Қазақша күрес – дәстүрлі ұлттық спорттық ойыны



Дата15.09.2017
өлшемі41,32 Kb.
#33944
Қазақша күрес – дәстүрлі ұлттық спорттық ойыны

Әлемде болып жатқан жаһандық өзгерістер: жер бетінің жаһандық жылынуы, ірі-ірі экологиялық апаттар, азық-түлік тапшылығы адамдардың өмірлеріне де түбегейлі өзгерістер әкеліп жатқаны баршаға мәлім. Оның нәтижесі – адамзат арасында қан қысымының өсуі, жүрек аурулары, қант диабеті, дене салмағының бұзылуы, онкологиялық аурулардың күрт өсуі. Ал компьютерлік технологиялардың дамуы, Ғаламтордың таралуы – адамдардың кішкентай кезінен компьютердің қасына бұғауланып, гиподинамияға шалдығуға әсерлетеді. Жалпы алғанда балалардың көбі көз ауруларымен, жүйке жүйесінің тозуымен, денесі дұрыс қалыптаспау мәселелерімен кезігіп жатады. Сондықтан бүгінгі күні мектеп өмірінде денсаулық сақтаушылық технологияларды қолға ала бастады, жастарды салауатты өмір салтын жүргізуге дағдыландыруға көп назар аударылады. Солардың ішінде күнделікті жүргізілетін таңғы жаттығулар, спорттық секциялар, жарыстар, мерекелер.

Осы орайда қазақ ұлттық ойындар мен спорт түрлерінің маңызы ерекше. Солардың бірі – ежелден бері белгілі қазақша күрес ойыны.

Қазақша күрес әлемдегі ең тарихы терең спорт түрлерінің бірі. Қазақтың ешбір ұлы тойы мен мерейлі мерекесі онсыз өтпеген. Сонау ықылым замандардан бері, қазақ білекті азаматтарына қара күштің киесі дарыған жан деп қана қарамай, ұлт қуаттылығын, ел құдіретін танытар өнер иесі деп қадір тұтқан. Бұл дәстүрлі ұлттық ойынға ежелден бері еркіндікті азаматтардың бәрі дерлік жастайынан қатысты. Ойынның қасиеті – ол ер адамның дене пішінінің дұрыс қалыптасуына, денсаулығының мықты болуына, психологиялық мінез-құлқы дұрыс болуына өз әсерін тигізді.

Күрестің ұлттық түрі - «қазақша күрестің» даму тарихы қазақ халқының тамыры тереңнен тартылатын тарихымен тұтасып жатыр. Түрлі бас қосулар мен мереке тойлары қазақша күрес жарыстарысыз өткен емес. Күші басым түсіп, жеңіске жеткен балуандар халықтың төбесіне тұтар құрметті адамына айналған. Қазақтың ұлы батыры Қажымұқан Мұңайтпасов есімі қазақ халқының тарихына ғана еніп қойған жоқ, сонымен бірге спортшылардың әлемдік элитасының қатарына кірді.

«Қазақша күресі» бойынша бірінші ірі жарыс 1938 жылы ауыл шаруашылығы аймақтары арасындағы спартакиада аясында өткен екен. Сол сәттен бастап жарыс дәстүрлі түрде республика қалаларында тұрақты өткізіліп келеді. Ірі Халықаралық турнирлер 1952 және 1975 жылдары Азия аймағы спортшыларының қатысуымен өткізілді. Ұлттық күрестің дамуы Қазақстан егемендік алғаннан кейін жаңа серпін алды. 1991 жылдан бастап республикалық чемпионаттар мен біріншіліктер жыл сайын өткізілетін болды.

2004 жылы Қазақтардың Берлиндегі Бүкіләлемдік Құрылтайында конференция болып, сонда «Қазақша күрес» бойынша халықаралық федерация ұйымдастырылды. Федерацияның президенті – Төкеев Серік Адамұлы тағайындалды. 2005 жылы Ресейде (Алтай өлкесі) «Қазақша күрес» бойынша І Азия Чемпионаты өтті. 2005 жылы қарашада Астанада ҚР Президентінің жүлдесіне «Қазақша күрес» бойынша ірі халықаралық турнир өткізілді. Оған Әлемнің 25 елінен 100-ден аса спортшы қатысты. Олардың қатарында Германия, Түркия, Голландия, Франция және басқа спортшылары болды. 2006 жылы Алматы қаласында «қазақша күрестен» 1-ші Әлем біріншілігі өткізілді, оған 36 мемлекеттің палуандары қатысты. Бұл жарыста Қазақстанның 4 балуаны әлем чемпионы атанды, атап айтса, Бауыржан Тәліп, Мәди Құрымбаев, Бақтыбай Қисықов, Бейбіт Ыстыбаев. 2011 жылы 20-шы тамызда «Қазақ барысы» жүлдесі өткізілді, оған әр облыстан 4 палуаннан, жалпы 64 балуан қатысып бас жүлдені сарапқа салды. Мұндай жарыстар жылда өткізіліп тұрады.

Мен жұмыс істейтін № 2 Ұзынкөл орта мектебінде «қазақша күрес» бойынша спорттық үйірме төртінші жыл ұйымдастырылып келеді. Оған көбінесе 8-9 сынып оқушылары қатысады. Осы төрдылдық тәжірибеме сүйеніп, оқушылардың денсаулықтарын сақтау және салауатты өмір салтына дағдыландыру үшін осындай секцияның жұмыс жоспарына енгізілгені абзал деп есептеймін.

Біріншіден, қазақша күрес ойыны жеткіншектің дене пішінің дұрыс қалыптасуына әсері мол. Себебі, ең қарапайым қимылды орындағанның өзінде де адам денесінің бірқатар органдары өзара қимылға келіп, оны орталық жүйке жүйесі реттеп тұратындығы белгілі. Жас палуанның жеке бұлшық еті салмағының өсуіне, қозғалмалы болуына, күресте оны қысу немесе тарту күші тарту ұзақтығы, шапшаңдығы арта түседі. Осы күштер әсер еткенде палуан денесі әртүрлі жағдайға түсіп, оның жасына сай қалыпты дамуына ықпал етеді.

Екіншіден, спортшының кеңістікте бағдарлануы, тепе-теңдікті сақтау мүмкіншілігі арта түседі. Себебі күрес барысында күрескер айналадағы ортаны, тіреу алаңын құзырында ұстауы қажет, егер ол кеңістікте бағдарлана алмаса, жеңіліске ұшырайды.

Үшіншіден, қазақша күрес те айқасудан басталады. Сондықтан күресушілер қозғалған кезде тепе-теңдікті сақтау заңдылықтарын ескерулері және жалпы ауырлық центрін қадағалаулары қажет. Күрес үстіндегі шабуылдағанда күресушінің бірі екіншісін тепе-теңдіктен шығаруға, ал екіншісі жығылып қалмау үшін тепе-теңдігін сақтап, сондай жағдайда қарсыласын түсіруге тырысады. Бірақ қарсыласын тепе-тендіктен шығарғанда палуанның өзі де тепе - теңдікті сақтай алмайды. Өйткені ондай қимылдарды бір орында тұрып орындау мүмкін емес. Сөйтіп, күрес кезінде екі жақ та ұдайы тепе-теңдігінен айырылып және оны сақтап тұрады.

Күрескен кезде палуандар көбінесе тіреу алаңын көзбен бақылайды. Мұндай жағдайда тіреу алаңы екі табаны мен табандарының арасындағы кеңістік болып табылады. Палуанның жағдайына қарай оның аяқтары тірейтін алаңы өзгеріп отырады. Әрине тіреу алаңы неғұрлым үлкен болса, солғұрлым палуанның берік түратындығы да табиғи нәрсе. Жалпы ауырлық центріне түсетін түзу сызық тіреу алаңының шетіне келсе немесе одан шығып кетсе, тепе-теңдік бұзылады. Сондықтан палуан қимылдаған кезде ауырлық центрінің түзу сызығы тіреу алаңының ортасына жақын болуының маңызы зор.



Төртіншіден, қазақша күрес психологиялық салмақтылықты талап етеді. Онсыз ол нәтижеге жете алмайды, бұл жеткіншектің мінез-құлқын, шыдамдылығы мен жауапкершілігін қалыптастырады. Сондықтан қазақша күрес ойынының тәрбиелік маңызы зор. Әсіресе баланың патриоттық сезімдері арта түседі.

Денесі сау, ой-өрісі дұрыс дамыған, өнегелі тәрбие алған жеткіншектің кейін еліміздің нағыз азаматы болып қалыптасуы сөзсіз. Сондықтан, мектептерде тоғызқұмалақ, алтын сақа, қазақша күрес сынды ұлттық ойындарға назар көбірек аударылғаны жақсы болар еді, деймін.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет