Қазақ тіліндегі антропонимдердің лингвомәдени жүйесі



бет3/7
Дата11.01.2017
өлшемі2,19 Mb.
#7174
1   2   3   4   5   6   7

Сондықтан көне тiлдiк деректер халқымыздың ұзақ этномәдени даму жолын‚ материалдық және рухани құндылықтарын‚ түп-тамырын неғұрлым тереңiрек танудың бiр құралы‚ маңызды таным тетiгi ретiнде зерттеледi. Бұл екі фактордың тоғысуы нәтижесінде пайда болған тілдік деректер ұлт мәдениетін немесе ұлт тарихын, халықтың қоғамдық өмірін бейнелеп қана қоймай, ана тілінің сөздік қоры байлығының көрсеткіші ретінде де танылады. Мысалы, тіл мен мәдениеттің атауына ұйытқы болған этнографизмдер – ана тілі байлығының бір бөлшегі. Бұл атаулар – тілдік қазынаның сүбелі саласының бірі және бүгінде жалпыхалықтық қолданыста жоқ кейбір байырғы сөздер мен сөз тіркестерінің мағына-мәнін танытатын мәдени әрі тарихи ақпараттар көзі.


Бірақ этностың көне дәуіріндегі тарихынан, мәдени өмірінен хабардар ететін этнографизмдер – тілімізде мағынасы ұмыт болған немесе сөздер мен сөз тіркестері олардың сырын ашуды, танытуды қажет етеді. Осы орайда қазақтың қара сөзін бағзы мәдениеттің жетегінде тіл арқылы анықтап, келер ұрпақтың санасына зор мақтанышпен жеткізу – ана тіліміздің бай ырысын танытудың бір жолы [58, 107 б.]. Тақырыптың мақсатына сай нәтижеге жеткiзуге көмектесетін тiлдi зерттеудiң тиiмдi саласы — этнолингвистика. Ол — адамзат қауымының этностық деңгейдегi балаң‚ бастау тұсындағы тек-тамырын‚ мекен-жайын‚ өмiр тәжiрибесiн‚ салт-санасын‚ кәсiбiн‚ жеке этностық топтардың алғашқы анайылық қалпындағы дүниетанымын‚ мифтiк танымын‚ киiмiн‚ iшкен тамағын т.б. яғни мәдениетiн тiлi арқылы зерттейтiн тiл бiлiмiнiң саласы. [97, 45 б.].Себебi жоғарыда атап көрсетiлген жайлардың бәрi адамдардың бастапқы ұғым-түсiнiгiндегi өзiндiк «әлем үлгiсi» («модель мира») ретiнде тек тiлде таңбаланып отырған. Мұны ғалымдар‚ жоғарыда көрсетiлгендей‚ тiлдiң кумулятивтiк немесе құжаттық (Э.Сепир) қызметi деп сипаттайды. Міне, осылайша анықталатын қазақ лексикасындағы лингвокультуремалар ретіндегі этнографизмдер осындай ырысты байлықтың бір көзін құрайды. Қазірде бұл этноатаулар қоғамдық қарым-қатынас кезінде белсенді қолданылмаса да, бұл сөздердің дені диалектілік лексикада, тұрақты сөз тіркестері мен мақал-мәтелдердің құрамында, көркем шығарма тілінде, ауыз әдебиеті, фольклор мен эпос тілінде жиі кездеседі. Тілдің танымдық, мұрагерлік қызметі негізінде сан ғасыр құпиясын бойына сақтаған этнотілдік деректерді сан ұрпақ танитын ана тіліміздің қорында мәңгілікке сақталатын сарқылмайтын қазына, «адамзат тарихыныњң қоймасы» (Қ.Жұбанов) деуге болады. Осы орайда қазақ ауыз әдебиетінің көне жанры эпостық жырлар – этнографиялық лексиканың кені өйткені бұл жырларды әр ғасырдың тарихи-әлеуметтік жағдайы, ата-бабаларымыздың елдік, ерлік салты, мєдени, рухани ғұрпы, тағдыры ерекше жырланған қазақ мәдениеті мен дүниетанымының энциклопедиясы, қазіргі ұрпаққа тіл арќылы сақталып жеткен этномәдени мұралары деуге болады. Ойымыздыњ жалғастығын академик Ә.Марғұланның, Н.И.Толстойдың, Е.Жұбановтың т.б., ғалым-тілші Н.Уәлиевтің пікірлерінен көреміз.

Осымен байланысты Ш.Уәлиханов, Қ.Жұбанов, Ә.Марғұлан, М.Әуезов т.б. еңбектерінде тіл мен мәдениет сабақтастығына ерекше назар аударылған. Проф. Қ.Жұбанов тіл арқылы халықтың тағылымдық мұраты этностың әр дәуірдегі ұрпақ өкілдеріне мәдени әрі тілдік мұра ретінде сақталатынын және тіл мен мәдениетті табыстыратын жаңа саланың дүниеге келетіні туралы сол кездердің өзінде-ақ болжам айтқаны белгілі. Ғалымның «Халықтардың тұрмыс қалпы түрлі-түрлі болған соң, олардың әр затқа қоятын аттары да түрлі-түрлі. Тіл ұзақ заман жасалады, бірден өзгермейді, оның өзгерісі тұрмысқа байланысты» деген пікірі ұлт мәдениетінің ұрпақ жалғастығын сипаттаса, мәдениет жай өмірдің туындысы емес, белгілі бір қоғамда өмір сүрген рухани әрі материалдық қоры бар іргелі елдің өмір тіршілігінің туындысы деп қарауын: «Мәдениет – қазанның күйесінше жұғатын нәрсе емес, мәдениеттің белгілі сатысын көксегендей жағдай тумаған болса, … жоғары мәдениеттің өзі келіп ауызға түспейді» [39, 125] деген пікірінен көреміз.

Қазақ халқы да көптеген басқа халықтар секiлдi даналығын‚ дүниетанымдық көзқарасын‚ салт-дәстүрiн т.б. тiлiнде түйiндеген. Оларды тұтас құрылым жүйесiнде анықтасақ‚ халық өмiрiнiң‚ мәдениетiнiң бейнесi немесе «дүниенiң тiлдiк бейнесi» деп сипаттауға болады. Осы тұрғыдан қарастырылатын материалдық мәдениет атаулары да рухани мәдениетпен қатар адамдардың тіршіліктері мұқтаждылықтарын өтейтіні белгілі, себебі сол қоғамның этикалық, әлеуметтік, эстетикалық, символдық тәжірибесін көрсететін заттық атаулардың рухани өмірімен байланысы «материалдық мәдениет өнімдері рухани қажеттіліктерден туындайды» деген пікірді нақтылай түседі. Сондықтан зерттеуде материалдық мәдениет пен рухани мәдениетті бір-бірімен өзектес, бүтіннің екі жағы деп қаралған. өйткені адамды қоршаған табиғат пен өмір сүруші субъектінің қатынасы барысында айналасындағы дүниені танып, өз ақыл-ойының елегінен өткізіп, табиғаттың затын өз затына өңдеп айналдыру зор еңбектің көрінісі, бұл түптеп келгенде заттық мәдениеттің дүниеге келуінің көрінісі болмақ.

Әр этностың өмір сүру сипаты ұлттың рухани ерекшеліктерімен анықталуы арқылы ана тілінде сақталады. Себебі тілде әр ұлттың өзіндік ойлау ұғымдары мен бағыт-байламдарын сипаттайтын лексика қалыптасады. Ол әр халықтың материалдық, экономикалық, әлеуметтік жағдайына байланысты дамитын, қоғамдық санасына сәйкес негізделетін, «ұжымның жадында жинақталған жүйе» (Ю.М.Лотман). Осымен байланысты салт-дәстүрлер атаулары – рухани мәдениеттің мұрасын сақтап, жеткізетін құжаттық жүйесі.

Жұмыста рухани мәдениет арнасының заттық мәдени атаулармен тығыз байланысы, тіпті бір-бірінің тууына себепші болғандығын халқымыздың көптеген дәстүрлерінің шығуымен де дәлелденген.Сонымен, осы зерттеудің нәтижесінде тілімізде ұлттық дүниетаным мен парасат арқлы қзақ халқының болмысына біткен тіл мәдениетінің метатілінің анықталуы тіл ғымындағы этнолингвистика мен осы саланың ауқымын кеңейте түскен лингвомәдениеттану саласын ғылыми тұрғыдан толықтырып, тілдік деректер арқылы дәйектелуіне нақты үлес қосылады деп ойлаймыз.

Осымен байланысты, «тіл - ұлттың тірегі, ұлт мәдениетінің негізі» деген қағидаларға сәйкес тіл мен мәдениет арасындағы байланыстың ана тілі бойындағы арқауы сан ғасыр өтсе де бар асылын еш шашаусыз жиып, болашаққа сақтап жеткізетін тілдің құдіреті - мұрагерлік, құжаттық (кумулятивтік) қызметі негізінде екені айқындала түседі. Ономастиканы лингвистикалық пән ретінде қарастыра отырып, А.В.Суперанская: «... оның қоғамдық мәдени тарихымен байланысына ерекше назар аудару қажет деп атап өтеді» [59, 26]


