7. Көшпеліліктің қалыптасуының алғышарттары: табиғи-географиялық және әлеуметтік-мәдени факторлар.
Ж: Көшпеліліктің шығуы, көпшілік жағдайда, географиялық ортаның тікелей әсерімен байланысты. Сондықтан да көшпелілік белгілі бір нақты тарихи кеңістіктерде ғана таралды. Көшпеліліктің пайда болуы — белгілі бір климаттық жағдайлар, экологиялық ұяның (ниша) шектеулі мүмкіндіктері, табиғи ресурстардың сол өлкеде өмір сүруші этностың алдына қоятын табиғи талаптарына байланысты. Көшпелілік белгілі бір геофизикалық, табиғи-климаттық аймақтарда қалыптасады. Әдетте, бұл — далалы, жартылай шөлейт, шөл және құрғақ далалар, тау бөктері, тау аймақтары. Қазақстан шеңберінде көшпелілік қалыптасқан аймаққа Каспий маңы ойпаттары, Үстірт, Торғай, Жем жоталары, Бетпакдала, Балқаш маңы далалары, Сарыарқа, Мұғалжар, Маңғыстау жоталары, Алтай, Тарбағатай, Жоңғар, Іле Алатауларының тау беткейлері және таулы өлкелері жатады. Л.Н.Гумилев: «Халықтар дамуында, олардың қалыптасуында, шаруашылық-мәдени ерекшеліктерінің пайда болуында географиялық, экологиялық фактор үлкен рөл атқарады» деп санады. Сонымен, Көшпелілер немесе көшпелі қоғам, көшпелі өркениет дегеніміз — негізгі кәсібі мал шаруашылығы болып, күнкөрісінің көзі мал өнімдерінен тұратын, белгілі бір қалыптасқан жүйемен көшіп-қонып тіршілік ететін адамдардың әлеуметтік-экономикалық, саяси қауымдастығы және өркениеті.
8. Қазақстан территориясындағы мал шаруашылығының рөлі мен маңызының артуы.
Ж: Қазақ жері — мал шаруашылығы қалыптасқан ең көне аймақтардың бірі. Мал шаруашылығы – көшпенді қазақ халқының негізгі кәсібі саналды. Сондай-ақ азық-түлік және ішіп-жеммен қамтамасыз ететін негізгі тіршілік көзіне айналды десек те болады. Қазақстанның тым континентті климаты, жыл мезгілдеріндегі жауын-шашынның әрқилылығы, ауа-райының аумалы-төкпелілігі, яғни, табиғи-климаттық ерекшеліктері қазақ халқының шаруашылық құрылымы мен материалдық өндіріс жүйесінің негізгі бағыттары мен сипатын анықтап берді. Қалыптасқан жағдайларға байланысты қазақ халқының үш мың жыл ішіндегі табиғатты пайдалану мен шаруашылық әрекеті көшпелі мал шаруашылығы болып келді. Тіршілік ортасына бейімделу мен өмір сүрудің ерекше әлеуметтік-мәдени типіне жататын мұндай ортада көшпелі мал шаруашылығы қарқынды дамыды, халықтың басым көпшілігі жыл мезгілдеріне қарай ауысып отыратын көшпелі өмір салтын ұстанды.Көшпелі шаруашылыққа қажетті су шығару үшін малшылар терең құдықтар қазып, шыңыраудан су шығарды. Малға азық-түлік пен судың жетіспеушілігі оларды тез арада қоныс аударып отыруға мәжбүр етті, сөйтіп көш жолдарының шиырлана түсуіне алып келді. Соның нәтижесінде мұндай жерлерде төрт түліктің ішінен тек шыдамдылары ғана, атап айтқанда, қой мен түйе қалды, ал материалдық мәдениеттің барша белгілері – киіз үй мен үй жабдықтары мен үйдің тұрмыс-тіршілігіне қажетті дүниелердің барлығы да ұдайғы көшпелі өмір салты мен мал шаруашылығына толықтай сай келді.
Мал шаруашылығының тағы бір түрі топырағы құнарлы, азық-түлік, жем-шөбі мол, жауын-шашыны тұрақты, табиғи су көздері жеткілікті аудандарда дамыды. Бұлардың қатарына дала және орманды өңірлердегі өзен-көлдер атырабтары, тау бөктерлері мен таулы аймақтар жатады. Мал азығы мен судың жеткілікті болуы бұл жерлерге ұзағырақ қоныстанып, азырақ көшуге мүмкіндік берді. Шаруашылықтың мұндай түрінде түйе мен уақ малдарға қарағанда жылқы мен сиыр көбірек бағылды.
Достарыңызбен бөлісу: |