«Қазақ тілі сабағында байланыстырып сөйлеу қабілеттерін дамыту»
Мектепте оқытылатын барлық пәндердің маңызы зор, оның ішінде қазақ тілінің орны аса ерекше. Орыс тілінде оқытылатын мектептерде қазақ тілінен сабақ беруде оқушының ойлауы мен тілін дамытуда, дүниетанымын қалыптастыруда алдымызда үлкен міндеттердің тұрғанын ұмытпағанымыз жөн . Тілдің құдіреті оның міндетті қызметінде «Қазақ тілі сұлулығымен бой балқытып тамыр шымырлататын, жан-дүниеңді жандандырып, құлақ құрышын қандыратын өткірлігімен қысылтаяң тұста ер мен елге медет беріп, адам түгіл жағдайдың өзінің аузына құм құятын ғажайып кемел тіл » деп Б. Момышұлы атамыз айтқандай, ана тіліміздің қолданылу аясының тым тар шеңберде қалып қоймауы үшін, өзге тілдерге сорлы болмауы үшін бәріміз де тіл мәселесіне бей – жай қарамауымыз керек.
Қазіргі таңдағы әлеуметтік жағдайларды ескере отырып, жеке тұлғаны қалыптастыруда білім мен тәрбие ұштасқан тұста ғана оқу үрдісі нәтижелі болады. Жас ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелеуде ұлттық санасын оятып, тілін дамытып және білім беруді тиімді әдістемемен жандандыра түсіп дамыта оқу керектігі туындап отыр. Оқушының тілін дамыту – қазіргі кезде оқу – тәрбие ісіндегі басты мәселе.
Біздің елімізде қазақ тілі мемлекеттік тіл. Соған орай оқу орыс тілінде жүретін сыныптарда егемендік еліміздің мемлекеттік тілі – қазақ тілін оқыту өмірлік зор маңызға ие.
Орыс сыныптарындағы қазақ тілі сабағының білімдік дәрежесі бүтіндей басқа. Өйткені, орыс топтарындағы қазақ тілін оқытудың әдісі де, оған қойылатын талаптары да өзгеше. Мақсаты – оқушыларды қазақша сөйлей білуге үйрету болады да, сол сөздерден сөйлем құрау үшін грамматикалық ережелер, анықтамалар сөз үйретудің техникасы ретінде қарастырылады.
Қазақ тілін нәтижелі үйрену үшін оның оқыту әдістемесін жетілдіре түсіну – бүгінгі күннің кезек күттірмейтін маңызды мәселесі. Міне, заманымыздың тілек – талабы білім мазмұнын жаңартумен бірге, оны өмір мұқтажына орай дамытып, оқытудың жаңаша әдіс – тәсілдерін қолданудың мүмкіндіктерін арттыруды күн тәртібіне қойып отыр. Осындай мәні мен маңызы зор өзекті мәселелердің бірі – оқушылардың тілін дамыту процесі. Себебі оқушылардың берілген білімді саналы түрде ұғынып, ойының дәлдігі, өмірге көзқарасының қалыптасуы, өз бетінше білім алуға дайындығы, басқа ғылым негіздерін меңгеру нәтижелері ана тілінде сөйлеу деңгейіне байланысты. Сондықтан да оқыту процесі нәтижелі болу үшін оқушыларға ана тіліміздің қыр – сырын ауызша сөйлеу тілінде де, жазу мәдениетінде де ерекше ұғындыруымыз қажет .
Оқытушы сабақты дұрыс жоспарлап, мақсатын нақты белгілеп алмайынша дегеніне жете алмайды. Сабақтың мазмұнын, құрылысын, дәлдігін, жұмыс жүргізу тәсілін мұқият ойластыруы қажет. Сабақты жоспарлауға қандай негізгі талаптар қойылады. Олардың жобасы төмендегідей:
— Оқушылардың сабаққа бар зейінін аударып және ықыласпен, ынта-жігермен тыңдауын ұйымдастыру.
— Сабақтың тақырыбына сай мақсатын нақтылай білу.
— Оқытушының тақырыпты терең және жан-жақты меңгеруі.
— Мұғалімнің материалды жеткізу шеберлігі, сезімі,тиімді әдіс-тәсілдері.
— Көрнекі құралдардың нақтылығы, әсерлігі, мазмұндылығы.
— Мысалдардың өмірмен байланыстылығы, баланы ойлантуға, сөйлетуге, тәрбиелеуге ықпалы.
— Топпен, жеке оқушымен жұмыстың жандылығы, әр түрлілігі.
— Оқушыға теориялық жағынан меңгергенін іс-тәжірибеде, күнделікті сабақта қолдана алуы.
— Оқушылардың алдына проблема қойып, оны ізденіске бастау.
— Сабақты басқа пәндермен, өнер салаларымен үйлесіміне, ұқсастығына қарай түрлендіру.
— Оқушылардың шығармашылық белсенділігін арттыратын өз бетінше жұмыс беру.
— Бағалау
— Үй тапсырмасы уақытында түсіндіріп, үлгісін беру.
— Осылардың ең бастысы-сабақтың жүйелігі.
Оқытушының іскерлік сапасына төмендегідей талап-міндеттер қойылады:
— Сабақтың мақсаты айқын болуы.
— Материалды жан-жақты әрі түсінікті баяндауы.
— Басты мәселені бөле көрсетуі.
— Мәселе қозғап, пікір-сайыс туғыза білу.
__ Әр сабаққа әр түрлі әдәс-тәсілдерді қолданып, пәнге қызықтыру
— Сөйлеу мәдениетінің тартымдылығы, сөздерді анық айтуы.
— Алған материалдардың өмірмен байланысты, әрі тәрбиелік мәнінің маңызды болуы.
—Оқушылардың еркін жұмыс істетуі.
— Сабақта дидактикалық материалдардың жеткіліктілігі.
— Көрнекі құралдардың бар болуы.
— Техникалық құралдар қолданылуы.
— Үйге тапсырма уақтылы, әрі дұрыс берілуі.
— Оқушылармен жеке жұмыстар жүргізілуі.
— Оқушылардың қателері дер кезінде түзетіліп отыруы.
— Бағалау нормалары сақталып, әділ бағалануы.
Сабақты жоспарлағанда төрт дағдыны ескеруіміз керек.
1. Тыңдалым, яғни білім беру мақсаты. Ғылыми – теориялық жағынан не айтуға тиіспіз. Ол қандай мөлшерде, қалай қабылдату керек.
2. Оқылым. Берілгенін оқып, оқушы тапсырманы өз бетінше орындай ала ма. Ережеге байланысты тапсырманы оқушы қиналмай орындауы керек.
3. Жазылым. Ендігі бір жауапты кезең–жазылым. Оқушы тапсырма мазмұнын түсініп, өзі орындай білуі керек.
4. Төртінші дағды айтылым дағдысы , оқушылар өз ойын еркін жеткізе білу керек. Сөздік қорларын молайтып, арттырып отыру қажет.Ой – өрісін шындай отырып, өмірге көзқарасын қалыптастыру. Бойындағы өнерін танып, бағыт-бағдар беру. Ғылымға қызықтыру. Оқушыға беретін тапсырмаларда дәлелдейтін, түсіндіретін, пікірмен келісетін, келіспейтін, ұсыныс енгізетін, сын көзбен қарайтын, бір сөзбен айтқанда, баланы жан-жақты ойландыратын жұмыстар болуы керек.
Сөйлеуге және дұрыс жазуға үйрету – бір-бірімен тығыз байланысты процесс. Бірақ сөйлеуге үйрету әрдайым жазуға үйрету процесінің алдында келетіні ескеруіміз қажет.
Тіл дамыту жұмыстарын ұйымдастыру – оқушылардың ойлау қабілеті мен сауаттылығын арттырады.
Бұл жұмысқа төмендегідей талаптар қойылады:
оқушыларға әдеби тіл нормасын игерту.
сөздерді орфоэпиялық нормаға сай айтқызу.
оқушының сөздік қорын молайту.
сөздерді өзара дұрыс байланыстырып, ойды жүйелеп айтуға үйрету.
Тілі жақсы дамыған оқушы ойын дәл жеткізеді, оқуды да ойдағыдай меңгереді. Тіл дамыту – ой дамыту. Тіл – ойлау құралы.
Белгілі педагог К.Д. Ушинский оқушының ана тілінің білім алуда басты құрал екендігін айта келіп «Өзінің ана тілінің мазмұнын, мағынасын жете түсінбеген, оны ауызша және жазбаша сөйлеу дағдысында дұрыс мәнінде қолдана алмаған баланың басқа пәндерді дұрыс түсінуіне қабілеті жете бермейді, бұл оның бүкіл өміріне зияның тигізеді» деген еді.
Тіл дамыту барысында жаңа сөздермен өткізілетін жұмыс арқылы өтетіні белгілі. Қазақ тілін үйрену барысында ауызекі тілде сөйлеуді меңгеруге қандай көңіл бөлсек, жазба тілді дамытуға сондай көңіл бөлуіміз керек. Себебі, қазір республикамызда іс қағаздарының қазақ тілінде жүргізілуіне үлкен мән берілуде.
Сондықтан да біз күнделікті сабақ барысында оқушылардың тек сөйлеу дағдысын дамытуға ғана көңіл қоймай, сонымен бірге олардың сауатты жазуға үйренуіне жағдай жасауымыз керек. Осы мақсатта жүргізілетін жұмысымыз 2 кезеңге бөлінеді :
Жазба жұмыстарының алғашқы немесе бастапқы кезеңі.
Жазба жұмыстарының арнайы немесе негізгі кезеңі.
Жазбаша сауаттылықты дамыту барысында негізгі орын мазмұндама мен шығармаға беріледі. Негізінде жұмыстың бұл түрлерін сабақтың басынан бастап қолданған тиімді. Жазба жұмыстарының нәтижелі болуы олардың алдыңда өткізіліп отыратын мынадай дайындық процесіне байланысты:
Әр түрлі жаттығулар орындау;
Сөйлем элементтерін ауыстыруға арналған жаттығулар;
Берілген үлгі бойынша жаңа сөйлем құрау;
Диалог құру;
Монолог құру;
Шағын көлемді мәтін мазмұнын айтып беру;
Сурет бойынша әртүрлі жұмыс жүргізу;
Сұрақ – жауап жаттығуларын орындау.
Оқушылардың жазба тілін дамытуда, сөздерді байланыстырып сөйлем құрастыруда алуан түрлі мазмұндама, шығарма жазу жұмыстары басты тілдік материалдар болып саналады.
Осы жазу жұмыстарына байланысты көңіл бөліп ескеретін жайт, оқушылардың мазмұндама мен шығарма жұмыстарына дайындалу және жазу орындарына мынадай түрлерге бөлуімізге болады: а) сыныпта; ә) үйде; б) сыныпта-үйде; в) үйде-сыныпта. Қазақ тілін оқытуда ұйымдастыру процесінде мазмұндама мен шығарма жұмыстарын осылай топтастырудың маңыздылығы жоғары. Бұл ең алдымен, оқушылардың жазу жұмыстарына дайындықтарын белгілі оқу кезеңдеріне бөліп – бөліп орындауларына мүмкіндік береді.
Тіл ұстарту сабақтарының табысты болуы көбінесе мұғалімдердің сыныпта және оқыту әдістемесімен айқындалады. Сонымен бірге тіл ұстарту сабақтары оқушылардың шығармашылық дамуына мүмкіндік туғызып, төмендегідей дағдыларды қалыптастырады:
өз ойын, пікірін жеткізе білу;
байқампаздығын дамыту;
құбылыстарды шынайы бағалай білу;
ой өрісін, ұғымын кеңейту;
ізденгіштікке ұмтылуы;
«өз сөзін» айту мүмкіндігін қалыптастыру;
толық фантазиялық еркіндігі;
орфографиялық сауаттылықты нығайту.
Тіл үйрену, тіл ұстарту адамның ойлау қабілетімен тығыз байланысты. Ойлау қабілетін дамытудың негізгі әдістерінің бірі жаттығу жұмыстарын тиімді ұйымдастыру болып табылады. Жаттығулар екі топқа бөлінеді:
1. Тілдік жаттығулар,
2. Сөйлеу жаттығулары.
Екінші тілді үйрету ісінде сөйлеу жаттығуларының атқаратын рөлі зор. Әдетте сөйлеу жаттығуларына сөйлем құрастыру, мәтінмен жұмыс істеу, деңгейлік тапсырмалар беру, мазмұндама, шығарма жаздыру, сұхбат құрастыру, т.б. жатады.
Мәтінмен жұмыс істеу. Сабақ барысында оқушылардың сөйлеген сөздерінде жиі кездесетін кемшіліктерге көңіл бөлсек, баланың сабақ үстінде айтайын деген ойын анық жеткізе алмауы, яғни мәтінге байланысты мазмұнын айтуда бір деректі айтып бітпей жатып басқасына ауысып кетуі немесе керексіз сөзді орынсыз қолдануы (мысалы: жаңағы, сосын, яғни, сөйтіп, т.б.) сияқты ауызша сөйлеу тіліндегі қателарді көптеп кездестіреміз.
Байқалған кемшіліктерді ескере отырып, оқушының ойлау мен сөйлеу дағдыларын жетілдіру жолдарындағы ізденістер де оның «тірі тіл» неғұрлым түсінікті, жинақты, нақты болғанын талап теіп, өз ойын дәл айтуын қадағалап отыру керек.
Оқушының оқуға деген ынта ықыласын, қызығушылығын жойып алмау мақсатында кез – келген тапсырманы берер кезде:
1) оның оқушы ұғымына сәйкес, түсінікті болуын ескеру. Оқушының түсінбеген сөзге қате мағына немесе балама тауып, нәтижесінде сөйлемді қате түсінуі жиі кездеседі. (Мысалы: ағашты аралау – сөздің кесу деген мағынасын, көшені аралау – жүру деген мағынасымен шатастырады).
2) берілетін тапсырманың тәрбиелік мәніне көбірек көңіл бөлу.
3) қандай да болсын берілген тапсырма оқушы қызығушылығын оятатындай деңгейде болу керек. Егер оқушы бір нәрсеге қызықса, онда оның табиғатына білсем, білгенімді айтсам деген талпынысы күшейе түседі де, сөйлеуге деген қажеттілік туады.
Жоғарыда жазылған ой қорытындыларына сүйене отырып, оқушының ауызша сөйлеу тілін дамыту жолдарын мұғалімдерге іздестіру қажет.
Ұстаз алдындағы басты мақсат – сапалы білім мен саналы тәрбие беру, тұлғаның заман талабы мен ағымына сай қалыптасуына ықпал ету екендігін бәріміз білеміз. Сол мақсатқа жету үшін сұрақтар туындайды.
Сабақты қалай пайдалы, қызықты етіп өткізуге болады? Мектептен шыққан оқушы бүгін алған білімнің пайдасы, жаңалығы туралы айта алатын дәрежеде оқыту үрдісін қалай ұйымдастыруға болады? Оқушы болашақ маман ретінде бүгінгі күн талабына сәйкес болып, жаңа кәсіби міндеттерді шешуге дайын болу үшін не істеу керек?
Осы сұрақтарды шешудің бір жолы – оқытуда инновациялық технологияларды қолдану, яғни мұғалімнің жаңа қаруы ретінде инновациялық әдіс–тәсілдерді кеңінен пайдалану. Инновация дегеніміздің өзі жаңалықты енгізу, жаңалық әкелу, жаңа әдістеме мен жаңа технология.
Заман ағымымен ғылым мен техниканың жетістіктері күнделікті өмірімізге еніп жатыр. Қазіргі білім беру жүйесінде де мұғалімнің орны өзгерді: баланы оқытумен қатар, сол балаға өздігінен білім алуға және шығармашылық ізденуге жағдай жасау. Қазіргі таңда жаңа әлеуметтік жағынан қорғанған адам –ол технология ауысуына және нарық талабына сай терең білімді, жан-жақты адам. Қазақстан Республикасының Президентінің: «Ұлттық бәсекелестік білімділік деңгейімен айқындалады. Қазіргі заманда жастарға ақпараттық технологиямен байланысты әлемдік стандартқа сай мүдделі жаңа білім беру өте қажет»-деген бағдарлы сөзі ұстаздардың алдына қойылар міндеттерді де саралайды. Қорыта айтқанда, жаңа бағдарламаның мәні, баланың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру. Оқушы өзінің мектеп қабырғасында алған білімін өмірінде пайдалана білуі керек. Сол үшін де бұл бағдарламаның негізі «Өмірмен байланыс» ұғымына құрылған. Жаңартылған оқу бағдарламасының әдістері оқушылардың сөздерді байланыстыра сөйлей білу қабілетіне көп ықпалын тигізері сөзсіз.
Достарыңызбен бөлісу: |