Қазақстан археологиясы


ІХ ғ. - ХІІІ ғ. бас кезіндегі қалалар



бет25/28
Дата11.01.2017
өлшемі7,26 Mb.
#6641
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   28

ІХ ғ. - ХІІІ ғ. бас кезіндегі қалалар
Қалалар санының өсуі, типологиясы мен топографиясы. Жазба дерек көздері Оңтүстік Қазақстан қалалары туралы нақты мәлімет береді. Егер осының алдындағы кезеңнің жазбаша деректерінде 6 қала ғана аталса, осы уақытта олардың саны 33. Деректерде тау етегіндегі белдеулерде жаңадан Жумишлагу және Манкент қалалары аталады, сол кезде Арыстың орта ағысыда орталығы Усбаникет болған Кенже округі құрылады. Фараб округінде Отырардан басқа, жаңа астана Кердер, Весидж және Бұзық қалалары қалыптасады. Шауғарда Яссы және Шағылжан, Қарнақ, Қарашық және Шур (Сури) қалалары пайда болады. Дерек көздерінде алғаш рет ірі Сауран қаласы, сонымен қатар Сырдарияның төменгі ағысындағы Сығанақ, Янгикент, Жент, Асанас, Баршынкент аталады. Қаратаудың солтүстік беткейлерінде Баладж бен Берукет, Сырдарияның орта ағысында Сүткент қалалары орналасты.

Сырдарияның төменгі ағысы мен Қаратаудың теріскей беткейлерінде қалалардың қалыптасу үрдісі мейлінше шапшаңдай түседі. Осы уақыттарда рабадтар қалыптасады. Рабадтар қөлемі қалалардың аумағы ұлғая түскендігін көрсетеді. Мәселен, Отырардағы рабадтың көлемі 170 гектарға дейін жетті, ал бұрын ол 5-7 гектардан аспаған еді. Әрине, бұл цифрларды кең көлемде қазу жұмыстары жүргізілгенге дейін түпкілікті деп санауға болмайды, бірақ рабадтардың аталған шекараларының нақ ІХ-ХІІ ғасырларда қалыптасқаны даусыз. Бұл Ақтөбе-2, Баба-ата, Құйрық, Марданкүйік, Испиджаб, оң жағалаулық Бұзық, т.б. қалалардан анық білінеді.

Қалалар алаңын салыстыру ескерткіштерді үш топқа бөлуге мүмкіндік береді. Біріншісіне жалпы аумағы 30 га-дан асатын қалалар кіреді. Бұл топтағылар облыс, жекелеген иеліктер орталықтары немесе жай ғана ірі қалалар болды. Екінші топтағы қалалардың аумағы 15 га-дан 30 га-ға дейін жетеді. Оларды орташа көлемдегі қалалар деп санауға болады. Үшінші топ қалалары өте көп – бұлар қала жұрттарының қалдықтары .

Жетісудың оңтүстік-батысында жаңа қалалар саны да артты. Жазба дерек көздері бұрынғы 21 қала орнына 26 қаланы атап көрсетеді. Айта кететін жайт, бұлар жаңадан қалыптасқан Талас аңғарындағы Жікіл, Балу, Шөлжі, Такабкет, Көл, Кенжек қалалары есебінен артты. Шу алабындағы Баласағұн астанаға айналды.

Қалалардың орталық қираған жұртының көлемі бұрынғы күйінде қалған, оның есесіне ұзын дуалдар ішіндегі құрылыстар неғұрлым тығыз бола түседі, онда тұрғын үйлері бір-біріне қаратылып тұрғызылған және аулалары бар жүйелі түрде жоспарланған усадьбалы учаскелер қалыптасады. Бұлайша жоспарлау қазіргі құрылыс аз жүргізілген Ақтөбе, Степнинское, Төлек және Сретинское қала жұрттарында сақталған.

Ертедегі орта ғасырларға арнап жасалған қала жұрттарының типологиясы бойынша Табакет пен Сус (Талас Ақтөбесі және Шалдобар қалаларының жұрттары), сондай-ақ Кенжек, Сеңгір (Шаруашылық) және Шелже орташа қалаларға жатады. Сірә, Шелже ең алдымен әкімшілік орталық болған секілді, өйткені мұнда оның қолөнер, сауда сынды функциялары дами қоймаған.

Солтүстік-Шығыс Жетісуда ІХ-ХІІІ ғасырлардың басында қала мәдениетінің жаңа ауданы қалыптасты. Егер ІХ-Х ғасырларда Солтүстік-Шығыс Жетісудың бүкіл аумағында 10 қала ғана болса, ХІ-ХІІІ ғасырлардың басында олардың саны 70-ке дейін көбейген. Х ғасырдағы деректер Іле аңғарының сол жағалауында орналасқан екі қала – Талхиз (Талғар) және Лабан қалалары туралы хабарлайды. Ортағасырлық авторлардың мәліметтеріне қарағанда ХІ-ХІІІ ғасырлар кезінде мұнда 4 қала мен 6 ірі қалашықтар болған.

Солтүстік-Шығыс Жетісудағы барлық қала жұрттары «төрткүл» немесе «цитадельсіз» аталатын үлгіге жатады. Олар тік бұрыш, трапеция түрінде жаспарланған немесе дөңелек болып келеді, жалпы жер бетінен сәл дөңестеніп тұрады және барлық жағынан бұрыштары мен бойында мұнаралары бар дуалдармен қоршалған. Әдетте дуалдардың ортасына орналасқан бір, екі, үш және төрт қақпасы болады. Төрткүлдердің аумағы әр қилы болды, қабырғасының ұзындығы 260 метрден 1 км-ге дейін жетті.

Солтүстік-Шығыс Жетісу төрткүлдерінің аумағын салыстыру бұл қалаларды төрт топқа жіктеуге мүмкіндік береді.

Біріншісіне аумағы 30 га-дан асатын қалалар енген. Бұлар көп қабатты ескерткіштер, мәдени қабаттарының қалыңдығы 2-3 м-ге жетеді, тіпті одан да асады. Қазба кезінде түрлі керамика, шыны, мәнет, қолөнер шеберханалары мен өндірістік күл-қоқыстардың табылуы мұнда қолөнер мен сауданың дамығандығын айғақтайды. Бұлар – Антоновское, Дүнгене, Шілік секілді ірі қалалар мен астаналық орталықтар еді.

Екінші топқа ауданы 10-нан 30 га-ға дейін жететін Талғар, Сүмбе мен Ақмола қалалары кіреді. Талғар – Талхизбен, Сүмбе – Лабанмен салғастырылады. Ұзақ жылдарға созылған қазба барысында қолөнердің дамығаны анықталған, сондай-ақ көптеген шетелдік заттар аршып алынған.

Үшінші топтағы қалалардан қақпалық бекіністер, көптеген мұнаралар орны мен жұқа мәдени қабат анықталған. Бұл топтағыларды баспана немесе қалалық-ставка ретінде белгілеуге болады. Оған Алматы, Лавар, Қапал, Ақтам, Арасан, т.б. жатқызылады.

Төртінші топтағы қалалар аумағы 10 га-дан аз. Оларға тұрғын үй дуалдарының ішкі жағында орналасуы, ішкі ауланың болуы тән. Іле қалалары жұртының бұл тобы бұрынғы көшпелілер мен жартылай көшпелілердің ауылдық қоныстары деп санауға болады. Олардың кейбіреулері керуен-сарайлар болуы да мүмкін.

Қалалар құрылымындағы өзгерістер. Оңтүстік Қазақстанда қала орындары көпшілігіндегі қамалдардың (цитадельдің) салынуы уақыт өте келе өзгерістерге ұшыраған. Құйрықтөбе қамалын қазу мұнда ІХ ғасырдың бірінші жартысында өрт болып, соның салдарынан сарай кешені қирағаннан кейін бірсыпыра уақыт өткен соң толық қайта жоспарлау жүргізілгенін көрсетті. ҮІІ-ІХ ғасырдың бірінші жартысындағы құрылыс кешенінің іргелі дуалдары шегінде қарапайым құрылыс махалласы салынады. ХІ-ХІІІ ғасырдың басында нақ сол жерде қыш-құмырашылар махалласы қалыптасады.

Отырар алқабының оң жағалауындағы Оксус, Бұзық қамалдарында (цитадельдерінде), тау етегі өңіріндегі Бұлақ-Қоғал қаласында қарапайым тұрғын үй құрылыстары пайда болады. Кейбір қалалардың цитаделі соншалықты анық бөлектене қоймай, жалпы құрылыстармен астасып жатады, тіпті топографиясы да байқала қоймайды, мысалы Байырқұм, Төрткүлтөбе, Балықшы қалаларындағы жағдай осындай.

Қазба жұмыстарының көрсеткеніндей, қала бұрынғысынша қаланың жалпы құрылысына қатынасы жөнінен сол баяғы тұйықталуы сақталған жекелеген тұрғын үй махаллаларынан тұрады және махалланың барлық үйлерінің кірер есіктері жалпы махалла ішіндегі кішкене көшеге қаратылатын жоспарлау үрдісімен сипатталады.

Құйрықтөбедегі қазба жұмыстары қолөнердің махаллалық шоғырлануын анықтай қойған жоқ, тек бір жерден ғана құмырашылар махалласы кезіккен. Топографиялық байқаулар мен жазбаша деректемелердің көрсетіп отырғанындай, бірқатар қалаларда махаллалардың тұрғындарының атақ-даңқы мен байлық дәрежесі бойынша бөлінетіні байқалады. Әзірше қазақстандық махаллаларға қарап, оларды көрінеу кедей немесе бай деп бөлуге болмайды. Олардың бәрі де әлеуметтік жағынан араласып кеткен.

Қарастырылып отырған кезеңдегі қал құрылысының құрылымында пайда болған жаңа элемент мешіт болып табылады. ІХ-ХІІ ғасырлардағы жазбаша деректемелерде қалаларды сипаттаған кезде мешіт, оның қалада орналасуы – баяндаудың міндетті элементі болып табылады.

Егер қалаларда мұсылмандар саны аз болса, олардың қажеттілігін шағын дәстүрлі архитектуралық кешендер қанағаттандырды. Ал дінге ұстанатындар көп шоғырланған жерлерде міндетті түрде үлкен мешіттер салынды. ІХ-Х ғасырлардағы дерек көздерінен христиандық шіркеулер мешітке айналдырылғандығы белгілі, Тараз бен Меркеде осылай болған еді. Әл-Макдиси еңбегінде Кедерде үлкен мешіт соғылғандығы жайлы хабарлама сақталған. Кедермен салғастырылған Құйрықтөбедегі қазба жұмысы кезінде дәл осы мешіт қалдықтары ашылса керек. Мешіт қала орталығында үлкен көшелердің қиылысында орналасты. Ерте, «төменгі» құрылыстан көлемі 22х22х4-5 см күйдірілген кірпіш қабырғалары сақталған. Ол түгелдей бұзылып алынғаннан кейін оның орнына жаңа мешіт салынған. «Жоғарғы», кейінгі мешіт ХІІІ-ХҮ ғасырлардағы мұсылмандық жерлеу орындарының кірпіштері ретінде алынғанымен, негізгі нобайы қалпына келтірілген. Оның қалыңдығы 1,5 м қабырғасы күйдірілген және қам кірпіштермен өрілген. Мешіттің сыртқы қабырғасымен айналдыра есептегендегі аумағы – 36,5х20,5 м. Ол оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай созылып жатыр. Солтүстік-батыс бөлігі жақсы сақталған, бұл жерден күйдірілген кірпіштен тұрғызылған 16 негізгі колонна болғаны анықталды; Қысқа қатарда бесеу, ал ұзын қатарда 10-нан. Колонналар арасы 3-3,2 м аралығында. Шеткі базалар мен қабырғалар арасы 1,5 м.

Құйрық мешіті бағаналық, немесе колонналы құрылысқа жатады. Мұндай мешіттердің аумағы колонналар мен төбенің стандартты шаршылы санына байланысты болды, олардың арасындағы кеңістік 3,5 метрден 4,6 метрге дейін жетті.

Қала өмірінде базар мен сауда орындарының құрылыстары маңызды рөл атқарды. Қала ішіндегі рыноктарды араб авторлары «сұқ» және «асуақ», парсылар «базар» деп атады. Базарлар шахристан, рабад аумғында да орналаса берді. әл-Истахри мәліметіне қарағанда Испиджабта олар шахристанда, ал ибн-Хаукал мағлұматы бойынша бұл қаладағы «рыноктар мединада да, рабадта да болады».

Дереккөздері дүңгіршіктерді де жан-жақты сипаттап беріп отырады. Оңтүстікқазақстандық қалада олар пенджаптықтарға қарағанда шағын базарларды құрамайды, бір-бірінен алысырақ орналасады. Дүңгіршік еденінде жер ошақтар болды. Дүңгіршіктерге қазылып қойылған хумдардан тұратын шағын қамбалар жасалынды.

Х-ХІІ ғасырларда Оңтүстік Қазақстан қалаларында монша соғыла бастады. Одан сәл бұрын оларды Орта Азияда соға бастаған болатын. Үлкен қалалардағы моншалар саны он-ондап есептелінеді. Қоғамдық құрылыстар арасынан моншалар көрнекті орын алды. Отырар рабадынан ХІ-ХІІ ғасырларға жататын екі монша аршылған. Сақталуы нашар болса да солтүстік рабад аумағындағы монша жоспары айқышқа (крестке) негізделгені анықталды: орталық бөлмесі төрт басқа бөлмелермен жалғасқан. Дем алатын орындары бар орталық залдан басқа жуынатын, шешінетін, дем алатын, сондай-ақ құдайға құлшылық ететін бөлмелер де болды. Суды жылытатын және суға арналған цистерналар тұратын бөлме моншаның шығыс жағында орналасқан. Ағын су құбырлар арқылы бөлмеден тысқары шұңқырға құйылды. Монша ыстық өткізетін каналдар көмегімен жылытылды.

Отырар шахристанындағы бекініс қабырғаның қиындысы оның ҮІ-ҮІІІ ғасырларда тұрғызылып, ІХ-Х ғасырларға дейін пайдаланылғандығын көрсетіп берді. Пахса блоктарынан тұрғызылған оның ені 10 м-ге, ал сақталған биіктігі 4,5 м-ге дейін жетті. Кейін қабырғасы тозып, күл-қоқыс тасталатын жерге айналады. ХІ-ХІІ ғ. бас кезіндегі аршылған телімдерден ол ұшыраса қоймады, сірә бұл Отырар бекініс қабырғасын моңғолдардың қиратқанын айғақтаса керек.

Отырар рабадының дуалына түсірілген қима оның биіктігі 1м үйінді платформасына тұрғызылғандығын көрсетіп берді. Қабырға ені 6,2 м үш қатар шикі кірпішке негізделді. Кірпіш қаламаларының жанына пахса блоктары (әр жағына екі-екіден) орналасты да, аралары құрлыс қалдықтарымен, топырақпен толықтырылды.

Х ғасырдағы Баба-Ата шахристанының екі қатарлы дуалы кірпішпенөрілгендігі анықталған. Бұрынғы жалпақ дуал мен кірпіш қабырға арасы құрылыс қоқыстарымен тығыздалып толтырылған. Дуалдың жиегіне кірпіштен жақтау жасалынған. Баба-Ата мұнаралары сегіз қырлы құйма негіз үстіне шикі кірпіштен тұрғызылған. Мұнаралардың біреуі толық аршылды. Оның биіктігі 5,1 м, жоғарғы диаметрі 3,4 м, төменгісі 4,6 м. Мұнараның ішінде бұрыштары дөңгелетілген үш бұрыш түрінде бөлме орналасқан. Бөлменің төбесі жалпақ етіп жабылған. Мұнараның төбесінде дуалдағыдай жасалған жақтаулар бар.

Жалпы алғанда, ІХ ғасырдың орта шенінен ХІІІ ғасырдың басына дейінгі кезеңде Қазақстан қалаларының құрылысында елеулі өзгерістер болған, олар рабадтардың қалыптасуынан, махаллалар көлемінің ұлғаюынан көрінеді. Сонымен бірге көптеген қалаларда қамалдар (цитадель) салудың сипаты өзгереді. Мешіттер мен қоғамдық моншалар қала құрылымындағы жаңа элементтер болды. Қорғаныс бекіністері неғұрлым мықты бола түседі.

Оңтүстік-Батыс Жетісуда да қамал құрылыстарында өзгерістер байқалады. Қызылөзен қала-жұртының қамалында, ҮІІІ-ІХ ғасырдың бірінші жартысында мықты бекіністі сарай кешенінің төңірегінде қарапайым тұрғын үй салынған. Степнинскоенің Ақтөбе қала-жұртының қамалында қалалық бай қоныс-жай (усадьба) мен монша болды. Тараздың қамалынан да Х-ХІ ғасырлардағы моншаның орны аршылды.

Солтүстік-Шығыс Жетісуда Талғар қаласының жұртын қазу жұмыстары оның құрылысында жекелеген махаллаларды анықтауға мүмкіндік берді. Көлемі 4000 шаршы метр болатын ХІ-ХІІ ғасырдың басындағы махалла толық аршылды. Ол үлкен көшенің учаскесін біріктірген және қалған құрылыстан шеткі үйлердің бүйірдегі қасбетінің саңылаусыз қабырғаларымен оқшауланған үйлерден тұрған. Үйлердің шағын көшелерге шығатын есіктері бар, ал бұл телімдегі ондай үйлердің саны 12-14.

Талғар махалласын Құйрықтөбенің уақыты жағынан сәйкес келетін махаллаларымен салыстырғанда алғашқысының көлемі үлкен екені аңғарылады. Махалладағы үйлер саны бірдей болмағанымен, Талғардағы махалла алып жатқан телім 4 еседей үлкен. Мұны Іле қалаларының ерекшеліктерімен түсіндіруге болады, олар жерге көшпелілер мен жартылай көшпелілердің отырықшылануы нәтижесінде пайда болған және олар өз құрылысында бұрынғы өмірінің көптеген белгілерін сақтап қалған, атап айтқанда, үйлердің қасында мал ұстайтын үлкен аулалар болған. Сірә, Талғар махаллалары да, жоғарыда Оңтүстік Қазақстан қаласына байланысты жазылғанындай, туысқандар үйлері тобының шоғырлануы сияқты қалыптасқан болса керек. Олар туыс және ортақ бір атадан шыққан әулеттердің үйлері болған.

Солтүстік-Шығыс Жетісу қалалаларының бекіністерін зерттеу Талғар дуалының таспалау әдісімен саз балшықтан тұрғызылғанын көрсетті. Дуал табанының ені 7 м, сақталған биіктігі 4 метрге дейін жетеді.

Сүмбе қаласы жұртының дуалдарына да осындай құрылым тән. Дуалдың табанына қойтастар қаланған. Олардың арасы балшықпен толтырылған, ал дуалдың жоғарғы жағы қалыңдығы 20 сантиметрге дейін жететін балшық қабатымен биіктетілген. Балшық дуалдың екі жағынан да алынған, бірақ көбіне ол сырт жағынан алынып отырған, мұның өзі дуал салумен бір мезгілде ор қазуға мүмкіндік берген.

Тұрғын үй тұрғызудың дамуы мен демографиялық сауалдар. ІХ ғасырдың екінші жартысы – Х ғасырдағы тұрғын үйлерде оның алдындағы уақыттың дәстүрі жалғастырылады. Бұлар – кіре берісі тамбур тәрізді, тұрғын жайдың қабырғаларын бойлай «г» және «п» түрінде сәкілер орналастырылған, айналасында жақтаулары мен каминдері бар ашық үлгідегі ошақтармен жылытылған, белағашты (өтпелі) етіп жоспарланған бір және екі бөлмелі үйлер. Төбесі бір бағанды және төрт бағанды етіп жайпақ жабылған.

Х-ХІ ғасырлардағы үйлер Құйрықтөбе қаласын қазғанда мәлім болған. Екі бөлмелі үйлер тұрғын жай мен қоймадан тұрды. Үйге тамбур арқылы кіретін болған. Бөлмеде қабырғаларды бойлай, ені 1-1,5 м және биіктігі 0,3-0,4 м болатын «п» түрінде сыпа (сәкі) салынған. Ортасында, еденде жақтауы бар антропоморфтық алаңша түріндегі ошақ орналасқан. Оның көлемі 1,2х1,5 м, алдыңғы жағы дөңгелек екі дөңеспен сәнделген, оған жақын жерде от жағатын шұңқыр тұр. Кіре беріске қарама-қарсы жақтаумен бөлінген шаруашылық орны бар, оған тас дирмен қойылып, еденін қазып, ыдыс көмілген. Сәкінің (сыпаның) шетіне таман биіктігі 0,6 м жуан текше орнатылып, оған сыланған тандыр қойылған. Тандырдың қасында қабырғаға шаруашылық қуыстары жасалған. Үйдің төбесі жалпақ және төрт бағанмен тірелген, ол бағандардың едендегі шұңқырлары сақталып қалған. Басқа үйлердің ішкі көрінісі осыған ұқсас, тек болмашы айырмашылықтары байқалады.

Құйрықтөбеде қазып аршылған ІХ-ХІІ ғасырдың басындағы тұрғын үйлерде елеулі өзгерістер аңғарылады. Ұзынынан тізбектеле орналасқан үш бөлмеден тұратын, тізбектеп (түзу, жалғастырыла) жоспарланған тұрғын үйлер сақталған.

Бөлмелері ұзынынан айқастырылып (крест тәрізді жоспарланған) орналастырылған үйлер жаңа үлгіге жатады. Ұзын жағы үлкен көшеге тігінен бір қатарға қойылған бөлмелері бар тұрғын үй тағы бір үлгі болды. Үйдегі бөлмелер саны екеу немесе үшеу. Бұл үлгідегі үйдің айқын бағдары жоқ, жеке бөлмелерінің қандай мақсатқа арналғаны аңғарылмайды.

Бөлменің ішкі көрінісі өзгешелігімен ерекшеленеді. Сәкілер бөлменің жартысын, тіпті бүкіл көлемінің үлкен бөлігін алып тұрады, бұл орайда еден деңгейі тек өтер жерденемесе кіре беріс алдында ғана сақталады. Ашық ошақтардың айқын тікбұрышты бейнесі сақталмаған. Бұл ошақ шұңқырлары мейлінше алуан түрлі: сопақша, дөңгелек, таға тәрізді болып келеді.

ІХ-ХІІІ ғасырдың бас кезінде Оңтүстік-Батыс Жетісуда да тұрғын үйлердің жаңа үлгілері таралады. Олардың біріншісіне орталықтан жоспарлау тән, оның негізі орталық зал немесе аула болып, тұрғын жайлар мен қора-қопсыларға сол арқылы кірген. Бұлайша жоспарлау бай үйлерге де, қатардағы үйлерге де тән. Айырмашылық құрылыстың көлемі мен ішкі көріністің сипатына ғана келіп саятын.

Орталықтағы қираған үйінділерден тыс жерлердегі сипатталған үйлердің бір бөлігі, сірә, ауқатты қала тұрғындарының жазғы мекендері болса керек. Бұл «касрлар» - бекіністі мекен-жайлар. «Каср» терминін – павильон, шағын сарай деп түсінген дұрыс.

Ұзын дуалдармен қоршалған аумақтағы қала сыртына орналасқан бай құрылыстармен қатар олардың тағы бір түрі болды. Бұлар – ауылдық округтердің негізгі компоненті болған екі және үш бөлмелі үйлерден тұрады. Олар жалғыз, бестен жиырмаға дейін топталып орналасқан, кейде ішінде құрылыс салмаған телімі бар өзінше бір төрткүлді құрайды.

Тегінде, мұндай үйлердің көпшілігі ауыл адамдарынікі болса керек, бірінші кезекте, кейбіреулері ұзын дуалдардың ішкі кеңістігінің шет жақтарына орналасты. Басқалары қатардағы қала тұрғындарының жазғы тұрғын жайлары болуы мүмкін.

Солтүстік-Шығыс Жетісудағы баспаналар туралы Талғар қаласындағы тоғыз үй қалдығы бойынша айтуға болады. Олар бір камералы тұрғын үй мен қоймадан тұратын құрылысқа негізделген. Тұрғын үй мен мал ұстауға арналған кең ауланың ұштастырылуы көңіл аудартады. Бұл – шаруашылығында малшылық тұрмыс сақталған халыққа тән үрдіс. Талғар қаласының шаруашылығында малшылық және көпшілік дәстүрлер болғанын дәлелдейтін қызықты жағдай кейбір қоныс-жай аулаларына тұрақты тігіліп қоятын киіз үйлер болып табылады.

Үйдің жанында киіз үйдің болуы көшпелі тұрмыс дәстүрінің сақталуын аңғартады, осы тұрғыдан алғанда да Іле қалаларының мекен-жайлары бір жағынан, жергілікті халық арасындағы отырықшылану үрдістерін, екінші жағынан – қала тұрғындары шаруашылығында мал өсірудің әлі де елеулі рөл атқарғанын дәлелдейді. Бұған ауладағы киіз үй ғана емес, сонымен қатар малдың түрлі түліктеріне арнап салынған құрылыстары бар, бүкіл мекен-жайдың жартысын алып жатқан ауланың өзі де айғақ болады. Сонымен бірге тастан, күйдірілген балшық кесектерінен, шикі кірпіштен салынған көп бөлмелі тұрақты тұрғын үйлер қалаларды мекендеушілер тұрмысының орнықты болғанын, ал олардың өмірі бірінші кезекте қолөнермен, саудамен және егіншілікпен байланысты екенін дәлелдейді.

Махаллалар құрылысы мен тұрғын үйлер қарастырылып отырған кезеңдегі демографиялық жағдайды сипаттауға мүмкіндік береді. Біздің есептеуімізше, өңірдегі ірі қала орталығы - Испиджабта 40 мыңдай адам өмір сүрген. Кенжеде округінің орталығы Усбаникентте 7 мыңдай адам тіршілік етті. Астаналық орталықтар мен неғұрлым ірі қалаларда 4 мыңна 10 мыңға шейінгі адамдар өмір сүрді, ал Отырарда 16 мыңдай адам болды. Орташа қалаларда 1,5 мыңнан 3 мыңға дейін адам болса, ұсақ қалаларда 1,5 мыңдай тұрғындар болды. Оңтүстік Қазақстанда барлығы 150-160 мыңдай адам өмір сүрді.

Біздің мәлімет бойынша Шу мен Талас алабындағы қала тұрғындарының жалпы саны 100 мыңдай адамға жетті. Іле алабындағы қалаларда ХІ ғ. мен ХІІІ ғ. бас кезінде 350 мың адам тіршілік етті.

Қала тұрғындарының саны бойынша Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудың жекелеген аудандары Орта Азияның Ташкент, Мерв оазистері секілді аудандарынан әлдеқайда аз еді.



Қолөнердің, сауданың, ауыл шаруашылығының дамуы. Қалалар санының артуы, олардың аумағының кеңеюі, қала халқының өсуі қолөнер мен сауданың одан әрі дамуына игі әсерін тигізді. Қолөнер өнімін тұтынушылар құрамы өзгерді. Егер бұрын, VІІ-VІІІ ғасырларда олар бай көпестер мен диқандар болса, енді қатардағы тұрғындар да өнімді негізгі тұтынушыға айналады. Құмырашылар махалласындағы қазбаға қарағанда ХІ-ХІІ ғасырларда шағын қолөнер шеберханалары пайда бола бастайды. Сол кездің өзінде-ақ шеберханалар бір салаға мамандандырылды, ал қыш құмырашылар цехтық ұйымдарға біріктірілді.

Қазақстан қалаларынан көп табылған шыны бұйымдары Х ғасырға жатады. Сол кезден ХІІІ ғасырдың басына дейін шыны бұйымдарының түрлері, үлгілері және жиынтығы өзгермейтіні байқалады. Қазақстанның түрлі қалаларынан табылған шынының жақын ұқсастығы аңғарылады.

Шыны ыдыстардың дені үрлеу әдісімен, енді біреулері қалыпқа құю арқылы жасалған. Қалып ретінде пайдаланылған қабырғалары мен түптерінде «ара ұясы», шеңберлес сызықтар, розеткалар түріндегі ою-өрнектер болды. Үрлеп жасалған ыдыс сыртынан жапсырылған қайырмалармен, шыны тіндерімен және жолақтарымен өрнектеледі, кейде түрлі-түсті жапсырмалары бар өрнектермен безендіріледі. Шынылардың көп кездесуі орта ғасырлардағы қалаларда шыны өндірісінің жоғары деңгейге жеткенін және халықтың мейлінше алуан түрлі топтары пайдаланғанын дәлелдейді.

Қалалық қолөнерде темір бұйымдар жасаумен тығыз байланысты ұсталық кәсіп өте кең таралды. Қала ұсталары әдетте жеке махаллаларға орналасты. Темір кен өндірілетін жерлерде өңделген. Металл да сонда балқытылған. Ұста дүкендеріне темір қорытпалары әзірленген крица, құйма және темір сынықтары түрінде әкелінген. Темір және шойын бұйымдардың сынықтары әрлендіру материалы ретінде де пайдаланылды.

Нашар сақталуына байланысты ұста дүкендерінің құрылысын көзге елестету қиын. Алматы ұста дүкенінде темір балқытатын көрік шикі кірпіштен қаланған, ол цилиндр тәрізді, түбінің диаметрі 2 метрге жуық. Оның іші күлге, көмірге және төбесінен құлап түскен күйген кірпіштің кесектеріне толы. Көріктің жанында ыдыстар – су таситын төрт көзе тұрды. Оларда су немесе бұйымдарды шыңдауға арналған ерітінділер сақталды.

Мыс бұйымдарын жасау барлық қалаларда таралған, оның үстіне полиметалл мен мыс орталықтарына жақын Қаратауда, Қырғыз, Іле және Талас Алатауларында өндірілген. Зерттеушілердің пайымдауынша, мыс кәсіпшілігі маңызы мен шеберлер саны жағынан екінші орындағы мамандық болған. Соның алдындағы кезеңмен салыстырғанда, мыс бұйымдары көбірек мәлім. Мыс шеберлері ыдыс-аяқ, шырағдан, әсемдік заттар жасады. Олар екінің бірінде зергерлер де болып, қымбат тұратын металдармен де жұмыс істеді. ІХ-ХІІ ғасырлардағы металл бұйымдар негізінен, қола шырағдандар мен оларға арналған тұғырлар болып келеді. Қолөнер бұйымдарының арасында құмыралар да бар.

Зерттеушілердің пайымдауынша ІХ-ХІІІ ғасырларда Жетісу күміс бұйымдарын өндіретін орталықтардың біріне айналды.

Қоладан, күміс пен алтыннан білезіктер, шолпылар, сырғалар, қапсырмалар жасалды. Зергерлік бұйымдардың арасынан Шымкент көмбесінен табылған, Х-ХІ ғасырларға жататын ширатпалы бұратылған күміс білезіктер өздеріне ерекше назар аудартады. Жетісу-Сырдария аймағына тән мұндай білезіктер неғұрлым кейінгі кезде де жасалынды. Отырардан ХІІІ ғасырдың басына жататын әшекейлердің қызықты жиынтығы табылды. Бұл – ұштарында сегіз қырлы басы бар қола білезік, күрделі нақышталған, қола шарлар тізілген шаш ұстағыш, айшықты шыны мен көгілдір ұнтақтан қатырып жасалған моншақтар. Әшекейлердің ең көп тобы – шыны мен түрлі-түсті тастардан - ақықтан, агаттан, хрустальдан, көктастан, яшмадан, інжу-маржандардан жасалынған моншақтар.

Аталғандармен қатар киіз, жіп талшықтары өндірісімен байланысты тері өңдеу, жүн тоқу секілді мал шаруашылығы өнімдерін өңдейтін қолөнер салалары да дамыды. Бірақ мұндай өнімдер сақталмаған.

Сүйектен жасалған садақ қаптамалары, түйреуіштер, шахмат мүсіндері табылған.

Тас өңдеу, негізінен орта ғасырлардағы қала жұрттарында ең көп таралған олжалардың бірі – диірмендер жасауға келіп саяды. Олардың ертедегі орта ғасырларда жасалған түрі бүкіл кейінгі ғасырлар бойында сақталып қалды.

Қазақстанның оңтүстігінде Испиджаб, Кедер, Отырар және Янгикент, Оңтүстік-Батыста Тараз бен Баласағұн, Солтүстік-Шығыс Жетісуда Талғар мен Қаялық ең ірі сауда орталықтары болды.

Испиджабта жабық базар және мата базары жұмыс істеді. Испиджабтың басқа сауда орындары арасында тималар аталады. Бұлар қарабас-маталармен сауда жасалатын арнаулы орындар бар үлкен керуен-сарайлар еді. Әл-Мақдиси айтатын рабадтардағы керуен-сарайлар осылар. Олардың кейбіреулерінде нахшебтер мен самарқандықтар тұрған. Сонымен бірге Испиджаб көпестері Бағдатқа дейін тауар апарып, онда Мервтен, Балхтан, Бұхара мен Хорезмнен барған көпестермен бірге Харб ибн Абдаллах әл-Балхи рабадында тұрған. Отырар алқабы жөнінде деректерде «Фараб – бай өңір, оның басты қаласы Кедер деп аталады... – бұл көпестер жиналатын жер» делінген. Кедер деп саналатын Құйрықтөбе қала жұртының бір махалласында сауда дүңгіршегінің орны аршылды.

Сырдарияның төменгі ағысында Янгикент те белгілі сауда орталығына айналады, онда хорезмдік көпестер колониясы болған еді. Сол себепті де бұл қала мәдениетінде хорезмдік ықпал айқын аңғарылады.

Бұрынғысынша Тараз транзиттік ірі сауда орталығы болып қала берді, ол жөнінде деректерде «мұсылмандардың түріктермен сауда жасайтын орны» және «көпестер қаласы» деп жазылады. Тараз көпестерінің Исфаганда өз тобы болған, ал соңғысының тұрғындары Шелжеде, Талас алқабында сауда жасаған. Жетісудан Тараз арқылы Таластың жоғарғы ағысында өндірілетін күміс тасылған. Күміс өндірілетін орталықтар Шелже, Текабкет пен Көл қалалары болған. Іле аңғарында Талғар мен Қаялық сауда орталықтары болды.

ІХ-ХІІІ ғасырлар бас кезінде қалалар мен өлке арасындағы сауда кеңінен дамиды. Қалаларға сипаттама бергенде орта ғасырлардағы авторлардың ең алдымен базарларын сипаттап, сол жерлердің тауарларына тән бағалар туралы хабарлайтыны кездейсоқ емес. Қалаға өлкеден ауыл шаруашылығы өнімі, негізінен астық, жеміс, ет әкелінген. Егінші халық қала қолөнершілерінен қажетті бұйымдар – керамика, шыны, зергерлік бұйымдар, әшекей заттар алып тұрды.

Қала өмірінде даламен сауданың маңызы зор, ол қалалардың өзінше бір ауылдық өңірі болды. Сауда қала мен даланың екеуіне де пайда келтіріді, бұл жөнінде салжұқ құжаттарының бірінде айтылады: «Олардың (көшпелілердің) пайда келтіретін тауарлары мен заттары отырықшы адамдардың байлығын, игілігі мен пайдасын арттырудың бір көзі болып табылады. Шонжарлар мен жай халық осы игіліктер мен артықшылықтардан өз үлесін алады»

Жәрмеңке сипатында болған сауда көшпелі дүниемен шектес Сауран, Янгикент (Жанкент), Дех-Нуджикес қалаларында мейлінше қызу жүргізілген. Испиджабқа мал шаруашылығы өнімі Дех-Нуджикес арқылы келіп отырған. Сауран оғыздармен жасалатын сауда орталығы болды. Сондай-ақ оғыздар Баладж және Берукет қалаларында да сауда жасаған.

Янгикент арқылы оғыздар Хорезммен сауда жүргізген, ал Хорезм Қазақстан даласы, Еділ бойы, Хазария мен славяндар дүниесі арасында аралық рөл атқарған. Жазиралар (оазистер) мен қалалардың халқы жылқы, мал, жүн, иленбеген тері, киіз, текемет, сүт өнімдерін, құлдар алып отырды. Кейбір қалалар тікелей көшпелілерден алынатын, не әкелінген шикізаттан жасалатын тауарларды сыртқа шығаруға маманданды. Мысалы, әл-Макдиси былай дейді: «Шаштан жоғары сортты шегірен ерлер, жебе салатын қорамсақтар мен шатырлар әкетілді. Тері түіктерден әкетіліп, иленді... Ферғана мен Испиджабта - ақ маталармен, қарумен, семсермен және темірмен бірге түріктерден шыққан құлдар. Тараздан ешкі терілері. Шелжеден – күміс. Түркістаннан, сол сияқты Хутталдан бұл жерлерге жылқы мен қашырлар әкелінді». Түріктердің жылқылары ерекше бағаланған. Истахри «Хорасанға қой халадждардан әкелінеді, ал Мауераннахрға ет оғыздар мен қарлұқтардан ... өздеріне керегінен көп мөлшерде жеткізіледі» деп хабарлайды.

Көшпелілер экспортының маңызды бөліктері арасында мускус пен аң терілерін атау керек. Көшпелілер саудасының маңызды тағы бір бөлігі құлдар екені айтылады. Сонымен қоса дала тайпалары қалаға металл жеткізіп отырған. Оны өндіретін орталықтардың бірі Орталық Қазақстан болған. Әл-Идриси кимектердің темір, күміс және алтын өндіргенін айтады. Көшпелілер өз тауарларына қалалық орталықтардан киім-кешек, маталар, астық, қала қолөнерінің бұйымдарын, сәндік заттар айрбастап алған.

ІХ-ХІІІ ғасырлардың басындағы кезеңде тауар-ақша қатынастарының өсуі тән, ол айырбасты ығыстырып шығарады. Қазақстанның ірі қалаларында теңге сарайлары болған. Испиджабта теңгелер соғылған, бұл іс бірсыпыра үзіліспен ХІ ғасырдың бірінші жартысына дейін созылған.

Отырарда теңгелер соғу жалғастырылды. 1967 жылы Самарқанд көмбесінен Барабтың 222-223 жылдардағы саманилік теңгелері (мәнеттері) табылды. Отырар және Құйрықтөбе қалаларының жұртын қазған кезде де нақ сондай теңгелер табылған. Бұл қалада қарахандар мен хорзмшахтар кезіндегі теңге сарайы одан әрі жұмыс істеді. Фарабтан 1164-65 – 1173-74 жылдарда Қарахан мемлекеті кезінде соғылған теңгелер табылды, зерттеушілердің пікірінше, теңге соғу 1210-11 жылдарға дейін жалғасқан болуы мүмкін. 1210 және 1217-18 жылдарда Отырарда соғылған Мұхаммед ибн Текештің теңгесі мәлім. Яссыда хорезмшах соқтырған теңге табылды.

ХІ ғасырдың 20-шы жылдарының аяғында Мауераннахрда дирхемнің сапасы күрт нашарлады. Оның құрамындағы күміс 20‰ дейін құлдырады. ХІ ғасырдың аяғына қарай «күміс дағдарысы» бүкіл мұсылман Шығысын, соның ішінде зерттеліп отырған аймақтың қалалаарын да қамтыды. Сондықтан ХІ-ХІІ ғасырларда теңге бағамы алтынмен бейнеленіп, ол құнның бұрынғыдан көбірек өлшеміне айналды. Оның айналыс құралы ретіндегі рөлі арта түсті.

Қала халқының көбеюі ауыл шаруашылығының тауарлылығын арттыруды, жерді пайдаланудың барған сайын интенсивтендіріліуін талап етті, өйткені Оңтүстік Қазақстанның бірқатар алқабтарында, сондай-ақ Оңтүстік-Батыс Жетісу қалаларының ұзын дуалдары шегіне суармалы және өңдеуге қолайлы жер көлемі шектеулі болатын.

Х-ХІІІ ғасырларда Іле өзенінің төменгі ағысында ирригация дамиды. Бұрынғысы сияқты, қала және ауыл тұрғындары өз телімдерінде бау-бақша дақылдарын өсіреді, жүзім шаруашлығымен және үй жанында мал өсірумен айналысады. Қалалардың жұртын қазған кезде Төменгі Барсханда Қызылөзен қаласының жұртында шарап ашытатын орындардың қалдықтары табылды, Степанинскоенің Ақтөбесінде екі шарап ашытатын орын қазып аршылды. Қала тұрғындарының үйлерінде ұралар болып, оларда астық, кептірілген жеміс қоралары сақталған.

Қала және ауыл тұрғындары сондай-ақ үй жануарларын – жылқы, сиыр, қой, ешкі ұстаған.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   28




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет