Ақ Орда мемлекеті. Шығыс Дешті Қыпшақ аумағын ХІІІ ғасыр мен ХV ғасыр бас кезінде Ақ Орда мемлекеті алып жатты. Рашид әд-Диннің жазуына қарағанда (XIV ғ.), Жошы ұлысының шығыс бөлігін (сол қанатын), әкесінің көзі тірісінде, үш інісімен бірге, Жошының үлкен ұлы Орда (Орда Ежен, Орда Ичен) алады. Бату хан ұрпақтарына номинальды түрде вассал болғанымен, Орданың мирасқорлары іс жүзінде дербес билеушілер еді.
Орда Еженнің ұлысына әуелгі кезде Жетісудің солтүстік-шығыс бөлігі, Ертіс өңірі, Ұлытау мен Кентауға дейінгі дала кіреді. Жайық, Ырғыз, Торғай, Тобыл мен Сарысу өзендері алқаптарында, Арал өңірінің даласы мен Төменгі Сырдария бойында Жошының тағы бір ұлы – Шәйбанның ұлысы болды.
Енді Ақ Орданың саяси орталығы Қазақстанның оңтүстігіне көшеді де, Сығанақ қаласы астанаға айналады.
Әсілі, осы оқиғаға байланысты мемлекеттің аты өзгергенге ұқсайды: бірқатар зерттеушілер Қазақстан жеріндегі осы бір мемлекетті Көк Орда деп атайды. Тегі, Орда Ежен иелігінің аты бастапқы кезде Көк Орда, ал Шәйбанның ұлысы – Ақ Орда деп аталса керек (бәлкім, Бату ханның бүкіл иелігі – Шәйбан ұлысын да қоса – Ақ Орда деп аталған шығар). Шәйбан ұлысы Орда ұрпақтары иелігі құрамына кіргеннен кейін, бүкіл мемлекет Ақ Орда деп аталып кетеді. Тарихи деректерде бұл атау XV ғасырдан бастап белгілі.
Ақ Орда дербес мемлекет ретінде, моңғолдан кейінгі кезеңде, шаруашылық қайта түлеп жаңғыра бастаған, жергілікті түрік және түріктенген ақсүйектер рөлі күшейген жағдайда қалыптасты. Онда ежелден Қазақстан даласын мекендеген түрік тілді тайпалар және Шыңғысхан шапқыншылығы кезінде шығыс аудандардан осы араға ауып келгендер тұратын.
Ақ Орданың саяси тарихын үш кезеңге бөліп қарастыруға болады. Алғашқыдағы Ақ Орданың саяси тарихы Шығыс Дешті Қыпшақ жерін Алтын Орданың билігінен азат ету жолындағы ұзақ күреспен өтеді, кейінірек Ақ Орда хандары Алтын Орда ісіне араласып кетеді, ал өз тарихының соңғы түйінді (үшінші) кезеңінде Мауераннахр билеушісі Әмір Темір мен Темір ұрпақтарының басқыншылығына қарсы күреседі.
Алтын Ордаға сырттай тәуелді болудан бұлар XIV ғасыр орта кезінде Ерзен хан мен Мүбәрак қожа (1320-1344) тұсында ғана біржолата құтылады. Ақ Орда XIV ғасыр 60-70 жылдары билік құрған Орыс-хан кезінде кәдімгідей нығаяды. Темір жаулаушылығына қарсы күрестің негізгі ауыр салмағы соған түседі.
Әмір Темірдің Ақ Ордаға қарсы саясаты этникалық бірлесуді және мемлекеттілік дамуды тежеді.
Темірдің басқыншылық соғыстары мен ішкі талас-тартыстан XIV ғасыр аяғы мен XV ғас бас кезінде Ақ Орда әлсіреп қалады. 1423-1428 жылдары Орыс-ханның немересі Барақ біраз уақыт бойы Ақ Ордадағы өз әулетінің билігін қалпына келтіреді, бірақ ол көп ұзамай қаза табады, сосын Ақ Орданың басым бөлігінің билігі Шәйбан ұрпағы Әбілхайырдың қолына көшеді.
Саяси жағынан іс жүзінде дербес, экономикалық жағынан тәуелсіз болған, сыртқы саясатта өзіндік бағыт-бағдары, билеуші хандарының әулеттік жөн-жосығы бар Ақ Орда мемлекеттік бірлестігі XIV-XV ғасырларда Қазақстан аумағындағы этникалық топтардың, тайпалар мен халықтардың бастарын қосып, біріктіруде маңызды рөл атқарды.