30 қазан 2015 жыл
«Қазақстан 2050» Жалпыұлттық қозғалысы, ҚР мәдениет және спорт министрлігінің, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ қолдауымен
2015 жылдың 30 қазанында «Қазақстан 2050» жалпыұлттық қозғалысы Сарапшылық клубтың жұмысы аясында және Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның қолдауымен сарапшылар кездесуін өткізді. Онда Қазақстанда сапалы медицинаға қол жеткізу мәселелері, сондай-ақ міндетті медициналық сақтандыру реформалары талқыланды.
Азаматтарға медицина қашан қолжетімді болады?
(сарапшылық кездесудің қағаз бетіне түсірілген нұсқасы)
Махаббат Еспенова, модератор: Қайырлы күн, құрметті сарапшылар! ҚР мәдениет және спорт министрлігінің және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қолдауымен «Қазақстан 2050» жалпыұлттық қозғалысы өткізіп отырған сарапшылық клуб отрысына қош келдіңіздер. Бүгінгі әңгімеміздің тақырыбы: халыққа медицина қашан қолжетімді болады? яғни біз сіздермен медициналық қызметтердің сапасы, оның түрлері, жалпы медициналық қызмет сапасы деген не екені жайлы сөз қозғайтын боламыз. Алдымен сарапшыларымызды таныстырып өтейін:
- Айша Бестаева, «Демеу» отбасылық медицинасының оқу-тәжірибелік орталығы;
- Ералы Нұрғазин, ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Медициналық бақылау және фармацевтикалық жұмыс комитетінің Астана қ. бойынша департаменті;
- Айбол Қозыбағаров, МҚІ және СЖҚІА-нің Астана қ. бойынша сыбайлас жемқорлық қауіптерін анықтау бөлімі;
- Ләззат Боранбаева, «Архимедес Қазақстан» АҚ;
- Бауыржан Жаубасов, МҚІ және СЖҚІА-нің Астана қ. бойынша департаментінің Тәртіптік кеңес хатшылығы;
- Айдар Абеуов, ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі;
- Күлайым Біржанова, ҚР ДСӘДМ-нің медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті.
Менің атым Еспенова Махаббат, мен «КАМЕДА» қоғамдық қорының атқарушы директорымын. Бүгінгі сарапшылық клубты жүргіземін. Барлық спикерлерге қояр алғашқы сауалым – медициналық қызмет сапасы деген не?
Ләззат Боранбаева, «Архимедес Қазақстан» АҚ: Бұл, ең алдымен, сапаны бақылау деп ойлаймын.
Айбол Қозыбағаров, МҚІ және СЖҚІА-нің Астана қ. бойынша департаменті: Егер мемлекеттік қызмет көрсетулер қырынан қарайтын болсақ, онда қандай-да бір кемсітусіз тең дәрежедегі қолжетімділік деп түсінуге болады. Бюрократизм мен қағазбастылыққа жол бермей, бұл қызметті ашық, әділ, есеп бере отыра көрсету. Қызмет көрсету үдерісін үнемі жетілдіру және қызметтердің арзандығы, тиімділігі.
Махаббат Еспенова, модератор: Міне, міндет жүктеу мен есеп беруге қатысты мынадай сұрағым бар. Мен – қарапайым адаммын, емханаға келдім. Шынымен, сапалы медициналық қызмет алып отырмын ба, жоқ па дегенді қалай білемін?
Айша Бестаева, «Демеу» орталығы: Меніңше, бұл – медициналық көмек көрсетудің кәсіби стандарттарын орындау. Емделушілеріміздің талап-тілегін қанағаттандыру. Міне, осы - сапалы медициналық көмек көрсету деп есептеледі.
Ләззат Боранбаева, «Архимедес Қазақстан» АҚ: Медициналық көмек көрсету сапасы, ең алдымен, беріліп отырған ем-домның пайдалы болуымен анықталады деп есептеймін. Иә, белгілі бір стандарттар, хаттамалар, т.б. бар. Сондай-ақ қызмет көрсету сапалы, яғни ауруханадағы емделушіге қатысты адамгершілік қарым-қатынас болғанмен, бұдан басқа белгілі бір сервистік құрамдас бөлігі болу қажет. Біз қазір қандай жағдайдамыз – жеке меншік секторда, ерікті медициналық сақтандырумен айналысып жүріп, медициналық көмек деген ұғымды сервистік көмекпен алмастырып алып жүрміз. Бұл дұрыс емес. Біз израилдік акционерлермен біріккен халықаралық компаниямыз. Яғни мен шетелдегі медициналық қызмет сапасы қандай екенін өз көзіммен көрдім. Ол жақтағы бар мақсат – емделушіні жылдам әрі дұрыс емдеп шығару. Ал бізде, неге екенін білмеймін, сапалы медициналық қызмет – бұл ауруханада ұзақ жату деп есептеледі. Біздегі ой-санаға тән белгілі бір қиындықтар бар.
Махаббат Еспенова, модератор: Бізде қабылдау ерекшеліктері басқа, келісемін.
Ләззат Боранбаева, «Архимедес Қазақстан» АҚ: Меніңше, сапалы медициналық қызмет деп, егер адам ауруынан толық айығып кетсе немесе оның дерті жазылмайтын шығар, бірақ адамның жағдайы барынша жеңілдесе, міне, осыны айтуға болады.
Махаббат Еспенова, модератор: Ералы, мүмкін сіз айтарсыз. Әртүрлі аурулар бар, мысалы, менің тамағым ауырып келдім, маған ем-дом жазып берді, қарапайым адам ретінде мен сауығып кеткенімді қалай білемін. Мысалы баспа мынадай уақытта, екі аптада емделеді және екі аптадан соң мен қайтадан одан сайын қатты ауырмаймын дегенге саятын бір орташа шама бар ма? Мұндай ақпаратты мен бір жерден таба аламын ба?
Ералы Нұрғазин, ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі: Медициналық қызмет стандарттары. Онда тоқсан бесінші тарау бар. Емделу хаттамалары бар. Міне осы жерде барлығы толық жазылған. Алайда медицина өте күрделі нәрсе, өйткені адамның ағзасы бұл стандарттарға бағынбайды, оған тәуелді емес, себебі біреуге жазылу үшін он күн, біреуге бес күн, біреуге он бес күн қажет болады. Сондықтан сондай бір нақты шекарасы жоқ.
Махаббат Еспенова, модератор: Жақсы. Онда басқа сұрақ. Емделу туралы хаттама, емделу алгоритмдері бар. Қарапайым адам ретінде олар туралы қайдан білемін? Мен емханаға келгенде, мүмкін барлық жерде және үнемі емес шығар, әйткенмен, түсінікті ұсақ жазумен жазылған – тегін көрсетілетін медициналық көмектің кепілді көлемі деген тізімді көремін. Мені хаттамаға сәйкес қабылдады ма, яғни менімен дәрігер мен медбике әңгімелесті, басқа артық адам кабинетке кірген жоқ, мені қанша қажет болса, сонша минут қабылдады дегенді білу үшін Сіз айтқан емделу хаттамаларын қайдан таба аламын? Бұл ақпаратты қайдан табамын?
Ералы Нұрғазин, ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі: Қазір барлық емханаларда ақпараттық тақталар бар, осы жерде барлығы тиянақты жазылып тұрады. Қандай дәрігер қабылдайды, қай уақытта, медициналық көмектің кепілді көлеміне жататын ауру түрлері бәрі жазылған. Денсаулық сақтау саласының кез келген сайтына, біздің сатқа кірсеңіздер, бәрі толық жазылған.
Бауыржан Жаубасов, МҚІ және СЖҚІА-нің Астана қ. бойынша департаменті: Белгілі бір құқықтық кеңістік бар. Мемлекеттік қызмет көрсетулер деген ұғым қайдан шықты, біз бұған не себеппен келдік? Жүзеге асырылған әкімшілік реформалардан кейін және жалпы, бұл – еліміздің басымдық беріп отырған саласының бірі, бұл - азаматтарды әлеуметтік кепілдіктермен қамтамасыз ету үшін, қызмет көрсетудің барлық түрін қолжетімді ету үшін қажет. Біз елімізде мемлекеттік қызмет көрсетулер институтын құрдық. Мемлекеттік қызмет көрсетулер тәртібін реттейтін мемлекеттік қызмет көрсетулер туралы заң бар. Егер қарапайым тілмен айтар болсақ, қоғам мемлекетпен, мемлекеттік құрылымдар – емханалармен, мемлекеттік органдармен, рұқсат беру органдарымен өзарабайланыста болу үшін ХҚКО (халыққа қызмет көрсету орталықтары) құрылды. Мемлекеттік қызмет көрсетулердің басым бөлігіне азаматтар сол жерде қол жеткізе алады. Ал бірақ мемлекеттік қызмет көрсетулер туралы заңда емдеу мекемелері мен оларды бақылайтын ұйымдар да мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруды назарда ұстауы керек деп көрсетілген. Егер адамдар мемлекеттік қызмет көрсету барысында қиындықтарға жолықса, оның сапасына көңілдері толмаса, олар өз ішінде бақылау жүргізіп, қиындықтарды анықтауы тиіс.
Махаббат Еспенова, модератор: Сөзіңізді бөлсем бола ма? Себебі, егер мен дұрыс түсінсем, біздің денсаулық сақтау жүйесінде мемлекеттік қызмет көрсетулер бар және қоғамдық игіліктер деген атауға ие қызметтер бар. Мен дұрыс түсіндім бе? Бұл жердегі тегін медициналық көмектің кепілді көлемі – бұл қоғамдық игіліктерге келіп саяды. Егер ұмытпасам, бізде денсаулық сақтау жүйесінде тоғыз мемлекеттік қызмет көрсету түрі бар. Бауыржан, мүмкін оларды тізіп айтып шығармыз, сонда бізді көріп отырғандар ол неқылған мемлекеттік қызметтер екенін түсінетін болады.
Бауыржан Жаубасов, МҚІ және СЖҚІА-нің Астана қ. бойынша департаменті: Ендеше сандарға көшіп, қарап көрейік. Біз, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалайтын құзіретті орган ретінде мониторинг жүргіземіз. Ағымдағы жылдың соңғы 9 айы ішінде Астана қаласы бойынша 5 млн 350 мың қызмет көрсетілген екен. Олардың 58%-ы, яғни 3 миллионы мемлекеттік органдардың кеңсесі арқылы қағаз түрінде көрсетілген. Ал 200 мыңы қызмет ұсынушылардың кеңсесі арқылы қағаз түрінде, бір миллионға жуығы ХҚКО арқылы және мемлекеттік қызметтің тағы бір миллионға жуығы электронды түрде көрсетілген екен. Егер денсаулық сақтау саласы туралы айтсақ, жергілікті атқару органдарында ең көп пайдаланылған мемлекеттік қызмет – дәрігердің қабылдауына жазылу. Ағымдағы жылдың тоғыз айында көрсетілген мұндай қызмет саны 1 млн 200 мыңнан астам. Сондай-ақ алғашқы медициналық жәрдем беретін медициналық ұйымға бекіту бойынша 200 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген. Дәрігерді үйге шақыру - 200 мыңнан астам. Міне, осылар Астана қаласының тұрғындары жиі қолданатын қызметтер. Әрине, бұл жерде бірқатар мәселелер бар. Мысалы, дәрігерді, жедел жәрдемді шақыру жағынан. Ол бізде мемлекеттік қызмет көрсету тізімдемесінде міндетті түрде тіркеледі. Бұл қызметке мемлекеттік қызмет көрсету стандарты жасалады, одан әрі регламент белгіленеді, онда қызмет көрсетудің саны қанша және көлемі қандай болу керектігіне дейін жазылған. Азаматтар стандарттың және регламенттің бар екенін білуі тиіс.
Махаббат Еспенова, модератор: Бауыржан, егер дәрігерді үйге шақырудың стандарты, регламенті бар болса, мен, қарапайым адам, министрліктің сайтына кіргенде шатысып қалуым мүмкін. Бұл стандарттар мен регламентті оңай қайдан табуға болады? Құрғақ ресми тілмен, жылдам түсінетін етіп жазылған нұсқасы, мүмкін, инфокескіндеме бар шығар. Мысалы, жедел жәрдем – осынша минут, осыншама уақыт ішінде келу керек, телефон арқылы былайша жауап беру керек деген сияқты сұрақтарды қайдан табуға болады?
Бауыржан Жаубасов, МҚІ және СЖҚІА-нің Астана қ. бойынша департаменті: Алдында менің әріптесім айтқандай, мұның бәрі ақпараттық бұрыштарда бар. Бірақ әрбір адамға түсіндіру – ұйымның міндеті. Мысалы, ол келіп сұрайды: «Мен неге ұзақ күтіп отырмын? Қанша күтуім керек?» Сол кезде емханада оған бәрін дұрыс түсіндіру керек. Мұндай жұмыс бар және ол өз нәтижесін беріп отыр. Мысалы, бір емхананы алайық, қазір оларда мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылайтын бекеттер бар. Мен оны өз көзіммен көргенмін. Біз 4 емхананы тексергенбіз, ол жерде мұндай бекеттер бар. Сондай-ақ оларда бағалау жүйесі мен сапаны арттыру жүйесі де бар. Егер емделуші дәрігерге кіріп, бірақ оның әдепсіз қылығына шағымданғысы келсе, ол жерден шығып, аталмыш бекеттерге келіп арыздана алады. Бекеттерде арыз-шағымдарды жазып алып, кейін бөлім меңгерушісіне жіберетін медбикелер отырады. Одан кейін құзыретті органдарға барып жүрмес үшін, азамат сол емхананың басшылығына, емдеу жөніндегі бас дәрігердің орынбасарына немесе соншалықты болмай жатса, емхананың бас дәрігеріне жолыға алады және міндетті. Егер осы деңгейде қиындықтар туындап жатса, онда азамат денсаулық сақтау басқармасына бара алады.
Махаббат Еспенова, модератор: Егер мен дұрыс түсінген болсам, егер сен көрсетілген қызметке риза болмасаң, лауазым сатысы арқылы шағымдана аласың, ең бірінші сол мекемедегі қызмет сапасына жауапты тұлғаға барасың, егер ол қолдау білдірмесе, сен әрі қарай жоғары жаққа барасың.
Бауыржан Жаубасов, МҚІ және СЖҚІА-нің Астана қ. бойынша департаменті: Иә, дұрыс айтасыз. Алгоритм осындай, бірақ азамат өз мәселесін сол емханада шешуі тиіс, себебі оның мәселесі айналып келіп бәрібір сол емханада шешіледі. Сондықтан оның реті осындай. Егер адам шындыққа қол жеткізе алмаса, онда денсаулық сақтау басқармасына баруға болады. Медфармжұмысын бақылау департаменті бар. Егер осы мекемелер тиісті шара қолданбаса, онда азамат бізге, яғни Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне шағымдана алады. Бізде 14-94 деген сенім телефоны бар, осы арқылы мемлекеттік қызметтің дұрыс көрсетілмегені немесе лауазымды тұлғалар тарапынан шаралар қолданылмағаны туралы шағымын айта алады. Өз кезегімізде біз, мемлекеттік қызмет сапасына және бағасына жауапты орган ретінде жағдайды жақсарту бағытында іс-әрекет етеміз.
Ләззат Боранбаева, «Архимедес Қазақстан» АҚ: Мен осы қазір сіздерді тыңдап отырып, осы жерде менің айтқан дүнием болып жатқанын ескерткім келеді. Бұл - медициналық қызмет көрсету ұғымы мен мемлекеттік қызмет көрсету ұғымын алмастыру болып отыр. Біз денсаулық жайлы, емделу жайлы сөз етіп отырмыз ғой. Егер сізге жақсы дәрігерге жазылу керек болса, сіз оны екі ай күтесіз. Егер сіз бұрын ауырып көрсеңіз осы жағдаймен таныссыз. Менің дәрігерлеріме адамдар бір апта, екі апта бұрын жазылады. Олар осынша уақыт күтуге дайын, өйткені олар өздерін шынымен емдеп шығаратын дәрігердің қолына түскісі келеді. Біздің қоғамда қалай – медбике маған жаман көзбен қарады, дәрігер «есіктің ар жағында күте тұрыңыз, қазір басқа емделушіні қабылдап жатырмын» деді деген сөздер көп айтылады. Содан үлкен шу шығарады. Достар, сіздер дәрігерге емделу үшін келдіңіздер, ең алдымен, сіздер оған сенім артуларыңыз керек.
Махаббат Еспенова, модератор: Жақсы, Ләззат, біз дәрігерге деген сенім туралы айтайық, оның өзіндік қырлары бар. Сервистік және медициналық қызмет көрсету арасында айырмашылық бар екенін мен өте жақсы түсінемін. Ал бірақ, медициналық қызметті сервистік бизнес-процесстермен байланыстырмай сөз ететін болсақ, онда барлығы жазылатын дәрігерлер санын арттыру үшін не істеу керек? Біз үнемі тұрғындар тиіс, қажет деп айта береміз, ал олардың қолынан не келеді, олар қалай істей алады?
Ләззат Боранбаева, «Архимедес Қазақстан» АҚ: Әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы жаңа заңды көбі сынап жатыр. Шын мәнінде, бұл заң осы сипаттағы көптеген мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Неліктен? Себебі ертеңгі күні Әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры құрылады. Бір жағынан, бұл – денсаулық сақтау саласын қаржыландыру арнасы, екінші жағынан, медициналық мекемелерді аккредитациялау арнасы. Яғни жаңа ғана сіздер айтып отырған мәселе – адамдарды жақсы емдейтін дәрігерлер емдесін деген дүние. Үшінші, өте маңызды жайт – тұрғындармен тікелей кері байланыс орнатылады. Сонда олар департаменттерге жүгірмей, өз шағымдарын Әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорының сайтына орналастыра алады. Қазір ақпараттық технологиялар ғасыры, сондықтан заман талабынан қалыс қалмауымыз керек. Төртінші, тағы бір өте маңызды тұсы, егер Әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры заңда жазылғандай дұрыс құрылса, онда адамдарда таңдау мүмкіндігі болады, сөйтіп, қандай емханаға, жақсы дәрігерлері бар емханаға тіркелетінін өзі таңдайды.
Махаббат Еспенова, модератор: Яғни конституциялық құқықтары ғой. Ал қазір заңда қалай жазылған, қалай қорғалғанбыз? Біз ақшамызды қорға тапсырады екенбіз, ал 90-жылдардағы жағдай қайталанбасына кім кепіл? Қандай механизмдері бар? Өйткені міндетті медициналық сақтандыру туралы естіген халықта, ең алдымен, «біздің ақшамыз қайда кетеді?» деген сұрақ туындары анық.
Ләззат Боранбаева, «Архимедес Қазақстан» АҚ: Қазір тек заң қабылданып жатыр. Барлық механизмдері заңға қосалқы актілерді немесе біз айтатын нормативтік-құқықтық актілерді қабылдау нәтижесінде белгілі болады. Барлығы осы қор қалай ұйымдастырылады, қандай ережелер мен процедуралар қабылданады, соған байланысты болады.
Махаббат Еспенова, модератор: Олар, яғни ережелер мен процедуралар жазылған ба?
Ләззат Боранбаева, «Архимедес Қазақстан» АҚ: Оларды жазуға енді кіріседі.
Махаббат Еспенова, модератор: Мен соншалықты бір сарапшы емеспін, бірақ заңға негіз болатын белгілі бір тұжырымдама бар деп ойлаймын.
Ләззат Боранбаева, «Архимедес Қазақстан» АҚ: Мен жеке меншік секторданмын, мемлекеттік секторға жатпаймын, бірақ сонда да. Бізде тегін медициналық көмектің мемлекеттік көлемі бар. Заң аясында жұмыс істейтін белгілі бір ережелер мен процедуралар бар. Әлбетте, ешкім велосипед ойлап таппайды. Әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорынан шығатын ережелер мен процедуралар бұрынғының табиғи жалғасы болары анық. Бірақ олар, менің ойымша, жақсартылған, жетілдірілген болуы тиіс. Қазір бізде әкімшілік процедуралар өте көп, олар экономикалық реттеу процедураларымен алмастырылуы тиіс. Медициналық қызмет көрсетудің ерекшелігі – егер оны реттемесе, оны тұтыну шексіз болады. Еске түсіріңіздерші, стационарлық қызмет көрсетулерге портал жүйесін енгізгенде не болды? Тұтыну бірден 300%-ға өсіп кетті.
Махаббат Еспенова, модератор: Сондықтан квотаны енгізді ғой.
Ләззат Боранбаева, «Архимедес Қазақстан» АҚ: Иә. Бұған ешқандай қор шыдамайды. Енді біз 1994 жыл туралы, Міндетті медициналық сақтандыру қоры туралы айтып отырмыз. Бар мәселе, ММСҚ дайындалмаған ортаға енгізілді. ММСҚ-нан 2 млн. долларды ұрланды деп үнемі айтылады, бұл сан бәріміздің есімізде. Ойланып көрейікші, 2 млн доллар деген не? Қазір амбулаторлық-емханалық көмекке тіркеудің өзі 700 теңге тұрады, орташа 1 доллар болсын. Ал Қазақстанда 17 млн адам өмір сүреді. Егер оны 1 долларға көбейтсек, 17 млн доллар шығады. Бұл амбулаторлық-емханалық қызметтерді ғана тұтынудың бір айлық шығыны. Осыған қарап, екі миллион доллар деген не? Міндетті медициналық сақтандыру қоры күйреді.
Махаббат Еспенова, модератор: Ләззат, мәселе жоғалған ақшаның көлемінде емес, жалпы, маңдай терімізбен тапқан ақшамызды бір жаққа жинаймыз, ал оларды оп-оңай жоқ қыла салады. Басқа жаққа ойыспай-ақ қояйық. Менің келесі сұрағым бар. Қазір міндетті медициналық сақтандыру туралы заң енгізді, халық үшін қандай пайдасы болады? Өйткені, қателеспесем, бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі бар, оған қатысты тұрғындар тарапынан да, медицина қызметкерлері тарапынан да сын-ескертулер көп, құрығанда сол бір электронды жүйеге қатысты, қателеспесем, олар үшеу ғой деймін. Біреуі – тұрғындарды тіркеу тізімдемесі, екіншісі – АПП және үшіншісі дәрілер бойынша бәр нәрсе. Егер мен қате айтып жатсам, түзетіп жіберіңіздер. Қазір, міндетті медициналық сақтандыру енгізілген кезде, ол не істей алады, қазіргі ахуалды, яғни мен емханаға келіп өзімді оңай тауып, электронды жүйе арқылы тіркеле алатындай етіп қалай жақсарта алады? Себебі біз мұны жасап көрдік, қолымыздан келмеді. База үнемі істемей қалады. Мен де осы қызметті алғым келеді. Үкімет дамуда, ақша құйылуда, бірақ мен оған қол жеткізе алмай отырмын. Дәрігерге жазылу қызметін қосып отырған жоқпын әлі. Сен жазыласың, келесің, сенімен бірге сол уақытқа тағы 4 адам жазылып қойған болып шығады. Міне, осыдан дәрігерлерге, емделушіге, әкімшілікке кесірі тиеді, себебі ол электронды жүйе дұрыс жұмыс істемегені үшін сөгіс естиді. Осыдан шығатыны, қазіргі міндетті медициналық сақтандыру жағдайды жақсартатын түбегейлі өзгерістерді қалайша енгізбекші?
Ләззат Боранбаева, «Архимедес Қазақстан» АҚ: Меніңше, бұл сұрақ тағы да маған емес сияқты. Мен жеке меншік сектордың өкілімін.
Махаббат Еспенова, модератор: Пікіріңізді айтсаңыз.
Ләззат Боранбаева, «Архимедес Қазақстан» АҚ: Мен былай ойлаймын. Ең алдымен мынадан бастайық, міндетті медициналық сақтандыру қажеттіліктен пайда болды, себебі халықтан қалай да салық жинау керек. Бюджетте ақша жоқ. Бізде денсаулық сақтау саласы да толық қаржыландырылмай жатыр. Дамуы дұрыс елдерде денсаулық сақтауға ЖІӨ-нің 8%-ы жұмсалады екен дейміз. Бізде 3,8%-ы. Бізде медициналық қызметтердің құны өте арзан. Жақында мен шетелдік инвесторлармен сөйлестім, олар бізге келіп, өз емханаларын ашпақ ойлары бар екен. Мен оларға айтамын: жақсы, ең алдымен МРТ (магниттік-резонанстық томография) қондырғысын анықтап алайық. Міне, сіздер оны миллион долларға сатып алдыңыздар. Бұл МРТ қондырғысы көрсететін бір қызметтің құны шартты түрде 100 доллар тұрады. Бұл МРТ демалыссыз, техникалық қолдаусыз, үздіксіз жұмыс істейді, өйткені әр жарты сағат сайын емделуші келеді. Басқа шығын материалдарын, дәрігерлер мен медбикелердің жұмысын есептемегенде, бұл МРТ өзін-өзі үш жарым жылдан соң ғана ақтайды. Үш жылдан соң ол ескіреді. Ешқандай елде біздің елдегі сияқты дәрігер кеңес бергені үшін 7 доллар алмайды.
Махаббат Еспенова, модератор: Яғни қазір жағдай сондай ма? Ал міндетті медициналық сақтандыру оны жасайды...
Ләззат Боранбаева, «Архимедес Қазақстан» АҚ: Жоқ, мен жай ғана жағдайды баяндап отырмын. Біріншіден, негізі медицина өте қымбат тұрады деп отырмын. Сондықтан медицинаға қазір бөлініп отырған қаржы жеткіліксіз. Барлықтарыңыз біздің мемлекеттік медицинаға кінә тағасыздар, дұрыс па?
Махаббат Еспенова, модератор: Иә. Денсаулық сақтау саласы ақсап тұр, ал халыққа да жақсы болып тұрған жоқ, әсіресе, соңғы екі айдағы оқиғалардан кейін. Яғни біз де қиын күндерді басымыздан өткерудеміз.
Ләззат Боранбаева, «Архимедес Қазақстан» АҚ: Ең бірінші, денсаулық сақтау саласына ақша құятын құрылымдық мүмкіндікті енгізу қажет болды. Ертең маған бәрі жабылатынын білім отырмын, бірақ жалғыз амал – қосымша салық енгізу болып отыр.
