Қазақстан археологиясы


Батыс Қазақстан ортағасырлық көшпенділерінің археологиялық ескерткіштері



бет99/138
Дата09.09.2023
өлшемі2,7 Mb.
#180568
1   ...   95   96   97   98   99   100   101   102   ...   138
Байланысты:
Учебник. Археология Казахстана

Батыс Қазақстан ортағасырлық көшпенділерінің археологиялық ескерткіштері. Қазақстанның батыс өңіріндегі жерлеу ескерткіштерін Г.B.Кушаев, В.А.Кригер, Железчиков, А.А.Бисембаев зерттеген.
Батыс Қазақстандағы ортағасырлық көшпенділердің обалары мен қабірлерінде жүргізілген археологиялық ізденістер мұнда ҮІІІ-ІХ ғасырларға жататын ескерткіштердің аз екендігін көрсетіп берді. Ірі қорымдар да жоқ.
Оба үйінділері топырақтан көтерілді, таспен тұрғызылғандары өте сирек. Үйінділердің негізгі бөлігі 8 м-ден 15 м-ге дейін жетеді. Қабір шұңқырының кеңінен таралған тұрпаты кертпе мен үңгіп қазу болды.
Жерлеу ғұрпындағы маңызды мәселе жылқы сүйектерінің болуы еді. Анатомиялық тәртіппен қойылған қаңқа қалдықтары қазылған қабірлердің тең жарымынан шыққан. Жылқы сүйектері шұңқырдағы адам қаңқасы жанындағы мола кертпесінен, шұңқыр жабындысынан алынған.
Оба үйіндісінде немесе қабір түбіндегі малдың сүйектері астың немесе ақіреттің тағамның қалдықтары болып табылады.
Бұл уақытқа жататын жерлеу кешендері негізгі үш түрге бөлінеді: ат қосып жерленген қабір, жылқы қойылмаған қабір мен кенотаф.
Ер адамдардың қабірлерінен қару-жарақ, әйел адамдардың қабірінен сәндік заттар (тарақ, айна, әшекейлер) алынады.
Қару-жарағы (жебе ұштары, сауыт-сайман, т.б.) толық шыққан жауынгерлердің қабірлері аршылған (Шалқар-3, Қарасу-1). Ат сүйегі шықпаған ер адамның қабірлерінен белбеу мен жүген-ноқта алынады.
ІХ ғасыр екінші жартысында қабір шұңқырының жабындысына не болмаса табыт қақпағына «ат тұлыбын» қою жоралғысы тарала бастайды. Сонымен бірге бұл жоралғының біршама өзгерген тұрпаты шыға бастайды, бұл ретте бір немесе екі ат тұяғы қойылды.
Кенотафтар жоғала бастайды.
ХІІ-ХІV ғасырлар ескерткіштері. Оба үйінділерінің көлемі 4-18 м аралығында. Көпшілік ескерткіштер топырақпен көтерілген. Тас араласқан үйінді және үйінді астындағы шикі кірпіш қоршаулары сирек ұшырасады.
Тікбұрышты тұрпаттағы қабір шұңқыры жиі қолданылады. Кей жағдайларда оның қабырғалары түбіне қарай тарылуы немесе кеңеюі мүмкін. Кертпелі немесе қабырғаларында кертпесі бар қабір шұңқырлары мен үңгіп қазылған молалар да ұшырасады.
Жерленгендердің бағытталуы әрқилы, алайда оңтүстікке қарай бағыттау басым.
Жабанды қарапайым тұрпаттағы қабірлерден де, иықшалы молалардан да кездеседі. Тақтай табыттардың қалдықтары да байқалып қалады. Мүрдені ойылған ағаш діңгегінен жасалған діңгек-табытқа салу да жағдайы да ұшырасқан.
Қабірлерден ат әбзелдері (үзеңгі, жүген, ер қалдықтары), қару-жарақ (жебе ұштары, қылыш, қорамсақ пен олардың әшекейлері, қанжар, найза, сауыт); әшекейлер (сырға, сақина, моншақ, айна, «бокка»); тұрмыстық заттар (кресала, пышақ, қайшы, біз, тарақ, ыдыстар); айылбастар, косметикалық құралдар, тері боқша қалдықтары, қола қоңыраулар алынған.
Бай адамдардың қабірі сән-салтанатымен ерекшелінеді. Мәселен, Лебедевка қорымынан ортағасырлық кезеңнің обасы қазылған. Мүрде 2 м тереңдіктегі тақтай үстіне қойылған, басы батысқа бағытталған. Қабір саңлауларына тақтай қойылған.
Қаңқада көйлекке тігілген сауыт пластиналары сақталған. Көйлектің жеңі мен шеттеріне ұзынша тар пластинкалар тігілген. Басының деңгейінде, оң жақта темір дулыға тұрған. Дулығаның төменгі жиегіне темір сақина бекітілген, оған екі қатар тар ұзынша пластинкалар айналдырыла тағылған. Дулыға мен жауынгердің басы арасынан алтын жүзік табылған.
Оң қолының саусақтары тұсында қорамсақ жатқан. Қорамсақ ішіне сапты үшбұрышты темір жебе ұштары салынған. Сауыттың қасында миндаль тұрпатты алтын жалатынған екі күміс пластина жатқан, олардың біріне мүйізді екі таутеке мен аузында күнді тістеп тұрған арыстан бейнесі түсірілген. Басқа екі қапсырмаға жіп түріндегі өрнек бедерленген.
Сарбаздың аяқтарының арасында, тізесінің деңгейінде қоңырау пішінді күміс ыдыс тұрған. Шұңқырдың артқы қабырғасында, мүрденің аяғына таман аттың жүген-ноқталарының қалдықтары жатқандығы анықталған.
Оң қолының сүйектерінің тұсынан ұзын, қайқы темір қылыш (ұзындығы 95 см, жүзінің ені 4 см) пен істік алынған. Аяқ сүйектерінің қасынан сақиналы жүген мен айылбас аршылған.
№3 обадан ер адамның қаңқасы шыққан. Бұл обаның диаметрі 16 м, биіктігі 1,1 м. Жоғарыдағы молаға қарағанда бұдан аса айтарлықтай ештеңе шыға қоймаған. Алынған заттар: үзеңгі түрлері, белбеу айылбастары, оған сән беріп тұрған күміс шаршы жапсырма мен екі жүзік.
ХІІІ ғасырдың алғашқы жартысында моңғол шапқыншылығына байланысты түпкілікті өзгерістер болды.
Бұл кездері солтүстікке қарай бағытталған қабірлер саны ұлғая бастайды. Қабір құрал-саймандары арасында «бокка» бас киімі мен металл қаңылтырынан қиылған адам мүсіндері секілді заттар пайда болады.
Алтын Орда тұсындағы кезеңде жерлеу ғұрпы өзгере бастайды, шығыс бағыт батысқа және солтүстікке ауысады, қабір шұңқырының тұрпаты қарапайымдана түседі.
Жерлеу қабірінен әлемдегі ең нұрлы ислами дәстүрлер анық байқалады. Қалалар маңындағы бейіттерде мұсылмандық жосын-жоралғымен жерленген адамдар саны арта бастайды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   95   96   97   98   99   100   101   102   ...   138




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет