ИНТЕРМӘТІН – бір мәтіннің өзге мәтінге кіруі, мәтіндердің кірігуі. Бұл ұғымды әдеби мәтінді көп дауысты құрылым ретінде қарастырған М. Бахтиннің ықпалымен Ю. Кристева кіргізген. Ол үшін мәтін дегеніміз мәтіндер мен таңбалардың өрімі, өзге мәтіндердің өзгеріске түскен нұсқасы. И. мәтін шекарасын бұлдыратып, оны жаңаша пайымдауға жол аша түседі. И. негізгі қасиеті оның ішкі әртектілігі, ашықтығы, көпнұсқалығы. Мәтін өзге мәтіндерден, өзге мәтіндерге қатысты шығарылады және тек бұрынғы мәтіндерге қатысты емес. И-дік аталатын құбылысқа кейде шығармадан кейін жазылған мәтіндерді енгізеді. Мәтіннің қайнар көздері тек мәтіннен бұрын емес, онан кейін де тірлік етеді, – дейді Р. Барт. Бұл тұрғыда, кез-келген мәтін өзге мәтіндер кеңістігінде жанданып, қосымша мағына тудырады. И-дік құбылыс семиотикалық жүйе ретінде бүкіл мәдениетті қамтиды. И. тұрғысынан мәтін мен оқырман, оқу мен хат арасындағы айырмашылық және қарсы тұру жоққа шығарылады.
Әдебиет: Философия. Энциклопедический словарь. – М., 2004; Мәдени- философиялық энциклопедия. – Алматы: Раритет, 2007.
ИНТЕРНАЛИЗМ ЖӘНЕ ЭКСТЕРНАЛИЗМ – ғылымның генезисіне, қалыптасуы мен дамуының тарихына деген екі қарама-қарсы бағыттағы көзқарастар. Интерналистік бағыт бойынша, ғылым дамуының көзі оның өз ішінде, оның ішкі мүмкіндіктеріне, потенциясында. Яғни ғылым дамуының өз ішкі логикасы бар және ол ойлау тәсілінің өзгеруіне байланысты. Мұндай бағыттағы көзқарасты А. Койре, Дж. Агасси, Р. Холл сияқты авторлардың еңбектерінен кездестіруге болады. Э-стік бағыт ғылыми білімнің дамуын әлеуметтік-экономикалық жағдайлардағы өзгерістермен байланыстырады, яғни сыртқы себептерге жүгінеді (Б.М. Гессен, Дж. Бернал, Р. Мертон және т. б.). Қазіргі философиялық-әдіснамалық әдебиетте бұл екі бағыттағы көз- қарастардың қарама-қарсылығын жеңуге, сөйтіп синтезді бағыт ұстануға деген талпыныстар бар. Мысалы, Т. Кунның парадигмалық тұғырнамасы (концепциясы) осындай бағдар ұстайды, оның түсіндіруінше, қандай да болмасын ғылым дамуының бас кезінде оған қоғам тарапынан әлдебір әлеуметтік мұқтаждық түрткі болады, ал оның толықсыған шағында дамуы көбіне интерналистік тұрғыда, яғни ішкі себептердің әсерімен анықталады.
ИНТЕРПРЕТАЦИЯ(лат. Interpretation – түсіндірме беру, түсіну) – тео- рияның элементтеріне (символдарға, формулаларға, өрнектерге және т. б.) мән-мағына беру, сөйтіп оны тұтас түсіну және түсіндірмелеу. Мысалы, кванттық механикаға немесе А. Эйнштейннің қатынастылық теорияларына И. жасаудың ғалымдар мен философтар арасында талай пікірталас тудыр- ғаны белгілі.
И. философиялық (гносеологиялық, әдіснамалық) негізсіз мүмкін емес. Деңгейі бойынша И. эмпириялық және теориялық болып екіге бөлінеді. И. ақиқат болуы үшін оған белгілі бір талаптар қойылады: ол өз предметіне адекватты, логикалық дәйекті, әрі толық болуы тиіс. Теория төңірегінде әртүрлі И-лар туындап, олардың арасында бәсекелік қарым-қатынастар орнығып, белгілі бір интеллектуалдық ахуал пайда болады. Бұл теорияның нақтылануына, әрі қарай дамуының перспективасын анықтауға мүмкіндік берері және оны практикада дұрыс қолдануға жол ашады. Герменевтикада И. мәтінді түсіндірмелеу, оның мән-мағынасын (мазмұнын) түсіну дегенді білдіреді. Мысалы, көркем әдебиет туындыларына немесе киелі кітаптарға (Інжілге, Құранға және т. б.) И. берудің оңай еместігі, дау-дамай туғызатыны, әртүрлі жолдары бар екендігі белгілі.