Махаббат Еспенова, модератор: Қосымша салықтар енгізілді. Не жақсарады? Қазір салық кодексі де қайта қаралып жатыр. Сонымен қатар, мына міндетті медициналық сақтандыру, оған да белгілі бір мөлшерде ақша аударатын боламыз. Мен үшін нақты не жақсылық болады? Әзірше менің естігенім жалғыз нәрсе – ол мен кез келген көңілім қалаған дәрігерді, емхананы таңдай алатыным. Бірақ ол қазір де бар емес пе? Осы міндетті медициналық сақтандыру бізге не пайда әкеледі?
Ләззат Боранбаева, «Архимедес Қазақстан» АҚ: Бар жақсылығы біздегі медицина жойылмай, әрі қарай жұмысын жалғастыра береді. Егер қосымша салықтар болмаса, ол қазіргідей деңгейде жұмыс істей алмас еді. Ең бірінші, денсаулық сақтау жүйесі жұмысын жалғастыруы үшін қажет қосымша қаржы. Екіншіден, бұл заң жеке меншік емханаларға да, мемлекеттік емханаларға да қаралуға мүмкіндік береді. Иә, егер жеке меншік емхана қандай-да бір себептерден, мемлекет белгілейтін тарифтермен жұмыс істеуге дайын болса, әрине, онда ол жұмыс істей алады.
Махаббат Еспенова, модератор: Сонда жеке меншік емханалар да мемлекеттік қызмет көрсете ала ма? Яғни сонда тіркеліп, дәрігерлерге жазылып, уақытша еңбекке жарамсыздығы туралы анықтаманы ала аламыз ғой, дұрыс па? Сонда олар да мемлекеттік қызмет көрсетулерді тексеру нысанына айнала ма?
Бауыржан Жаубасов, МҚІ және СЖҚІА-нің Астана қ. бойынша департаменті: Мысалы, келесі жылдан бастап, мемлекеттік қызмет туралы заң күшіне енгенде біздің уәкілеттілігіміз кеңейіп, жеке меншік сектор да біздің субъектілерімізге айналады.
Махаббат Еспенова, модератор: Яғни мемлекеттік қызмет көрсетіп жатқандар, солай ма?
Бауыржан Жаубасов, МҚІ және СЖҚІА-нің Астана қ. бойынша департаменті: Түсінікті, жеке меншік емханаларға келушілер көбейгені жақсы. Бірақ, біз алдын алу жайлы ойланармыз? Біздегі алдын алу жағы қалай болып жатыр? Бұл да сүбелі сұрақтар жиынтығы ғой. Алдын алуға денсаулық сақтау саласына бөлінетін бюджет қаржысының үлкен бөлігі жұмсалады. Алайда, бүгінгі таңда, еш оң қозғалыс жоқ, тіпті, кеңестік заманда болған қарапайым дүниелердің өзі жоқ. Естеріңізде ме, таңертең жаттығу жасатқызатын, телебағдарламалар, гигиена негіздері болатын.
Махаббат Еспенова, модератор: Тигізер зияны үшін сүт беретін.
Бауыржан Жаубасов, МҚІ және СЖҚІА-нің Астана қ. бойынша департаменті: Ал қазір мұның бәрі жоқ.
Махаббат Еспенова, модератор: Айша, жалпы, қазір денсаулық сақтаудағы алдын алу саласының жай-күйі қандай, не айта аласыз?
Айша Бестаева, «Демеу» орталығы: Негізінде қазір біздің айтып жатқанымыз – бұл салдары. Адамның ауырып қалғаны. Әрине, адам жұмыс істейтін жағдайда болу үшін оны емдеу қажет. Көбінесе, алдын алу жағына көп мән беріп, адамдарды ауыртпауға тырысу керек. Бұл бағытта жұмыс тиісті деңгейде атқарылып отырған жоқ.
Достарыңызбен бөлісу: |