Қазақ тілін оқыту әдістемесі отандық білім беру саласындағы ең өзекті мәселе. Қазақ тілі Қазақ елінің мемлекеттік тілі, Мәңгілік еліміздің тұрақтылығын қалыптастырушы басты дәйектеме



Дата26.03.2020
өлшемі18,85 Kb.
#60864
Байланысты:
1

Қазақ тілін оқыту әдістемесі – отандық білім беру саласындағы ең өзекті мәселе. Қазақ тілі – Қазақ елінің мемлекеттік тілі, Мәңгілік еліміздің тұрақтылығын қалыптастырушы басты дәйектеме. Қазақ тілі қазіргі таңда қоғамдық қатынастағы жоғары рөлге ие болып отыр. Қазақ тілі тек тілдік қатысымдық құрал ғана емес, мемлекеттік қызметкерлермен қатар қазақ мектеп оқушыларына емтихан тапсыратын негізгі міндетті пән. Қазіргі таңда қазақ тілі – білім мен ғылымның тілі. 

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың: «Тәуелсіздік – Алтын күмбез дейтін болсақ, сол күмбезді тіреп тұрған төрт белгіміз бар, оның біріншісі – Елтаңба, екіншісі – Әнұран, үшіншісі – көк байрақ, төртіншісі – қазақ тілі» деген сөзі кім кімді болмасын, ойға қалдырады. Тіл саясаты – мемлекеттің саясаты, ол егеменді еліміздің берік арқауы. Еліміз тәуелсіз болғаннан, егемен мемлекеттің нышандарының бірі ретінде қазақ тілі өзінің тарихи рөлін атқаруда. 

        Бүгінгі күні қазақ тілін кімдерге оқытамыз емес, қалай оқытамыз, оқыту сапасын қалай көтереміз деген мәселелер төңірегінде пікір алмасуымыздың өзі қол жеткен жетістіктер деп білемін.Сондықтан бүгінгі күннің талабы да қазақ тілін оқытудың озық технологияларынан мағлұмат беріп,саралау болып отыр. Заманымыздың өзі технологиялар кезеңі болғандықтан, қазіргі таңда оқыту технологияларының түрлері өте көп. Атап айтсақ: ынтымақтастық технологиясы,ойын арқылы оқыту технологиясы, білім беруді ізгілендіру технологиясы, дидактикалық бірліктерді ірілендіру технологиясы, оқытудың модульдік технологиясы, дамыта оқыту технологиясы, ақпараттық-коммуикативті технология, деңгейлеп саралап оқыту технологиясы, тірек-сигналдар арқылы оқыту технологиясы, проблемалық оқыту технологиясы.

Қазіргі заманның қоғамдық-әлеуметтік басты мәселелерінің бірі- басқа ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілде сөйлей білуі. Осы мәселені шешу барысында жалпы білім беру мектептерінде, орта және жоғары оқу орындарында әртүрлі технологиялар  жүйелері еніп, қазақ тілін оқыту әдістемесі де өз нәтижесін беріп келеді. Оқу орындарында жаңа технологиялар арқылы оқыту қазақ тілін үйретудің сапасы мен маңызын арттырады.



Тіл саясаты – мемлекеттің саясаты, ол егеменді еліміздің берік арқауы. Еліміз тәуелсіз болғаннан, егемен мемлекеттің нышандарының бірі ретінде қазақ тілі өзінің тарихи рөлін атқаруда. Ол Елбасы мен Үкімет тарапынан қолдауын тауып, оған бірнеше нормативтік құқықтық актілер айқын көрсеткіш болып отыр, олардың ішінде «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 11 шілдедегі Заңын, Президенттің Жарлығымен бекітілген Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2011 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын айрықша атап өтуге болады.  Мемлекеттік бағдарламаның аясында көптеген жұмыстар атқарылды және ол өзінің мәресіне жетті. Мәселен, халықаралық тәжірибе жүйелі зерделеніп және оны Қазақстанға енгізу үшін Қазақстанның ЕО елдерімен тіл саясаты саласындағы халықаралық ынтымақтастық орталығы құрылды, қазақ тілін білу деңгейін бағалау бойынша ҚАЗТЕСТ жүйесі жетілдірілді, қазақ тілінде балаларға арналған анимациялық және көркем фильмдер шығарылып, шетелдік көркем және мультипликациялық фильмдер «қазақша» сөйлеп, көрермен қауымның ықыласына бөленіп отыр. Осының бәрі – тәуелсіздіктің арқасы. Өткен жылы қабылданған «Ел бірлігі» доктринасында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қолданыс аясын кеңейту, оны меңгеру әркімнің парызы мен міндеті болып саналатыны атап көрсетілген. Сонымен қатар доктринада мемлекеттік тілді меңгеру мен оның қолдану аясын кеңейтуге басымдық беру көзделген. Осы доктринаны іске асыруға көзделген «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік  бағдарламасы» қабылданып, мемлекеттік тілге арналған және мемлекеттік тілге басымдық беру туралы бірталай іс-шаралар көзделген. Бағдарламаның басты мақсаты - Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілдерін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ететін үйлесімді  тіл саясаты. Мемлекеттік тілді үйретудің жүйесін жасау бағдарламада: «Үздіксіз білім беру моделі арқылы қазақ тілін оқыту жүйесін әзірлеу және енгізу» деген арнайы бағыт ауқымында айқындалған. Бағдарламының осы бағыты бойынша қазақ тілін оқытудың стандарт- технологиясы дайындалды, тіл үйрету қарапайым пайдалануды қамтамасыз ететін А1-А2 деңгейлері бойынша, дербес пайдалануды қамтамасыз ететін В1-В2 деңгейлері бойынша және іскерлікпен пайдалануды көздейтін С1-С2 деңгейлері бойынша мемлекеттік тілді оқытудың көп деңгейлі жүйесі жасалды. Бұл стандарт-технология мектепке дейінгі, орта, арнайы орта, жоғары және жоғары оқу орынан кейінгі мемлекеттік білім беру стандартына енгізіледі. Яғни, бағдарламада көзделген үздіксіз білім беру моделі арқылы қазақ тілін оқыту стандарт-технологиясы міндеттілікке айналады. Биылғы Қазақстан Президентінің дәстүрлі жолдауында мемлекеттік тілге қатысты: «қазақстандықтардың өзіміз өмір сүріп, елімізді жақсылықтарға бастап бара жатқан туған жерге атауын берген, мемлекеттік қазақ тіліне құрметпен және лайықты оқып үйрене бастағандығын атап өтудің өзі қуанышты. Бұл тәуелсіздіктің орасан зор жетістігі. Біздің міндетіміз – 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80 пайызға жеткізу. Ал 2020 жылға қарай олар кемінде 95 пайыз құрауы тиіс. Енді он жылдан кейін мектеп бітірушілердің 100 пайызы мемлекеттік тілді біліп шығатын болады» деп нақтылап өткен. Бұл «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік  бағдарламасының» ең басты нәтижесі болмақ.

Қазіргі таңда өзекті жан-жақты қаралып жатқан мәселелердің бірі - мемлекеттік тілді оқыту мәселесі. Сонымен қатар, бұл мәселе тілдік коммуникацияның тікелей зерттеу нысаны бола келіп, қазіргі кезеңде өзекті мәселе болып отырған қазақша сөйлеуге үйретудің тиімді жолдарын табуға көмектеседі.

Мемлекеттік тілді оқыту мәселесімен айналысып жүрген ұстаздар, тілшілер, ғалымдар көптеп саналады. Олардың әрқайсысы әр түрлі мәселелерді қарастыра келіп, қазақ тілін оқыту саласының дамып, жетілуіне үлес қосуда. Солардың қатарында Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің қазақ тілі кафедрасының ұжымы да бар.  Еліміздің жиырма жылдық тәуелсіздігімен «құрдас» қазақ тілі кафедрасының алдында тұрған мақсаты - өзге тілді аудиторияны қазақ тіліне үйрету ғана емес, сонымен қатар шәкірттердің Отанының қасиетін сезініп, оның алдындағы ұлт жауапкершілігін ұғынып, Отан үшін басын бәйгеге тігер тәуекелге баратын патриот жастарды тәрбиелеу. Сонымен қатар студенттерді арнаулы салалардың кәсіби тіліне, өзіндік сөз оралымдарына, ауызша кәсіби қатынасымға жаттықтыру, оқытылып жатқан мамандықтардың, арнаулы салалардың тірек терминдерімен таныстыру. Қазақ тілінің қоғам өмірінің сан түрлі салаларындағы қолданысын, оның мемлекеттік тіл ретіндегі қызметтерін еркін және мүлтіксіз атқаруы үшін бұл – сөзсіз орындалуы тиіс шарттардың бірі. Қазақ кәсіби тілін, ғылым тілін меңгерген түрлі сала мамандарын, болашақ ғылыми қауым, қазақтілді ұлттық элита қалыптастырудың  негізін жасауға, техника саласын қазақша сөйлеуге, салалық кәсіби тілін дамытуға ықпал ету болып табылады. Ғалым Қаныш Сәтбаев студенттердің алдында былай деген екен: «Инженер терең де жан-жақты білімімен көрінуі керек, өз мамандығының аясында тоқырып қалмауға ұмтылсын. Тіл мен стиль - инженерлер үшін ең маңызды құрал. Оларды көркем әдебиетті оқу арқылы әсіресе, классиктерді оқу арқылы дамытып, қалыптастырады». Осы сөз әлі күнге дейін өз мағынасын жойған жоқ.

Қорыта айтқанда, тілдік ахуал уақыт өткен сайын жақса­рып келеді. Тәуелсіздік тілді тығырықтан шығарып қана қойған жоқ, оның ғұмырын ұзартты, тынысын кеңейтті. Кеңестік кезең мен қазіргі уақыттың айырмасы жер мен көктей. Тілдік орта қазақылана бастады, тіл үйренуге ықылас артты. Екі тілде еркін сөйлейтін жастар қатары көбейе бастады, қос тілді қос қанатына айналдырған жас билингвист-журналистер ақпарат саласының ажарын аша түсті.



Мемлекеттік тіл тәуелсіздігіміздің жырын жырлап, мемлекетіміздің бұғанасын қатайтты. «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы — тіл» деген Ахмет Байтұрсыновтың қасиетті қағидасына сүйенсек, Ата Заң аясында бақ-берекеміздің сақталып отырғаны тіл саясатын да дұрыс жүргізудің жемісі екені анық.
Жалпы, тіл жеке адамның шаруасы емес. Мемлекеттік де басыбайлы дүниесі емес. Тіл - халық қазынасы, ұлттық жаны. Тілдің мәселесі - ұлттық мәселесі. Мерейін асыратын да өзіміз, құтын қашыратын да өзіміз. Тіл отбасынан бастау алады, отан аясында дамиды. Отбасы өзіміз де, Отанымыз Қазақстан! Елбасымыз айтқандай, «Қазақстанның болашағы — қазақ тілінде». Ендеше, тілімізді, ұлтымызды отбасымызды қадір­легендей қадірлейік!

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет