратымызды жүрекке бағындырып, өмірлік мақсат
жолында өмір сүруіміз керек. Абай ілімін темірқазығымыз етіп алсақ, алысқа
құлаш сермейтінімз анық. Рухымыз биік, кемелденген тұлға болуға ұмтылайық.