Қазақ зиялыларының қалыптасу процесі XIX ғасырдың екінші жартысымен XX ғасырдың басында жеделдей түсті. Бұл кезең Ресейдегі азаттық қозғалыспен тұспа-тұс келді
Қазақ зиялыларының қалыптасу процесі XIX ғасырдың екінші жартысымен XX ғасырдың басында жеделдей түсті. Бұл кезең Ресейдегі азаттық қозғалыспен тұспа-тұс келді. Әсіресе, күшті әсер еткен оқиға - 1905-1907 жылдардағы Ресейдегі тұңғыш революция. Осы оқиғаның әсерінен қазақ қоғамының рухани және саяси өмірінің оянуы, ұлттық сананың сезіле бастауымен көзге түсті. Ал ұлттық сананың оянуы қазақ зиялы қауымының қалыптасуының тікелей нәтижесі болды. Болашақ алаш қозғалысының көсемдері Санкт-Петербург, Мәскеу, Қазан, Уфа, Томск, Омск жоғарғы және арнайы орта білім беретін оқу орындарын бітірді. Олар: Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ш.Құдайбердиев, М.Сердалин, Б.Қаратаев, М.Тынышпаев, М.Шоқаев, Х.Ғаббасов, Халел және Жаһанша Досмұхамбетовтар және тағы басқалары.
Шәймерден Қосшығұлұлы – 1874 жылы Ақмола облысы Көкшетау уезіне қарасты Қотыркөл болысында дүниеге келген. Қосшығұлдан 5 ұл Қалыш, Әпіш, Құрыш, Мұстафа, Шәймерден өрбіген. Осы топтың ішіне қайраткер, санаткер дәрежесіне дейін көтерілген Шәмерденнің орны ерекше. Табиғатынан зерек, ол жас кезінде сол заманның талабына сай алғаш ауыл молдасынан хат таниды, кейін білімін тереңдету мақсатымен, Көкшетаудағы Н.Хазірет медресесіне оқуға түседі. Осыдан оқып жүріп, ғылымның барлық салаларын игере бастайды. Орыс тілінде өз бетінше оқып үйреніп, зорлық-зомбылыққа қарсы күреске шәкірт күнінен бастап белсене араласады. Оның дүниетанымының қалыптасуына өз заманының өте білімдар адамы, Бұқарда, Бағдатта білім алған, шығыс әдебиетінің сұңғыласы, араб, парсы, орыс, өзбек, ежелгі түрік тілдерінде еркін сөйлейтін ұстазы Науан Хазіреттің ықпалы күшті болды.