Қазіргі әлемдік өркениет кеңістігіндегі жаһандану үрдісіне сәйкес тіл біліміндегі зерттеулер бағытының кешенді де интеграциялық сипатына сай тіл мен мәдениет сабақтастығын анықтаудың мәні зор. Оның нақты көрінісі – «ғаламның тілдік бейнесін» ұлт тілі арқылы зерттейтін лингвомәдениеттану саласы. Оның теориялық-әдістанымдық негіздері В.Гумбольдт, Э.Сепир, Б.Уорф, Г.В.Колшанский, Ю.Н.Караулов, А.Вежбицкая, В.Маслова т.б. еңбектерінде жасалған. Яғни, кез келген тілдегі ғалам бейнесі екі жақты сипатқа ие: бір жағынан, кез келген тілдегі ғалам бейнесі адамның әлемге көзқарасымен байланысты болса, екінші жағынан, нақты әр тілдегі әлем моделіне әлеуметтік-мәдени қоғамдағы ұлттық «әлем бейнесі» жалғасады. Осының нәтижесінде жеке тіл өзіндік сипатқа ие болады. Сондықтан ғалам бейнесі мәселесі адамның елестетуі мен санасындағы әлемді көру мен суреттеуіне негізделеді. Осыған байланысты Г.В.Колшанский: «Тіл адам санасынан тыс әлемді бейнелей алмайды, өйткені ол объективті дүниенің бейнесі ретіндегі субъективті әлемді бейнелейді. Тіл әрі объективті, субъективті. Ол әлемге және адамзатқа қатысты екі жақты субстанция», - дейді [60, 81 б.]. Ал адам өзінің әлемге деген көзқарасын, дүниетанымын, өзіндік «әлем бейнесі» тілдің қызметі арқылы қалыптастырады. Әрбір тілдің ішкі өзгешеліктері бар болғандықтан, әрбір тіл өз ерекшелігімен «әлем картинасын» өзгеше қалыптастырады.

Тілді адамның әлеуметтік тұрмысын қамтитын мәдениеттен, тарихтан тыс қарапайым таңбалық жүйе деп қарастыру ол туралы түсінікке кереғар әсер етеді және оны зерттеудің мүмкіндіктерін шектейді. Академик Ю.В.Бромлей сөзімен айтсақ: «Әрбір этноста мәдениет элементінің сыртқы көрінуі мен «ішкі» мазмұнында ерекшелік бар. Мағынасына байланысты барлық мәдени құбылыстар өзіндік екіжақтылыққа ие: өзінің «сыртқы» көрінісімен қатар, олардың «екінші өмірі» бар. Олар мағынасы арылы айқындалады. Мағына затта жасырылған, ол ақыл-ой, эстетикалық сезімен, адамгершілік интуициямен белгілі болады, бір көргеннен танылмайды. Мағынаның бұл мәні – мәдениетті тану кілті». Ал мұның өзі оның мәдени фонын зерттеуге әкеп тірейді.

В.Гумбольдт еңбектерінен басталған тіл біліміндегі тіл мен мәдениеттің қарым-қатынасы мәселесінің тұжырымдарын төмендегідей анықтауға болады: 1) материалдық және рухани мәдениет тілде көрінеді; 2) кез келген мәдениет ұлттық, оның ұлттық сипаты тілде көрінеді; 3) ұлттық рухтың көрінуі оның мәдениетінде; 4) тіл – адам мен оны қоршаған әлемді жалғастырушы аралық. [18, 203 б.].

В.Гумбольдт концепциясы (тұжырымдамасы) А.А.Потебня, Ш.Балли, Ж.Вандриеза, И.А.Бодуэн де Куртэне, Р.О.Якобсон және басқа зерттеушілер еңбегінде жалғсын тапса, қазақ тіл білімінде Ә.Т.Қайдар, Е.Жанпейісов, М.М.Копыленко, Р.Сыздық, К.Хұсайын, Г.Смағұлова, А.Сейілхан, А.Ислам т.б. еңбектерінде көрініс табады.

Осы еңбектердің нәтижелерін қорыта келіп, тіл мен мәдениеттің тығыз байланысы коммуникативтік процестен, онтогенезден, филогенезден көрінеді деп тұжырым жасауға болады. Тіл – мәдениет дерегі, өйткені ол мәдениеттің құрастырушы бөлігі және тіл мәдениетті танудағы негізгі құрал, себебі ол арқылы біз мәдениетті меңгереміз. Тіл мәдениеттің жалпы сипатын танытады, негізгі ақпаратты жинайды, сақтайды және жеткізеді. Осыған сай тіл әрбір этникалық қоғамдастықта, бір жағынан, этностың мәдени өзгешелігінің факторы ретінде, екінші жағынан – тіл шеңберінде мәдениеттің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуын қамтамасыз етеді. Осылайша қазіргі, келер ұрпақты бір тұтастырып, бүтіндікте байланыстырады. Демек, тіл мәдениетте өсіп-өнеді, дамиды және соны бейнелейді. Мәдениет этномәдени ақпараттар береді. Ал этномәдени ақпараттар әр түрлі формаларда жүзеге асады. Олар материалдық және рухани мәдениеттің туындылары т.б. Атап айтқанда, белгілі бір этномәдени ортадағы өмір сүру жағдайы, эстетикалық норма, тұрмыстық дағдылар, пайымдаулар, этникалық көзқарас, жергілікті культ пен дәстүрлік тәжірибе – ғасырлар бойы қалыптасқан бай «мәдениет тілі», немесе этнотаңбалар (Ю.М.Лотман т.б.). Бірақ ең негізгі форма – сөздік ақпарат. Оның негізін құрайтын этнографизмдер мәдениетті айқындап қана қоймай, оны символдау қызметін атқарады. Ал этнографизмдер дегеніміз - өткен тұрмысымызда болған, көбі әлі де қолданып келе жатқан тұрмыстық бұйымдардың, белгілі бір кәсіпке, шаруашылыққа, салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа, наным-сенімге, баспанаға, киім-кешекке, ішер асқа, туыстық қатынасқа, ел билеу ерекшелігіне, заң тәртібіне, әдеттік правоға байланысты қолданылатын, халқымыздың тұрмыстық және тілдік өзіндік ерекшелігін көрсететін арнаулы атаулар мен сөз тіркестері.

Ол тілдік атаулар тек шартты түрде болса да, тілдегі сөзжасам модельдері арқылы заттың уәжді белгісіне ғана негізделмейтіні байқалады. Себебі, бір затты «тілдік көру» әр сөйлеуші ортада әртүрлі болуы мүмкін.

Себебі, әр халықтың басынан кешкен тарихы, бүкіл рухани, мәдени байлығы, болмысы, дүниетанымы, өмір тіршілігіне, күнделікті тұрмысына қажет бұйымдары, әдет-ғұрпы, салт-санасы, талғамы т.б. сол тілде сөйлеуші ортада қалыптасып, тілінде сақталады. Демек, сөз заттың тура таңбасы емес, дүниенің тікелей бейнесі емес, оның біздің санамызда тілдік шығармашылық процесс нәтижесінде туған бейнесі «ұлт пен тіл біртұтас» деген қағидаға сүйенген – «ғаламның тілдік бейнесі». Ю.К.Юркенас: «… антропонимдер өзіндік бір мәдени мәтін ретінде қабылдануы тиіс», – деп тұжырымдайды [61, 48 б.].

Демек, қандай да болмасын, заттың атауы оны тек атап қана қоймай, сонымен бірге оны танытады. Ал, тану, ия анықтау белгілі бр халықтың тарихи даму жағдайы аясында іске асатындықтан, ол тілдік ұжым өмір сүретін нақты жағдайларға байланысты әртүрлі болады. Әртүрлі ұжым бір затты өзінің күнделікті тәжірибесінде кездесіп қолданылатын жағынан танып, оны өзіне таныс құбылыстармен байланыстыратыны белгілі. Яғни, ат қоюда (номинацияда) өмір шындығы мен тұрмыс-тіршілігі, тәжірибесі, салт-дәстүрі, наным-сенімі, әртүрлі заттар түрінде тілде сөзбен аталып бейнеленеді. Осының негізінде ол затты танып, біліп, оны басқалардан ажыратып танығаннан кейін барып ат қояды. Мұндай ажыратқыш белгілер сөйлеуші ұжымдық ортада әртүрлі болуы мүмкін.

Осы орайда тiл байлығының танымдық мәнiн анықтау ұлттың әлеуметтiк рухани‚ мәдени болмысын саралап‚ тануға мүмкiншiлiк бередi. [96, 254 б.].

Сондықтан ұлттық тiлдiң ерекшелiгiн‚ табиғатын ашу бағытында тiл туралы онтологиялық көзқарасты сол тiлде сөйлеушi халықтың жан дүниесiмен‚ ой-санасымен‚ тарихымен және мәдениетiмен тығыз байланыста қарастыру – қазiргi тiл бiлiмiнiң‚ соның iшiнде қазақ тiлi бiлiмiнiң де — өзектi мәселелерiнiң бiрi.

Осымен байланысты жоғарыда көрсетiлгендей‚ қазiргi тiл бiлiмi парадигмасының өзектi бiр саласы «дүниенi тiлдiк бейнелеудiң» жалпы және ұлттық ерекшелiк негiзiндегi көрiнiстерiн салыстыра зерттеуге ерекше назар аударылуда.

Адамдар арасындағы қарым-қатынастың ғана емес, таным мен ойлаудың да құралы болатын тілдің көмегімен ой-санадағы ақиқат шындық болмыс, әлем, дүние, ғалам туралы білімдер жиынтығы бекиді, материалдық тұрпат алады. Сондықтан да тілдік көркем бейнелердің әрқайсысын тіл иесінің образды ойлауының, күллі ғаламды, ақиқат шындық болмысты тұтастай және мүшелей тануының өзіндік ерекшеліктері, сондай-ақ қоршаған ортасын игеру барысында жинақтаған өмірлік тәжірибелерінің нәтиже-қорытындылары, әлем жайлы, сол әлемдегі өзі және өзгелер жайлы білімі бекіген ғалам бейнесінің тілдік фрагменттері, тілдік моделдері деуге болады.

Таным процессі мен логикалық ойлау жалпы адамзатқа ортақ қасиет, ал бүкіл адам баласы үшін ақиқат шындық болмыс біреу болғандықтан ғаламның біртұтас бейнесі де әр басқа тілде сөйлейтін халықтар үшін біреу-ақ. Сөйтсе де тіл иесінің ой-өрісіне, концептуалды әлеміне байланысты әр тіл дүние – ғаламның фрагменттерін өзінше өреді, бөлшектеп атайды, бейнелеп суреттейді, ал тіл өкілі ойының желісі өз тілінде бекіген ғалам бейнесіне сай құрады. Осыған байланысты әр басқа халықтың (ұлттың, этностың) тілдеріндегі ғалам бейнесінің фрагменттерінде жалпыадамзатқа ортақ дүниеліктер де, тек тіл иесіне ғана тән ұлттық нақыштар та кездесіп жатады.

Осы орайда жүйесi тілдің культурологиялық т.б. әртүрлi тiлдiк деректерiн «ұқсастық» және «айырмашылық» парадигмасының шеңберiнде салыстырылуы ұлттық ерекшелiктi‚ функционалды-семантикалық негiзде нақты көрсетедi. Бұл салыстырулардың терең танымдық құрылым деңгейi мен кең тiлдiк бөлiм аясында жүргiзiлуi «тiл мен таным»‚ «тiл мен мәдениет» сабақтастығын айқындауда маңызы ерекше. Мәселенiң әлеуметтiк бағдары да көпұлтты Қазақстан Республикасында тiлдердiң қарым-қатынасын зерттеудiң өзектi екенiн көрсетiп‚ «Тiл туралы заңның» теориялық зерттелуi мен iске асуына нақты үлес қосады. Және мемлекеттiк тiл мәртебесiндегi қазақ тiлiнде сөйлейтiн халықтың мәдениетiн жалпы мемлекеттiк көлемде танытуға көмектеседi.

Қазақ тiл бiлiмiнде қазақ этносының таным-парасатын‚ дүниетанымы мен мәдениетiн тiл арқылы тану — ең маңызды мәселелердiң бiрi. Соған сәйкес зерттеудiң нәтижелерi мен түйiндерi когнитивтiк‚ прагматикалық‚ этнолингвистикалардың ғылыми негiздерiн жасайды. Сонымен бiрге зерттеу нәтижелерi лексикология‚ этимология‚ семасиология т.б. салаларында теориялық тұрғыдан толықтыра түседi.

Қазақтың кең даласы – мәдениет пен тіл бірлігі, әдет-ғұрып, салт-сана тұтастығының негізі. Мысалы, бұл қөзқарас қазақтардың балаға ат қоюында өзіндік ерекшеліктерінің бар болмысымен көрінеді. Себебі олар бұл рәсімде ұлт болмысының барлық этномәдени, әлеуметтік сипатын басшылыққа алып отырған. Мысалы, тіл мен сөздің магиялық күшіне сенген олар әдетте қарғыстан, балаларын мақтаудан қорыққан. Соның нәтижесінде Kүшікбай, Жаманбала, Салбыр, Қасым, Сағал, Kенесары сынды жалқы есімдер дүниеге келген. Олар «көз тимесін», «балам аман болсын» деген ырымнан туған болуы керек. Немесе дүниеге келген балаға Артықбай, Несібелі, Бекенбай, Мырзагелді сияқты ат қою арқылы оған белгілі бір қасиеттерді дарытуды көздеген мақсат қойылған. Ал, Тілеміс, Тұрлыбек, Сағындық, Есенгелді лингвокультуремалары ұл күту, бала тілеу, балалары тұрақталмаған себебінен туған антропонимдер [62, 36 б.].

Өз дәуірінде ардақталып, ата-бабадан әулетке мұра болып ауысып, рудан-руға, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен дәстүрдің бірі осы ат қоюмен байланысты. Бұл қазіргі тіл біліміндегі, соның ішінде қазақ тіл біліміндегі тілді сол тілде сөйлеушінің мәдениетімен, тарихымен т.б. тығыз байланысты зерттейтін антропоцентристік бағытқа, оның ішіндегі лингвомәдениеттануға, этнолингвистикаға сай келеді. Мәдениеттанушылардың анықтауынша, тіл – тек коммуникативтік құрал емес, сонымен бірге адам болмысының, оның мәдениетінің көрінісі, өйткені мәдениет таңба белгіден тысқары, яғни тілден тысқары өмір сүре алмайды. Адамды түгелдей дерлік таңбалық қоршаған, өйткені адам болмысының өзі таңбалық, тілдік болмыс.

Адам бір мезгілде таңбаны тудырушы да, оны талдаушы да. Міне, қысқаша тоқтала кететін болсақ, қазіргі замандағы тіл, таңба мәселесіне және оның мәдениеттегі орнына деген көзқарастар осындай. Тіл – тек денотативті (белгілі, сигналдық) коммуникация құралы ғана емес, сонымен бірге коннотативті белгілі әлеуметтік-мәдени, идеологиялық құрал.

Сондықтан рухани әлемнің өзіндік ерекшелігін оның белгілік, таңбалық қасиетінен іздеу керек. Рухани болмыс – мағыналы белгі, таңба болмысы. Рухани әлемнің «белгілік» болмысы оны адам болмысының «материалдық» әлемімен жақындастырып, біріктіреді. Өйткені, белгі қашан да «материалдық», «заттық» белгі. Сондықтан да белгілік шығармашылықтың жемістері - өнер туындысы, ғылыми жұмыстар, діни рәміздер, салт-дәстүрлер және т.б. бәрі – адамды қоршаған шынайы әлемнің материалдық зат бөліктері. Демек, ұлттық сипатта қалыптасқан материалдық туындыларда да руханилық мазмұн болады. Соның бір жарқын көрінісі – қазақ есімдері. Олардың ерекшелігі оның мағынасында, мәнінде, өзіндік құндылығында.

Ал, адамдар қарым-қатынасының әмбебеп құралы ретіндегі белгі түгелдей дерлік қоғаммен, әлеуметпен қатынасты әлеуметтік болмыс. Ол қашан да адамдар сұхбатына, адамдар қарым-қатынасына бағышталған. Яғни ұлттық мәдени , этномәдени жүйесін, әлеуметтік мәнін лингвомәдени негізде зерттеп, анықтап, тілдік құралдар арқылы түсіндіріп дәлелдеуге болады.

Рухани әлемдегі болмыстың табиғи әлемінен ерекшелігін көрсету В.Дильтейдің «ұғыну» теориясы – герменевтикаға негізделетіні белгілі. Оған сәйкес зерттеуші өзінің өмір сүріп отырған уақытынан, оның негізгі әлеуметтік-мәдени контекстінен ешқашан асып кете алмайды, өйткені адамдардың белгілі бір мәдени-әлеуметтік кезеңге сай өзіндік психологиялық түсінігі болады. Ұғыну үшін танымдық контекст болу керек. Біздің танымдық контекстіміз қаншалықты кең болса, яғни біздің зерттеу объектімізді салыстыратын, қарама-қарсы қоятын басқа объектілер көп болса, соншалықты біз оны (зерттеу объектісін) терең түсінеміз.

Осы тектес тұжырымдардың қалыптасуында, тілді зерттеудің барысында ұлттық мәдениеттің, дәстүрлердің ерекшеліктері ескеріледі. Әсіресе, ұлттық рухымыз жаңғырып, салт-дәстүрлеріміз қайта жанданып жатқан қазіргі қазақ қоғамындағы рухани-әлеуметтік құбылысты дұрыс бағалап, негізін түсіну үшін осындай тілдің дамуының ішкі формасынан туындайтын жалпы заңдылықтарды адам рухымен байланысты түсіне білудің маңызы зор. Тіл бірліктерінің ұлттық болмысын осы қағида негізінде зерттеу тіл мен мәдениетті сабақтас зерттейтін тіл біліміндегі антропоөзектік бағыттағы «лингвоелтану», «лингвомәдениеттану», «этнолингвистика» т.б. салалары арқылы іске асады [25, 94 б.].

Аталған пәндердің зерттеу нысаны ортақ болып қоймай, кей жағдайда олардың зерттеу әдіс-тәсілдері, кейбір теориялық принциптері мен негіздері ұқсас болып келеді. Әрине, этномәдени факторлармен қатар лингвомәдени жалқы есімнің генезисі мен қызметінде басқа да факторлар қатысады: мәселен, тілдік, географиялық, әлеуметтік, тарихи т.б., бірақ жалқы есімнің семантикалық көлемі мен оның қызметі аспектілерінде мәдени фактор басымдық танытады, бұл жағдайда жалқы есім – лингвомәдени таңба болып табылады. Жалпы тіл арқылы мәдениеттанудың ғылыми үлгілері: этнолингвистиканың, этномәдениеттанудың, елтанудың, лингвомәдениеттанудың пән ретіндегі жалпы және ұқсас мақсаттары мен міндеттері – ұлт тілі арқылы ұлтты тану, ұлттық ойлау жүйесінің ерекшеліктерін анықтау, қысқаша айтқанда, ұлттық менталитетті айқындау, басқалардың айрмашылығын көрсету.

Мысалы, осымен байланысты қазақ ақын, жазушыларының шығармалары бойынша қазақ тілінің рухани мәдениет лексикасына талдау жасаған С.Жанпейісованың рухани мәдениет лексикасының негізгі тақырыптық топтарын және олардың қалыптасу көздерін анықтау, лексиканың бұл аталмыш қабатын, этнолингвистикалық аспектілерін халқымыздың этномәдени өміріне қатысы тұрғысынан алып қарастыру, рухани мәдениетпен байланысты түрлі тілдік номинациялардың жасау тәсілдерімен даму жолдарын айқындап көрсетуге арналған зерттеу жұмысында жан-жақты айтылған дәйектелген.

Қазақ тіліндегі антропонимдердің лингвомәдени сипатын ашуға арналған жұмысымызда тіл мен мәдениет мәселесі төңірегінде қазақ тіл біліміндегі А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, Ә.Қайдаров, Е.Жанпейісов, Р.Сыздық, Т.Жанұзақов, Н.Уәлиев, Ж.Манкеева, Қ.Рысбергенова, Б.Тілеубердиев т.б. жалпы тіл білімі мен орыс тіл біліміндегі В.Фон Гумбольдт, А.Потебня, Э.Сепир, Б.Уорф, К.Леви-Стросс, Е.Верещагин, В.Воробьев, В.Маслова, И.Толстой, С.Толстая т.б. ғалымдардың теориялық ой-пікірлерін басшылыққа алып, сүйенеміз.

Демек, әр халықтың өзіндік қайталанбас ерекшеліктері, ұлттық этникалық өзгешеліктерін сипаттайтын таңбалардың бірі ұлттық есімдер, зерттеуші Б. Тілеубердиевтің атап көрсеткеніндей, «ұлттық мәдениет ерекшеліктерін білдіреді [63, 81 б.]. Мұндағы бір есімдерде ұлттық-тарихи болмысы айқын көрінсе, ал басқаларында оның қарқыны нашар болады. Алайда, оны жасаған немесе қолданушы халықтың мәдениетімен байланысы жоқ есім табыла қоймайды. Ұлттық есімдерде мейлі антропоним, топоним, зоонимдер болсын, олардың бойында алуан түрлі тарихи-мәдени ақпарат қалыптасқан.

Сонымен, антропонимдерді лингвомәдени негізде қарастыру дегеніміз қазақ есімдеріндегі – ұлттық сипаты бар деп танылатын әлеуметтік, танымдық, этникалық, эстетикалық, саяси, адамгершілік, руханилық, тұрмыстық ортақ қағидалармен заңдылықтарды тілдік құралдар арқылы анықтау. Осы салада зерттеу жүргізуші ғалымдардың пікірінше, соңғы жылдары қазақ тіл білімінде де тіл мен мәдениет сабақтастығына негізделген зерттеулер қарқынды жүргізіле бастады. Рухани мәдениет негіздері, халықтың танымы, этнографиялық, заттық мәдениетке қатысты атаулар, этнолексика, қазақ ұлтына тән мәдени-дүниетанымдық ерекшеліктер Ә.Қайдаров, Р.Сыздықова, Е.Жанпейісов, Е.Жұбанов, Н.Уәлиұлы, Ж.Манкеева, С.Сәтенова, Г.Смағұлова, Қ.Рысберген, А.Сейілхан, Қ.Қайырбаева т.б. еңбектерінде арнайы зерттелді.

Жалпы және орыс тіл білімінде лингвомәдениеттану жеке сала ретінде зерттеліп В.Н Телия, Ю.С.Степанов, Н.Д.Арутюнова, В.В.Воробьев, В.Шаклеин, В.А.Маслова т.б. сияқты ғалымдар теориялық тұрғыдан дәлелдеді. Лингвомәдениеттану тіл білімінің арнайы саласы ретінде этнолингвистикамен тығыз байланысты. Кейбір ғалымдар (В.Н.Телия т.б.) лингвомәдениеттануды этнолингвистиканың бір тармағы деп санайды. Дегенмен, бұлар – тіл білімінің екі бөлек салалары. Өйткені этнолингвистикалық зерттеу нысаны фольклорлық және мифтік мәтіндер, діни және тұрмыстық салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар болып табылады. Ал лингвомәдениеттанымның этнолингвистикадан айырмашылығы мен ерекшелігін ғалым И.Г.Ольшанский былай түсіндіреді: «В отличии от этнолингвистики лингвокультурология орентирована на современное состояние и функционирование языка и культуры. Лингвокультурология исследует прежде всего живые коммуникативные процессы и связь используемых в них языковых выражений с синхронно действующим менталитетом народа» [61, 45 б.]. Яғни этнолингвистика мен лингвомәдениеттану ең бастысы диахрония мен синхрония тұрғысынан ажыратылады.

Әрбір жаңа ғылымның саласының өзіндік метатілі мен терминологиялық аппараты болатыны белгілі. Орыс ғалымдары (В.Воробьев, В.Телия, В.Маслова т.б.) лингвомәдениеттанымның мынадай негізгі терминдері мен ұғымдарын ұсынады: концепт, констант, мәдени коннотация, мәдени семалар, мәдени кеңістік, мәдени интерпретация, лингвокультурема, лингвомәдени универсум т.б. Жоғарыда аталған терминдер тіл мен мәдениет даму барысындағы лингвомәдениеттанымның категориалдық аппаратын құрайды.

Жоғарыда көрсетілген тіл мен мәдениет сабақтастығына сай зерттейтін лингвомәдениеттанудың қағидалары мен ғылыми аппаратының қазақ тіліндегі антропонимдерді осы аспектіде қарастыруға тікелей қатысы бар. Мысалы, антропонимдердің мазмұнындағы мәдени коннотацияның мәнін түсіну тілді тұтынушының аялық біліміне байланысты. Яғни, белгілі бір антропонимнің мәдени ақпараттық коды ұлт мәдениетіне байланысты ассоциацияларды ұғынуы арқылы ашылады: Ботагөз, Қарабай, Асанқайғы, Жібек т.б.

Зерттеуші Б. Досжановтың еңбегінде тарихтан белгілі Барақ есімінің денотаттық мағынасы «сабалақ, жүндес, аңшы ит» болса, оның культтік мәні мәдени коннотацияның нәтижесі деп көрсетіледі [64, 24 б.]. Осымен байланысты жалқы есімдердің қызметі тіл мен мәдениеттің өзара байланысын көрсететін негізгі маңызды лингвомәдениеттанымдық аспект болып саналады. Т.Жанұзақов, Е.Ә. Керімбаев: «Қазақ халқының этникалық психологиясы мен этникалық әдеп нормаларының дәстүрлі «классикалық» қасиеттерінің бірі болып жасы үлкендерді құрметтеу және аға ұрпақ өкілдері, қартттар мен егде адамдарға сый құрмет, ізет көрсету танылады. Қазақ антропонимиясы саласында қазақ халқының осы этнопсихологиялық қасиеті өзіндік пішіндегі айтылымға ие және ол аға-іні, үлкен-кіші түріндегі қарым қатынастың әлеуметтік жағдайында көрінеді, мұндай құрмет көрсету, сыйлауға -ка, -ке, -әке, -еке аффикстері қолданылады» [65, 248 б.] деп көрсетеді. Мысалы: Жәке-(Жамбыл), Секе-(Серғазы), Гүлтай-(Гүлсім) т.б.

Қазақ тілінде жалқы есімдерге -жан, -тай қосымшалардың жалғануының нәтижесінде экспресивтік эмоциональдік реңк беріледі. Мысалы: Айжан, Берікжан, Асылтай т.б. Осындай қазақ антропонимдердің қызметтік ерекшеліктеріне жасалған лингвомәдениеттанымдық талдау бойынша, антропонимдердің қызметтік және тұрмыстық лексикасы мәдени маңыздылыққа ие екендігін дәлелдейді. Сонымен бірге қазақ дүниетанымының әсемдік талғамы, эстетикалық мәні антропонимдер (соның ішінде әйел есімдері) жүйесінен айқын көрінеді: Айкүміс, Ақбота, Анаргүл, Гаухар, Жазира, Кәмшат, Құндыз, Маржан т.б.

Тілді зерттеудің антропоөзекті бағытына сәйкес ұлттық таңба ретіндегі ономастикалық атаулардың (соның ішінде антропонимдердің) қызметі ономастика саласының зерттеу шеңберінен шығып, лингвостилистика, мәтін лингвистикасы, этнолингвистика, психолингвистика, лингвомәдениеттану т.б. салаларда қарастырыла бастады. Атап айтқанда, Е.Жұбанов (эпос тіліндегі), Қ. Жаппарова (Олжас поэзиясындағы), С. Жапақов (этнофразеологизмдердегі), Д.Керімбаев (қазақ фольклорындағы), Г.Аубакирова, Г.Снасапова (көркем мәтіндегі), М.Мұсабаева (қазақ тіліндегі «аталымдардағы»), Ә.Хазимова (фразеологизмдердегі) т.б. зерттеулерінде антропонимдердің лингвомәдени коннотациялары жан-жақты сипатталады. Демек, «жалқы есімдер шындық өмірдегі адамның белсенді қызметінің құралы болып табылады»

Осымен байланысты, Е. Керімбаевтың зерттеуінде ономастикалық номинацияны сипаттауда «ғалам бейнесі», «ғалам моделі» сияқты когнитивтік ұғымдар қолданылса, Тілеубердиевтің зерттеуінде ол «ғаламының ономастикалық бейнесі» немесе «антропонимиялық бейнесі» ретінде анықталып, ғалам туралы білімдердің жиынтығы, жеке тілдің бірліктерінде (антропонимдерде - Ф.Ә.) нақты тілдік қауымдастықтың ұлттық тарихи-мәдени және әлеуметтік тәжірибесі ретінде қарастырылады.

Сонымен, қазақ антропонимдерінің лингвомәдени негізін сипаттайтын тілдік деректерді зерттеу жұмыстары мен әр түрлі тарихи-мәдени, деректер бойынша мынадай тақырыптың жүйеде көрсетуге болады.


Каталог: ld
ld -> Шпаргалка на казахском языке по истории Казахстана 100 м қашықтыққа ұшатын, орақ тәрәздә құрал-бумеранг
ld -> Қош келдіңіздер!
ld -> Қазақ әдебиет пәніне тест сұрақтары
ld -> Сабақ: ана тілі Тақырыбы: Ахмет Байтұрсынұлы «Әліпенің атасы»
ld -> Қазақстан тарихы бойынша Ұбт шпаргалкалары а а. Иманов көтерiлiс отрядтарын қаруландыру үшiн – қару-жарақ шығаруды ұйымдастырды
ld -> Ақтқбе облысы Байғанин ауданы №3 Қарауылкелді орта мектебі
ld -> Сабақтың тақырыбы: Ы. Алтынсарин "Өзен" Мұғалімі: 3 "
ld -> Әнші- ақындар шығармашылығы
ld -> Есмағамбет Ысмайлов Баласы Қожағұлдың Біржан салмын, Адамға зияным жоқ жүрген жанмын
ld -> Өмірбаяны Хронология Қорытынды пайдаланған әдебиеттер


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет