«Қазақстан 2050» Стратегиясы 2012 жылы желтоқсанда Мемлекет басшысының ел халқына Жолдауында Қазақстан Республикасының 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы таныстырылды
«Қазақстан – 2050» Стратегиясы 2012 жылы желтоқсанда Мемлекет басшысының ел халқына Жолдауында Қазақстан Республикасының 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы таныстырылды. Оның басты мақсаты – мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру, Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарында болуы. Бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін «Қазақстан – 2050» Стратегиясы жеті ұзақмерзімді басымдықтарды іске асыруды қарастырады: 1. Жаңа бағыттың экономикалық саясаты – пайда алу, инвестициялар мен бәсекеге қабілеттіліктен қайтарым алу принципіне негізделген түгел қамтитын экономикалық прагматизм 2. Кәсіпкерлікті – ұлттық экономиканың жетекші күшін жан-жақты қолдау 3. Әлеуметтік саясаттың жаңа принциптері – әлеуметтік кепілдіктер және жеке жауапкершілік 4. Білім және кәсіби машық – заманауи білім беру жүйесінің, кадр даярлау мен қайта даярлаудың негізгі бағдары 5. Мемлекеттілікті одан әрі нығайту және қазақстандық демократияны дамыту 6. Дәйекті және болжамды сыртқы саясат – ұлттық мүдделерді ілгерілету мен аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті нығайту 7. Жаңа қазақстандық патриотизм – біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыз табысының негізі. «Нұр Отан» партиясының жаңа Бағдарламасы саяси, идеологиялық және ұйымдастырушылық-партиялық жұмыс тәжірибесін қорытындылайды, партияның 2020 жылға дейінгі қызметінің негізгі кезеңдерін айқындайды. Бұл құжатта көрініс тапқан мақсаттық ұстаным Қазақстанның 2020 жылға дейінгі дамуының стратегиялық жоспарымен үйлестірілген. Бірлескен әрі келісілген жұмыс қана инновациялық реформалардың онжылдық бағдарламасын барынша толық орындауға мүмкіндік береді. «Нұр Отан» өз ұстанымы мен саясатын қалыптастырған кезде центристік көзқарасты ұстанады, оған Президент Нұрсұлтан Назарбаев кең ауқымды әлеуметтік базаға негізделген байыпты және ымырашыл саяси бағыт ретінде негіздеме берді.
Қазақстан Республикасы Ұлттық кеңесінің қызметі. Азаматтық қоғамды одан әрі демократияландыру және дамыту жөнінде ұсыныстар әзірлеу жөнінде тұрақты жұмыс істейтін Кеңес ұйымдастыру. Жастар ісі жөніндегі саясаттың негізгі бағыттары. "НұрОтан" жастар қанатының қызметі. Жастарды патриоттық және интернационалдық тәрбиелеу. ҚР – дағы жастар саясаты туралы "Қазақстан-2020" даму бағдарламасы. Құқық қорғау және сот органдарының қызметін жетілдіру. 2003 жылғы 2 желтоқсандағы Азаматтық және саяси құқықтар туралы Пакт және оны іске асыру. 2003 жылғы 2 желтоқсанда Нью-Йоркте Қазақстан Республикасының өкілі қол қойған 1966 жылғы 16 желтоқсандағы Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакті мынадай ескертпемен бекітілсін: "Халықаралық пактінің 9-бабы 3-тармағының ережесін тани отырып, Қазақстан Республикасы ұлттық заңнамаға сәйкес кез келген адамды ұстау туралы шұғыл түрде прокурор хабардар етілетінін ескереді. Сот немесе прокурор тұтқынға алған әрбір адамның өзінің ұсталуына немесе тұтқындалуына сотқа шағымдануға құқығы бар". ҚР-да Адам құқықтары жөніндегі уәкіл (Омбудсмен) институттарын енгізу. Өлім жазасына мораторий енгізу. Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік, мәдени құқықтар, азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық фактілерді ратификациялауы. Заңдарды ізгілендіру. Саяси реформалардың жалпыұлттық бағдарламасы. Президент Н.Ә.Назарбаевтың "Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында" атты халыққа Жолдауы (2005 ж. 18 ақпан).
Мемлекет басшысының "Қазақстан Республикасында өлім жазасына мораторий енгізу туралы" Жарлығы қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру туралы Қазақстан Республикасының Құқықтық саясат тұжырымдамасының қағидаларын іске асыруға бағытталған және өлім жазасын қолдануды шектеу жөніндегі бағдарламалық құжаттармен бекітілген бағыттың заңды жалғасы болып табылады. Республика Президенті 1994 жылғы наурызда бекіткен Құқықтық реформа бағдарламасының өзінде-ақ өлім жазасын кезең-кезеңмен жоюдың перспективасы нақты белгіленген болатын. Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында-ақ ұрлық, жалған ақша жасаушылық, валюталық операциялар туралы ережелерді бұзушылық, қарақшылық, түзеу мекемелерінің жұмысына іріткі салатын әрекеттер, зорлау мен пара алу үшін өлім жазасы заң жүзінде жойылды. Келесі қадам 1998 жылғы 1 қаңтарда жаңа Қылмыстық кодекстің қолданысқа енгізілуі болды, онда өлім жазасы бейбіт кезде іс жүзінде ауырлататын мән-жайларда қасақана кісі өлтіргені үшін ғана сақталды. Бұдан басқа, Кодекс әйелдерге, 18 жасқа дейін қылмыс жасаған, сондай-ақ үкім шығарылған кезде 65 жасқа жеткен адамдарға өлім жазасын тағайындауға тыйым салды. Өлім жазасын айыптыға тек барлық судьялардың бірауыздан шығарған шешімі бойынша тағайындау, ал үкімді ол күшіне енген сәттен бастап бір жылдан кейін ғана орындау туралы ережелер заң жүзінде бекітілді. Сонымен бір мезетте қасақана кісі өлтіргені үшін 15 жылдан 20 жылға дейін, ал қылмыстардың жиынтығы бойынша 25 жылға дейін бас бостандығынан айыру туралы жазаның ең көп мерзімі заң жүзінде ұлғайтылды. Нәтижесінде соттар шығарған өлімге кесу үкімдерінің саны бірнеше есе кеміді, мұның өзі аса ауыр қылмыстардың өсуіне әкелген жоқ. Әрі-беріден соң, қасақана кісі өлтіру саны тіпті азая түсті. Мұның өзі өлім жазасының болуы немесе болмауы қылмыстылықтың серпініне айтарлықтай әсер ете қоймайтынын сенімді түрде дәлелдейді. Жазаның қатаңдығының өзі-ақ адамды қылмыс жасаудан тартындыра алады дегенде иек арту әрдайым орынды бола бермейді, өйткені қылмыскер, әдетте, жауаптылықтан құтылатынына сенімді. Көптеген әлеуметтік сауалдамалар біздің ел халқының басым көпшілігінің өлім жазасын толық жоюға әлі ертерек деп санайтындығын куаттады. Қоғамның пікірін ескермеуге болмайды, сондықтан жазаның ең ауыр түрін қолдануды одан әрі шектеуге кезекті қадам ретінде өлім жазасын орындауға мораторий таңдап алынды. Жарлық соттар шығарған өлім жазасы туралы үкімдердің орындалуын тоқтата тұруды көздейді және Жарлықты іске асыруға бағытталған әрі 2004 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа жаза - өлім жазасына нақты балама болып табылатын өмір бойына бас бостандығынан айыруды қолданысқа енгізу туралы заң жобасын Парламентке енгізу жөніндегі Үкіметке тапсырманы қамтиды. Бұл орайда өлім жазасының өзі қылмыстық жаза түрі ретінде жойылмайды, тек соттар шығарып қойған өлімге кесу үкімдерін орындау тоқтатыла тұрады. Мораторийдің мерзімдік шегі жоқ, бірақ қажетті жағдайда оның күші жойылуы мүмкін. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тиісті мемлекеттік органдар мораторийдің қолданылуымен байланысты елдегі қылмыстық ахуалға ұдайы мониторингті жүзеге асырып отыратын болады және де, оның нәтижесіне қарай болашақта өлім жазасын толық жою мүмкіндігі туралы мәселе шешілетін болмақ.
Қазақстан егеменді мемлекет болып қалыптасуында бірнеше саяси жүйені реформалаукезеңдерінен өтті. Саяси жүйені реформалау нәтижесі көп жағдайда мемлекеттің стратегиялық бағытының дұрыстығы мен көлеміне тәуелді болып табылады. Тәуелсіз Қазақстанның саяси даму стратегиясын даярлау мен жүзеге асырудағы жауапты да қажырлы еңбектің арқасында елімізде демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлемге ашық мемлекет құрылды. Қоғамды пәрмендi саяси реформаның арқасында жаңа саяси институттар: парламент, саяси партиялар, қоғамдық қозғалыстар, Ассамблеялар дүниеге келiп, 1993 және 1995 жылдары республиканың конституциялары қабылданды, көптеген елдер 1992 жылдан берi БҰҰ деңгейiндегi мемлекетiмiздi мойындап, өз елшiлiктерiн аша бастады. Сол сияқты бiздiң мемлекетiмiздiң елшiлiктерi, өкiлдiлiктерi көптеген елдерде ашылып, нағыз тәуелсiз мемлекеттердiң толық атрибуттарын, қасиеттерiн иемденді. Белгілісі, ұзақ мерзімге белгіленген саяси жаңғыртудағы стратегиялық міндеттерді шешуде кедергілер мен қиыншылықтар да кездесті. Дегенмен, Президент Н.Ә. Назарбаевтың ұстанған саяси стратегиялық бағытының тиімділігі нәтижесінде Қазақстанның саяси жүйесі даму жолына түсіп, халықаралық қауымдастықтың оң бағасына ие болды. Бұл жөнінде Н.Ә. Назарбаев «Мемлекетіміз бен қоғамымызды құрудың дұрыс стратегиясын таңдап алудың өміршең мәні бар. Екшеле талданып жасалған стратегиялық жоспар назарды жинақтайды, тәртіпке жұмылдырады және жәрдемдеседі» [1], – деп атап көрсеткен болатын. Еліміздегі саяси даму стратегиясының негізгі бағыттары «Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасу және даму стратегиясы» (1992 ж.), «Қазақстан- 2030. Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» стратегиялық бағдарламасы (1997 ж.), «Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары» (2010 ж.), «Қазақстан- 2050. Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты»(2012 ж.) сияқты бағдарламаларда айқындалған. Сонымен бірге, еліміздің саяси даму бағыттары ҚР Президентінің жыл сайынғы Қазақстан халқына арналған жолдауларында және Қазақстан халқы Ассамблеясының отырыстарында сөйлеген сөздерінде жан-жақты талданып, одан әрі дамыту жолдары ұсынылып отырылады. Президенттің «Ғасырлар тоғысында» (1996 ж.), «Тарих толқынында» (1997 ж.), «Сындарлы он жыл» (2002 ж.), «Тәуелсіздік белестері» (2003 ж.), «Қазақстан жолы» (2007 ж.) атты кітаптары еліміздегі саяси жаңғыртудың ауқымы мен бағытын ұғынуға, сондай-ақ мемлекеттік саясат пен еліміз дамуының стратегиялық жоспарындағы негізгі басымдылықтарды анықтауға мүмкіндік береді.
Осы Қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту және дамыту тұжырымдамасын (бұдан әрі – Тұжырымдама) әзірлеу қажеттілігі "Қазақстан – 2050": қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" стратегиясының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың "100 нақты қадам: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет" Ұлт жоспарының болашағы біртұтас ұлтты қалыптастыру жөніндегі "Бірегейлік пен бірлік" атты төртінші бағытының міндеттерімен негізделген. Тұжырымдама Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының "Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы", "Білім туралы", "Тіл туралы", "Мәдениет туралы" заңдарына, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік бірегейлікті қалыптастыру тұжырымдамасына, Қазақстанның Ұлт бірлігі доктринасына, ҚХА-ның даму тұжырымдамасына негізделеді. Тұжырымдама мынадай басты қағидаттарға негізделеді: 1) негізгі бағыт – ел Президенті Н.Ә.Назарбаев ұсынған "Мәңгілік Ел" жалпыұлттық патриоттық идеясы; 2) "Мәңгілік Ел" жалпыұлттық патриоттық идеясының біріктіруші құндылықтары – азаматтық теңдік, еңбексүйгіштік, адалдық, ғылым мен білімге құрмет, зайырлы ел; 3) қазақстандық бірегейлік пен бірліктің іргетасы – мәдени, этностық, тілдік және діни әралуандылыққа негізделген жалпыұлттық құндылықтар; 4) қазақстандық бірегейлік пен бірлік – ұрпақтан ұрпаққа үзілмей жалғасатын процесс. Ол әрбір азаматтың этностық тегіне қарамастан өзінің тағдыры мен болашағын Қазақстанмен байланыстыруына негізделеді. Ортақ тарихымыз, бүгінгі тіршілігіміз, болашаққа деген ортақ жауапкершілігіміз қоғамды біртұтастыққа бастайды: "Біздің бір ғана атамекеніміз, бір ғана Отанымыз бар – ол Тәуелсіз Қазақстан". Бұл таңдаудың мәнін ұғыну – бірігудің басты негізі. Тұжырымдаманы әзірлеу барысында мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың, ғылыми және шығармашыл зиялы қауымның ұсыныстары ескерілді. Тұжырымдама Қазақстанның барлық өңірлерінде талқыланды. Тұжырымдама қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту мен дамытуға бағытталған құқықтық, әлеуметтік-экономикалық, саяси, басқарушылық шаралар жүйесін қабылдауға негіз болады.