Еңбектері: Маги, боги, действительность. Алма-Ата: Казахстан, 1975- 254с.; Образ жизни. Религия. Атеизм. Алма-Ата, 1983.-214с. Дереккөздер: С. Торайгыров атындағы ПМУ. Өмiр-өзен: Қатыршат Шапағатұлы Шүлембаев туралы естелiктер. - Алматы, 2002. – 126 б.
Шығыс философиясындағы кемелденген адам мәселесі
Жан-жақты жетілген адам мәселесі бүгінгі күн тұрғысынан алып қарағанда өзінің маңыздылығын жоймаған өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Соңғы жылдары біздің елімізде, жалпы дүниежүзіндегі түбегейлі өзгерістерге байланысты бұрынғы құндылықтар өзінің мән-мағынасын жойса, жаңа құндылықтар әлі бой көтере алған жоқ. Әлеуметтік идеал, жан-жақты жетілген адам мәселесі, әсіресе Шығыс философиясында терең түп-тамыры бар және кең тараған философиялық ілім. Адам туралы алғашқы көзқарастар Ежелгі Шығыс дүниесінде қалыптасты. Ежелгі Үнді философиясында адам мәселесі Веды әдебиетінде, соның ішінде Упанишады текстінде кездеседі. Онда ең алдымен әдептілік жағынан өзін-өзі жетілдіру, осы дүниедегі қайғы қасіреттен құтылу жолдары туралы қарастырылады. Ежелгі Үнді философиясында осы дүниенің әсерінен қаншама құтыла алғанына байланысты адам жетілген болып есептелінеді. Осы дүниенің әсерінен құтылу дегеніміз – жеке адам жанының (атманның) дүниежүзілік жанмен (брахманмен) қосылуы. Ежелгі Үнді философиясында – буддизмде – жан-жақты жетілген адамның жеке бастық моделі негізделеді. Буддизм адамның жетілуінің психологиялық жағына, оның ішкі дүниесіне көбірек көңіл бөлді. Буддизмде негізделген жан-жақты жетілген адам ілімі бойынша осы дүниеден безген, өзінің ішкі дүниесіне көбірек көңіл бөлген адамды “жетілген адам” деп қарады.
Ежелгі Қытай философиясында да “жан-жақты жетілген адам” мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Қытайдың ұлы философы Конфуций адам мен социум арасындағы қарым-қатынастарды үйлестіру мақсатымен “жан-жақты жетілген адамның” әлеуметтік-нормативтік моделін, әлеуметтік идеал ретінде цзюнь цзы немесе “парасатты ер” ілімінін негіздеді. Конфуцийдің осы ілімі бойынша адамның адам болуы “өзі үшін” емес, қоғам үшін болып табылады. Ұлы философ адамды оның әлеуметтік қызметін орындауы тұрғысынан алады, ал тәрбиелеуді – адамның өзінің әлеуметтік қызметін тиісті түрде орындауға бағыттау деп түсінеді. Егер Конфуций адамның әлеуметтік табиғатына көбірек көңіл бөліп, оны ең алдымен әлеуметтік-табиғи құбылыс деп қарастырса, Лао-цзы адамның табиғи жағына көбірек көңіл бөліп, оны табиғи әлеуметтік құбылыс деп қарайды.
Араб тілдік мұсылман философиясында да осы мәселеге (әл-инсан әл-кәмил) ерекше назар аударған. Бұл мәселе екі қарама-қарсы ағым шеңберінде: рационализм мен иррационализм тұрғысынан қарастырылды. Рационализмді ұстанушы философтардың пікірі бойынша жан-жақты жетілген адам дегеніміз тек қана әдептілік нормалары мен принциптеріне сәйкес келген адам ғана емес, сонымен қатар парасатты, білімді, бүкіл өмір болмысын ақыл-ойға негізделген адам деп есептеді. Олардың пікірі бойынша әдепті адам деп біліміді, парасатты адамды айтса, ал білімді адам міндетті түрде әдепті деп танылды. Ал иррационалистік философия бойынша, ол ең алдымен суфизм философиясы, әл-Ғазали философиясы, онда жан-жақты жетілген адам деп дәстүрлі түрде әдептілік тұрғысынан жетілген адамды қарастырды. Бірақ олардың осы мәселелер бойынша ерекшелігі, жетілген адамның жоғары көрінісі ретінде - өзіне, өзінің ішкі дүниесіне үңілген, өзінің өмірін Абсолюттік ақиқатты тану арқылы Құдаймен жақындасуға арнаған, тариқат жолына түскен адамды айтады.
Ұлттық қазақ философиясында осы мәселе жалпы Шығыс философиясы шеңберінде қарастырылып, адамды этика, адамгершілік мәселесі тұрғысынан қарай отырып, сонымен қатар білімділікке, парасаттылыққа да ерекше назар аударылып отырылды. “Қазақтың” немесе “түркі тілдес халықтарының Конфуцийі” деген атаққа ие болған Ж. Баласағұн Конфуций сияқты адам мен адам, адам мен мемлекет ара-қатынасы, әсіресе мемлекетті басқару мәселелеріне көбірек көңіл бөлуіне байланысты, жан-жақты жетілген адам мәселесін осы тұрғыдан қарастырады. Әл-Фараби бұл мәселені “идеалдық қоғам”, осы “идеалдық қоғамды” басқару тұрғысынан қарастырады. Әл-Фараби бақыт мәселесіне, ең алдымен адамның осы дүниеде бақытты өмір сүруінің жолдарын іздестіруге өзінің философиясын бағыттады. Сонымен қатар, әрбір жеке адамның жетілуінде ақыл-ойдың, парасаттылық пен білімнің рөлін ерекше жоғары бағалады.
Отандық философияда жан-жақты жетілген адам ілімін неғұрлым толық және жоғары дәрежеде дамытқан Абай болып табылады. Абай осы мәселе бойынша Батыс және Шығыс философиясын зерттеу арқылы “толық адам” ілімін өте ауқымды мәселе ретінде қарастырған. Абайдың осы ой-толғаулары мен философиялық ізденістерінде адам мәселесі орталық орын алады. Абай адам мәселесін жан-жақты философиялық, биологиялық, психологиялық, эстетикалық және этикалық тұрғыдан қарастырады. Абайдың бүкіл философиясының квинтэссенциясы, негізгі принципі ретінде “Адам бол!” деген ой тұжырымын алуға болады. Абай өзінің бүкіл болмысын, білімі мен өмірлік тәжрибесін, поэзия мен прозасын, бүкіл ой-толғанысы мен философиясын адам бойында кісілік пен адамгершілікті, білімділік пен парасаттылықты, әділеттілік пен қайратты, елдің қамын, бүкіл адамзат қамын ойлайтын, дүниеге әлем тұрғысынан қарайтын Азамат адамды тәрбиелеуге жұмсады. Адам үшін оның өміріне мән беріп тұрған негізгі нәрсе - өз бойындағы адамилықты жоймау, бүкіл өмір бойында адамға лайықты өмір сүру. Осы дүниеге адам болып келгендіктен, осы дүниеден де адам болып кету керек. Адамның адамдық қасиетін өмір сүру барысында жоғалтып алмау бұл да адамның ең алдымен өз алдында, басқа адамдар алдындағы жауапкершілігі, ол адам тарапынан белгілі бір ерік-жігерді, қайратты қажет етеді. Абайдың “толық адам” ілімі – адам, адамдылық, адамгершілік принциптеріне негізделген. Абайдың осы мәселені өзінің терең мағыналы философиялық жүйесінің орталық, өзекті мәселесі ретінде алуы оның өз халқының бойында адамилықты дамыту, тәрбиелеу, адамның өмірінің соңына дейін өзінің адамдық қалпын сақтай алуы, бір сөзбен айтқанда “адам болуын” тілеген ой-толғанысының, жүрек қобалжуының нәтижесі деп қарау керек. Байтенова Н.Ж.
Достарыңызбен бөлісу: |