Қазақстан археологиясы



бет36/138
Дата09.09.2023
өлшемі2,7 Mb.
#180568
1   ...   32   33   34   35   36   37   38   39   ...   138
Байланысты:
Учебник. Археология Казахстана

Асы қонысы. Асы өзенінің жағалауында, теңіз деңгейінен 2400 м биік жерде орналасқан. Қонысты А.Н.Марьяшев зерттеген. Қазбаға дейін жер үстінен қоныс аумағын қоршап тұрған қаз-қатар тізілген тас қаландылары анықталған. Қазба барысында үлкен бір баспананың үш қабырғасының негізі аршылған. Баспана қабырғасының қалыңдығы 0,5 м-дей болған. Бұл баспана жерге 1,2-1,3 м кіріп тұрған, қабырғалары таспен қаланған жартылай жертөле іспеттес. Кеспелтекпен көтерілген шатыры екі құламалы болса керек. Шатыр тіреулік ағаш бағаналарға тірелген. Саз балшықпен сыланған еденнен де осындай бағаналардан қалған шұқыр іздері анықталған. Үй далдамен (қалқамен) бөлінген бірнеше бөлек жайлардан тұрды.
Баспанадан табылған қыш құмыра оны кейінгі қола дәуіріне жатқызуға мүмкіндік береді. Жануарлардың сүйектеріне жасалған радикөміртекті талдау ескерткішті бұдан 3040 жыл бұрын игерілгендігін көрсетеді, яғни ол бұл ескеткіштің жас мөлшерін б.з.б. ХІ ғасырға жатқызады.
Қоныстан ірі қара мен қойдың сүйегі көп шыққан, есесіне жылқы сүйегі өте аз.
Қоныстың орналасқан жері бұдан 3 мың жылдай уақыт бұрын андроновтықтар Жетісудың биік таулы жайылымдарын игергендігін дәлелдейді.
Талапты қонысы. Аталмыш қоныс Көксу өзенінің биік жағалауында, теңіз деңгейінен 800 м биіктікте, Ешкіөлмес жотасының төменгі жағында орналасқан. Оны А.Н.Марьяшев пен А.А.горячев зерттеген.
Көксу алабы ежелден өмір сүруге қолайлы аймақ болды. Мұнда қыс далаға қарағанда жылы болды, өйткені тау жотасы аңғарды солтүстіктен келетін суық желдерден қорғады, сондай-ақ таудың оңтүстік беткейлерінде қар бола қойған жоқ, мұның өзі қыста малдың жайылуына біршама қолайлы жағдай туғызды. Өзен жайылмасын тоғай алып жатты.
Өзеннің оң жағалауынан зерттеушілер 15 км-ге дейін созылып жатқан жерден көптеген көне қоныстар, қорымдар мен ғибадатханалар тапқан. Бұл өңір б.з.б. ІІ-мыңжылдық соңғы ширегінде адамзат тығыз қоныстанған экологиялық аймақ болды.
Қонысты қазуға дейін оның үстінен тікбұрышты тұрпаттағы (пішіндегі) тас қаландылары анықталған, дәнүккіш пен тас келсап сынықтары жинастырылған. Қоныстың негізгі бөлігін өзен суы шайып кеткен. Қоныстың сақталған бөлігінен бірнеше тастан қаланған жертөлелер мен көлемі 16х18 м, жерге табаны 1 м-дей кіріп тұрған бір «үлкен» үй орны аршылған. Оның кірер есігі «Г» пішіндес. Баспананың ортасында ауданы 2,4х2,2 м, тас плиталары бүйірінен қаланған, күлі тола ошақ орналасқан. Ошақтан шығысқа қарай шұңқырлар орны анықталған. Шұңқырлардың бірі таспен қаланған, ол алдын ала-ақ сақтау қоймасы деп мамандар тарапынан анықталған. Екінші шұңқыр мал сүйектеріне, сынған ыдыс қалдықтарына толы, ол қоқыс салатын орын деп белгіленген.
Баспана еденінен қайрақ, пышақ тәрізді тас тілік, тас пышақ, жонғы, кетпен, ыдыс қақпағы, ұршықбас секілді тұрмыстық заттар алынған. Баспанаға шығыстан кірер ауыздағы қабырғадан жасалған шағын қуыстан екі бүтін құмыра табылған. Бұл ыдыстардың кішісі үлкен құмыраға салынған. Құмыраларға салынған заттар үйді бәле-жаладан қорғауға арналса керек. Талапты қонысында адамдар ұзақ уақыт өмір сүрді (б.з.б. ІІ мыңжылдық соңы мен б.з.б. І мыңжылдық бас кезі), ал оның тұрғындары мал шаруашылығымен және егіншілікпен айналысып, кешенді шаруашылық жүргізді. Түз тағыларын да аулады.
Тұрғындары негізінен қой өсірді, олардың үлес салмағы 75%, өсірілген сиырлар 20%, жылқы 5%.
Ой-жайлау қорымы. А.Н.Марьяшев зерттеген бұл қорым Кіндіктас тауларындағы үстіртте орналасқан ең үлкен ескерткіштердің бірі. Ол жыра шетінде орналасқан, 2500 шаршы м жерді алып жатыр және де шаршы, трапеция пішінді тас қоршаулардан тұрады. Қоршау ішінде бүйірінен қойылған тас плиталарынан тұратын жәшіктер орналасты. Олардың беті жалпақ плиталармен жабылды. Жәшік ішінде ересек адам жерленді. Осындай үш моладан адамдардың қосарланып жерленгендігі анықталған. Бір-бірімен жапсарласқан жәшіктер конструкциясы да ұшырасады. Жас балалар шағын жәшіктерге және қабір шұңқырларына жерленді. Қайтыс болған адамдардың денесі бүгіліп, басы батысқа қаратылды.
Мүрдені өртеу ғұрпы да кездеседі. Мұндай жағдайда өртенген сүйектер мен күл секілді мүрде қалдықтары молаға қойылды.
Осыған ұқсас конструкциялар мен қабірге қойылған заттар Қарақұдықтан, Таңбалыдан, Құлжабасы, Аңырақай мен Қордай тауларынан да кездеседі.
Жетісудағы кеңінен танымал ескерткіштердің бірі кезінде А.Г.Максимова зерттеген Қарақұдық қорымы болып табылады. Ол Шу-Іле тауларының солтүстік-шығыс беткейлерінде орналасқан. Қорымдағы тас плиталарымен жабылған жәшіктерге балалар мен жасөспірімдер жерленген. Ересек адамдар тас плиталармен жалпағынан қаланған және беті жабылған цистада жерленген. Дөңгелек, сопақ және тікбұрышты келген қоршауларда балалардың, ересек адамдардың кейбір жәшіктері орналасқан. Сүйек қаңқаларының аяқ-қолы бүгілген, бастары батысқа, солтүстік-батысқа бағытталған. Балалар қабірінің (кейбірі тас плиталармен жабылған) бас жағында бір-бірден ою-өрнексіз саз балшықтан жасалған ыдыс қойылған. Ересек адамдардың қабірінен үлкен ыдыстардың сынықтары, қола моншақтар мен сыртқы жағынан ілмек секілді ұстағышы бар қола айналар табылған.
Жетісудың шығыс өңіріндегі таулы аудандарда басқаша жерлеу ғұрпы мен өзгеше конструкциялар кеңінен таралған болатын. Шелек өзені алабында тас плиталарынан тұратын тікбұрышты үлкен қоршаулар анықталған. Мұндағы қоршаудың ортасында, тереңдігі 2 м-ге жететін шұңқырда бірнеше тянь-шаньдық шыршадан тұратын ағаш құрылысы орналасқан. Осындай жәшіктерден міндетті түрде кремация ғұрпы бойынша жерленген бірнеше адам қалдықтары, қыш құмыра мен қола әшекейлері кездеседі. Мұндай типтегі қорымдар Көлсайдан, Алғабас, Ұзынбұлақ, Жылысай ауылдары маңынандағы қорымдардан зерттелінген.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   32   33   34   35   36   37   38   39   ...   138




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет