Қоңыртөбе қорымы Отырар жазирасындағы толымды зерттелген ескерткіштердің бірі болып табылады. Ол қаладан батысқа қарай 0,3-0,4 км жерде орналасқан және ауданы 12-13 га телімді алып жатыр. Бұл телімнің оңтүстік бөлігінде жоспары сопақша келген, біршама жайылып кеткен биіктігі 2,5 м, ауданы 35х45 м төбешік орналасқан. Төбешікті аршу барысында бір-біріне тығыз жапсарласа жатқан тоқсан шақты қабір анықталған. Қабірлер төбешіктегі қазіргі жер бетінен 0,4-1,5 м аралықтағы тереңдікте жатыр. Мүрделер төменгі жағына шикі кірпіш қойылған аса терең емес шұңқырларға, сондай-ақ қарапайым тік бұрышты шұңқырларға жерленген. Мүрделерге ешкім тимеген, олар анатомиялық тәртіп бойынша, мәдени қабатымен бірге жатыр.
Көлемі 0,6-0,75х1,8-2,2 м камераға органикалық төсеніш төселді де, оған мүрде қойылды. Қаңқалар шалқасынан жатыр, қолдары дене қасында, саусақтары жамбас сүйек жанында немесе олардың астында, не болмаса еден бетінде; аяқтары созылған, тізелері кейде айқастырылған; бас сүйегінің беті жоғары қаратылған. Бас жағына, аяқ жағына керамикалық құмыра қойылған, кейде құмыраның аузы саптыаяқпен жабылған. Мүрденің жанына әдетте қойдың алдыңғы аяғы мен жауырына қойылды, бұл Орта Азия бүйірлі-катакомбалы қабірлеріне тән дүние болып табылады. Әйел және ер адамдардың жерлеу инвентары бірден өзгешеленеді. Алдын-ала жасалған антропологиялық зерттеулер табылған жиырма бас сүйектің он бесінде сақиналы деформация болғандығын дәлелдеп берді.
Ер адамдардың қабірлерінен белбеудің темір айылбастары шығады. Олар: тілі жылдам қозғалатын қарапайым дөңгелек айылбастар; өтпелі темір құрсау түрлері; рамасы төрт бұрыш секілді келген темір айылбастар. Бір ретте қаңқадан қоладан жасалған айылбастар мен «ирек тәрізді» жапсырмалары бар екі белбеу шыққан: айылбас жанындағы жапсырмалары белбеудің бөлігін (20-25 см) жауып тұрған. Қола айылбастар басқа да қабірлерден шыққан. Қираған қабірден бірегей бір айылбас табылған, оның дөңгелек рамасы жасыл нефритпен көмкерілген, ал тілі мен жылжымалы қалқаншасы үш жерден қола шегемен бекітілген.
Ер адамдардың қабірінен шағын пышақтардан басқа әйел адамдардың қабірінен де кездесетін темір қанжарлар шығады, ұштығы жоқ жүзінің ұзындығы 30-40 см. Сонымен қатар темірден жасалған үш қалақты сапты жебе ұштары да табылады. Бір рет шіріп кеткен сүйек пластина шыққан, ол садаққа тағылған жапсырма болса керек.
Әйелдердің қабірінен сан алуан моншақтар (тау хрусталі, шыны паста, ақық, маржан, янтарь), графит кесекті сүрметас таяқшалары; ешкі мүсіні секілді қола бойтұмарлар; қола айналар; сүйектен жасалған, басына мүсін салынған шашқа тағатын түйреуіштер аршып алынған. Мүрделердің бағытталуы да өзгеше. Әйел адамдардың қаңқаларындағы бас сүйектер көбіне оңтүстік – оңтүстік-шығысқа, ал ер адамдар басы әдетте солтүстік – солтүстік-шығысқа қарай бағытталған.
Ересек адамдар қабіріндегі тұрақты жерлеу ғұрпынан бір-екі өзгешелік байқалады: бірқатар қабірлерде мүрде бүйірімен жатқызылған, ал екі жағдайда хумға салынған.
Бірқатар қабірлерден қаңқа айналасын қоршап тұрған шикі кірпіш іздері байқалмаған. Сүйек қаңқа оң немесе сол жақ бүйірімен жатқызылған, қолдары көкірек тұсында бүгілген, аяқары да түрлі деңгейде бүгіле түскен. Ал бұл қабірлерден табылған заттар осындағы материалдық кешенге ұқсас екендігі анықталған.
Бүйірінен жатқан хум қабірінен басы солтүстік – солтүстік-шығысқа бағытталған жас өспірім бала қаңқасы аршып алынған. Қаңқа күл төселген төсеніш үстінеқойылған, басы хумға сыймаған, оған иық тұсы саусақпен басылған ойықтар арқылы өрнектелген көлемді бір ыдыс «кигізілген». Мүрде жанына заттар қойылмаған. Оның жанындағы қабірде басы солтүстік-шығысқа қаратылған ересек адам «жатты». Ол хум қабырғаларының сынықтарынан жасалған қабатқа қойылған, үстіне күл себілген және ернеуі жылжып кеткен хумның екі бөлігімен жабылған. Бас сүйектің сол жағынан ұштары жабыла қоймаған қола жүзік секілді сырға шыққан. Белбеуінен пышақ, қабылдағышы бар дөңгелек темір айылбас, жамбас сүйегінің астынан жоны шығыңқы тағы бір пышақ аршып алынған.
Жас балалардың мүрдесі терең емес шұңқырлардағы құмыра секілді үлкен ыдыстар мен хумдарға салынып жерленді. Кейбір жағдайларда балалар қабірі әйелдермен бірге болды. Балалар қабіріне әдетте 2-ші типтегі шағын көзелер қойылды, кейде 2-3 моншақ, қабыршақ алқалары да кездеседі.
Жерлеу ғұрпының қызықты бір көрінісі қола белбеулі мүрдені аршыған кезде анықталған. Мұнда мүрде ағаш күлінің жұқа қабатына қойылған, оның үсті де қызу бар күлмен жабылған. Мүрдені қызып тұрған күлмен жабу басқа да қабірлерден анықталған.
Кей жағдайларда бас сүйектің бет жағынан, әдетте жақ сүйегінің төменгі жағынан, оның астынан, ауыздан, бетті бойлай жатқан жұқа мыс пластиналар да шығады.Олардың ені 3-5 см, ұзындығы 8-10 см. Үш пластинадан қарапайым өрнекті құрайтын дөңгелек ойықтар басып түсірілген. Пластиналардың қолданыстағы мәні анықталмаған. Бәлкім олар бетін жабын жауып тұрған мүрденің ерніне (көзіне?) қойылған да шығар. Әдетте пластиналар үстінен шіріп кеткен мата қалдықтары анықталынады.