Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі «мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығы ерте жастағЫ



бет6/8
Дата27.12.2016
өлшемі1,46 Mb.
#5420
1   2   3   4   5   6   7   8

«ТАНЫМ» БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫ
Мақсаты: заттар, табиғат, адамдар әлеміне қызығушылықтарын қалыптастыру.

«Таным» білім беру саласының базалық мазмұны:

- сенсорика;

- құрастыру;

- қоршаған ортамен таныстыру ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінде жүзеге асады.
Сенсорика

Мақсаты: заттардың ерекше қасиеті ретінде түсті, көлемді, пішінді атап көрсете білуге тәрбиелеу, осы қасиеттерді немесе сапаларды меңгерту.

Міндеттері:

1. Балаларды заттардың сенсорлық қасиеттеріне зейіндерін аударуға үйрету, біркелкі нысаналардың көлемі, пішіні, түсі бойынша ұқсастықтары мен айырмашылықтарын анықтаудың қарапайым жолдарын қалыптастыру.

2. Балалардың өздеріне жақсы таныс нысаналардың ерекшеліктерін жеткізе алуы үшін заттардың белгілерін өз еріктерімен қолдануларын бекіту.

3. Зат құралдарымен әрекет жасауларын, ұсақ қол моторикасын дамыту.



Мазмұны:

Заттық іс-әрекет

Зат құралдарын қолдануларын үйретуді жалғастыру; арнайы су толтырылған немесе суы жоқ ыдыстардан шарларды, жүзіп жүрген ойыншықтарды қармақпен аулау үшін ауды, ожауды қолдануды ұсыну; еңбек құралына ұқсайтын ойыншықтарды қолдану.

Өз әрекеттерінде зат құралдарды балалармен тәжірибелік міндеттерді шешу мақсатында өз еріктерімен ойын және тұрмыстық әрекеттерде қолдануларын мадақтау. Қол мен саусақ ұштарының қимылдарын және сенсомоторлық кеңістіктік «көз – қол» үйлесімділігін дамыту.

Балаларды біркелкі заттарды сенсорлық белгілері бойынша (көлем, пішін, түс) топтастыруға, ауызша нұсқау (үлкен, кіші, осындай, осындай емес) мен үлгіге сүйене отырып, тапсырмаларды орындауға үйрету.

Балаларды негізгі 8 түс (қызыл, қызыл сары, сары, жасыл, көк, күлгін, қара, ақ), 5 пішін (дөңгелек, шаршы, үшбұрыш, тік төртбұрыш, сопақша,), түрлі көлем (үлкен, кіші) бойынша заттарды топтастыруға үйрету.

Балалар жылдың басында көлемі (үлкен – кіші), пішіні (шаршы – дөңгелек, үшбұрыш – сопақша және т.б.), түсі (қызыл – көк, сары – қара, қызыл сары – күлгін және т.б.) бойынша көзге бірден түсетін біркелкі заттарды, содан соң заттардың көлемі, пішіні (дөңгелек – сопақша, тік төртбұрыш – шаршы), түсі (қызыл – қызыл сары, көк – күлгін) бойынша бір-біріне ұқсайтындарын топтастыруға үйрету.

Сенсорлық қасиетті анықтауға арналған тапсырмалар ұсыну: саңырауқұлақ түсі мен үстелдің түсін; 5 геометриялық пішінді ұяларға сәйкестендіру. Қасиеттері жағынан ұқсас және әртүрлі заттарды салыстыру. Екі түрлі заттан белгілі бір қасиеті бойынша заттарды таңдауды жүзеге асыруды үйрету.

Заттың 2-3 қасиетіне бір мезгілде бағдарлану арқылы алдымен бір түсті, кейіннен әр түсті 4-5 және одан да көп сақиналардан тұратын пирамидаларды өлшемі жағынан кему ретімен орналастырып жинау әрекеттерін мадақтау; 3 бір түсті біртіндеп кішірейетін алмалы-салмалы бөлшектерден (куб, конус, цилиндр) тұратын мұнара құрастыру.

3 және біртіндеп саны азаятын бөлшектерден түрлі-түсті (қызыл, жасыл, көк, сары, қызыл сары, күлгін және т.б.) пирамида құрастыру, заттың көлемін, түсі мен пішіінін білдіретін сөздерді түсінуді бекіту.

Екі қасиеті кезектесіп отыратын (түсі мен пішіні, пішіні мен көлемі, көлемі мен түсі және т.б.) ұстаным бойынша пирамиданы жинауды; алмалы-салмалы 2-3 геометриялық пішіндерден тұратын түрі мен түсі әртүрлі мұнаралар құрастыруға үйрету.

Жыл соңында әртекті заттарды түсі, түрі, көлемі бойынша салыстыра келе, 3-4 сенсорлық қасиетті таңдай отырып, сәйкестендіре білуді бекіту.

Бейнелеу өнері, құрастыру әрекеті түрлерінде заттардың сенсорлық қасиеттерін ескеруге, заттар мен құбылыстардың сенсорлық қасиеті мен сапасын вариативті түрде қолдана білуге үйрету.

Балалар жылдың соңында бағдарлама материалдарын меңгеру нәтижесінде:

- сенсорлық белгілері бойынша біркелкі заттарды топтастыруды;

- 8 негізгі түсті заттарды топтастыруды;

- екі түрлі заттан белгілі бір қасиеті бар затты таңдауды;

- 3 және саны біртіндеп азаятын бөлшектерден түрлі түсті (қызыл, жасыл, көк, сары, қызыл сары, күлгін және т.б.) пирамида құрастыруды;

- екі қасиеті кезектесіп отыратын (түсі мен пішіні, пішіні мен көлемі, көлемі мен түсі және т.б.) ұстаным бойынша пирамида жинауды; алмалы-салмалы 2-3 геометриялық пішіндерден тұратын түрі мен түсі әртүрлі мұнаралар құрастыруды;

- 3-4 сенсорлық қасиеті бар заттарды таңдауды, түсі, түрі, көлемі бойынша сәйкестендіруді;

- іс-әрекеттер әр түрінде заттардың сенсорлық қасиеттерін ескере білуі тиіс.


Құрастыру

Мақсаты: балаларды құрылыс материалдарының негізгі түрлерімен таныстыру және қарапайым құрастыру іскерліктерін дамыту.

Міндеттері:

1. Түрлі құрылыс материалдары, жеке құрылыс материалдар бөлшектерінің пішіні, көлемі, олардың құрастыру қасиеттері туралы ұғымдарын қалыптастыру.

2. Кеңістікті бағдарлау, қарапайым құрылыс салу, оларды қалпына келтіре білуді дамыту.

Мазмұны:

Құрылыс материалдарынан және «Лего» тәрізді ірі құрылыс бөлшектерінен құрастыру.

Балаларды түрлі түстегі және түрдегі геометриялық пішіндері (куб, призма, пластина, кірпіштер) бар ағаштан, пластмассадан жасалған құрылыс материалдарының жиынтығымен таныстыру.

Құрылыс үлгілерін қарап, оның бөліктерді атап көрсетуге, қандай бөлшектерден құралғанын анықтауға, үйдің, машинаның, жиһаздардың құрылысының жетіспейтін бөліктерін таба білуге үйрету.

Үстел үстінде орналасқан материалдармен (кубиктер, кірпіштер), олардың әр түрлі пішіндерімен, көлемімен және орнықтылығымен таныстыру. Кірпіштерді көлденеңінен орналастыруға (жіңішке, кең жолдар, поезд, қоршау), кірпіштерді бірінің үстіне бірін қоюға (мұнара), текшелерді кірпіштермен қатар қоюға (үстел, орындық, диван, трамвай, көпір, төбешік) үйрету. Кірпіштерді түрліше орналастыра отырып (қақпа, үй) құрастыру, жасалған құрылысты атау. Балаларға бөлшектерді түзу сызық бойына орналастыру және «қысқа — ұзын», «жіңішке — жуан» кеңістіктік белгілерді ескере отырып, біріктіруге үйрету.

Жиһаздың түрлі нұсқасын құрастыруға үйрету. Екі-үш құрылысты (үстел және орындықтар, үстел және диван және т.б.) бірден жасау. Балаларды құрастырудың ерекшелігін ескере отырып, материалдарды алдын ала іріктеп алудың қажеттелігіне назарын аударту.

Қарапайым құрастыру дағдыларын бекіту: бірінің үстіне бірін қою, жанына қою.

Қарапайым құрылыс жасап, құрылыс ауқымына сәйкес сюжетті ойыншықтарды қолдана отырып, олармен ойнау.

Құрылысты бөлшектеп бұзып, қорапқа ұқыпты салуға үйрету.



Қағаздан құрастыру

Балаларға қағазбен жұмыс істеудің жұмарлау және жұлу тәсілдерін көрсету. Оларға кесектеліп жұмарланған және жыртылған қағаздан «бейне» (ит, бауырсақ, құс және т.б.) көре алуға көмектесу.

Балалармен бірге қарапайым құрастыру жасау (мысалы, балалар жасыл шөпті қағазды жырту арқылы жасайды және оған бақбақ гүлін (қағазды кесектеп), құстарды орналастырады.

Тәрбиеші мен балалардың жасаған паноларын топ бөлмесін безендіруде қолдану.

Балалар жылдың соңында бағдарлама материалдарын меңгеру нәтижесінде:

- құрылыс материалдарының негізгі түрлерін (текшелер, кірпіштер, пластиналар) ажыратуды;

- кірпіштерді көлденеңінен бірінің үстіне бірін қоюды;

- қарапайым құрылысты атауды, құрылыс ауқымына сәйкес сюжетті ойыншықтарды қолдана отырып, олармен ойнауды;

- құрылысты бөлшектеп бұзып, қорапқа ұқыпты сала білуі тиіс.
Қоршаған ортамен таныстыру

Мақсаты: балалардың қоршаған орта, табиғат, заттар мен олардың маңызы және олармен әрекеттесуі туралы білімдерін кеңейту және қалыптастыру.

Міндеттері:

1. Балаларды қоғамдық өмір құбылыстарымен және ересек адамдардың кейбір мамандықтарымен таныстыру.

2. Заттардың қасиеті мен кеңістіктік ортаны бағдарлау негізінде танымдық-тәжірибелік дербестікті (өзіндік «Мен»-ін) дамыту.

3. Балалардың барлық тіршілік иелеріне адамгершілік сезімдерін, мейірімділігін және қамқорлықтарын дамыту.



Мазмұны:

Қоғамдық өмір құбылыстары

Ересектердің еңбегіне қызығушылығын дамыту. Балада айналасына жақын адамдардың үйдегі және балабақшадағы еңбегі туралы ұғымдарын қалыптастыру. Жекелеген еңбек әрекеттерін (анам киім тігеді, кір жуады, үтіктейді; медбике градусник қояды, ине салады; күтуші ыдыс-аяқ жуады; дәрігер емдейді; жүргізуші машина жүргізеді; аспазшы ас пісіреді және т.б.) тануға және атай білуге жаттықтыру.

Балалардың жекелеген еңбек процесстері туралы ұғымдарын тереңдету, оларды еңбек нәтижесін көруге, әрекеттерді белгілі бір бірізділікпен орындауға және бұл үшін еңбекке қажетті құралдар, материалдардың бар екенін түсінуге үйрету.

Автокөлікті басқару туралы қарапайым мәлімет, транспорт құралы және оның маңыздылығы туралы ұғым беру, оларды танып, атауға (жүк және жеңіл автомобильдер, автобус, трамвай, троллейбус, поезд), сонымен қатар жүк автомобилінің негізгі бөліктерін атап, ажырата білуге үйрету. Автобус, жеңіл автокөлік, трамвайға адамдар отырады, ал жүк машинасымен жүк (балабақшаға азық-түліктер) тасиды.

Адам:

- оның сыртқы денесінің ерекшеліктері (әр адамның басы, қолдары, аяқтары, беті; бетінде – көзі, мұрны, аузы бар);



- оның дене және эмоционалдық жағдайы (қарны ашты – тойды – шаршады – дем алды; ауырды – емделді; қайғырды – қуанды; жылады – күлді және т.б.);

- балаға жақын адамдардың әрекеттері («Анам тамақ пісірді», «Әжем шұлық тоқыды», «Атам газет оқыды», «Ағам сурет салды», «Әкем сағат жөндеді» және т.б.) туралы білімдерін бекіту.



Қоршаған ортадағы заттар

Баланың заттарды, объектілерді және айналасындағы құбылыстарды зерттеу ниетіне қолдау көрсету, заттардың қолданылуымен және олармен әрекет жасаумен таныстыру.

Үй тұрмысына қажетті заттарды (киім, ыдыс-аяқ, жиһаз және т.б.), ойыншықтарды, еңбек құралдарын (сыпыртқы, сыпырғыш, күрек, су сепкіш, шелек және т.б.) қарауды ұйымдастыру. Балаларды үй тұрмысына қажетті заттарды бағдарлауға: заттарды және олардың қасиетін – қарапайым түрдегі пішінін, құрылысын, ашық түсін, көлемін танып, атауға; заттарды пішініне, түсіне, көлеміне, қолданылуына байланысты іріктеп алып, топтастыруға; қарама-қарсы белгілері бойынша (үлкен-кіші, қатты-жұмсақ) олардың арасындағы қатынасын орнатуға; бүтінді және бөлшекті (матрешкалар, қима суреттер), заттармен, материалдармен әрекет жасауды атауға, қарама-қарсы әрекеттерді (киіну – шешіну, ағыту - түймелеу) ажыратуға үйрету.

Заттарды қолдану белгілері бойынша (ас ішуге және шайға арналған ыдыс-аяқтар, қуыршаққа арналған киімдер) топқа біріктіруге үйрету.



Табиғат ортасы

Өсімдіктер әлемі. Балаларды қияр, қызанақ, сәбіз, шалқан, алма, алмұрттың сыртқы түріне, түсіне қарай атап, тануға үйрету.

Ағаштарды (1-2 түрі), шөпті, гүлді (учаскедегі, бөлмедегі гүлдейтін өсімдік) атау және ажырату, учаскедегі гүлдердің, шөптердің түстерін атай білуді қалыптастыру. Балалардың зейінін ағаштың негізгі бөліктеріне (діңі, бұтағы, жапырағы) аудару, жапырақтардың түсіне, көлеміне, пішініне қарай ажыратуға жаттықтыру. Өсімдіктердің бөліктері (сабағы, жапырағы, гүлі), суару туралы ұғым беру. Өсімдіктерді күтіп-баптауға ынталандыру.



Жануарлар әлемі. Үй жануарлары (сиыр, жылқы, ешкі, қой, түйе, жылқы, ит, әтеш, тауық, қаз және т.б.) мен оның төлдерін (бота, бұзау, лақ, қозы, құлын, күшік, балапан және т.б) атау және ажырату.

Орман мекендеушілерін (түлкі, қоян, аю, қасқыр, тиін және т.б.); құстарды (торғай, қарға, кептер және т.б.) атап, ажырату және оларға тән ерекшеліктерді атап көрсету (әтештің әдемі айдары бар, қоянның ұзын құлақтары бар, аю үлкен, оның құлақтары кішкентай, әтештің шақыруы, мысық пен күшіктің шығарған дыбыстарын тыңдату).

Кейбір жануарлардың денесінің бөліктерін (басы, құйрығы, аяқтары) ажыратып атауға үйрету.

Құстарға және олардың іс-қылықтарына (ән салады, ұшады, шоқиды, су ішеді) бақылау жасау. Балаларды балықтарға (аквариумдағы), құстарға жем шашуды үйрету.



Табиғат құбылыстары

Табиғат құбылыстарына қызығушылығы мен зейінділігін арттыру.

Табиғатта жыл мезгілдерінің (көктем, жаз, күз, қыс) ауысуын және олардың ерекшеліктерін (қыста суық, қар; жазда ыстық, күн жарқырайды, көктемде сүңгілер ериді, жылғалардан су ағады, ағаштар бүршік жарады, күзде жел тұрады, жаңбыр жауады, жапырақтар сарғайып жерге түседі) байқау. Жыл мезгілін сыртқы белгілері бойынша ажырату және оларды атау.

Ауа райындағы және табиғаттағы ерекшелік өзгерістерді байқау. Ауа райы құбылысы мен оған адамдардың қатынасы (жаңбыр – дымқыл, сырт киімсіз және етіксіз қыдыруға болмайды, жаздың ыстық күнінде бас киім киеді, қыста адамдар тон, мойын орауыш, жылы етік, аң терісінен жасалған тымақ киеді және т.б.).

Тұрмыстағы су (сұйық, жылы-суық, суға шомылады, жуынады, кір жуады және т.б.), табиғаттағы су (жылғалардан ағады, сүңгілер ериді, өзен, тоған) туралы білу.

Балалар жылдың соңында бағдарлама материалдарын меңгеру нәтижесінде:

- ересектердің жекелеген еңбек әрекеттерін танып атауды;

- балаға жақын адамдардың әрекеттері туралы;

- транспорт құралдары мен олардың маңызы туралы;

-ойыншықтар, жиһаз, киім, ыдыс-аяқтар, кейбір жемістерді атап ажыратуды;

- оларды қолдану белгілері бойынша топқа біріктіруді;

- үй жануарлары (мысық, ит, сиыр, жылқы, ешкі, қой, түйе, шошқа, әтеш, тауық, қаз және т.б.) мен оның төлдерін атап, ажыратуды;

- орман мекендеушілерді (түлкі, қоян, аю, қасқыр, тиін және т.б.); құстарды (торғай, қарға, кептер және т.б.) атап ажырату және оларға тән ерекшеліктерді атап көрсетуді;

- жануарлардың дене бөліктерін атап, ажыратуды;

- қияр, қызанақ, сәбіз, шалғам, алма, алмұрттың сыртқы түріне, түсіне қарай атап, тануды;

- ағаштарды (1-2 түрі), шөпті, гүлді (учаскедегі, бөлмедегі гүлдейтін өсімдік) атау және ажырату, учаскедегі гүлдердің, шөптердің түстерін атауды;

- жыл мезгілін сыртқы белгісі бойынша ажыратуды және оларды атауды білуі тиіс.

«ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ» БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫ
Мақсаты: балаларды сурет салуға, мүсіндеуге, музыкаға, ән айтуға, қарапайым аспаптарда ойнауға қызығушылықтарын арттыру; әсемдікті түсінуді, балалардың эмоционалдық әлемін дыбыстармен, бояулармен, пішіндермен молайтуды қалыптастыру.

«Шығармашылық» білім беру саласының базалық мазмұны:

- сурет салу

- желімсіз жапсыру;

- мүсіндеу;

- музыка ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінде жүзеге асады.


Сурет салу

Мақсаты: баланы сурет салуға, мүсіндеуге ынталандыру және жағдай жасау.

Міндеттері:

1. Бейнелеу өнеріне қызығушылықтарын арттыру.

2. Түс, сызық, дақтарды қолдана отырып, қоршаған ортадағы нақты шындық құбылыстарын бейнелеу жолдарына үйрету.

3. Сурет салуға арналған материалдар туралы ұғымдарын толықтыру.



Мазмұны

Балалардың бейнелу өнеріне қызығушылықтарын арттыру, сурет салуда, мүсіндеуде түрлі заттар мен құбылыстарды бейнелеуге болатыны туралы түсініктерін бекіту. «жаңбыр тамшылайды», «жапырақтар жерге түсті», «қар жауып тұр», «ормандағы аңдар» және т.б. құбылыстарды көрсететін бояулар мен сызықтарға назар аударту.

Таныс заттардың, кейіпкерлердің бейнелерін тану, не (кім) бейнеленгенін, не істеп жатқанын (Сәуле шай ішіп отыр) түсіну.

Қол қимылдарын дамыту. Түрлі-түсті қарындаштар және бояулармен (гуашь) сурет салуға үйрету.

Қарындаш пен қылқаламды үш саусақпен, қатты қысып ұстамай, түзу, тұйық сызықтарды сурет салудың қарапайым элементі ретінде қағаз бетіне жеңіл түрде түсіру. Қарындаш немесе қылқалам ұстаған қол қимылын бақылау. Қағаз бетінде сурет салу қимылдарын реттеу, бұл қимылдарды ырғақты түрде қайталау, қарындаш пен қылқаламды қысып ұстау күшін реттеу (қағаз бетінен қолды үзбеу, қарындашты қатты қысып ұстамау, қылқаламның түгіне салмақ салмай жүргізу), қылқаламның түгін бояуға сулап алу, артығын ыдыстың шетіне жағу, қылқаламды суға жуу, оны шүберекпен кептіру.

Сурет салуға өз жұмысының нәтижесі ретінде қарауға баулу.

Балаларды қазақтың ою-өрнектерімен безендірілген кесе, табақтарын қарап, өз пікірлерін айтуға үйрету.

Ашық түсті бояуларға эмоционалды пікірлерін білдіру. Қарама-қайшы түстерді үйлестіріп, бейнелерді бере білуге үйрету («Үйдің терезесіндегі жарық», «Шыршадағы шамдар»). Дақтарды қағаз бетіне жағу.

Қағаз бетіне тігінен, көлденеңінен, түзу және толқын тәрізді сызықтар сызуға үйрету. Қалыптан тыс тәсілмен сурет салуға үйрету: қағазды екіге бүктеп, бір бетіне бояу жағып, екінші жартысына түсіру.

Балалардың қарапайым дөңгелек пішінді заттарды бейнелей білуін бекіту. Сызықтардың мәнерлілігін, бояу жағудың үйлесімділігін («Күн жарқырайды», «Гүл басын иді» және т.б.) байқауға үйрету. Қағаз бетін, қуыршаққа арналған көйлектің кескінін сызықтармен, жағыстармен әсемдеуге үйрету.

Балаларды ересектермен бірге әрекет етуге (ересектердің салған суреттерін толықтыру) қызығушылықтарын тудыру. Өз еркімен бояудың түсін, қағаз бетінің түсін таңдауға ынталандыру. Бояулармен, қарындаштармен эксперимент жүргізуге ниеттендіру.

Бейнелеу өнері әрекетінің нәтижесіне қызығушылық танытуын мадақтау. Балалардың жұмысын қарау және талдау. Таныс заттар мен кейіпкерлерді табу. Кеңістікті бағдарлауға («Аспанда күн жарқырап тұр», «Үйдің жанында шырша өсіп тұр» және т.б.) үйрету.

Белгілі бір ережелерді орындауға үйрету: түзу отыру, тек қағаз бетіне сурет салу, қағазды жұмарламау, қарындашты тықылдатпау, бояуды ұқыпты қолдану, оған қылқаламның түгін ғана батыру, сабақ аяқталған соң материалдарды жинау.

Балалар жылдың соңында бағдарлама материалдарын меңгеру нәтижесінде:

- таныс заттардың, кейіпкерлердің бейнелерін тануды, не (кім) бейнеленгенін, не істеп жатқанын түсінуді;

- түрлі-түсті қарындаштармен және бояулармен (гуашь) сурет салуды;

- қағаз бетіне тігінен, көлденеңінен, түзу және толқын тәрізді сызықтар сызуды;

- қарапайым дөңгелек пішінді заттарды бейнелеуді, сызықтардың мәнерлілігін, бояу жағудың үйлесімділігін байқауды,

- сурет салудың белгілі бір ережелерін орындауды білуі тиіс.
Желімсіз жапсыру

Мақсаты: қарапайым жапсыру әрекеттерінде тәжірибе жинақтауға көмектесу.

Міндеттері:

1. Ересектермен бірлесіп, затты желімсіз жапсыруды түсінуге және құрылымына қарай жеке бөліктерден бейнелер құрастыруға үйрету.

2. Жапсыру барысында фланелеграф, қағаздың бетін дұрыс қолдануға үйрету.

3. 2-3 бөліктен тұратын түрлі заттарды құруға үйрету.



Мазмұны:

Балаларды дайын пішіннен жасалған, фланелеграфта бейнеленген таныс заттарды атауға, қарапайым композиция құруға үйрету.

Фланелеграфқа қарама-қарсы түстегі («Мерекелік от шашу») дайын пішіндерді орналастыру, заттың бейнесін құрастыру («Күн мен шырша», «Үй мен қақпа», «Өрістегі қойлар»).

Бөліктердің орналасу ретіне көңіл бөлу, фланелеграфты біресе алаңқайға, біресе аспанға, т.б. айналдырып, қолдануға үйрету.

Мәнерлілік құралы ретінде және мазмұнды байыту мақсатында сурет салу мен жапсыруды кіріктіру.

Балалар жылдың соңында бағдарлама материалдарын меңгеру нәтижесінде:

- дайын пішіннен жасалған, фланелеграфта бейнеленген таныс заттарды атауды, қарапайым композиция құруды;

- қарапайып композиция құрастыра білуі тиіс.


Мүсіндеу

Мақсаты: мүсіндеуге қызығушылықтарын арттыру, сазбалшықпен жұмыс істеудің қарапайым дағдыларын қалыптастыру.

Міндеттері:

1. Бейнелеу материалы ретінде сазбалшықтың сапасы туралы ұғым беру.

2. Ересектердің көрсетуі мен есінде сақтағаны бойынша илеуде қарапайым заттар мен құбылыстарды бере білуге үйрету. Сазбалшықпен жұмыс жасаудың қарапайым техникалық дағдыларын қалыптастыру.

Мазмұны:

Сазбалшықтың қасиетімен (жұмсақ, кесектерге бөлуге, ойып жасауға, илеуге болады) таныстыру. Сазбалшықты дұрыс пайдалануға, ұқыпты жұмыс істеуге, тақтайша үстінде илеуге үйрету. Сондай-ақ техникалық тәсілдерге үйрету: үлкен кесектен кішкене кесегін бөліп алу, тақтайша үстінде домалату, алақан арасына салып, домалақтау, бөліктерді бір-бірінің үстіне, жанына қою, ұсақ бөліктерін шымшып алу (дәмді бауырсақтар). Қарапайым заттарды илеп жасауға үйрету: таяқша, діңгек, шұжық, шар, содан соң қалаш, дөңгелек және одан күрделісі – пирамида, саңырауқұлақ.

Балаларды шыныаяқ, табақты илеп жасауда сазбалшық кесегін саусақпен басып, тереңдетуге, заттардың ұқсастықтарын табуға, кесектерді (мұнара) біріктіруге үйрету.

Илеуге арналған материалдарды қолдану ережелерімен (арнайы тақтайша үстінде илеу, қолды дымқыл шүберекпен сүрту, дайын болған бұйымды тұғырға орналастыру, үстел үстіне материалды жинау) таныстыру.

Балалар жылдың соңында бағдарлама материалдарын меңгеру нәтижесінде:

- сазбалшықтың қасиетін;

- сазбалшықты ұқыпты қолдануды, тақтайшада илеуді;

- үлкен кесектен кішкене кесегін бөліп алуды, алдымен тақтайша үстінде, содан соң алақан арасына салып домалақтауды;

- домалақтауды, бөліктерді бірінің жанына бірін, бірінің үстіне бірін қойып, ұсақ бөліктерін шымшып алуды;

- қарапайым пішінді заттарды илеуді білуі тиіс.


Музыка

Мақсаты: музыкаға қызығушылықтарын және оның бейнелі мазмұнын ажырату қабілеттіліктерін дамыту.

Міндеттері:

1. Музыкаға эмоционалды сезімдерін тәрбиелеуді жалғастыру, мазмұнына назар аударту, зейін қойып тыңдау, жеке шығармаларды айыра білуді тәрбиелеуді жалғастыру.

2. Балалардың, сенсорлық қабілеттерін, ән айта білуін, қимылдардың қарапайым ырғағын қалыптастыру.

Мазмұны:

Музыка тыңдау. Музыка тыңдауға қызығушылық тудыру. Балаларды түрлі сипаттағы музыкалық шығармаларды: ән, полька, марш, вальс, сабырлы және көңілді әндер мен пьесаларды тыңдауға үйрету. Музыкалық шығармаларды шын көңілімен, алаңдамай тыңдауға, әнді, музыкалық пьесаны аяғына дейін тыңдауға, оларды есіне сақтап, тануға үйрету. Әнде не жайлы айтылғанын түсіну. Қоңыраудың жоғары және төмен дыбысталуын, фортепианоның дыбысталуын, түрлі ырғақты ажыратуға үйрету. Әр түрлі музыкалық аспаптарда орындалған таныс әуендерді тыңдауды ұйымдастыру, бұл әуендерді тануға үйрету. Домбыра мен сырнайдың, сыбызғы мен дабылдың дыбыстарын ажырату.

Бірінші жарты жылдықта балалар әнді 2-4 минут бойы арасында үзіліс жасап тыңдайды. Екінші жарты жылдықта 4-5 минут бойы арасында үзіліс жасап тыңдайды. Үзіліссіз орындалатын музыканың ұзақтығы жыл басында 50 секундты, екінші жарты жылдықта 1-1,5 минутты құрайды.

Жыл бойында 10-12 пьеса, 3-4 ән тыңдау және музыка сүйемелдеуімен 2-3 әңгіме айту ұсынылады.

Ән айту. Ән айтуға қызығушылықтарын тәрбиелеу. Тәрбиешінің дауыс ырғағына еліктеп, ән сөздері мен жеке буындарды айтуға үйрету. Аспаптардың шығаратын дыбысына және әннің сазына келтіріп, ересектерге қосылып ән айту. Қысылмай, өз дауысымен ән айтуға, бірге бастап, бірге аяқтауға, басталуы мен аяқталуын тыңдауға үйрету. Әнді жеке және топпен айтуға көмектесу; әннің сөзін есіне сақтау.

Жыл бойында 10-12 ән ұсынылады.



Музыкалық-ырғақтық қимылдар. Музыка сипатына (марш – би) сай қимылдауға үйрету. Екі бөлімді пьесадағы қимылдардың, дыбысталу күшінің (қатты – баяу) өзгеруін, оның басталу мен аяқталуын сезіну.

Музыкалық сүйемелдеумен биде және ойындарда қол ұстасып, жұптасып, қарапайым би қозғалыстарын орындау: шапалақтау, бір уақытта аяқпен тарсылдату, жартылай отыру, аяқтан аяққа тербелу, әнді сахналауда («Құс ұшып барады», «Мысықтар ұйқыда» және т.б.) қимылдардың жеке элементтерін қолданып жүру және жүгіру. Күрделі емес қимылдар бірізділігін естерінде сақтау.

Сылдырауық, сылдырмақпен бірқалыпты ырғақты, түрлі бейнелік-ойын қимылдарын бере отырып, заттармен қимыл жасауға үйрету. Би билеуде шеңбер құруға, шеңбер бойымен қол ұстасып жүруге, әннің мәтіні бойынша түрлі қимылдар орындауға үйрету.

Жыл бойында айналып, жұптасып немесе еркін сапқа тұратын 10-ға жуық би ұсынылады. Әнмен немесе музыкалық аспаптармен сүйемелденетін ойындарға емін-еркін қатысу («Қуаласпақ», «Жасырынбақ», «Соқыр теке»).

Жыл бойына 7-ге жуық сипаты бойынша түрлі жаттығулар (атрибуттармен және атрибуттарсыз) ұсынылады.

Балалар жылдың соңында бағдарлама материалдарын меңгеру нәтижесінде:

- түрлі сипаттағы ән, полька, марш, вальс, сабырлы және көңілді әндер мен пьеса сияқты музыкалық шығармаларды тыңдауды;

- музыкалық аспаптар домбыра, сылдырауық, сылдырмақтарды;

- әннің не жайлы екенін;

- әндегі сөздерді тәрбиешімен бірге айтуды;

- музыка сипатына сай қимыл жасауды, қимылды музыкамен бастауды;

- би қимылдары: шапалақтау және бір уақытта аяқпен тарсылдату, қолдың басын айналдыруды орындай білуі тиіс.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет