Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің шешімімен бекітілген



Дата27.02.2020
өлшемі43,03 Kb.
#58701
Қазақстан халқы Ассамблеясы

Кеңесінің шешімімен

БЕКІТІЛГЕН

хаттама № 18-35-4.3

2018 ж. «20» қараша

Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктерін қоғамдық аккредиттеу ережесі
1. Жалпы ережелер

1. Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктерін (бұдан әрі – этномәдени бірлестіктер) қоғамдық аккредиттеудің осы ережесі Қазақстан Республикасының «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» 2008 жылғы 20 қазандағы Заңына сәйкес әзірленді және этномәдени бірлестіктерді, олардың филиалдары мен құрылымдық бөлімшелерін қоғамдық аккредиттеу тәртібін айқындайды.

2. Қоғамдық аккредиттеу деп этномәдени бірлестіктердің, олардың филиалдары мен құрылымдық бөлімшелерінің қызмет деңгейін Қазақстан Республикасының «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңының өлшемдері мен талаптарына сәйкес деп тану түсініледі.

Құрылымдық бөлімшелер деп этномәдени бірлестіктердің өкілдіктері, сондай-ақ этномәдени бірлестіктердің қауымдастығы (одағы) құрамындағы этномәдени бірлестіктер түсініледі.

Этномәдени бірлестікті, олардың филиалдары мен құрылымдық бөлімшелерін Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктерінің Тізіліміне (бұдан әрі – Тізілім) енгізу қоғамдық аккредиттеудің нәтижесі болып табылады.

3. Тізілім Қазақстан халқы Ассамблеясының порталында орналастырылады және ашық қол жетімді болып табылады.

Тізілімді жүргізуді Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ (бұдан әрі – Жұмыс органы) қамтамасыз етеді.

4. Қоғамдық аккредиттеудің әрекет ету мерзімі этномәдени бірлестіктің, филиалдың, құрылымдық бөлімшенің Тізілімге енгізілген күнінен бастап 3 жыл.

5. Республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктерді қоғамдық аккредиттеуді Аккредиттеу жөніндегі комиссия (бұдан әрі – Комиссия) жүзеге асырады.

Комиссия Қазақстан халқы Ассамблеясы (бұдан әрі – ҚХА) мүшелерінің қатарынан құрылады.

Комиссия құрамына мемлекеттік органдар мен мекемелердің өкілдері кіре алады, бұл ретте олардың саны комиссия құрамының 1/3-нен аспауы тиіс.

Комиссия құрамын ҚХА Кеңесі бекітеді.

6. Жергілікті этномәдени бірлестіктерді, олардың филиалдары мен құрылымдық бөлімшелерін, сондай-ақ республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің филиалдары мен құрылымдық бөлімшелерін қоғамдық аккредиттеуді осы Ережеге сәйкес, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың Қазақстан халқы Ассамблеялары жанындағы аккредиттеу жөніндегі өңірлік комиссиялар жүзеге асырады.

Аккредиттеу жөніндегі өңірлік комиссиялар (бұдан әрі – өңірлік комиссия) тиісінше, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың Қазақстан халқы ассамблеялары мүшелерінің қатарынан құрылады.

Өңірлік комиссияның құрамына мемлекеттік органдар мен мекемелердің өкілдері енгізіле алады, бұл ретте олардың саны өңірлік комиссия құрамының 1/3-нен аспауы тиіс.

Өңірлік комиссияның құрамын өңірлік Қазақстан халқы ассамблеясының Кеңесі бекітеді.

7. Комиссияның (өңірлік комиссияның) отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ жылына кемінде бір рет өткізіледі.

8. Этномәдени бірлестіктерді қоғамдық аккредиттеу қағидаларын, Комиссия (өңірлік комиссия) туралы ережені Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының ұсынуы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі бекітеді.


2. Аккредиттеуді жүргізу тәртібі:

9. Қоғамдық аккредиттеуге қатысу және Тізілімге енгізу үшін этномәдени бірлестік Комиссияға (жергілікті комиссияға) мынадай құжаттарды ұсынады:

1) осы Ереженің № 1-қосымшасына сәйкес нысан бойынша өтініш;

2) бірлестікті Қазақстан Республикасында заңды тұлға ретінде мемлекеттік (есептік) тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің көшірмесі;

3) бірлестіктің филиалдарын заңды тұлға ретінде мемлекеттік (есептік) тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің көшірмесі;
4) этномәдени бірлестіктің құрылтайшылық құжаттарының (жарғының, ереженің, құрылтайшылық жиналысы хаттамасының) көшірмелері;

5) азаматтардың этномәдени бірлестіктің филиалдарын құру туралы конференциялары (жиналыстары) хаттамаларының көшірмелері:

а) республикалық бірлестік республика облыстарының жартысынан астамының хаттамаларын ұсынады;

б) өңірлік бірлестік республиканың екі немесе одан да көп облыстарынан хаттамалар ұсынады;

6) қоғамдық бірлестіктің, филиалдың басшы органының орналасқан жерін растайтын құжат;

7) этномәдени бірлестіктің, филиалдың № 2 Қосымшаға сәйкес паспорты.

Республикалық және (немесе) өңірлік этномәдени бірлестікке қоғамдық аккредиттеуді жүргізу туралы өтінішке бірлестіктің филиалдарын, құрылымдық бөлімшелерін аккредиттеу туралы өңірлік комиссиялардың шешімдері қоса беріледі.

10. Республикалық және (немесе) өңірлік этномәдени бірлестікке қоғамдық аккредиттеуді жүргізу туралы өтініш Комиссияға ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ (бұдан әрі – жұмыс органы) арқылы беріледі.

Жергілікті этномәдени бірлестікті, филиалды, құрылымдық бөлімшені аккредиттеуді жүргізу туралы өтініш тиісті өңірдің әкімі аппаратының ҚХА хатшылығы (бұдан әрі – жұмыс органы) арқылы өңірлік комиссияға беріледі.

11. Құжаттарды қараудың және Комиссияның (өңірлік комиссияның) қоғамдық аккредиттеу туралы шешім қабылдауының жалпы мерзімі Жұмыс органы (жұмыс органы) өтінішті қабылдаған күннен бастап отыз жұмыс күнінен артық болмауы тиіс.

12. Құжаттардың толық еместігі немесе Ереженің талаптарына сәйкес еместігі анықталған жағдайда Жұмыс органы (жұмыс органы) анықталған кемшіліктер жойылғанға дейін өтінішті қарауды тоқтата тұрады және бұл туралы этномәдени бірлестікті, филиалды, құрылымдық бөлімшені хабардар етеді. Бұл ретте, осы Ереженің 11-тармағында белгіленген, құжаттарды қарау мерзімі тоқтатылады.

Құжаттарды қарау мерзімі этномәдени бірлестіктің, филиалдың, құрылымдық бөлімшенің талап етілген құжаттары Жұмыс органына (жұмыс органына) келіп түскен күннен бастап жаңартылады.

13. Құжаттардың Ереженің талаптарына сәйкес келмеуі немесе толық еместігі анықталған жағдайда, құжаттар этномәдени бірлестікке, филиалға, құрылымдық бөлімшеге шешім қабылдамай, Комиссиямен (өңірлік комиссия) тікелей қайтаруға жатады.

Этномәдени бірлестік, филиал, құрылымдық бөлімше анықталған бұзушылықтарды жойғаннан кейін Комиссияға (өңірлік комиссияға) жалпы негізде қоғамдық аккредиттеуді жүргізуге өтінішпен қайта жүгінуге құқылы.

14. Қарау нәтижелері бойынша Комиссия (өңірлік комиссия):

- этномәдени бірлестікті, филиалды, құрылымдық бөлімшені аккредиттеу туралы;

- этномәдени бірлестіктің, филиалдың, құрылымдық бөлімшенің аккредиттеуден өтпеуі туралы;

- аккредиттеу туралы шешімнің күшін жою туралы;

- аккредиттеу мерзімін ұзарту немесе ұзартудан бас тарту туралы шешім шығарады.

15. Аккредиттеуден өткізбеуге және (немесе) аккредиттеу туралы шешімді жоюға мыналар:

1) этномәдени бірлестік, филиал, құрылымдық бөлімше қызметінің мақсаттарының, міндеттерінің және (немесе) негізгі бағыттарының Қазақстан Республикасының «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңының өлшемдері мен талаптарына сәйкес келмейтіндігі анықталуы;

2) этномәдени бірлестіктің, филиалдың, құрылымдық бөлімшенің осы Ереженің 9-тармағына сәйкес талап етілетін құжаттарды ұсынбауы;

3) этномәдени бірлестіктің, филиалдың, құрылымдық бөлімшенің жұмыс істеу ұзақтығы мемлекеттік тіркелген күннен бастап 1 жылдан кем болуы негіз болып табылады.

16. Этномәдени бірлестіктің, филиалдың, құрылымдық бөлімшенің құжаттарында дәйексіз және (немесе) бұрмаланған ақпараттың анықталуы аккредиттеуден өткізбеуге немесе аккредиттеуді жоюға негіз болып табылады.

17. Осы Ереженің 15-, 16-тармақтарында көзделген негіздер анықталған жағдайда Ассамблея Хатшылығы шешім қабылдау үшін Комиссияға (өңірлік комиссияға) хабарлай отырып, Тізілімге тиісті белгі енгізе отырып, этномәдени бірлестіктің, филиалдың, құрылымдық бөлімшенің қоғамдық аккредиттеуін тоқтата алады.

18. Комиссияның және өңірлік комиссиялардың қоғамдық аккредиттеу және (немесе) аккредиттеу туралы шешімнің күшін жою туралы шешімдері

3 жұмыс күнінен кешіктірмей этномәдени бірлестікті, филиалды, құрылымдық бөлімшені Тізілімге енгізу немесе Тізілімнен шығару үшін жұмыс органына беріледі.
3. Этномәдени бірлестікті Тізілімнен шығарудың негіздері мен тәртібі:

19. Этномәдени бірлестік, филиал, құрылымдық бөлімше аккредиттеуді жою туралы Комиссияның (өңірлік комиссияның) шешімі негізінде Тізілімнен шығарылады.

20. Этномәдени бірлестікті, филиалды, құрылымдық бөлімшені қоғамдық аккредиттеу мынадай жағдайларда:

1) этномәдени бірлестік, филиал, құрылымдық бөлімше қайта ұйымдастырылса немесе таратылса;

2) ҚХА Хатшылығының этномәдени бірлестік, филиал, құрылымдық бөлімше қызметінің Қазақстан Республикасы «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңының мақсаттары мен міндеттеріне, өлшемдері мен талаптарына сәйкес келмеуі туралы ұсынысы негізінде Комиссияның (өңірлік комиссияның) шешімдері болғанда;

3) Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің (облыстардың (астананың, республикалық маңызы бар қалалардың) Қазақстан халқы ассамблеялары Кеңестерінің) этномәдени бірлестікті, филиалды, құрылымдық бөлімшені аккредиттеудің күшін жою туралы шешімдері болғанда тоқтатылады.




4. Қорытынды ережелер
21. Этномәдени бірлестік қайта ұйымдастырылған жағдайда бір ай мерзімде Комиссияға (өңірлік комиссияға) осы Ережелердің 1-, 2-қосымшаларына сәйкес нысан бойынша өтініш пен құжаттарды ұсынады.

22. Этномәдени бірлестік, филиал, құрылымдық бөлімше атауы немесе заңды мекенжайы өзгерген жағдайда он бес жұмыс күні ішінде бұл туралы Жұмыс органын хабардар етеді.

23. Этномәдени бірлестік, филиал, құрылымдық бөлімше қоғамдық аккредиттеу мерзімі аяқталғанға дейін бір айдан кешіктірмей Жұмыс органына (жұмыс органына) аккредиттеу мерзімін ұзарту туралы өтініш береді.

Өтінішке этномәдени бірлестіктің, филиалдың, құрылымдық бөлімшенің Қазақстан халқы Ассамблеясының мақсаттары мен міндеттерін іске асыру бойынша оның қызметіне қатысуы туралы ақпарат қоса беріледі.

Мерзімді ұзарту мәселесі бойынша Комиссияның (өңірлік комиссияның) шешімі қабылданғанға дейін этномәдени бірлестік, филиал, құрылымдық бөлімше Тізілімде өз орнын сақтайды.

24. Аккредиттеу мерзімін ұзарту туралы өтініш Комиссияның (өңірлік комиссияның) таяудағы отырысында қаралады.

Комиссияның (өңірлік комиссияның) шешімі үш жұмыс күні ішінде Жұмыс органына беріледі.

Комиссияның (өңірлік комиссияның) оң шешімі болған жағдайда аккредиттеу мерзімі келесі үш жылға ұзартылады.

25. Комиссияның (өңірлік комиссияның) шешіміне этномәдени бірлестік Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесіне (өңірлік Қазақстан халқы ассамблеясының Кеңесіне) шағымдана алады.

__________________________________________________



Этномәдени бірлестіктерді

Қоғамдық аккредиттеу ережелеріне

1-қосымша

Нысаны




Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктерін қоғамдық аккредиттеу жөніндегі комиссияға

___________________________________

(этномәдени бірлестіктің басшысы

(тегі, аты, әкесінің аты)

_____________________________________

(мекенжайы, телефоны, электрондық поштасы)


Өтініш



     Сізден _________________________________________________________________

(этномәдени бірлестіктің, филиалдың, құрылымдық бөлімшенің атауы)

қоғамдық аккредиттеуден өткізуді және Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктерінің Тізіліміне енгізуді сұраймын.

Өтінішке мынадай құжаттар қоса беріледі:
      1) ____________________________________________________________
      2) ____________________________________________________________
      4) ____________________________________________________________
      5) ____________________________________________________________



МО ________________    ______________________________________________
      (қолы)           (тегі, аты, әкесінің аты)

20 __ ж. «____» ______________

Өтініш түскен күн 20 __ ж. «____» ______________

Тіркеу нөмірі _____
_________________________________________________________________
(жауапты тұлғаның) қолы, тегі, аты, әкесінің аты)
Этномәдени бірлестіктерді

Қоғамдық аккредиттеу ережелеріне

2-қосымша
ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІКТІҢ

ПАСПОРТЫ

(этномәдени бірлестіктің басшысы жеке өзі толтырады)

1. Тіркелуі және орналасқан жері туралы мәліметтер:

  • ұйымдық-құқықтық нысаны және толық атауы

  • заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу, заңды тұлғаны мемлекеттік қайта тіркеу күні мен нөмірі (мемлекеттік қайта тіркеу болған жағдайда көрсету)

  • орналасқан жері, заңды және нақты мекенжайы

  • бірлестіктің мәртебесі (республикалық, облыстық, қалалық, аудандық)


2. Басшылық туралы мәлімет:

  • Бірінші басшының тегі, аты, әкесінің аты, қысқаша өмірбаяны, жұмыс тәжірибесі, байланыс деректері, басқа коммерциялық емес ұйымдарда (атауы) тең құрылтайшылығы

  • Бірінші басшының орынбасарының (орынбасарларының) тегі, аты, әкесінің аты, байланыс деректерімен қоса

  • оларды сайлау немесе тағайындау үшін негіздеме (жалпы жиналыстың немесе басқа уәкілетті органның хаттамасы, күні мен нөмірі)


3. Құрылтайшылар туралы мәліметтер:

  • құрылтайшылардың тегі, аты, әкесінің аты, байланыс деректері көрсетілген тізімі (егер құрылтайшы заңды тұлға болса, атауын, БИН, тіркеу нөмірінің аналогын көрсету)


4. Этномәдени бірлестік туралы мәліметтер:*

  • тіркелген мүшелер мен активтің саны

  • штаттық қызметкерлер саны

  • меншігіндегі және жалға алынған үй-жайлардың болуы (алаңы (м2), олардың нысаналы мақсаты (мұражайлар, көрме залдары, сыныптар және т. б.)

  • ұйымдастыру техникасымен, байланыс құралдарымен, Интернетпен (жеке желінің болуы) жабдықталуы

  • автокөліктің болуы (саны, түрі)

  • қаржыландыру: көздері, көлемі, баламалы көздердің болуы (коммерциялық қызмет, демеушілік көмек және т. б.)

  • БАҚ болуы (интернет-сайт)


5. Филиалдары мен өкілдіктері: **

  • филиалдың (өкілдіктің) толық атауы

  • есептік тіркеу, қайта тіркеу күні мен нөмірі (есептік қайта тіркеу болған жағдайда көрсету)

  • орналасқан жері (мекенжайы, байланыс деректері)

  • филиалдың (өкілдіктің) басшысының тегі, аты, әкесінің аты


6. Этномәдени бірлестік қызметінің мазмұны:

  • Жарғыға (Ережеге) сәйкес бірлестіктің мәні, мақсаттары мен міндеттері

  • Жарғыға (Ережеге) сәйкес қызметтің негізгі бағыттары

  • іске асырылған және іске асырылатын дербес жобалар (мақсаттары, іс-шаралардың қысқаша мазмұны, нәтижелері)

  • мемлекеттік органдармен және ұйымдармен ынтымақтастық (іс-шаралардың бағыттары, форматы, қысқаша мазмұны, нәтижелері)

  • Қазақстан халқы Ассамблеясымен және ҚХА құрылымдарымен өзара іс-қимыл (іс-шаралардың бағыттары, форматы, қысқаша мазмұны, нәтижелері)

  • азаматтық қоғамның басқа институттарымен ынтымақтастық (бағыттары, форматы, іс-шаралардың қысқаша мазмұны, нәтижелері)

  • этностың тарихи шығу елінің ұйымдарымен ынтымақтастық (бағыттары, форматы, іс-шаралардың қысқаша мазмұны, нәтижелері).

_________________________________________________________________

* сұратылған ақпарат бойынша мәліметтер болмаған жағдайда сызықша қойылады

** құрылымдық бөлімшенің паспортын толтыру кезінде қауымдастық нысанындағы этномәдени бірлестіктер – қауымдастық мүшелері туралы деректер келтіріледі

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет