Тәрбие мен оқыту мазмұны және күтілетін нәтижелер
4 жастан 5 жасқа дейінгі балаларды тәрбиелеу мен оқыту олардың дене, ақыл-ой, адамгершілік, эстетикалық дамуына, денсаулығын нығайтуға, білім, білік және дағды негіздерін қалыптастыруға бағытталған.
Ортаңғы топта ұйымдастырылған оқу қызметі аптасына 14 сағатты құрайды (соның ішінде 2 сағат вариативті компонентті құрайды), 15-20 минуттан Үлгілік оқу жоспарына сәйкес өткізіледі.
Аталған жастағы балалардың мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұнын меңгеруі білім беру салаларын кіріктіру және заттық-дамытушы ортамен қамтамасыз ету жолымен жүзеге асырылады.
Балалардың өз іс-әрекетін жоспарлауы, белгілі бір ойды құрып, жүзеге асыра білуі жетілдіріледі, әрекеттің мақсатын, оған жету тәсілдерін ойластырады.
Дидактикалық, қимылды және бірлескен сюжетті-рөлді ойындар ерекше маңызға ие болады. Ойын барысында балалардың танымдық процестері, мінез-құлық дағдылары қалыптасады, байқағыштығы дамиды, ережелерге бағына алады.
Топта заттық-кеңістіктік орта балалардың шағын топтармен ұйымдастырылған оқу қызметін және ойнау мүмкіндіктерін ескере отырып ұйымдастырылады. Құрал-жабдықтар, ойыншықтар балалардың еркін қозғалуына кедергі келтірмейтіндей орналастырылады. Баланың ойланып, қиялдауы үшін уақытша оңашалану орнын қарастыру қажет.
Тәрбиешінің міндеті- балаларға қолайлы жағдай жасау, белсенді қимыл әрекетін ұйымдастыру, балалардың шаршауын болдырмау үшін әртүрлі белсенді әрекеттерді демалыспен ауыстырып отыру.
«Денсаулық» білім беру саласы
Балалар қимылдардың нәтижесіне, олардың дұрыс орындалуына қызығушылық танытады, табиғилық, жеңілдік, ырғақтық қалыптасады. Балалардың қимылдарға деген қажеттілігі қимылды ойындарда, дербес қимыл белсенділігінде, арнайы ұйымдастырылған оқу қызметінде жүзеге асырылады.
Осы жастағы балаларды түрлі негізгі қимыл түрлерін орындауға жаттықтырады. 4-5 жастағы бала ағзасы қызметінің мүмкіндіктері жалпыланған түрдегі негізгі қимылдарды меңгеру үшін ғана шынайы алғышарттарды қалыптастырып қана қоймайды, сондай-ақ қимылдардың жеке элементтерін бөліп көрсетуді (бағыты, жылдамдығы), орындалған әрекеттердің реттілігін талдауды және қабылдауды қалыптастырады. Сондықтан баладан қимылдарды орындаудың (сапасын) арнайы техникасын талап етуге болады, өмірлік маңызды дене сапаларын: жылдамдық, күш, ептілікті дамытады.
Дене сапалары (жылдамдық, күш, ептілік және т.б.) бір-бірімен байланысты және балаларды негізгі қимылдардың кез-келген түріне-секіруге, тепе-теңдік сақтауға, лақтыруға, өрмелеуге үйретуде жетілдіріледі.
Секірулер қысқа уақыттық болғанымен, бұлшық еттерге күшті салмақ түсіреді, жылдамдықты дамытады, өзінің күшін жинақтауға үйретеді. Тепе-теңдік сақтау жаттығуларының ерекшелігі кеңістікте дене қалпын жылдам ауыстыру,музыкалық сүйемелдеуге сәйкес түрлі қарқында таныс әртүрлі дене жаттығуларын орындау болып табылады.
Таңертеңгі жаттығу 6-8 минут өткізіледі. Жалпы дамытушы жаттығулардың саны-7, олар 7 рет қайталанады. Жүгірудің ұзақтығы- 20 сек. Балалар жүрумен 3 рет ауыстыра отырып, үздіксіз 8 рет секіреді. Жалпы дамытушы жаттығулар үшін ұсақ дене шынықтыру жабдықтары қолданылуы мүмкін: жалаушалар,текшелер, құрсаулар, доптар.
Жалпы дамытушы жаттығулардың бастапқы кешендерін үйреткенде жаттығуларды орындаудың келесі реті қолданылады: көрсету және түсіндіру (түсіндіру кезінде санау қаолданылмайды), бастапқы қалыпта тұру, содан кейін белгілі бағытта жаттығуларды орындауға нұсқаулар (оңға-солға, төмен-жоғары және т.б.) беріледі.
Егер таныс жаттығу болса, келесі реттілік ұсынылады:
1.жаттығудың атауы;
2.бастапқы қалыпта тұру;
3. орындау бағыты.
Ортаңғы топта таңертеңгі жаттығуды өткізуде тәрбиешінің көрсетуі, алдын-ала дайындаған баланың жартылай көрсетуі, сондай-ақ саптағы жаттығуларды орындағанда бұйрықтар қолданылады.
«Коммуникация» білім беру саласы
4-5 жастағы балалардың сөйлеуін дамыту үшін сөздік қорын белсенді кеңейту, тілдің грамматикалық құрылымын, шығармашылық сөйлеу әрекетін қалыптастыру тән болып келеді.
«Коммуникация» білім беру саласы «Драма» ұйымдастырылған оқу қызметімен толықтырылды. Осы топта тәрбиешінің әрекеті балалардың театр өнеріне және сахнаның мәнерлілік құралдарын белсенді меңгеруіне қызығушылықтарын дамытуға бағытталған. Ол үшін тәрбиеші балаларды театр өнерінің әртүрлерімен таныстыруды кеңейтеді, саусақ театры жұмысының тәсілдерімен (көлемді және саусақ) таныстырады, балалардың көлемді ойыншықтармен және жазық пішіндермен қолдану білігін жетілдіреді.
Саусақ кейіпкерлерін қолдану күрделі емес, сондықтан педагогқа бірнеше рет көрсету жеткілікті, балалар олармен жұмыс ерекшеліктерін жылдам меңгеріп алады.
4-5 жастағы бала үстел үсті театрының әртүрін меңгереді, қуыршақтармен әрекеттер жаңа мазмұнмен толықтырылады (ағаш негізге бекітілген қуыршақтар).
Театрландырылған іс-әрекет желілі-рөлді ойынмен және оның түрлерімен тығыз байланысты.
Ортаңғы топ балаларымен театрландырылған іс-әрекеттің ерекшелігі баланың біртіндеп «өзі үшін» ойыннан, кейіпкердің жағдайы, көңіл-күйі, эмоциясы үйлесетін, тұтастай бейненің көрсетілуіне бағдарланған ойынға ауысуында болып табылады.
Басында педагог әрекет өтетін орынды (орман, алаңқай және т.б.) көркемдеп суреттейді және балаларға жекелеген жолдарын айтқызып, шығарманы оқып береді, мәтінді айтқанда тыныс алуын басқара білуге, түрлі эмоцияларды білдіруде дауыс ырғағын келтіруге үйретеді. Содан кейін болып жатқан оқиғалардың реттілігін анықтайды. Рөлдерді бөлгеннен кейін кейіпкерлердің сыртқы келбеті, мінез-құлқы бойынша қиялдауға ынталандырады.
Жүргізушінің рөлін және балалар қойылымын басқаруды ересек өзі іске асырады. Жүргізушінің рөліне немесе ұйымдастырушы етіп көңілді қуыршақ Айгүлді қолдануға болады. Айгүл (ересек адам қолына қуыршақ ұстайды) балалардан театрландырылған ойынға не дайындау керектігін, рөлдерге кімді таңдайтындарын сұрайды.
Балалардың сахнаның мәнерлілік құралдарын ойдағыдай меңгеруі және бейнені беру тәсілдерін іздестіруде дербестігін дамыту үшін, тәрбиеші балаларға келесі үлгідегі ойын-жаттығуларды ұсынады:
-«Ойыншықты Түлкі, Қоян кейіпкерлердің атынан сұра»;
-«Сені кім шақырғанын тап»;
-«Күшікті, марғауды сипашы, олар жаңбырдың астында қалып қойды»;
-«Таңдануды, ашуды дауысыңмен жеткіз».
Арнайы шығармашылық тапсырмаларды орындаумен бірге, екінші жарты жылдықта балаларға сүйікті ойыншықтарымен болып жатқан қысқа ертегілерді, оқиғаларды ойластыруды ұсынуға болады. Басында тәрбиеші балаларды оқиғалар қайда, қашан өтіп жатқанын, кейіпкерлермен не болып жатқанын,оқиға немен аяқталатынын әңгімелеп беруге үйретеді. Мазмұнын дамыту үшін жетекші сұрақтармен бағыттап отыру қажет. Балалар осындай құрастыру үдерісін жылдам меңгереді.
Тәрбиеші балаларды бейнеге енгізу үшін атрибуттарды өздері дайындауға («Шығармашылықпен кіріктіру») қатыстырады. Түс үлгісінен алшақ болу (мысалы, егер ашулы болса- сұр немесе қара түс, ал мейірімді болса- ашық немесе қызыл түс және т.с.) маңызды. Балалар атрибуттарды өлшейді және олармен қойылымның мәтініне сәйкес әрекет етеді.
Спектакльдің барысында ескерту жасауға, әрекеттерін түзетуге болмайды. Спектакль аяқталғаннан соң қатысушыларды атау (мысалы, «рөлдерді орындағандар Марат Ибраев!!!!»).
Қойылымнан кейін барлық реквизиті мен декорациясы сақталады және балалардың дербес әрекетінде қолданылады.
Достарыңызбен бөлісу: |