Қазақ тілі тарихының дамуындағы Көне түркі дәуірі


Қазақ тілі тарихының дамуындағы Орта түркі дәуірі



бет3/3
Дата07.02.2022
өлшемі49,95 Kb.
#88976
1   2   3
Байланысты:
аза тілі тарихыны дамуында ы К не т ркі д уірі
Дип.-Көмекші-сөздердің-тіл-білімі
Қазақ тілі тарихының дамуындағы Орта түркі дәуірі
Орта түркі заманы немесе түркі тайпаларының тілдерінің даму, қалыптасу заманы деп аталады. Бұл дәуір Отандық түркологияның ғылыми тарихы ХҮШ ғасырдың ІІ жартысынан басталады. «Халифат» деген атпен ҮІІ ғасырдан бастап қалыптасқан арабтардың орта ғасырлық феодалдық мемлекеті – өз дәуіріндегі мейілінше жауынгер мемлекет болған.
Орта түркі заманы қараханид дәуірі (Х-ХІІ ғ) және монғол дәуірі (ХШ-ХҮ) болып бөлінеді. Х ғасырда Қарлұқ тайпалық одағы күшейіп, Жетісуда түркі қараханид династиясының билеуімен қуатты мемлекетін құрады. Мұның астанасы әуелде Баласағұн, кейін Қашқар болды.
Орта ғасырларда жазба тілдер дамыды. Қараханид мемлекетінің территориясында қалыптасып, бүкіл Орта Азияға тараған жазба тілде көп жанрлы көркем әдебиет дамыды. Кейін бұл тілдің негізінде шағатай әдеби тілі, оның негізінде Хорезм әдеби тілі, кейінгі замандарда Алтын Орда әдеби тілі, т.б. жазба тілдер қалыптасып, бүкіл түркі әлемін қамтиды.
Х-ХҮІ ғасырларда қазақ тілінің рулық, тайпалық тілдер негізінде қалыптасу процесі жүрді. Алғашқы кезеңде рулық тілдердің өзара жіктелу, бір-бірінен ажырауы болса, кейін тайпалық одақтар шығып, қыпшақ тілі бірлестігінің қазақтың халық тіліне ұласуы, дамуы басталды [1, 12].
«Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі» зерттеуінде Орхон, Енисей, Талас ескерткіштерінің зерттелуі, табылған жерлері туралы мәлімет берген. Көне түркі руникалық ескерткіштерінің ішіндегі ең көлемдісі де, тілдік материалы тұрғысынан ең байы да Орхон ескерткіштері [2, 93]. Мұндағы Білге қаған, Күлтегін, Тоныкөк, Мойын-шор, Құтлығ қаған ескерткіштеріне ғалым талдау жасайды. Бұл ескерткіштің алфавиті туралы түрлі көзқарастар айтылғаны белгілі. Ә.Құрышжанов көне жазудың пайда болуы туралы «өздігінен жасалып, түркі таңбалары негізінде туған төл жазу» деп санайды. Ғалым «Орта ғасыр ескерткіштері» деп аталатын тарауда «Қараханид түріктерінің тілінде жазылған ескерткіштер» тақырыбында былай дейді: Қараханидтер династиясының кезінде жазу-сызу өнері қатты дамыған, ел мәдениеті көтеріліп, әдеби туындылар көбейген, ғылыми шығармалар жазыла бастаған. Сол кезде жарыққа шыққан әдеби, ғылыми және діни шығармалардың басты-бастылары деп мыналарды атап өтуге болады [2, 17] деп көрсетеді. Ә.Құрышжановтың сол еңбектері жайында айтқан пікір- көзқарастарына тоқталып өтейік.
«Құтадғу біліг» (Құтаю білімі) шығармасы 1069-1070 жылдары жазылған. Қолжазбаның авторы Юсуф жайында қолжазба кіріспесінің 3-бетінде былай делінген: «Бұл кітап, бұл өлеңді жазған кісі Баласағұнда туған. Ол бұл кітапты Қашқар елінде жазып, атышулы Күншығыс иесінің сарайына әкеледі. Тыбғач Буғра Хан әмір оны мақтап жазушыға «Хас- Хаджиб» («құпия министр») деген атақ берді. Осыдан барып жазушының «Юсуф Хас-Хаджиб» деген атағы жер жүзіне тарап кетті дегенді айтады.
Кітаптың өлең ұйқасы туралы В.Томсен үлкен зерттеу жұмысын жүргізіп, 1897 жылы шығыс зерттеушілерінің Парижде болған ХІ халықаралық съезінде сол жайында баяндама жасады. Еңбектің негізгі мазмұны – дидактикалық сарында жазылған өлеңдер [2, 19]. Еңбекте ғалым шығарманың тілдік ерекшеліктері туралы ештеңе айтпаған.
«Диуани лұғат ит-түрк» (Түркі тілдерінің сөздігі) 1072 жылдың қаңтарынан бастап 1074 жылдың 10 ақпанына дейінгі аралықта жазылған. Еңбектің түпнұсқасының бізге жетпегендігін айтады. Ғалым автор туралы біраз мәлімет келтіреді. Еңбек М.Қашқари заманындағы түркі тілдес халықтардың қоғамдық өмірі мен рухани дүниесінің алуан саласын қамтитын материалдарға толы. Онда тарихи- әлеуметтік жағдайларға, этнография мен әдеби мұраларға, мәдениет пен тіл ерекшеліктеріне, халық медицинасы мен материалдық ескерткіштерге, географиялық суреттеулер мен астрономиялық атауларға, ғылыми зерттеулерге, тағы басқа толып жатқан мәселелерге байланысты аса бай мәліметтер мен нақтылы мысал-фактілер келтірілген. Еңбектен грамматикалық ережелерді, халық ауыз әдебиетінің үлгілерін, өлеңдер мен жырларды, термелер мен жұмбақтарды т.б. толып жатқан тарихи құнды материалдарды кездестіруге болады [2, 23].
М.Қашқари сөздігіндегі деректерге қарағанда, қазіргі оғыз және қыпшақ тілдерінің негізгі ерекшеліктері сол кездерде-ақ қалыптасқан [3, 68].
«Һибатул хақайық» («Ақиқат сыйы») – ХІІ ғасырда жазылған дидактикалық дастан. ХІІ ғасырдың ұлы ақыны, ойшылы Ахмет Иүгнекидің «Ақиқат сыйы» шығармасының түпнұсқасы сақталмаған, ХІҮ-ХҮ ғасырларда жасалған үш түрлі көшірмесі және үш түрлі үзінділері бар. Бұл шығарма сол кездегі түркі халықтарна ортақ жазба әдеби тілде жазылған.
«Алтын йаруқ» (Алтын жарық) – Х ғасыр шамасында будда дінін уағыздау үшін қытай тілінде жазылған кітаптың ХҮІІ ғасырдың аяғында (1678) жасалған аудармасы.
«Хуастуанифт» («Кешірім сұрап дұға оқу» – түркі халықтарының арасына манихей дінін тарату үшін жасалған аударма. Аударылған жері мен жылы белгісіз. Радлов Ү ғасырда жазылған болу керек деп шамалайды, Малов оны Орта Азияда (Өзбекстан не Қазақстан жерінде) жазылған деген болжам айтады [2, 24]. «Хиқмет» («Парасаттылық»), оның «Диуани Хиқмет» деген де аты бар. Авторы – Қожа Ахмет Ясcауи.
«Хиқмет» – өлеңдер жинағы. Түпнұсқасы ХІІ ғасырдың бірінші жартысында жазылған. Еңбек белгілі бір нормаға түсіп, екшелген әдеби тілде емес, халықтың қарапайым сөйлеу тілінде жазылған.
Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани Хиқмет» деп аталатын шығармасы да ХІ ғасырда жазылған. «Диуани Хикметті» сол кезде кең тараған шағатай тілінде жазып таратады. Мұндағы ойы: түсініксіз араб, парсы тілінде жазылған құран мен мұсылман діні қағидаларын түркі тектес халықтарға кеңінен насихаттап түсіндіру еді. Сол талапқа орай ол көшпелі елдің өмірінде елеулі орын алатын айшықты өлеңмен жазуды міндет санайды. Бұны Шығыс елінде кең тараған әдебиеттегі араб, парсы дәстүрінен жергілікті түрік тілінде жазудың алғашқы бастамаларының бірі болуымен қатар, ислам дін- шариғат жолдарын дидактикалық мазмұнда поэзия тілімен бейнелеудің тартымды үлгісі болды [2, 25].
Орта дәуірде жазылған еңбектердің бірі – «Қиссасул анбия» («Әулиелер тарихы»), авторы – Насыр ад-Дин бин Бурхан ад-Дин ар-Рабғузы. Ол 1310 жылы жазылып, Насыреддин Тоқ Буға князьге тарту етілген. Парсы тілінен түркі тіліне аударылған көшірме еңбек. Оның тілі, С.Е.Маловтың айтуына қарағанда, шығыс түріктерінің ХІ ғасырдағы қараханидтер дәуірінде қолданған тіліне, оның Қашқар диалектісіне ұқсас келетін сияқты [2, 34].
«Хұсрау уа Шырын». Авторы – Кутб. Қолжазба жалғыз дана, Париждің ұлттық кітапханасында сақтаулы. Еңбек Орта Азия түріктерінің тілінде, Жошы ұлысы мен Алтын Орда уәләйатының әдеби тілінде жазылған (А.Н.Самойлович).
«Мухаббатнама» («Махаббат жыры») 1353 жылы жазылған. Авторы – Хорезм Раванди. «Мухаббатнаманың» ұйғыр жазуымен жазылған варианты үлкен бір қолжазбаның ішінен табылған. Қолжазба әр алуан шығармалардың жинағы іспетті. Тұтас жинақ етіп, көшіріп шыққан адам – Бақыр Мансур. Жазбаның жалпы көлемі – 182 парақ. Бұл жинақта «Сираж ал-кулуб» («Жүрек шырағы»), «Рахат ал-қулуб» («Жүрек рахаты»), «Неһжул ферадис» («Жұмаққа баратын жол») атты қолжазбалар үзінділері енген. Бұл жөнінде де ғалым мәліметтер беріп кетеді [2, 34].
«Гүлистан бит-түрки» («Түркі тіліндегі Гүлістан»). Қолжазба – 372 бет. Әр бетте 13 жолдан жазу бар. Авторы – Сейф Сарайи. Түрік ғалымы А.Баттал-Таймас еңбек қыпшақ тілінде жазылған деген қорытындыға келеді. Бірақ ол кездегі қыпшақтар оғыз руларымен, әсіресе түрікмен тайпаларымен мидай араласып, қатар өмір сүргендіктен, ол заманғы қыпшақ тіліне оғыз тілдерінің әсері тимей қалуы мүмкін емес еді [2, 34]. Шығарманы жан-жақты толық зерттеген профессор Ә.Наджип оны қыпшақша да, оғызша да қолданыла беретін немесе осы екі тілдің элементтері қосылып қолданылатын әдеби тілде жазылған деп ұйғарады. Ол әдеби тіл, Ә.Наджиптің ойынша, Алтын Орда хандығы мен Египет мемлекетіне де ортақ болған.
«Оғызнама» («Оғыз тарихы»). «Оғызнаманың» түпнұсқасы, шамамен алғанда, ІХ-Х ғасырларда жасалған болу керек. Бірақ олар біздің уақытымызға дейін сақталмаған. Оғыз – түркі халықтарының аты аңызға айналып кеткен батыры, қол бастаушысы. Ұйғыр жазуымен берілген нұсқа 21 парақтан тұрады. Әр бетке 9 жолдан жазылған. Жазылған жері жөнінде жетісу өңірін жайлаған ж дыбысымен сөйлейтін тайпалардың ортасы болу керек деген пікір бар. «Оғызнаманың» транскрипцияланған тексі мен орысша аудармасын жасап, грамматикалық ерекшеліктерін сипаттап, түсініктемелерін жазған А.М.Щербак мұны ХІІІ ғасырдың аяғы ХІҮ ғасырдың басында Турфан аймағында, қарлұқ-ұйғыр тілінің ортаазиялық диалектісінде жазылған дейді [2, 40].
ХІІІ-ХІҮ ғасырларда Сирия мен Египет жерін мекендеп билік жүргізген қыпшақтар (мамлюктер) мен оғыздар жергілікті халықтардың саяси-әлеуметтік және ғылыми- мәдениеттік өміріне, ондағы әрқилы ағымдарға қатты ықпал жасады. Мамлюк қыпшақтарының тілінде жазылған ескерткіштер: «Терджуман түрки уа араби» («Түркіше- арабша тәржіма»), «Китаб ал-идрак ли-Лисан ал-атрак» («Түркі тілі туралы жазылған түсіндірме кітап»), Авторы араб халифатының Испаниядағы мәдени-әкімшілік орталығы гренада қаласында туған асир ад-дин Абу Хайян мухаммед ибн Али ибн Юсуф ал-Гарнати. Еңбектің мазмұны: фонетика, морфология және сөздік. Еңбекте 3500-ге тарта қыпшақ сөздері араб тіліне аударылып берілген.
Алтын Орда қыпшақтарының тілінде жазылған ескерткіштеріне «Хұсрау уа Шырын», «Мұхаббатнама», «Гүлистан бит Түрки», «Оғызнама» ескерткіштері жатады.
Түркітанушы ғалым Мұрат Сабыр «Құтыптың «Хұсрау мен Шырын» поэмасының лексика-грамматикалық сипаты» атты монографиясында ХІҮ ғасырда жазылған Алтын Орда дәуірінің құнды жазба ескерткішінің тілін жан-жақты зерттеген. Монографияда «Хұсрау мен Шырын» поэмасының жазылуы мен зерттелуіне тоқтала келе, поэманың дыбыс жүйесіне, лексика-фразеологиялық және морфологиялық сипатына талдау жасайды.
Алтын Орда дәуірінің құнды әдеби мұрасы, Низамидің парсы тілінде жазылған осы аттас поэмасының еркін аудармасы, Құтып жырлаған «Хұсрау мен Шырын» жазба жәдігерлігінің түп нұсқасы 1341-1342 жылдары Тыныбек шаһзаданың тұсында жазылған. Көшірмесі Париждің ұлттық кітапханасында сақтаулы. Оны қыпшақ ақыны Берке Фақих 1383 жылы Мамлюк мемлекетінде көшіріп алған [3, 5]. Монография авторы поэманың дыбыс жүйесіне қатысты дауысты, дауыссыз дыбыстарға тоқталу барысында қазақ тілімен салыстыра келе, ортақтықтары мен айырмашылықтарына тоқталған. Жеке дыбыстардың сипатына байланысты артикуляциялық ерекшеліктерін көрсету барысында төмендегі сөздерде қазақ тілімен салыстырады: адақ –аяқ, адаш – дос, әврәк – үйрек, ев – үй, иемиш – жеміс, өгдү – мақтау, көкүс – кеуде, ідіш – ыдыс, үзра – үстінде, бүрүнчүклүг – бүркеншікті, табуғчы – қызметші, тегірмән – диірмен, тегүк – сияқты, тарғақ – тарақ, йабрақ – жапырақ, буғдай – бидай, йаваш – сабырлы, орам – көше, маңла – шақыр, аңа – оған, кеңліг – байлық, кірпүк – кірпік, парвана көбелек, йыпар – жұпар, фақіһ – заңшыл, тараф – бағыт,қурт – құрт, хабис – жаман, хавф – қорқыныш, хажалат – ұят, чавуш – күзетші, учғун – ұшқын, т.б. Автор поэмада қамтылған сөздердің лексикалық сипатын көрсетуде түркі сөздері (бағыр, ағыз, ана, оғул, хатун, отачы (дәрігер), авчы (аңшы), қамчы, қылыч, көзгү (айна), сипүрткә, сысын, йоғурт (айран), стрка (уксус), қобуз йалаваш (пайғамбар), йүзүк т.б.), араб-парсы сөздері (даулат (дәулет), жүфт (жұп), дост, жафа т.б.), түркі-моңғол тілдеріне ортақ сөздер (авгай – апай, аба – ата, эхе – эне, бұл – бөле, нагалы – нағашы, хатын – қатын т.б.) ретінде қарастырады [3].
Түркітануда орта түркі дәуірі болып саналатын Х-ХҮ ғасырларда түркі тайпалары араб жазуын пайдаланды. Араб жазуының Орта Азия, жетісу, шығыс Түркістан аймақтарында ХІ ғасырдан бастап таралып, өріс алуы руникалық көне түркі әліпбиін ығыстырып, келесі ұрпақтар санасынан жойылуына әкеп соқты. ап, түркі тілдері дербес тіл болып қалыптаса бастады. Орта түркі дәуірін түркі халықтары тілінің даму ерекшелігін ескеріп, ғылымда қарахандықтар дәуірі (Х-ХІІ ғғ.) және моңғолдар дәуірі (ХІІІ- ХҮ ғғ.) деп екіге бөліп қарау қалыптасқан. Бірақ Х-ХҮ ғасырлардағы ескерткіштердің жазылу ортасы мен тілдік ерекшелігін ескеріп, түркітанушы Н.А.Баскаковтың орта түркі дәуіріндегі түркі тектес халықтар жеке-жеке топқа бөліп қарастыратындығына тоқталады:
1) Қарахандықтар дәуірі ескерткіштері;
2) Алтын Орда дәуірі ескерткіштері;
3) Орта Азияда жазылған ескерткіштері;
4) Мәмлүк қыпшақтарының ескерткіштері [4, 29].
Ғалым М.Сабыр орта түркі дәуірінде жазылған Құтыптың «Хұсрау уа Шырын», С.Сарайидың «Гүстан бит- түрки», Хорезмидің «Мұхаббат-наме» сияқты ескерткіштердің тілін қарастырғанда, олардың лексикалық жағында көне түркі дәуіріндегі сөздермен ортақтығы бар екендігін аңғарады. Мәселен, көне түркі тілінде кездесетін, ата, оғул (ұл), қыз, іні, йегін (жиен), йер (жер), йыл (жыл), йурт (жұрт), сү (әскер), уруш (ұрыс), қапығ (есік, қақпа), інгек (сиыр), йашыл (жасыл) т.б. сөздердің аталған ескерткіштер тілінде де қолданыста болғандығын мысалдар арқылы дәлелдейді [4, 29-31].
Түркі халықтарының рухани-мәдени, тарихи өмірінде ХІ-ХІІ ғасырларда жасаған оқыл-ой мен білімнің төрт алып тұлғасы бар: М.Қашқари, Ю.Баласағұни, А.Йүгінеки және А.Иассауи [5, 4].
М.Қашқаридің «Диуани лұғат-ит түрк» еңбегі өз дәуірінде түркі ру-тайпалар тілін біріктіруде, оларды бір жүйеге түсіріп қалыптастыруда бірінші жол ашқан, тіл білімін өз алдына үлкен сала ретінде танытқан мәңгілік мұра болып есептеледі. Біздің дәуірімізге «Диуанның» бір ғана қолжазбасы жеткен. Қазір ол Стамбулда. 1914 жылы түрік ғалымы Әли Әмір мұқтаждықпен сатып тұрған адамнан сатып алып, баспаға әзірлеп, жариялатады. Неміс ғалымы К.Брокельман бұл еңбекті 1919 жылдан бастап зерттейді. Түрік ғалымы Бесім Аталай 1939-1941 жылдар аралығында 3 томын жарыққа шығарады. Бұдан кейін 1960 жылы Ташкентте 3 томдық болып өзбек тілінде араб және кириллица әліппесімен жарық көреді. Аударып баспаға дайындаған – Салық Муталлибов. Ұйғыр тіліндегі аудармасы Қытайда 1981жылы жарық көрді. Қазақ тіліндегі толық аудармасы А.Егеубаевтың аудармасымен 3 том болып 1997- 1998 жылдары жарияланды.
М.Қашқари бұл еңбегін 8 кітапқа жіктеген. Алғашқы кітапты әліппеден бастадым дейді. «Хамза кітабы» деп аталады. 2-сі «Сәлім кітабы», яғни құрамында әліп/а/, уау/у/, йай/й/ әріптері болмаған сөздер, әріп қайталанбаған сөздер; 3-сі «Мұзоаф кітабы», яғни бір әрпі қайталанған сөздер кітабы; 4-сі «Мисал кітабы»; 5-сі үш әріпті кітап; 6-сы төрт әріпті кітап; 7-сі мұрын дыбысты әріптер кітабы, «Ғұнналылар» деп аталады; 8-сі екі дауыссызы қатар келген сөздер кітабы;
Ә.Құрышжановтың «Кодекс Куманикус» («Кумандардың кітабы») еңбегін жан-жақты зерттеп, диссертация қорғағаны белгілі. Половец қыпшақтарының тілінде жазылған ескерткіштер. «Игорь полкі туралы сөз» эпостық дастанынан куман тілін оқып үйрену үшін әдейі түзілген сөздіктер мен тарихи еңбектерден көне қыпшақ тілінің сан қилы сөздерін ұшыратуға болады.
Түркі тілдерінің дамуындағы X-XV ғасырлар аралығындағы тарихи жағдайларды жинақтап, тайпалардың бір-бірімен араласу деңгейін, ескерткіштердің жазылу ортасы мен тіл ерекшеліктерін ескере отырып, бір дәуірдің өзін ерекше қарап, бірнеше кезеңдерге бөлуге болады. Олар: 1) Қараханидтер дәуіріндегі түркі тілдері және сол тұстағы жазба ескерткіштері; 2) Алтын орда заманының ескерткіштері; 3) Орта Азия жазба ескерткіштері; 4) Мамлюк түркілерінің тілінде жазылған ескерткіштер. Түркі тілдерінің бұдан басқа да шоғырланған аймақтарда болғандығы анық екенін дәлелдеу үшін, мысалы, әзірбайжандағы оғыздар мен анатоль түріктерінің, Шығыс түркі қағандарының құрамындағы тайпа тілдерін т.б. айтуға болады.
Орта ғасыр түркі тілдерінің ескерткіштерін ғалымдарымыз түрліше топтастырып жүр. Мысалы, Н.А.Баскаков X-XV ғасырды екіге бөліп, монғол шапқыншылығына дейінгі (X-XII) және монғол шабуылынан кейінгі (XIII-XVI) деп даралап көрсетеді.
Ал, Ә.Құрышжанов пен Ә.Ибатов бұл дәуірді төртке бөледі:
Қараханидтер әулетіне байланысты түркі жазба әдеби тілі ескерткіштері (XI-XII ғғ.);
Орта Азия түркі жазба әдеби тілі ескерткіштері (XII-XIV ғғ.); Алтын Орда мен Мысыр түркі жазба әдеби тілі ескерткіштері (XIII-XIV ғғ.);
Бұлай жіктеу ескерткіштердің тілдік ерекшелігіне негізделген деп айтуға келмейді, өйткені ескерткіштердің көпшілігі аралас тілде жазылғандығы түркітануда дәлелденген жай. Сонымен бірге талдау жүргізу барысында ол дәуірдегі барлық жазба ескерткіштер авторларының назарына іліне бермеген. Дегенмен де, жазылу ортасы мен уақытын, ескерткіш жазылған жердің этникалық құрамы мен тілдік сыбайластығын есепке ала отырып, соңғы жіктемені қабылдауға болады.
Мәңгілік ескерткіш әрі таусылмас әдеби көркем мұра болып қалсын деген ниетпен түркі елдерінің сөздігін жасап, кітапқа «Түркі сөздерінің жинағы» деп ат қойдым. Әр бөліктен түркі халықтарына ортақ өмір-тұрмыстың баршасына қатысты әр алуан ұғым-түсініктер мен сөздер жиынтығы орын алады. Халық ауыз әдебиетінің алуан үлгі- өрнектері беріледі. Жеті мыңға жуық түрік сөздері жинақталып (ел-жер, ру-тайпа) мағыналары айқындалады. Бәйіттер мен мақал-мәтелдер келтіріліп, тақырыптық- құрылымдық һәм мәдени-рухани маңызы ашыла түседі [6, 11] – деген көзқарасты қолдай отырып, орта дәуірдің тілдік ерекшеліктерін осы дәуірдің басты ескерткіштер тілімен сипаттауды жөн көрдік.
Пайдаланыған әдебиеттер:
1 Томанов М. Қазақ тілінің тарихи грамматикасы. – Алматы: Мектеп, 1988. – 264 б.
2 Айдаров Ғ., Құрышжанов Ә., Томанов М. Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі. –Алматы: Мектеп, 1971, –271 б.
3 Ескеева М.Қ. Түркі тілдері жүйесіндегі қазақ тілінің тарихи орны. – Астана: Кантана Пресс, 2011. – 420 б.
4 Сабыр М.Б. Құтыптың «Хұсрау мен Шырын» поэмасының лексика-грамматикалық сипаты. Монография. – Орал, Ағартушы, 2013. – 276 б.
5 Сабыр М., Н.Сәдуақас. Көне түркі тілі. – Орал: «Ағартушы» мемлекеттік тілді оқыту орталығы, 2007. – 160 б.
6 Дәулетбекова Ғ.А. Түркі әлемінің ортақ рухани қазынасы. «Диуани лұғат ат-түрік // Түркі әлемі- 2009.-№1.- 21 б.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет