Қимақтар мен қыпшақтардың археологиялық мәселелері. Қимақтар. Бұл халықтың атауы мұсылман авторларына белгілі болған мемлекеттің атына (қимақтар мемлекеті, қимақтар елі) айналған. Бірлестіктің негізін Батыс түрік қағанаты құрамына енген түркі тілді яньмо тайпасы қалаған деген де топшылау бар. Келесі бір зерттеушілер қимақтар атауын шығыстан келген кумоси тайпасымен байланыстырады. Қимақтар туралы мағлұматтар шығыстанушы Б.Е.Көмековтың еңбектерінде арнайы қарастырылған. Қимақтар арасынан бұрын олардың бір тайпасы болған қыпшақ халқы (Еуропада коман, орыс жылнамаларында половцы аталған) келіп шықты. Соңғы жылдары бірқатар шығыстанушы-мамандар (Б.Еженханұлы) қыпшақтар б.з. ІІІ ғасырларындағы дереккөздерінде пайда бола бастаған деген пайымдау да айтып жүр.
Қыпшақтар түркі халықтарының – қазақ, өзбек, қырғыз, қарақалпақ, түрікмен, татар, башқұрт, алтай және Солтүстік Кавказдың кейбір халықтарының ұлт ретінде қалыптасуына қатысқан. Қыпшақ этникалық бөлшектері османлы түрік, мысыр, венгр құрамына да енген. Қыпшақтар тарихы, олардың мәдениетінің ерте кезеңдері Қазақстанмен тығыз байланысты. Қимақтардың (йемек, кимек) Қазақстандағы Ертіс бойында алғаш рет пайда болуы VІІ ғасыр орта кезінде орын алған болуы ықтимал, алайда олардың ІХ ғасыр ортасына дейін өмір сүргендігі жайлы мәліметтер әлі мардымсыз болып отыр.
ІХ ғасырда қимақ федерациясы қалыптасады, оның құрамына деректерде «қимақтарға қарағанда, жабайы. Патшасын қимақтар тағайындайды» деген қыпшақтар да болды. Келтірілген материалдар қимақ-қыпшақ бірлестігі тарихындағы (федерацияның қалыптасуы) екінші кезеңді – ІХ ғасырдың ортасы мен екінші жартысына жатқызуға мүмкіндік береді.
Үшінші кезең қимақ-қыпшақ тайпаларының кең аймаққа таралуымен, Еуразияның үлкен өңірлерін игеруімен байланысты, бұл өз кезегінде Х-ХІІІ ғасырларда олар құрған белгілі бір мәдени қауымдастықтың қалыптасуына алып келді.
Ертіс өңіріндегі қимақтардың археологиялық ескерткіштері. Шығыс Қазақстан (Ертістің жоғарғы ағысы) аумағындағы біздің заманымыздың І-мыңжылдығы соңына жататын бірқатар ескерткіштердің қимақтарға жататындығын осы сауалмен айналысқан зерттеушілердің (С.С.Черников, Ф.Х.Арсланова, Е.И.Агеева, А.Г.Максимова, т.б.) барлығы құптайды. 1973 жылы Д.Г.Савинов Солтүстік Алтай мен Оңтүстік-Батыс Сібір маңындағы аудандарды қамтыған сросткин мәдениетінің ескерткіштерін қимақтармен салғастыруды ұсынды.
Шығыс Қазақстан мен Солтүстік Алтай материалдарының өзара жақын екендігі Батыс Сібірдегі дәл сондай ескерткіштер қазбаларынан кейін нақтыланды, алынған мағлұматтар осы аймақта біртұтас мәдени дәстүр таралғандығын көрсетіп берді, оның негізгі өзегі Ертіс өңірінде болғандығы байқала бастады.
Ертіс алабында мейлінше ірі археологиялық зерттеулерді С.С.Черников (Пчела, Қызыл-Ту, Славянка, Юпитер қорымдары), Е.И.Агеева мен А.Г.Максимова (Трофимовка, Подстепное, Совхоз 499, т.б. қорымдар), Ф.Х.Арсланова (Зевакино, Орлов, Бобров қорымдары, т.б.) жүргізген. Өткен ғасырдың соңына қарай Шүлбі ГЭС-ы салынуына орай С.М.Ақынжанов пен Ю.И.Трифонов осындағы ортағасырлық молаларды қазған болатын. Жартас, Измайловка, Ақши-2, Қарашат қорымдарынан алынған материалдар толығымен жарияланған. Бұл ескерткіштерден ІХ-Х ғасырлармен (ішінара ІХ-ХІ ғасырларға жататындары да бар) мерзімделінетін жүзден астам молалар зерттелген. Қолдағы материалдар Жоғарғы Ертіс маңындағы аудандарға ескерткіштердің біршама бөлігі шоғырланғандығын көрсетеді, бәлкім, бұл өңір қимақ мемлекетінің орталығы да болған шығар.
Қимақтарға жататын археологиялық мәдениеттің ерте кезеңі, қалыптасуы әзірге мардымсыз қарастырылған. Бұл кезеңге Шіліктіде (С.С.Черников) жылқы жерленген қазба (үңгімелі) қабірді, Подстепное ауылы маңындағы қираған қабірді жатқызуға болады. Подстепное қабірінен үсті тегіс қапсырма, ал Шілікті қабірінен үш қанатты жебе ұштары, садақтың ортаңғы жапсырмалары, айылбас, жүген мен түйіндерді шешуге арналған зат шыққан.
Жылқы қосып жерлеу қимақ қабірлерін VІ-VІІІ ғасырлардағы алтайлық түркілердің молаларымен жақындастырады.
VІІІ-ІХ ғасырларға Орлов-І қорымындағы оба жатады, одан діңгек-табытқа (колодаға) жерленген жас өспірімнің мүрдесі шыққан, мүрденің басы шығысқа бағытталған және жанына бай қабір-саймандары қойылған. Діңгек-табыттың жоғары жағынан шашырап жатқан ер адамның қаңқасы, ал қасындағы оңтүстік жақтағы текпішекшеден үш аттың сүйегі мен ит қаңқасы шыққан. Жерлеу ғұрпына қарағанда Орлов обасы Таулы Алтайдағы Курай қорымындағы бай молаларды еске түсіреді. Алайда бұл уақытқа жататын ескерткіштер Ертіс өңірінде өте аз ұшырасады.
Екінші (ІХ ғасырдың ортасы мен екінші жартысы) және үшінші (Х ғасыр – ХІ ғасыр бас кезі) кезеңдерге Ертіс аңғарындағы қимақ қабірлерінің басым бөлігі жатады. Ертіс алабында олардың кеңінен таралуын ескерсек әрі қазіргі күнгі зерттеулерді бағамдасақ, онда қимақтардың археологиялық мәдениетінің бұл өңірден кем дегенде екі жергілікті нұсқаларын бөліп қарастыруға болады. Олар – Жоғарғы Ертіс пен Павлодар нұсқалары. Болашақта сросткин мәдениетінің новосібірлік нұсқасымен жалғасып жатқан омбылық нұсқаны да бөлуге мүмкіндік туатындығы анық.