Қазақстан археологиясы


Орталық Қазақстан сақтарының тасмола мәдениеті



бет52/138
Дата09.09.2023
өлшемі2,7 Mb.
#180568
1   ...   48   49   50   51   52   53   54   55   ...   138
Байланысты:
Учебник. Археология Казахстана

Орталық Қазақстан сақтарының тасмола мәдениеті


Тасмола мәдениетінің өзіндік белгісі «мұртты обалар» деп аталатын ерекше ескерткіштер болып табылады. Мұртты обалардың түрлері көп, бірақ олардың барлығы дерлік біртұтас сәулет өнері кешеніне кіреді. Үйілген топырақ астында өлікті жерлеу үшін қазылған терең сопақша шұңқыры бар үлкен оба оның негізін құрайды. Үлкен үйіндіге жақын, әдетте шығыс жағынан, кіші оба салынатын болған. Оның астына, сол заманғы жердің бетіне, жанына қыш ыдыс қойылып, ат жерленген. Сонан соң кіші обадан шығысқа қарай бағытталып, шет жақтарында дөңгелек тас құрылыстары бар, доға тәрізді ені 1,5-2 м, ұзындығы 20-200 м тас тізбектері қаланған. Сөйтіп, «мұртты» обалар үш құрылыстан тұрады: адам жерленген үлкен оба, әдетте жылқы мен қыш ыдыс қойылған кіші оба және тас тізбегінің қатары. Негізгі обаға мүрде мен сан алуан заттар қойылады. Кіші обада қабір шұңқыры жоқ. Оның үйіндісінің астынан, сол кездегі жер бетінен (материктен) әдетте жылқы қаңқасы немесе оның жекелеген сүйектері (бас сүйек, құйымшақ), ал шығыс жағына бір (екеуін қою өте сирек) қыш ыдыс шығады. Жоғарыда сипатталған «мұртты» оба түрі кеңінен таралған, дегенмен оның өзге де нұсқалары кездеседі. Мысалы, кіші оба шығыста емес, үлкен обаның оңтүстік жағында орналасқан қосарланған (қатарланған) обалар. Бұл ретте олар, әдетте, бір көлемде болады. Тек бір ретте ғана кіші обаның үлкен оба үстіне тұрғызылғандығы кездескен, алайда барлық кезде кешеннің үш құрамы да ұшырасады.
Хронологиялық жағынан тасмола мәдениетінің ескерткіштері екі кезеңге бөлінеді: б.з.б. VІІ-VІ ғасырлар және б.з.б. V-ІІІ ғасырлар. Мәдениеттің бірінші кезеңі жерлеу саймандарының белгілі бір жиынтығымен сипатталынады. Олар – қола жебе ұштары (төлкесі шығыңқы қос қанатты және үш қалақты), сабының жоғарғы ұшы кесек және көбелек тәріздес қаптамасы бар қанжар (ақинақ), қола ауыздығы бар жүген (сулық), қола айналар.
Бұл мәдениетті Ә.Х.Марғұланнан кейін зерттеулерін жалғастырған М.Қ.Қадырбаев бөліп көрсеткен. Қазіргі таңда тасмола мәдениетінің ескерткіштерін А.З.Бейсенов зерттеп жатыр.
Мәдениеттің екінші кезеңіне төлкелі үш қырлы жебе ұштары, «шығыршықты ауыздық», қола айналар тән.
Бірінші кезең ескерткіштерінің жарқын көрінісі Тасмола-1 қорымындағы 19-обаның бейіті деуге болады. Оның диаметрі 8 м, биіктігі 0,3 м тас үйіндісі болды. Солтүстік тас қатарының ұзындығы 52 м, ені 1,5 м болатын оңтүстік қатары – 46 м. Ескерткіш бір үйіндіде негізгі және кіші обалар мәні біріктірілген қосарланған обалар нұсқасы болып табылады. Сондықтан обаның оңтүстік-шығыс жағынан екі қыш ыдыс сынығы, ал орталық бөлігінен мола табылған. Ол тастармен бекітілген және ұзындығы 1,8 м, ені 0,8 м, тереңдігі 1,5 м тікбұрышты құрылыс түрінде келген. Түбінен шалқасынан жатқан, басы солтүстікке қаратылған әйел адам қаңқасы аршылған. Оның астында қамыс төсеніші болған. Мүрденің оң жақ жамбасынан диаметрі 19 см дөңгелек қола айна, табан сүйектері астынан екі қойдың бас сүйектері табылған. Қаңқаның сол жағынан тікбұрышты пішінді қайрақтас жатқан, оның үстіне пышақ қойылған. Сол аяғын бойлай жылқының бас сүйегі мен жауырыны орналасқан. Жылқының тістерінде үзеңгі тәріздес үш тесікті қола ауыздық (сулық) «қысылып» тұр. Сонымен қатар жүгеннің белбеулерінің қалдықтары мен қола моншақтар, және де оларды сәндеп тұрған тоғалар табылған.
Тасмола мәдениетіндеі ат әбзелдері түрлі пішіндегі жүген мен сулықтардан тұрады. Үзеңгі секілді аяқталатын және қосымша тесіктерден тұратын, кейде ондай тесіктері болмайтын, сонымен қатар тік бұрышты үзеңгі секілді келген, шығыршықты сулықтар тасмола мәдениетіне тән болып келеді. Жүгендер де пішіні жағынан әркелкі: үш тесікті мүйізді және сүйекті; екі тесікті ілмек секілді; қоладан, темірден жасалған және алтын көмкерілген үш тесікті; үш ілгек тәрізді. Сулықтар мен жүгендердің шығу тегін Кавказдың сыртқы жағынан, Алдыңғы Азиядан іздестірген жөн сияқты, өйткені мұнда осы әбзелдердің сан алуан түрлері б.з.б. ІІ-мыңжылдық соңы мен б.з.б. І-мыңжылдық бас кезінде кеңінен таралған болатын. Олардың ең ерте кездеріндегілері сүйектен жасалып, біртұтас затты құрады.
Жүгеннің бұл түрімен Қазақстан ерте көшпенділерінің танысуы б.з.б. VІІ ғасырға дейін скиф-сақ тайпаларының Алдыңғы Азияға жасаған жорығы кезінде орын алуы да мүмкін. Бірқатар авторлардың (Бейсенов, Смаилов) пікірінше, Талдысай қорымынан (Ұлытау өңірі) алынған ауыздықтар тасмола мәдениетіне дейінгі кезеңге жатады. Тасмола қойнауынан табылған көмбені Ж.Қ.Құрманқұлов б.з.б. VІІІ-VІІ ғасырлармен мерзімдеген. Тасмола мәдениетіне дейінгі кезеңге жатқызылған ауыздықтар Талдысайдан басқа Измаиловка, Ақ-Мұстафа қоймаларынан да шыққан.
Қола пышақтардың екі түрі бар: сабының ұшы сақина түріндегі шығыршықты және сабы көзге айқын түсерліктей бөлінбеген пышақтар. Соңғысы қола дәуірінен бастап белгілі. Темір пышақтар қола пышақтар пішінін қайталайды, алайда олар тасмола мәдениетінің екінші кезеңінде ғана пайда бола бастайды.
Дөңгелек қола айналардың да бірнеше түрлері болды: диск шетіндегі қаусырылатын өңірі биік және ортасында ілгегі бар (дөңгелегінің кенересінде биік
жиекшесі бар); диск ортасында ілгек орналасқан; ұстағышы фигуралы келген; ұстағышы (сабы) қатты шығыңқы; бүйірінде ілгегі орналасқан және тік бұрышты кертпелі, т.б. Алғашқы түрі ең ерте кезге жатады және б.з.б. VІ ғасырдан бастап кездесе бастайды. Ұстағышы бар айналар б.з.б. Ү ғасырда пайда болады. Осындай айналардың ондаған данасының арасының жекелеген түрлері де ұшырасады. Мысалы, Қарамұрын-1 қорымындағы айналардың сабының түп жағы екі тау ешкінің бейнесімен бітеді.
Молалардан сопақша және дөңгелек келген, тағандары (аяқтары) бар табақ түріндегі құмтастан жасалған ғұрыптық ыдыстар да кездеседі.
Кеңінен таралған олжалардың бірі қыш ыдыстар болып табылады. Көпшілігінің ернеуі тік немесе аздап сыртқа қайырылып келген, ол бірте-бірте түбі жалпақ жартылай сфера түріндегі тұрпатқа жалғасады. Ыдыстар түгелдей қолдан лента түрінде жасау әдісі бойынша дайындалған. Саз балшыққа ұнтақталған гранит пен кварцты құм қосылған. Илеуінің қалың қабатты болуы оны күйдіру сапасының төмен болғандығын көрсетеді.
Қоладан, алтыннан, мүйіз бен сүйектен жаслған аңдардың мүсіні мен рельефті бейнелері табылған.
Мысалы, обалардың біріндегі жылқының бас сүйегі жанынан табылған екі тау ешкінің қола мүсіндері ерекше қызығушылық туғызады. Екеуі де бір құйма қалыпта құйылған, содан кейін қосымша өңдеуден өткен. Іші қуыс архар мүсінінің бірнеше даналары табылған. Басқа әшекейлер арасында қабан, бұлан бейнеленген тоғалар да бар. Марал мүйізінен самұрық басы тәрізді етіп жасалған және көп фигуралар түсірілген сыртқы киім қапсырмасы да табылған. Б.з.б. VІ-V ғасырларда барыс, арыстан секілді жыртқыш аңдар фигурасын алтыннан жасау, алтын қапсырма дайындау кеңінен тарала бастайды. Олар жылқының маңдайындағы белдеуді және киімдерді сәндеу үшін қолданылды.
Қару-жарақ арасында жебе ұштары көптеп ұшырасады. Олар екі түрге бөлінеді: төлкесі шығыңқы екі қанатты және үш ұшты сапты. Қарамұрын-1 қорымындағы обалардың бірінен тері қорамсық қалдықтары шықты, одан үш қатар етіп қойылған 46 жебе ұшы аршып алынды. Ағаш сабының ұзындығы 60 см болғандығы анықталды. Жебе ұштарының 42-сі қоладан, 3-і сүйектен, 1-і ағаштан жасалған.
Сапты жебе ұштары үш бұрыш пішінді үшкіріне дейін жететін қалақтардан тұрады.
Б.з.б. VІ ғасырдың екінші жартысында жоғарыда аталған жебе ұштарымен қатар үш қанатты төлкелі (ұңғымалы) жебе ұштары пайда бола бастайды, олар б.з.б. V-ІV ғасырларда кеңінен таралады. Бұл пішін скифтер мен савроматтардан алынса керек. Шамамен осы уақыттарда төлкесі жабық және кертігі шығыңқы үш қырлы жебе ұштары да кеңінен тарала бастайды.
Қару-жарақтардың келесі бір түрі – ақинақ-қанжар. Ол аса көп кездесе қоймайды. Б.з.б. VІ ғасырға жататын Нұрманбет-4 қорымынан алынған ақинақтың жүзінен үлкен сабы бар және де ол одан 5 см ғана қысқа. Сабы саңырауқұлақ тәрізді болып біткен. Қанжарлар белбеуге арнайы металл құрсау көмегімен бекітілген. Белбеу көшпенді өмірінде маңызды рөл атқарды. Тасмолалықтар теріден жасалған белбеу тақты, оны қола қапсырмалармен әшекейледі. Мұндай белбеулер Орталық Қазақстанның бірқатар ескерткіштерінен табылған. Ескерткіштерден алынған заттарға қарағанда, тасмолаға дейінгі бастапқы фаза доңғал-кеңөткел өтпелі кезеңімен ұштасып жатуы да мүмкін.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   48   49   50   51   52   53   54   55   ...   138




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет