Қазақ тілі. ӨЗдік жұмыстарға арналған мәтіндер



бет2/14
Дата25.12.2016
өлшемі2,75 Mb.
#4615
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14

1.10 Қазақ тілі туралы
Қазақ тілі — Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Қазақ тілі Қазақстанда ғана емес, басқа елдердің жерінде тараған тіл (Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Түрікменстан, Ауғанстан, Қытай, Иран, Түркия, Моңғолия т.б.).

Қазақ тілі түркі тілдердің қыпшақ тобына жатады, соның ішіндегі қарақалпақ, ноғай, қарағаш тілдерімен бірге кыпшақ-ноғай топшасын құрады. Тағы да татар, башқұрт, қарашай-балқар, құмық, қарай, қырымлы (қырым-татар) тілдеріне жақын.

Қазақ жазуы бірнеше рет өзгеріске ұшырады. 1929 жылға дейін Қазақстанда қазақ араб жазуын пайдаланды. XX ғ. басында Ахмет Байтұрсынұлы ұсынысымен қазақ фонетикасына негізделген араб-парсы әліппесін (төте жазу) пайдаланған. 1929 жылдан 1940 жылға дейін латын графикасы қолданылып, 1940 жылдан қазірге дейін кирилл әліпбиін қолдануда. Түркия мен Батыс елдердегі қазақтар әртүрлі латын жазуына негізделген әліппелерді пайдаланады.

Қазақ тілі – көркем тіл, бай тіл. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Қазақ тілінен асыл, қазақ тілінен бай тіл жоқ. ... Дін де осында, ғылым-білім де осында, әулиелік те осында» деген. «Қазақтардың тілі жатық та шешен, әрі өткір, көбіне іліп-қағып, сұрақ пен жауап беруге келгенде, таң қалдырарлықтай оралымды сөйлейді» – деген орыс ғалымы В.В. Радлов. Ал француз ғалымы А. Жарри де Манси «Қазақ тілі – түркі тілдері ішіндегі ең таза тілдердің бірі» деген.


Сөздік
топша – подгруппа

құрау – составлять

жазуы – письменность

өзгеріс – изменения

пайдалану – зд: использовать

негізделген – основанный


Тапсырма
1. Мәтіннің абзацтарына сұрақтар құрастырыңыздар.

2. Мәтін бойынша келесі тапсырмаларды орындаңыздар: дыбыстық талдау, морфологиялық талдау, сөз құрамына талдау, синтаксистік талдау.

3. Мәтіннен есімше мен көсемшелерді жазып алып, олардың жұрнақтарын белгілеңіздер.

4. Мәтіннен көмекші сөздерді (жалғаулықтарды, септеуліктерді, демеуліктерді) қатысты сөздермен теріп жазыңыздар.



1.11 Астана – Қазақстан Республикасының елордасы

1 нұсқа


Астана Қазақстанның орталық бөлігінің солтүстігінде Ақмола облысында, Есіл өзенінің алабындағы өзен маңы жазықтығында орналасқан.

Қаланың атауы қазақ тілінен алынған. Қазақша ол сөз елдің бас қаласы дегенді білдіреді. Астана сөзі қазақ тіліне парсы тілінен ауысқан. Онда ол «киелі орын», «босаға» деген мағыналарға ие.

Астана 1830 ж. Есіл өзенінің жағасында қазақ-орыстар әскерлері негізін қалаған бекіністен бастау алады. 1862 ж. Ақмола қала мәртебесін алды. 1962 ж. қалаға Целиноград атауы берілді. 1997 ж. егемен Қазақстанның Президенті Н. Назарбаев Жарлығымен елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылданды.

1998 ж. 6 мамырда жаңа елорданың атауы Астана болып өзгертілді.

1998 ж. 10 шілдеде Қазақстанның жаңа елордасы – Астананың тұсауы кесілді.

1998 ж. ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша Астана қаласына «Бейбітшілік қаласы» жоғары атағы беріліп, медальмен марапатталды. Бұл атақ қысқа мерзім ішінде әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени дамуда неғұрлым әсерлі әрі қуатты өсуге, тұрақты этникааралық қатынасты орнықтыруға қол жеткізе алған ғаламшардың жас қалаларына беріледі. Бразилияда өткізілген бұл конкурста Астана барлық өлшемдер бойынша әлемнің әртүрлі елдерінің он екі қаласын басып озды.

Астана өте серпінді дамуда. Астананың ойдағыдай дамып келе жатқанының белгілерін оның халқының жедел өсуінен байқауға болады. Елорданы көшіру жарияланған жылы мұнда небәрі 225 мың адам тұратын. 2004 жылы елорда тұрғындарының саны екі есе өсіп, жарты миллионнан асып кетті.

1998 жылы Астана еркін экономикалық аймақтың WEPSA халықаралық қауымдастығына кірді. Әлемнің 15 қаласы Қазақстан елордасының бауырлас қалалары болып табылады, олардың арасында Мәскеу, Берлин, Варшава, Минск, Киев, Анкара, Бангкок және басқалары бар.

Елорданың жаңа әкімшілік орталығында Бейбітшілік пен келісім сарайы мен «Пекин-Палас» бизнес-орталығы, ҚР Парламент Мәжілісі мен Сыртқы істер министрлігі ғимараттары, «Ғашықтар» саябағы, «Президент-отель» қонақүй кешені мен Ислам орталығы ашылды. Сенат пен Үкіметтің әкімшілік ғимараттары, «Тұлпар» тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталып келеді. Дипломатиялық қалашық, цирк ғимараты, «Сол жағалау — Абылай хан даңғылы тас жолы мен Есіл арқылы көпірдің» құрылысы жалғасуда.

Қаланың дәл жүрегінде орналасқан Бәйтерек мұнарасы жағаласындағы паркқа ұқсас ашық алаңында ұдайы арнайы мерекелер өткізіліп отырады.

Соңғы жылдары қалада мәдени-ағарту мекемелер желісі едәуір көбейді. Халықты спортпен және дене шынықтырумен тұрақты айналысуға тарту мақсатында өткен кезеңде жаңа спорт кешендері ашылды.

Қалада жоғары оқу орындар, колледждер, мемлекеттік жалпы білім беретін мектеп, дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицей-интернаты, арнаулы түзету мектеп-интернаты жұмыс істейді. Мектеп жасына дейінгі білім беру жүйесінде 11,2 мың баланы қамтыған 36 мектеп жасына дейінгі ұйым жұмыс істейді. Бес-алты жастағы балалардың мектепалды дайындығын ұйымдастыру үшін жағдайлар жасалған.

2005 жылы Астана қаласының тұрғындарына барлық мамандықтағы 3,6 мың дәрігер және 4,2 мың орта медицина қызметкерлері еңбек ететін, жергілікті басқару органдарының қарамағындағы 32 мемлекеттік медицина ұйымы және 100-ден астам мемлекеттік емес медицина ұйымдары қызмет көрсетті.
Сөздік

алап – русло, площадь

қалау – построить, воздвигнуть

бекініс – крепость

мәртебе – статус

марапаттау – награждать

негұрлым – чем ..., больше, как можно больше

әсерлі – впечатляющий

орнықтыру – расположить

ғаламшар – вселенная

өлшем – мера, размер

серпінді – упругий

небәрі – всего лишь

екі есе – в два раза

қауымдастық – сообщество

рәсім – церемония

қалашық – городок

мұнара – башня, вышка

ұдайы – беспрерывно, постоянно, подряд

ағарту – просвещение, просвещать

жөндеу – ремонтировать, исправлять

сауықтыру –оздоровительный, оздоровить

дерек – факт

қарамағында – в подчинении


Тапсырма
1. Мәтінді оқып, мазмұнын айтып беріңіздер.

2. Мәтіннен Сіз үшін жаңа сөздермен сөйлем құрастырыңыздар.

3. Мәтіннің абзацтарына сұрақтар құрастырыңыздар.

4. Мәтіннен күрделі сөздерді жазып алып, біріккен және қос сөздерге бөліңіздер.

5. Мәтіннен жедел өткен шақтағы етістіктерді теріп жазыңыздар, жағын және жекеше немесе көпше түрін көрсетіңіздер.

6. Негізгі мазмұнын қалдырып, мәтінді қысқартыңыздар.


1.12 Астана — Қазақстан Республикасының елордасы

2 нұсқа
Астана Қазақстанның орталық бөлігінің солтүстігінде Ақмола облысында, Есіл өзенінің алабындағы өзен маңы жазықтығында орналасқан.

Астана 1830 ж. Есіл өзенінің жағасында қазақ-орыстар әскерлері негізін қалаған бекіністен бастау алады. 1862 ж. Ақмола қала мәртебесін алды. 1962 ж. қалаға Целиноград атауы берілді. 1997 ж. егемен Қазақстанның Президенті Н. Назарбаев Жарлығымен елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылданды.

1998 ж. 6 мамырда жаңа елорданың атауы Астана болып өзгертілді.

1998 ж. 10 шілдеде Қазақстанның жаңа елордасы — Астананың тұсауы кесілді.

Астана өте серпінді дамуда. Елорданың жаңа әкімшілік орталығында Бейбітшілік пен келісім сарайы мен «Пекин-Палас» бизнес-орталығы, ҚР Парламент Мәжілісі мен Сыртқы істер министрлігі ғимараттары, «Ғашықтар» саябағы, «Президент-отель» қонақүй кешені мен Ислам орталығы ашылды. Дипломатиялық қалашық, цирк ғимараты, Сол жағалау — Абылай хан даңғылы тас жолы мен Есіл арқылы көпірдің» құрылысы жалғасуда.

Қаланың дәл жүрегінде орналасқан Бәйтерек мұнарасы жағаласындағы паркқа ұқсас ашық алаңында ұдайы арнайы мерекелер өткізіліп отырады.

Соңғы жылдары қалада мәдени-ағарту мекемелері желісі едәуір көбейді.

Сөздік
атауы берілу – дать название

көшіру туралы – о переносе

өзгертілу – изменять

тұсауы кесілді – состоялась презентация

серпінді дамуда – в динамичном развитии

келісім сарайы – дворец согласия

көпір –мост

құрылысы жалғасуда – продолжается строительство

мұнара – минарет, башня

ұқсас – похож

ұдайы арнайы – постоянный, специальный

мәдени-ағарту – культурно-просветительский

желі – сеть

едәуір – значительно


1.13 Астана арман қаласы

3 - нұсқа

Мемлекетіміздің астанасы – Астана қаласы. 1998 жылға дейін астанамыз әлемдегі ең сұлу қалалардың бірі Алматы болып келді.

Астананы ауыстыру көптеген (экономикалық, саяси, демографиялық, географиялық) жағдайларға байланысты туындады. Біріншіден, Астана қаласы республиканың орталық аймағында орналасқан. Бұл облыстар мен аудандарды басқаруға қолайлы. Екіншіден, қаланы кеңейтіп, жаңа құрылыстар салу бұл өлкенің экономикасын көтеруге мүмкіндік береді. Үшіншіден, Астананың орналасқан жері оның ұлттық қауіпсіздігін нығайтуға ықпал жасайды.

1998 жылдың 10- маусымында Қазақстанның жаңа астанасының тұсаукесері болды. Астана қаласы күн сайын көркейеді. Аз уақыттың ішінде Президенттік мәдени орталық, Конгресс хол, министрліктің үйлері, Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, жаңа тұрғын ықшамаудандар салынды. Астананың ең басты ерекшелігі – Бәйтерек.

Астананың болашағы әлі алда. XXI ғасырда Астана әлемдегі ең сұлу гүлденген астаналардың біріне айналмақ.


Сөздік

ауыстыру – смена (в значении: поменять)

саяси – политический

жағдайлар – обстоятельства

байланысты – связано

туындау – появилось, зародилось

аймақ, өлке – край, регион

басқару – руководить

қолайлы -удобно

кеңейту – расширять, расширение

құрылыс – строительство

көтеру – поднимать

мүмкіндік – возможность

қауіпсіздік – безопасность

нығайту – укреплять, укрепление

ықпал жасау – оказывать влияние

тұсаукесер – презентация

көркею – становиться краше

аз уақыттың ішінде – за небольшое время

ықшамаудан – микрорайон

басты – основной, главный

ерекшелік – особенность

гүлденген – цветущий

айналмақ – станет


1.14 Қазақстанның табиғаты

Қазақстанның табиғат жағдайлары әр алуан. Онда гүлденген жазиралы, шетсіз-шексіз дала да, кұнарлы жер мен тамаша жайылымдар да, шөл мен тау бөктерлері де, бедерсіз қу тақыр да кездеседі.

Республиканың солтүстіктегі шеткі нүктелері Мәскеу жатқан ендікте, ал оңтүстіктегі сондай нүктелері Мадрид, Стамбұл және Баку жатқан ендікте орналасқан. Қазақстан аймағының ауқымдығына қарай ауа райы әртүрлі болып келеді. Оңтүстік аудандарда өрік гүлдеп, солтүстік аудандарда әлі де аяз тұрады.

Қазақстан аумағында қатал Сібір суығы мен аптапты Орта Азия ыстығы, тау орманы мен шөл тақырлары бірдей кездеседі. Бұл жерде мәңгі қар басқан биік таулар да, мұхит деңгейінен төмен орналасқан ойыстар да, төбелі жазық та, ұлан-ғайыр ойпаттар да бар. Осындай әр алуан бола тұра, республика жерінің 9/10 бөлігін жазықтар алып жатыр. Солтүстігі мен солтүстік-шығысында Қазақстан жеріне Батыс Сібір ойпатының оңтүстік шеті еніп жатады, оңтүстік-батысында кең Тұран ойпаты орналасқан. Қиыр батысында Каспий маңы ойпаты жайғасқан. Қазақстанның шығыс бөлігінде, солтүстігінде Қазақтың ұсақ шоқысы мен Тарбағатай жотасы және оңтүстігінде Жоңғар Алатауы мен Тянь-Шань арасында Балқаш-Алакөл ойысының аласа жазығы орналасқан.

Қазақстанның жер қойнауында әлемдегі табиғи қазба байлықтардың барлық түрі (90-нан астам) орасан зор көлемде бар деуге болады. Қазақстандағы ең ірі өзендер – Ертіс, Сырдария, Іле, Есіл және Тобыл. Қазақстанның өзіне тән өсімдіктері сан-алуан, әрі бай. Мысалы, бір ғана дәрі жасайтын өсімдіктің өзі 150-ге жуық. Қазақстанда 6 мемлекеттік қорық бар. Көптеген жануарлар мен өсімдіктер өкіметтің қамқорлығында.
Сөзді

шетсіз-шексіз – бескрайний

кұнарлы – плодородный

жайылым – пастбище

шөл – пустыня

тау бөктері –горные хребты

бедер – рельеф

қу – высохший

кездесу – встречаться

шеткі – крайний

ендік –ширина

өрік – абрикос

қатал – строгий

суық – зд. мороз

тақырлар – степь

аптапты – знойный

мәңгі – вечно

қар басу – покрываться снегом

мұхит – океан

деңгей – уровень

ойыстар – впадины

төбелі – холмистый

ұланғайыр – безграничный

ойпаттар – впадины

жазықтар – равнины

қиыр – край

жайғасу – располагаться

жота – горный хребет

ұсақ – мелкий

ойыс – впадина

аласа – приземистый

қойнау – лощина, ложбина

Тапсырмалар

1. Мәтінге жоспар құрып, мазмұнын жоспар бойынша айтып беріңіздер.

2. Мәтіннен берілген келесі сөздермен (сөз тіркестермен) сөйлем құрастырыңыздар: қатал, ең ірі, ұсақ, дәрі жасайтын, аласа, өкімет, әртүрлі болып келеді, алып, жер қойнауында.

3. Мәтіннен алынған келесі сөйлемнің синтаксистік талдауын жасаңыз: Республиканың солтүстіктегі шеткі нүктелері Мәскеу жатқан ендікте, ал оңтүстіктегі сондай нүктелері Мадрид, Стамбұл және Баку жатқан ендікте орналасқан.

4. Мәтіннен үстеулерді қатысты сөздермен теріп жазыңыздар. Үстеулердің мағынасын белгілеңіздер.

5. Мәтіннен алынған келесі сан есімдердің мағынасын анықтаңыздар: 9/10 бөлігін, 90-нан астам, 150-ге жуық, 6 қорық.


1.15 Қазақстан өнеркәсібі
Қазақстанның жер көлемі 2756000 шаршы км. Оның 40 % –өзен, көл, теңіз. Жерінің 50 %ы шөл және шөлейт аймақтар алып жатыр. Ал 10 % – таулы жер. Осы ұлан-байтақ республика жерінің ауа-райы, жер бедері, геологиялық құрылысы, өсімдік құрамы, топырағы, жануарлары алуан түрлі болып келеді. Республика жерінде Д.Н. Менделеевтің периодтық жүйесіндегі элементтердің бәрі де бар.

Алматы – абат астаналық облыс.

Ақтөбе – өлке, ақ ырысы – мол ырыс .

Атырау – мол Қазақстан мұнайы.

Жезқазған – кен, бұзылмаған қаймағы.

Көкшетау – көп -көгілдір көл аймағы.

Қарағанды – қара алтынның қоймасы.

Қостанай – құт, қызыл бидай қамбасы.

Қызылорда – күрішті Сыр сағасы.

Өскемен – өр, Шығыста Алтай аясы.

Павлодар – қара Ертістің саясы.

Петропавл – солтүстігім орманды.

Семей – аңыз, Шығыстаудай қорғанды.

Талдықорған – жер жәннаты, көп бағы.

Ақмола – Арқада астық алқабы.

Шымкент – ыстық оңтүстігім мақталы.


Сөздік
шөлейт аймақтар – пустынные земли

ұлан-байтақ – обширный

топырақ – почва, грунт

абат – благоустроенный, цветущий

мұнай – нефть

кен – ископаемые

қойма – склад

қамба – закрома

саға – устье реки

өр – возвышенность

қорған – крепость

астық алқабы – долина урожая


Тапсырма

1. Мәтінді оқып, мазмұнын айтып беріңіздер.

2. Мәтіннен Сіз үшін жаңа сөздермен сөйлем құрастырыңыздар.

3. Мәтін бойынша келесі тапсырмаларды орындаңыздар: дыбыстық талдау (астық), морфологиялық талдау (құрылысы), синтаксистік талдау (Республика жерінде Д.Н.Менделеевтің периодтық жүйесіндегі элементтердің бәрі де бар).


2 Қазақ халқының салт -дәстүрлері
2.1 Бесікке салу

Бесікке салу — қазақ халқының салтының бірі. Бесік қасиетті, киелі құтты мүлік, сәбидің алтын ұясы болып есептеледі. «Ел іші — алтын бесік» деген сөз бесіктің құдіретін көрсетеді. Жаңа туған баланы бесікке салу да халқымыз үшін елеулі дәстүрдің бірі. Бесікке салу жолы үлкен немесе елдің тәрбиелі, өнегелі әжелеріне, әйелдерге тапсырылады. Ол бесікті отпен аластап «тыштырма» жасап алып, баланы бесікке бөлейді. Бесік үстіне жеті түрлі қадірлі, таза заттар қойылады. Бесікке салған адамға «бесікке салар», яғни кәделі сый беріледі. Осындай қуаныш үстінде «Бесік жыры» айтылады:

Айыр қалпақ киісіп,

Ақырып жауға тиісіп,

Батыр болар ма екенсің?

Бармақтарың майысып,

Түрлі ою ойысып,

Шебер болар ма екенсің?

Таңдайларың тақылдап,

Сөзіңді жұрт мақұлдап,

Шешен болар ма екенсің?

Бесіктің сәби денсаулығына, тазалығына пайдасы өте зор. Бесіктегі сәбидің бойы, қол аяғы түзу, ширақ болады. Сондай-ақ бесік баланы кездейсоқ құлаған заттан, суық пен ыстықтан да қорғайды. Пәле-жаладан сақтасын деп ырымдап, оған тұмар, бүркіт тұяғы, жыланның бас сүйегі, кірпі сияқты заттар тағып қояды. Бесік ағаштан, негізінде талдан иіп жасалады. Себебі тал басқа ағаштай емес, иілмелі, морт сынбайды, құрт түспейді, жат иіс болмайды. Бесіктің мынадай құрал-жабдықтары болады: жастық, мамық, жөргек, түбек, шүмек, қолбау, тартбау т.б.


Сөздік

киелі – святой

құдірет – могущество

елеулі – значительный, достойный, заметный

өнегелі – примерный, образцовый

бөлеу – пеленать

кәделі сый – сувенир

ширақ – шустрый, проворный

кездейсоқ – случайный

пәле-жала – беда

ырымдау –считать приметой, поверьем

тұмар – амулет, талисман

тұяқ – наследник

тал – ива

иілмелі – гнущийся

морт сыну – легко сломаться

жат иіс – посторонний или неприятный запах
Тапсырмалар
1. Берілген мәтін бойынша сұрақтарға жауап беріңіздер:

- Бесіктің пайдасы неде?

- Бесікке салу рәсімі қалай өткізіледі?

- Бесік неден жасалады және оның қандай құрал-жабдықтарын білесіздер?

- «Ел іші — алтын бесік» деген сөзді қалай түсінесіз?

2. Мәтінді оқып, мазмұнын айтып беріңіздер.

3. Мәтіндегі ырықсыз етіс тұлғасында тұрған етістіктерді көрсетіңіздер.

4. Мәтіннен келесі үлгімен жасалған сөздерді теріп жазаңыздар: түбір, сөз тудырушы жұрнақ, тәуелдік жалғау, септік жалғау.

5. Мәтіннен көмекші сөздерді қатысты сөздермен теріп жазыңыздар.
2.2 Той малы (дәстүр)
«Жүз жылқы той малына кетіпті» (М.Ж. Көпеев). Келін алуға келген қадірлі құдалар елдің дәстүр- салты бойынша сән -салтанатымен, жөн -жосығымен келіп түседі. Бұл жолдың кәде- жоралары да көп болады. Соның ішінде ең басты кәдесінің бірі осы топқа арнайы әкелген «той малы» деп аталатын жолды дәстүр. Бұған әр құда өз дәулеті мен шамасына қарай жылқы немесе бірнеше қой әкеледі. Күйеудің абырой-беделі осы кәдеге де байланысты болады. Бұған қымбат мата, бұйым, жеміс, қант, шай да қосылады. Әкелген мал арқылы құдалар қыз әкесінен, атасынан немесе сол ауылдағы жолы үлкен ақсақалдан бата тілейді. Батадан кейін әлгі мал сойылып, тойға жиналғандар одан ауыз тиеді. Той малы толымсыз болса, қыз жеңгелері құдалардың бетіне басады. Сондықтан да «той малының» мүшесі түгел әрі семіз болуы қатты қадағаланады.
Сөздік

жөн -жосық – ритуал

кәде – подарок

жора – обычай, ритуал

шамасына қарай – по возможности

қосылу – прибавить, присоединить

сою – зарезать

ауыз тию – угоститься

толымсыз – зд. худой

беті басу – критиковать, выразить недовольство

қадағалау – следить

Тапсырмалар


1. Мәтінді оқып, мазмұнын айтып беріңіздер.

2. Мәтіннен Сіз үшін жаңа сөздермен сөйлем құрастырыңыздар.

3. Мәтіннен ауыспалы осы шақтағы етістіктерді теріп жазыңыздар, жағын және жекеше немесе көпше түрін көрсетіңіздер.

4. Мәтіндегі келесі зат есімдерге сын есімдерді табыңыздар: дәстүр, бедел, құда, жол, бұйым, дәулет.

5. Қарамен жазылған сөздерді формалдық белгілері арқылы қай сөз табына жататынын анықтаңыздар.
2.3 Дәмету

«Дәметкен сары майдан кеудең құрсын» (халық өлеңі).

Дәметудің әр түрі бар. Ал ырымда жас келіншектердің дәметуінің жөні бөлек. Жас балалар мен келіндер ата- енелері қонақтан келсе, олардан тәтті дәмететін әдеті бар. Әсіресе, балалы жас келіндер дәметсе, оның меселін қайтаруға болмайды. Өйткені дәметіп отырып ойындағысы болмаса, оның емшегі ісіп кетеді. Бұл – өмір шындығы. Ал үлкен кісілер, аналар, әжелер жас келіншегі бар үйге дәметіп қалар деп қашанда қалтасына дәм- тұзын сала жүреді. Бұл – әркім ескере жүретін, ескіден келе жатқан ырым.
Сөздік

келіншек – невестка, молодая жещина

бөлек – зд. особое

әсіресе – в частности

өмір шындығы – правда жизни

дәм- тұзы – угощение

ескере жүру – помнить

ырым – примета, поверье


Тапсырма

1. Мәтінді оқып, мазмұнын айтып беріңіздер.

2. Мәтіннен берілген келесі сөздермен сөйлем құрастырыңыздар: қайтару, дәмету, бөлек, қалта, әркім, әдет.

3. Мәтін бойынша келесі тапсырмаларды орындаңыздар: дыбыстық талдау (бөлек), морфологиялық талдау (сала жүреді), синтаксистік талдау (Жас балалар мен келіндер ата- енелері қонақтан келсе, олардан тәтті дәмететін әдеті бар).


2.4 Қалың мал (дәстүр, кәде)
«Мен ат тон айыбымен қалың мал қайтартпақшы болдым ғой» (С. Көбеев). Құда түсу рәсімі келісілген соң дала заңы бойынша күйеу жағы «қалың мал» төлеуге тиіс. Бұл – қазақ қазақ болғалы бұлжымаған ежелгі дәстүр. Оның мөлшері құдалардың дәрежесі мен дәулетіне байланысты екі жақ келісе отырып шешеді. «Бұрынғы кедейлер арасындағы қалың мал мөлшері бес- алты малмен тынса, ірі байлар арасында екі жүз, бес жүз, мың жылқыға дейін жеткен. Би мен байлар, хан мен төрелер арасында қалың мал үстіне «бес жақсы» деп аталатын бес түйеге қосып бір «жетім қыз (күң), «аяқ жақсы» ден беретін үш түйеге қоса бір «еркек жетім» (құл) бергендігі кейбір деректер арқылы белгілі. Қалың малдың «қырық жеті», «отыз жетінің бүтіні», «отыз жеті», «отыз жетінің жартысы», «жақсылы отыз жеті», «жиырма жеті», «он жеті», «домалақ қалың мал», «домалақ бата» сияқты түрлері болған. Мұның сыртында той мал, сүт ақы, күйеу апаратын ілу, өлі тірі апаратын, тағы басқа көптеген бағалы кәде, жоралар да болады. Бұған кеңес үкіметі кезінде «қызды малға сату» деп қара күйе жағылып келді. Ал шындығында қыздың жасауы «қалың мал» мөлшерінен кем болмаған. Демек, бұрынғы дала заңында бұл ескерілген сияқты. Әрине «қалың мал» құдалардың дәулетіне байланысты болған. Бұл істе әркім өз шама шарқына қарай белгілеген. Бұрынғы заманда «қалың мал» байлық пен мырзалықтың дәрежесін әйгілейтін көріністің айғағы болғаны шындық. ХІХ ғасырдың алғашқы ширегінде Кіші жүзде Байсақал мен Орта жүзде Сапақ құда болған. Сонда Байсақалдың қызының «қалың малы» бес жүз жылқы болған. Үш жүз жылқы қара малы, жүз жылқы үйге кіргізер, жүз жылқы той малына кетіпті (М.Ж.Көпеев).
Сөздік
дала заңы – степной закон

бұлжымау– оставаться в первоначальном виде

тыну – зд. довольствоваться

төре – аристократ

жағылу – зд. клеветали

шама шарқына қарай – по возможности

әйгілеу – сообщать, извещать

көрініс – вид, проявление

айғақ – доказательство

ширек – четверть


Тапсырмалар

1. Мәтінді оқып, мазмұнын айтып беріңіздер.

2. Мәтіннен Сіз үшін жаңа сөздермен сөйлем құрастырыңыздар.

3. Мәтін бойынша кез келген сөздер мен сөйлемдерді қолданып, келесі тапсырмаларды орындаңыздар: дыбыстық талдау, морфологиялық талдау, сөз құрамына талдау, синтаксистік талдау.

4. Мәтіннен есімше мен көсемшелерді жазып алып, олардың жұрнақтарын көрсетіңіздер.

5. Негізгі мазмұнын қалдырып, мәтінді қысқартыңыздар.


2.5 Күйеуаяқ (ғұрып)
Жігіт қалыңдығын алғаннан кейін әдеп бойынша енесін қошаметпен өз үйіне апарып салады. Ата –енесі күйеу баласына ірі мал атайды. Мұны «күйеуаяқ» дейді.
Сөздік

қалыңдық – невеста

әдеп бойынша – по традиции

қошамет – уважение


2.6 Түйемұрындық (ғұрып)
Ұзатылып жатқан келіншек көшінің жолында отырған ауылдың адамдары (жастары, әйелдері) керуен атының ноқтасынан, не түйесінің бұйдасынан ұстап тұрып сұрайтын кәдесі. Қыз анасы оларға кәдесін жасайды, кәде алған риза болып, бақыт тілеп, батасын беріп, жол болсын айтады.
Сөздік

ұзатылу – выдавать замуж

көш – кочевка

керуен – караван

ноқта – недоуздок

бұйда– веревка для вождения верблюда (привязываемая одним концом к колышку, вдернутому в носовой хрящ верблюда)


Тапсырмалар

1. Мәтіннен берілген келесі сөз тіркестермен сөйлем құрастырыңыздар: риза болу, бата беру, бақыт тілеу.

2. Асты сызылған сөздерді формалдық белгілері арқылы қай сөз табына жататынын анықтаңыздар.

3. Мәтіндегі барлық зат есімдердін жалғаулар түрін анықтаңыздар.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет