АТЕИЗМ (грек. А – сыз, сіз емес қосымшасы және theos – құдай) – табиғаттан тыс күштерге (рухтар, құдайлар, ақыреттік өмір т. б.) сенуді жоққа шығаратын көзқарастар жүйесі, бүкіл дін атаулыны бекерге шығару. Адамзаттың тарихи даму барысында А. әр түрлі әлеуметтік топтардың идеялық қаруы ретінде пайдаланылды. Маркстік А. диалектикалық және тарихи материализмді өзінің филос. негізі етіп алды. Ол атеистік тәрбие жүйесінің теориялық негізін құрайды. Коллективтендіру, тәркілеу т. б. саяси науқандарда дін иелері қатты қудаланды. 1932 ж. КСРО бойынша дінге қарсы 10 газет, 23 журнал шығарылды. 1954 жылғы 7 шілдеде және 10 қарашада СОКП ОК-і атеистік насихатты күшейу туралы арнайы қаулылар қабыл- данғаннан кейін бұл бағыттағы жұмыстар жаңа қарқын алды. Жоғары оқу орындарында ғылыми атеизм негіздері курсы оқытылатын болды. КСРО ҒА-ның Тарих ин-ты жанынан 1947 жылдан ұйымдастырылған дін тарихы және атеизм секторы «Дін тарихы және атеизм мәселелері» деп аталатын журнал шығара бастады. 1964 ж. СОКП ОК-нің шешімімен Қоғамдық ғы- лымдар академиясы жанынан Ғылыми атеизм ин-ты құрылып, «Ғылыми атеизм мәселелері» атты мерзімді басылымды жарыққа шығара бастады. Кеңестік жүйенің әрбір халыққа тән өзіндік салт дәстүр, діни сенім-наным ерекшеліктерін күштеп жою бағытында жүргізген әрекеттері бұқара халықты рухани тоқырауға соқтырды. КСРО ыдырап, ондағы көпшілік елдер, соның ішінде Қазақстан өз егемендігін алғаннан кейін, дін мәселесі Конституциямыздың аясында өз жолын, арнасын тапты. «Әркім өзінің қай ұлтқа, қай партияға және қай дінге жататынын өзі анықтауға... хақылы» делінген онда (19-бап).