Байланысты: аза тілі тарихыны дамуында ы К не т ркі д уірі
Қазақ тілі тарихының дамуындағы Көне түркі дәуірі Көне түркі жазба ескерткіштері – ұрпақ қазынасы. Ұрпақтан-ұрпаққа мұра болған руникалық жазба ескерткіштер (V-VIII ғасыр) қазақ және өзге түркі халықтарының көне дәуірде мәдени деңгейінің өте жоғары болғандығын дәлелдейтін баға жетпес асыл қазына. Бүкіл әлемге танылған түркі руникалық жазбалары атақты Египет перғауындарының қорғандарынан табылған шумер жазуларымен дәуірлес болып келеді [1].
Алфавиттік жазудың пайда болу тарихы, шығу тегі өте күрделі де, шешілмеген жұмбақтарға толы. Өйткені алфавиттік жазу – дүниежүзі мәдениетінің қол жеткен табысы болса, бұл мәдени мұраға біздің ата-бабаларымыз да өзіндік үлес қосып, келер ұрпаққа мирас еткен. Алғашқы әріп жазуының бір тармағы руникалық көне түркі алфавиті болып табылады. Бұл алфавитпен жазылған ескерткіштер – көне түркі тайпаларының жоғары тіл мәдениеті мен білім өресінің ауыз толтырып айтарлықтай көрсеткіші.
Осы ескерткіштердің бүгінде мәлім болған аймақтары: Сібірдегі Енисей, Лена өзендерінің аңғарлары, Моңғолиядағы Орхон, Онгин, Селенга өзендерінің алқабы, Орта Азия мен Қазақстандағы Талас пен Сыр бойы, Ертіс пен Іле қойнауы екені айқындалып отып. Мұндағы жазу таңбаларын ғалымдар алғашқы табылған жерден өзен аттарымен «Орхон-Енисей жазуы» немесе сыртқы нұсқалық көрінісі жағынан Скандинавия руналарына біршама ұқсас болғандықтан, оның «құпия» таңбаларына балап «руникалық» деп атап кетті [2, 39].
Орхон-Енисей жазуының жұмбақ сырын шешуге ұмтылушылар түрлі-түрлі болжамдар айтқанымен, оны шешудің кілті 1893 жылдың аяғында ғана белгілі болды. Көне түркі тіліндегі руникалық жазулар тек тастарға қашау әдісімен ғана емес, үй жиһаздары, түрлі бұйымдарға да ойып жазылғандығы айқындала түсті. Саз балшықтан ыдыс-аяқтар мен құмыраларға кескінделген руникалық бірнеше жазулар Ферғанада және Дон өзенінің құйылысынан табылды. Алтай мен Хакасиядағы ескі мола-қорымдарды қазғанда, археологтар алтын, күміс қапсырмаға ойылған руникалық жазулардың куәсі болды.
Кең тараған руникалық жазудың Шығыс Түркістаннан ҮІІІ-ІХ ғасырда қағазға жазылған нұсқаларын ХХ ғасырдың бас кезінде ұйымдастырылған археологиялық экспедициялар айқындады десек, Алатаудың оңтүстік өңіріндегі Талас алқабынан ағаш таяқшаға ойып жазылған нұсқасы табылды [2,40].
Көне түркі дәуірінен, оның ішінде Y-Х ғасырлардан бізге мынадай жадыгерліктер жеткені мәлім.
1.Y ғасырға жататын руна (сына) жазулы Талас-Енисей ескерткіштері, құлпытастағы эпитафиялар, олар – 1-2 сөйлемнен 5-6 сөйлем көлемінде айтылған тарих.
2.YІІІ ғасырға жататын руна жазулы Орхон ескерткіштері, құлпытасқа қашалып жазылған түркі тайпаларының сол дәуірдегі атақты қағандары мен батырлары, Білге қаған, Елтеріс қаған, Күлтегін, Тонықұқтар туралы тарихи шежірелер.
3.YІІІ-Х ғасырлардағы ұйғыр жазулы түс жору, аян айту, діни аңыз түріндегі ескерткіштер [3, 41-42].
Басын YІ-ҮІІІ ғасырлардан көп бұрын алған сына жазулы Орхон-Енисей-Талас жадыгерліктерінің тілі Y-YІІІ ғасырларда Жетісу, Алтай, Орта Азияда өмір сүрген оғыз, қыпшақ, ұйғыр, қарлұқ тайпаларының ортақ жазба тілі болды. Бұл ескерткіштердің тілі бірнеше дәуірлік тарихы бар жасанды жазба тіл деген де (Э.Тенишев), ауызекі баяндау стиліне жуықтайтын жылнамалық (шежіре іспеттес) эпостар тілі деген де (Ә.Қоңыратбаев), эпитафиялық проза тілдерінің үлгісі деген де (П.М.Мелиоранский, Қ.Өмірәлиев, Е.Жұбанов), YІ-ҮІІІ ғасырлардағы түркі поэзиясының үлгісі деген де (Ф.Корш, И.В.Стеблева) пікірлер жарыса орын алып келеді. Қайткен күнде де Орхон және Енисей жазбалары – әдеби тілдік дүниелер, өйткені бұлардың тілінде белгілі бір нормалар, дәстүрлі үрдістер бары даусыз [3, 42]. Түркі тілдерінің жазу дәстүрі «руникалық» көне түркі алфавитінен басталған. Бұл көне алфавит графикалық жүйелілігі жағынан аса бай және жетілген жазу болған.
Көне түркі дәуірінде Ғұн империясынан ыдыраған, әлі тайпалық одақтарға толық бірікпеген шағын түркі тайпалары үшін өте ауыр кезең болып саналады. Көне түркі дәуірінде моңғол тілдері мен түркі тілдері бір-бірінен толық бөлініп шықты. Моңғол тілдері Шығыс Ғұн тайпасы тілдерімен, ал түркі тілдері Батыс Ғұн тайпасы тілдерімен тығыз байланыста дами бастайды.
Түркі тілдерінің дамуындағы көне түркі дәуірін ол кездегі түркі тілінің қолданылу барысына қарай әдетте тіл мамандары үш кезеңге бөліп қарайды: а) түркі тілі қолданылған дәуір – Түкію кезеңі немесе Түрік қағанаты (V- VІІІ ғ.); ә) көне ұйғыр тілі қолданылған дәуір – Көне ұйғыр кезеңі (VІІІ-ІХ ғ.); б) көне қырғыз тілі қолданылған дәуір - Көне қырғыз кезеңі (ІХ-Х ғ.).
А) Түкію кезеңі немесе Түрік қағанаты. Көне түркі дәуірі өз бастауын Ғұн империясының іргетасы ыдырай бастаған кезеңінен алды. Ғұндар мемлекеті екіге ыдырап, олардың бір тобы Батыс Европаға жылжи бастады. Тарихта «Ұлы көш» атауына ие болған осы процестің нәтижесінде бүгінгі түркі халықтарының негізі қалыптасқан. Батыс ғұндықтар өзінің жолындағы түркі тайпаларын жеңе отырып, ІҮ ғасырда Батыс Европаға жетеді. Сол жерді мекендеген бұлғарлар мен хазарлардың құрамына кіреді.
ҮІ ғасырға дейінгі түркі халықтары тілінен мәлімет бере алатын тарихи деректер мен ескерткіштер жоқтың қасы, ал Түкію тайпалық одағының құрамына кірген түркі тайпалары тілінен мол мәліметтер бере алатын жазба ескерткіштер бар. Олар – Орхон-Енисей ескерткіштері. Олардың қатарына мына ескерткіштер жатады:
1. Онгин тасы – өте көне жазумен жазылған, Гудулу ханның құрметіне қойылған ескерткіш;
2. Күлтегін мен Могилян ханға (Білге қаған) қойылған ескерткіштер.
3. Тоныкөкке арналған ескерткіш.
4. Білге Құлышарға арналған ескерткіш.
Ә) Көне ұйғыр кезеңі. 741 жылы Шығыс түрік қағанатын Селенга өзенінің солтүстігін мекендеген ұйғырлар басып алады. Ұйғырлардың қол астына Түкію империясының шығыс бөлігінің тайпалары енді. Олар Түрік қағанатын 100 жылдай биледі. Алайда Батыс Түрік қағанатының ұйғырлар мемлекетінің құрамына кірмеуі ұйғырлардың әлсіреуіне әкеліп соқтырды. Соның нәтижесінде 840 жылы Енисей бойын мекендеген қырғыздар басып алды. Ұйғыр тайпаларының басым көпшілігі өздерінің бірлігін бұзбастан Шығыс Түркістанға қоныс аударды. Олар Жоңғарияда өздерінің жаңа мемлекетін құрады. Оларды «тоғыз ұйғырлар» деп атайды.
Көне түркі дәуірінің ІІ кезеңінің өкілдері – ұйғырлардың кейінгі ұрпаққа қалдырған жазба ескерткіштерді екі топқа бөлуге болды:
Тасқа рун жазумен ойып жазылған ескерткіштер:
Селенга тасы – Түрік қағанатының құлау дәуірінде жазылған;
Суджи тасы – Көне ұйғыр мемлекетінің құлау дәуірінде жазылған;
Соғди жазуымен (тік жазу) жазылған манихей және будда діни-философиялық жазбалары және ұйғырлардың ресми іс қағаздарының үлгілері.
Ұйғырлар түркі өркениетінің дамуына ерекше әсерін тигізді. Олардың тілі мен жазуы Қараханид дәуіріндегі түркі тілінің (Х-ХІІғғ.), оғыз-қыпшақ әдеби тілінің (ХІІ-ХІІІ ғғ.), шағатай әдеби тілінің (ХІІІ-ХІХ ғғ.), Алтын Орда әдеби тілінің (ХІІІ-ХІҮ ғғ.), ескі өзбек әдеби тілінің (ХҮ-ХІХ ғғ.) қалыптасуына игілікті әсерін тигізді.
Б) Көне қырғыз кезеңі. Ұйғырлар мемлекетін басып алған қырғыздар түркі халықтарының ішіндегі ең көнесі болып саналады. Көне Қытай жылнамаларында б.з.д. 201 жылдары қырғыздар Енисей өзенінің жоғарғы және ортаңғы ағысын мекендегендігі айтылды. Ал көне түркі дәуіріндегі қырғыздар туралы қытай, араб, парсы, орхон жазбаларында мәліметтер беріледі [4, 65-66].
Көне түркі жазба ескерткіштерінің маңызы жайында мынадай пікір білдіреді: «Қазіргі түркі тілдерінің тарихи орнын межелеудің негізгі арқауы ретінде көне түркі жазба ескерткіштері – Орхон, Енисей және Талас мұраларының тілі алынуда. Ескерткіштер тілі түркі жазба тілінің бізге жеткен ең көне нұсқасы болғандықтан, орта ғасыр түркі тілдері мен қазіргі түркі тілдерін түркілік тектілігімен (протоязык), бабатілмен (праязык) жалғастыратын бірден-бір фактологиялық материалдар қоры және қазіргі түркі тілдеріне тән басты фонетикалық, грамматикалық заңдылықтардың бағыт-бағдарын, өткен кезеңдердегі қалып- күйін, ортақ лексикалық жүйенің дамуын айқындауға мүмкіндік беретін дереккөзі [5,9]. Олай болса, бұл ескерткіштердің тілі көне түркі дәуірінің сипатын анықтауға мол мүмкіндік береді.
С.Г.Кляшторный мен А.Н.Кононов көне түркі жазу ескерткіштерін 7 топқа бөліп қарайды:
1. Батыс түрік қағанатына тән ескерткіштер. Бұлар негізінен Орхон ескерткіштері деп аталады да, оған: 1) Орхон өзенінің бойынан табылған ескерткіштер; 2) Алтай тауының айналасынан табылған ескерткіштер енеді. Ғалымдар бұл ескерткіштерді ҮІІ-ҮІІІ ғасырларда жазылған деп шамалайды.
2. Қырғыз қағанатына тән Енисей жазу ескерткіштері. Енисей жазу ескерткіштерін С.Е.Малов Ү-ҮІ ғасыр түркілер тіліне, В.Томсен мен П.М.Мелиоранский ҮІ-ҮІІ ғасыр түркілер тіліне, В.В.Радлов ҮІІ-ҮІІІ ғасыр түркілер тіліне тән деп көрсетеді. Енисей жазу ескерткіштері Орхон жазу ескерткіштеріндей көлемі жағынан үлкен емес.
3.ҮІІІ-Х ғасырларда жазылып, Лена-Байкал өңірінен табылған ескерткіштер. Бұл ескерткіштер Құрыхан тайпалар одағына тиісті.
4.Талас пен Ферғанадан табылған руникалық ескерткіштер. Бұл оғыз ескерткіштері батыс түркі тайпаларының ұрпақтарына тән, ҮІ-ҮІІІ ғасырлар аралығында жазылған.
5.ҮІІІ ғасырдың ІІ жартысы мен ІХ ғасырларда жазылған Моңғолиядағы ұйғыр қағанатына тиісті болған Семиги және Қараболғасун ескерткіші.
6. Шығыс Түркістандағы ұйғыр мемлекетіне (ІХ-Х ғғ.) тән ескерткіштер мен турфан жазулары.
7. Хазар қағанаты мен Печенек тайпаларына тиісті Шығыс Европадан табылған ескерткіштер [6].
Қ.Р.Аманжолов көне түркі жазба жадыгерліктерін зерттеп білу процесін шартты түрде 6 кезеңге бөледі: (біз бұл жерде ғалымның осы пікірін толық беруді жөн көрдік)
1-кезең – руникалық мәтіндер зерттеле бастаған ХҮІІ- ХҮІІІ ғасырлар. 1692 жылы Амстердам бургомистрі Николай Витзен «Верхотурьеге тақау тұста жартаста әріптермен қашалған бірнеше сурет пен жазулар табылғанын...» хабарлайды. 1896-1897 жылдары В.Каллаур мен Гейкель қазіргі Қырғызстанның Дмитриевка селосының маңайында Талас өзенінің жоғары сағасынан сына жазу мәтіндері бар тастарды тапқан. 1719-1722 жылдарда І Петрдің тапсырмасы бойынша неміс натуралисі Д.Г.Мессершмидтің Сібір мен Манчжурияға экпедициясы жүзеге асырылды. Оның күнделік жазбаларында да көне түркі жазбаларының кейбір Репозиторий КарГУ үлгілері туралы деректер келтірілген. 1793 жылы Т.Байер мен П.С.Палластың экспедициялары жолға шықты. 1793 жылы П.С.Паллас көне түркі жазба нұсқаларының кейбір үлгілерін жариялайды. Табберт Страленберг те 1730 жылы руникалық мәтіндер туралы мәліметтер берген. Оның 1730 жылы Стокгольм қаласында неміс тілінде басылып шыққан «Европа мен Азияның солтүстік және шығыс бөліктері» атты еңбегінде көне ескерткіштер туралы мағлұмат береді.
2-кезең – руникалық жазулардың оқылуын ашу үшін материалдар жинау қолға алынған ХІХ ғасырдың басынан бергі уақыт. 1818 жылы Г.Спасский «Записки о сибирских древностях» деген еңбегінде бұл жазуларды оқи алған жағдайда «өте маңызды тарихи және философиялық мәселелерлің басы ашылуы мүмкін» деген пікір айтқан. А.Ремюза бұл жазу усунь (үйсін) тайпасының жазуы деп санаған, оған қарсы дау айтқан Спаский жазудың тегі моңғолдарға немесе қалмақтарға тиесілі деп санайтынын білдірген, 1857 жылы бұл жазуды енді славян халықтарының жазуы дейді. Мұның өзі руникалық жазуларды ғылыми тұрғыда зерттеуге арналған тұңғыш пікірталас болатын. Орхон-Енисей нұсқаларын Т.Байер кельт жазуы; Н.Попов гот жазуы; Роммель скиф немесе грек жазуы; Ю.Клапрот грек жазуы деген тәрізді сан алуан пікірлер айтылды. ал. В.Томсен мен О.Доннер Орхон-Енисей алфавиті түркі тіліне икемделіп, арамей алфавитінен өңделген және қосымша таңбалармен толықтырылған деген пікірге келеді.
3-кезең руникалық жазулардың оқылуын ашу кезеңі. 1889 жылы Н.М.Ядринцев Уланбатордың сол жақ бетіндегі Цай-дам көліне тақау тұста Күлтегін мен Білге қаған ескерткіштерін тауып, бүкіл дүниені дүбірлетті. Н.М.Ядринцев Күлтегін ескерткіштерінің артқы бетінің қытайша иероглифпен жазылғандығын байқайды. Бұл жаңалық дүниежүзі ғалымдарының назарын аударды. Осы жинақталған материалдар құпия жазудың сырын ашуды тездете түсті. Дания ғалымы В.Томсен көп ізденіп, 1893 жылы екі ғасырдан артық жұмбақ болып келген құпия жазудың фонетикалық заңдылықтарының сырын ашады. Алдымен ескерткіштегі «түрк, тәңрі» деген сөздердің басын құрап, одан кейін Орхон-Енисей жазбаларының түгелдей құпия сырын ашты: 1893 жылы 15 желтоқсанда В.Томсен Дания Ғылым академиясының мәжілісінде В.Радлов пен Г.Гейкель экспедициясы ашқан, Орхон бойынан табылған ескерткіштерді оқудың сырын ашқандығын хабарлады. В.Томсен бұл жазу түркі халықтарының тілінде жазылды деп мәлімдеді. Көп кешікпей Томсеннің үлгісімен 1894 жылы 19 қаңтарда В.Радлов Күлтегін ескерткішін аударып шығады.
Көне түркі жазуын зерттеудің 4-кезеңі 1909 жылдан басталды. Осының алдында В.В.Радлов 1896 жылы Қазақстан территориясындағы Талас өзенінің аңғарынан В.А.Каллаур тапқан тастағы сына жазуының оқылуын ашқан болатын. Сол тұста П.Мелиоранский әр жерден табылған үй тұрмысының заттарындағы руникалық жазуларды зерттеген. 1913 жылы Рамстедт экспедициясы 1909 жылы ашқан Суджи мен Селенга тастарының сына мәтіндері жарияланды. 1913- 1914 жылдары В.Томсеннің толық шығармалар жинағы шығып, оған Орхон мәтіндерінің жаңа аудармалары қосылды.
Көне түркі жазуын зерттеудің 5-кезеңі Кеңес одағында соғысқа дейінгі уақытта басталды. 20-жылдардың аяғында С.Е.Маловтың монографиясы жарыққа шығып, көне түркі мәтіндерінің хрестоматиясын дайындады, В.Томсеннің соңғы аудармасы бойынша Тоныкөк мәтініндегі 29 жолға жаңадан транскрипция жасалған. В.Владимирцев моңғол тілінде орхон мәтіндерінен ауысқан түркі сөздерін талдаған, С.Киселев тастар мен тұрмыс заттарындағы жазуларды зерттеген мақалалар жариялады.
6-кезең соғыстан кейінгі уақыттан басталады. Бұл жылдары көне түркі жазуларын зерттеу жалғаса түсті және де Репозиторий КарГУ осы проблеманы аймақтық тұрғыда қарастырған еңбектер дүниеге келді [6,75-77].
Y-YІ ғасырдың аралығында көне түркі кең түрде пайдаланған алфавиттік (әріптік) жазу бір ғана руникалық алфавитпен шектелмеген. Мысалы, соғды жазуының негізінде пайда болған көне ұйғыр алфавиті, Сирияның «Экстрангело» інжіл жазуынан пайда болған манихей алфавиті [7,123].
Көне ұйғыр жазуы жоғарыдан төмен қарай жазылады. Онда небәрі 23 таңба бар. Мұнда әрбір таңба сөз ішінде келетін орнына қарай сөз басында бір түрлі болса, сөз ортасында екінші және сөз соңында үшінші түрлі болып өзгереді. Көне ұйғыр жазуының 23 таңбасы 28 әріптің орнына жүреді. Біздің заманның ҮІІІ ғасырындағы ұйғыр қағанатының басын біріктірген тайпалардың тіліне сәйкес, жаңа соғды алфавитінің негізінде «ұйғыр жазуы» деп аталып жүрген әріптік жазу пайда болды. Бұл жазу ҮІІІ-ХІІІ ғасырда кеңінен пайдаланылды. ХІҮ-ХҮ ғасырларда ұйғыр жазуын Ақсақ Темір мен оның мирасқорлары және Алтын Орда хандарының сарай маңындағы бекзадалары пайдаланды. Мәселен, 1391 жылы Тоқтамыс ханға қарсы жорыққа атанған Ақсақ Темір өзінің жорық сапары жөнінде ұйғыр әрпімен «шағатай» тілінде тасқа қашатқан жазу қалдырды. Бұл ескерткішті 1927 жылы академик Қ.И.Сәтбаев Ұлытау шоқыларынан тауып, ғылым дүниесіне паш етті [7, 125].
Орхон-Енисей жазба белгілері бар тастар ең алғаш рет ХYІІ ғасырдың аяқ кезінен бастап Сібірді зерттеушілердің көзіне түсті. Атақты орыс ғалымы Н.М.Ядринцев 1889 жылы Моңғолиядағы Орхон өзенінің құйылысынан ерекше үлкен төрт қырлы, биіктігі үш метрдей екі құлпытас тапты. Бұл ескерткіштің төрт қырына қашалған жазу таңбалары түп нұсқа жағынан осыдан әлдеқайда бұрын, ХҮІІ ғасырдан бастап Енисей өзенінен табылған құпия жазуларға, сыры жұмбақ болып келген таңба алуандас жазуларға ұқсас болып шықты. Ал осы екі ескерткіштің төртінші қырына қытай иероглифтерімен қашалған жазуды оқып көргенде, бұл ескерткіштің біреуі 732 жылы түркі ханының інісіне орнатылғаны анықталды.
Лексикаға қатысты Ш.Ш.Жалмаханов: «Енисей ескерткіштерінен қазақ тілінде сақталған сөздер саны – 198, яғни 54,4%» – деп көрсете келіп, дыбыстық өзгеріске түскен 106, дыбыстық өзгеріске түспеген 88 сөз бар екендігін айтады [12,71].
Көне жазба ескерткіштер тілінде жаңадан сөз тудыру тәсілдері әр түрлі. Мысалы, бір ұғым беретін кейбір сөз оралымдары: ісі-күчін (ісін-күшін), йір-суб (жер-су), өлү-йіту (өлім-жітім) сияқты болып екі сөздің қосарланып келуі арқылы жасалса, енді бір топ сөздер еблік (үйлік), елчі (елші), ачлық (аштық), кечіг (өткел) т.б. жұрнақтар жалғану арқылы жасалған. Осы іспеттес Тоныкөк, Ілтеріс, Қапаған, күнтүз сияқты біріккен сөздер де кездеседі. Сондай-ақ кейде екі сөз тіркесіп келіп, мағынасы жағынан тұтасып кетеді де, бір заттың атын білдіретін тіркесті түбір сөздерге айналады: Күл-тегін, Алмаш-тутуқ, Ер-қамыш т.б. сияқты адам және жер-су аттарына байланысты сөздер жиі кездеседі [13,43].
Түркі қағанаты ірге көтерген ҮІ ғасыр ортасында олар жазуды ұсынды. Арғы тегі арамей жазуына баратын бұл руна жазуының алфавиттік жүйесі мен емле жүйесін Ертедегі Түркілердің өздері жасады. Жазу сияқты мәдениеттің ұлы қазынасын жаратты. Жазуды олар «бітіг» деп атады. Бұл «бітігпен» Ертедегі Түркілер әуелі елшілік хаттар, хан жарлықтарын, қаған шежірелерін жазды. Олардың бәрін «саб» деп атады. Кейін Ертедегі Түркілерде мола басына қойылған тасқа да жазу жазатын салт туды. Бұл жазулы тастарды олар «бітіг таш» деп атады. «Бітіг таштар» екі стильде болды: бірі – өлген кісінің атынан айтылды, бұл «бітіг» сөздер өте қысқа болып келді; екіншісі – өлген кісінің ерлік істері артындағы кісілердің атынан баяндалды. Атақты батырлар мен қағандарға арнап жазылған соңғы стильдегі жазулар тарихты баяндаған тұтас бір шежіреге айналып отыр [14,10]. Қ.Өмірәлиев бұл жазуды «алғашқы жазба әдебиет» деп атайды.
Ғалым Р.Сыздықова «Орхон-Енисей ескерткішінің тілі – қазақтың ауызша және жазба әдеби тілдерінің бір арнасы» [3, 41] деп айтуы бекер емес.
Жалпы алғанда, көне түркі дәуіріндегі тіліміздің лексика-грамматикалық ерекшеліктерінде қаншалықты өзгеріс болғандығы байқалды. Дегенмен, қазіргі тіліміздің тарихы бастауын осы көне жазбалардан алады десек, қателеспейміз.