Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі «мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығы мектепке дейінгі ересек жастағЫ



бет4/8
Дата27.12.2016
өлшемі1,44 Mb.
#5580
1   2   3   4   5   6   7   8

Құрастыру

Мақсаты: қағаздан, құрастыру бөлшектерінен, құрылыс және табиғи материалдардан әртүрлі заттарды құрастыру дағдыларын қалыптастыру арқылы мектепке дейінгі ересек балалардың логикалық ойлауын дамыту.

Міндеттері:

1. Құрылыс материалдарынан, конструктор бөліктерінен, табиғи және қалдық материалдардан құрастыруға үйрету.

2. Өзі жоспарлаған құрылыстың құрастыру кезеңдерін жоспарлап, құрастырушылық шешім қабылдай білу іскерлігін дамыту.

3. Қажетті бөлшекті таңдап алу, оларды тиісті орнына дұрыс қою, бір бөлшекті екінші бөлшекпен ауыстыру шеберліктерін қалыптастыру.

4. Желіммен, қайшымен жұмыс істеу дағдыларын жетілдіру.

5. Құрастырған затын безендіруге үйрету арқылы ұқыптылыққа, әдемілікке баулу.

6. Шығармашылық қиялы мен көркемдік талғамын дамыту.

Мазмұны:

Құрылыс материалдары мен конструктор бөлшектерінен құрастыру

Әр түрлі пішіні мен көлемі бойынша пластинаның, қырлы бөрененің, цилиндрдің (ұзын, қысқа, жалпақ, жіңішке, шаршы және үшбұрыш) жаңа бөлшектерімен, олардың ерекшеліктерімен таныстыру.

Құрылыс жиынтығының элементтерін атау, олардың міндеттері мен құрастыру қасиеттері бойынша бір бөлігін басқа бөліктермен ауыстыру іскерліктеріне үйрету.

Конструктордың бөлшектеріне тән және негізгі бөліктерін атауға, оларға талдау жасауға, оның құрастыру нысанының реттілігін сақтауға үйрету.

Үлкен емес жазықтықты үлкен етіп біріктіру, кірпіштердің, қырлы бөренелердің араларын бірін-біріне жиі қойып құрылысты берік ету, биіктігі қиын құрылысты бөлу сияқты құрастырудың жаңа әдістерін меңгерту.

Құрастырудың жаңа әдістерін меңгерте отырып, үлкен емес жазықтықты үлкен бір майда бөліктерді біріктіріп үлкен және берік етіп жасау шеберлігін қалыптастыру.

Ұйымшылдықпен жұмыс істеу, құрылыстарын ортақ оймен біріктіру, құрбыларымен жұмысты бөліп алып орындау іскерліктерін бекіту.

Ойдан шығарып, шығармашылық ынта білдіру, ауызша суреттеу, берілген тақырып бойынша, талапқа байланысты, сурет, фотосурет бойынша құрылыс салуға үйрету.



Қағаздан құрастыру

Қағазды ортасынан, төртке бөліп бүктеу, түрлі бағытта, тегістеп бүктеу іскерліктеріне үйрету.

16 бірдей бөлікке қиғаштай бөлінген (бұрыштарының басын дәл қосу) ұсақ-түйектерді дайындауда шаршы қағазын бүктеу іскерліктерін қалыптастыру.

Қағазды қатпарлап бүктеуге және симметриялық пішіндерді кесуге, қағаздан құрастыру әдістерін (конусты жартылай айналдырып бұрау, тіктөрбұрышты цилиндрге, шаршыны кубке өзгерту, шырмау) қолданып көлемді формадағы жазық материалды өзгерту іскерліктерін бекіту.

Ұжымдық сюжеттік құрастыру сезімдерін ояту.

Дайын пішілген кескіндермен жұмыс жасау, күрделі емес сызба сызу, қайшымен нұсқаны тілік етіп кесу мен ойып алу іскерліктерін қалыптастыру.

Шығармашылық ойлау мен қиялын дамыту.

Табиғи және қалдық материалдардан құрастыру

Табиғи және қалдық материалдардың түрлерімен және пенопласт, поролон, сым темір, пластиканың қасиеттерімен таныстыру.

Ұсақ-түйек заттар мен сіріңкенің қораптарынан әртүрлі үйлестіру жолдары арқылы құрастыру іскерліктерін қалыптастыру.

Түрлі ұсақ-түйектер дайындауда табиғи материалдарды орынды қолдану іскерліктерін қалыптастыру.

Желімнің, сіріңкенің, ермексаздың көмегімен жеке бөлшектерді жалғау дағдыларын қалыптастыру.

Шығармашылық қиялын, ұсақ-түйек заттар жасауды көрнекіліктерді қолдану арқылы және ойдан шығару, өзінің көз алдына елестету арқылы жасау іскерлігін дамыту.



Жыл соңында құрастыру бойынша бағдарламалық материалдарды меңгеру нәтижесінде балалар:

- құрылыс материалдарының негізгі бөлшектерін: кірпіш, қырлы бөрене, цилиндр, кубик, пластинаны атауды және ажыратуды;

- заттардың қарапайым құрастыру бөлшектерінің санын анықтауды және олардың өзара орналасуын;

- құрылысты талдауды, сындарлы шешім табуды;

- дайын бөлшектерден шарты бойынша, өз ойы бойынша құрастыруды;

- құрдастарымен тілектестік қарым-қатынас құру, ұйымшылдықпен жұмыс істей білуді;

- қағаздан құрастыру амалдары мен тәсілдерін қолдана отырып, жазықтық қағаз пішіндерді көлемді пішіндерге өзгерте білуді;

- үлгілерді, трафареттерді және жұмыс жасауда дайын пішілген кескіндерді дұрыс қолдануды;

- құрал-жабдықтарды – қайшыларды, желімді дұрыс пайдалану: мақсаты бойынша қолдану, оларды дұрыс ұстауды және олармен әрекет етуді;

- табиғи және қалдық материалдардан құрастыруды, желімнің, сіріңкенің, ермексаздың көмегімен жеке бөлшектерді жалғау дағдыларына ие болуды;

- еңбек мәдениеті ережелерін, жұмыс орны тәртібін сақтауды;

- ұсынылған затты қарастыру, өзіндік ерекшелігін көру, сондай басқа да бөлек ерекшелігі бар: мөлшері, түсі, пішіні, материалы, құрылымы бойынша заттармен салыстыруды;

- өзіндік ойы бойынша түрлі материалдардан құрылыс жасауды;

- нәтижеге жету үшін түрлі құралдарды (схема, модельдер, суреттер, үлгілер және т.б.) қолдануды;

- функционалды мақсатына қарай (мереке, қойылым үшін, интерьерді әшекейлеу үшін, ойын үшін және т.б.) түрлі қолдан жасалған заттарды жасауға қатысуды білуі тиіс.


Экология негіздері

Мақсаты: бала санасына экологиялық түсініктер мен адам – табиғаттың бір бөлігі екендігін жеткізу. Адамның өмірі оның жеке басының жағдайы мен қоршаған әлеммен үйлесімді байланысында екендігін түсінетіндей құндылықтар жүйесін қалыптастыру.

Міндеттері:

1. Мектепке дейінгі ересек жастағы балалардың қабылдауына сай келетін қарапайым экологиялық білім беру.

2. Табиғат әлеміне танымдық қызығушылығын арттыру.

3. Табиғи нысаналар мен құбылыстарды бақылау дағдыларын қалыптастыру.

4. Табиғат аясында өзін-өзі ұстаудың қарапайым жолдары мен күнделікті өмірде табиғатты жүйелі түрде пайдалану дағдыларын дамыту.

5. Өзінің табиғатқа қарсы жасаған іс-әрекетінің аяғы немен аяқталатынын көру, сезіну дағдыларын қалыптастыру.

6. Табиғат әлеміне адамгершілікпен және қамқорлықпен қарауға тәрбиелеу.

Мазмұны:

Өлі табиғат заттары мен құбылыстары

«Өлі және тірі табиғат» туралы түсінік беру.

Өлі табиғат заттарын адам қолымен жасалған заттардан ажырата білуге үйрету.

Тұман, найзағай, бұршақ, шық, қырау, тамшы, кемпірқосақ және т.б. табиғи құбылыстар туралы білімдерін кеңейту.

Судың қатты, сұйық, газ тәрізді үш күйде болатындығымен таныстыру.

Көмір, құм, балшық, мұнай, гранит сияқты табиғаттың материалдарымен және олардың қасиеттері мен қажеттіліктерімен таныстыру. Оларды ажыратып, атай білуге үйрету.



Табиғаттағы маусымдық өзгерістер

Табиғаттағы маусымдық күз мезгіліндегі өзгерістерді (күн қысқарды, түн ұзарды, жапырақтар түсу, тұман, қырау, жаңбыр, жел, шыбын-шіркейлердің біртіндеп жоғалуы, жыл құстарының жылы жаққа ұшып кетуі, кейбір жануарлардың ұйқыға кетуі, астық жинау, қысқа жеміс-жидектерді дайындау), қыс мезгіліндегі маусымдық өзгерістерді (күн қысқарып, түн ұзарады, аяз, қар жауу, өзендер мен су қоймаларына мұз қату, қарлы жер, жапырақсыз ағаштар мен бұталар, қалалар мен елді мекендер көшелерін қардан тазалау, жабайы аңдар мен қыстап қалған құстарды қоректендіру), көктемдегі маусымдық өзгерістерді (күн ұзарып, түн қысқара бастайды, ағаштар бүршік жарады, алғашқы шөптер, бәйшешек шығады, жыл құстары ұшып келеді, жәндіктер пайда бола бастайды, кейбір жабайы аңдар қысқы ұйқыдан оянады, жан-жануарлар төлдейді, дәнді дақылдар мен көкөністерді сеуіп, көшеттерін отырғызады), жаздағы маусымдық өзгерістерді (күн өте ұзақ, түн қысқа, күннің ысуы, өсімдіктердің өсуі, жануарлардың, жәндіктердің, құстардың тіршілігі, бақшадағы мәдени өсімдіктерді күтіп-баптау) бақылап, ерекшеліктерін ажыратып айта білу дағдыларын қалыптастыру.



Өсімдіктер әлемі

Ағаштар, бұталар, шөптер туралы ұғымдарын қалыптастыру. Қыс мезгіліндегі өсімдіктер тіршілігімен таныстыру.

Ағаштар мен бұталардың бірнеше түрін ерекшеліктеріне қарай (жапырағына, жемістеріне, діңіне) ажыратып, атай білуге үйрету.

Жемістер мен көкөністер туралы түсініктерін кеңейту. Оларды ажыратып, жемістерді бөлек, көкөністерді бөлек топтастыруға, аттарын дұрыс атай білуге үйрету.

Өсімдіктердің тірі табиғатқа жататындығын, оған да басқа тірі денелер сияқты өсіп-жетілуі үшін арнайы жағдайлар (топырақ, жарық, жылу, су) керек екендігін түсіндіру. Өсімдіктердің адам өміріндегі маңызын түсіндіру.

Бөлме өсімдіктері туралы білімдерін кеңейту. Оларды ерекшеліктеріне қарай ажыратып, атауларын дұрыс айтуға үйрету.

Өсімдіктің көбею жолдарымен (тұқым, қиынды бұтақшалары, түйін т.б.), өсімдіктердің дұрыс жетілуіне кері әсер ететін жағдайлармен (жарықтың, жылудың, ылғалдылықтың, тыңайтқыштардың жетіспеушілігі т.б.) таныстыру. Өсімдіктердің өсіп-жетілу жолдарымен (тұқым, бүршік жару, жапырақтары мен сабағы, гүл), өсіру тәсілдерімен және оларды күтіп-баптау (жерге отырғызу, суару, жерді қопсыту, отау, құнарландыру) түрлерімен таныстыру.

Өсімдіктердің әр алуан жерлерде (дала, шалғын, орман, бау-бақ және т.б.) өсетіні туралы түсініктерін қалыптастыру. Кейбір дәрілік өсімдіктер түрлерімен (жолжелкен, өгейшөп, мыңжылдық, түймедақ) және олардың емдік қасиеттерімен таныстыру. Аймақтың табиғат ерекшеліктеріне тән өсімдіктері (түйетабан, сексеуіл, бетеге, қараған, ебелек (қаңбақ), жүзген) туралы түсініктерін қалыптастыру.

Қызыл кітапқа енген өсімдіктермен таныстыру, олардың қандай жерде өсетіндігі жайлы түсінік беру.

Жеуге жарамды (қозықұйрық, ақ саңырауқұлақ, қайыққұлақ, қызғылтсары саңырауқұлақ) және улы саңырауқұлақтардың кейбір түрлері туралы түсінік беру.

Өсімдіктер әлеміне ұқыпты қарауға, өсімдіктерсіз тіршілік атаулы өмір сүре алмайтындығы туралы түсінік беру.

Жануарлар әлемі

Жабайы аңдардың тіршілігі туралы түсініктерін кеңейту.

Күз-қыс, көктем-жаз маусымдық кезеңінде аңдардың сыртқы келбеті мен тіршілігінің ерекшеліктерін сипаттап (мекендейтін жері, түсі, азығы, қысқа дайындығы, кейбір аңдардың қысқы ұйқыдан тұруы, түлеуі, ұя салу, көбеюі) атай білуге үйрету.

Қазақстанды мекендейтін жабайы аңдармен (құлақты кірпі, саршұнақ, қарсақ, даладағы тасбақа, қосаяқ, құлан), олардың сыртқы келбетімен, мекендейтін жерімен, Қазақстандағы Қызыл кітапқа енген жануарлармен (арқар, киік, барыс, қарақұйрық) таныстыру, оларды сыртқы келбетіне қарап ажырата білуге үйрету.

Қазақстанда қыстап қалатын (бозторғай, сауысқан, қарға, сарышымшық, кептер) және жыл құстары (көкек, қарлығаш, қараторғай, ұзақ) туралы ұғымдарын қалыптастыру. Оларды белгілеріне қарай ажыратып, атай білуге үйрету.

Табиғат бұрышындағы жануарлар тіршілігімен, ондағы объектілерге қажетті құралдармен таныстыру.

Балалармен бірге табиғатты бақылау күнделігін толтыру.

Үй жануарлары мен үй құстарының түрлерімен, олардың ерекшеліктерімен таныстыру. Мысалы, түйе, қой, жылқы, сиыр, ешкі, тауық, қаз, күрке тауық және т.б. Үй жануарларының адам өміріне қажеттілігін, оларды өсірудің маңыздылығын түсіндіру.

Қазақстанның өзен-көлдері, ондағы балықтар (жайын, тыран, алабұға, көксерке, сазан) туралы түсініктерін қалыптастыру, оларды ерекшеліктеріне, тіршілігіне қарай ажырата білуге үйрету.

Кейбір жәндіктердің түрлері мен тіршілігі, олардың мекендейтін жерлері туралы түсініктерін қалыптастыру.

Бүкіл тіршілік атаулының бір-бірімен тығыз байланысы мен «азық тізбегі» туралы түсінік беру.

Жануарлар әлемінің адам өміріндегі маңызын түсіндіру.

Балалармен бірге табиғатты бақылау күнделігін жүргізу.

Табиғат аясында өзін-өзі ұстау ережесі

Жануарлар мен өсімдіктердің барлық түрлерін сақтаудың қажеттілігінің себептерін түсіндіру.

Тірі табиғат бұрышындағы жануарлар мен өсімдіктерді күту ережелерімен таныстыру. Оларға қамқорлықпен ұқыпты қарауға дағдыландыру.

Саңырауқұлақ теру жолдары және кейбір жеміс түрлерімен таныстыру.

Табиғат аясында өзін-өзі ұстаудың қарапайым ережелерін (ағаштардың жапырақтарын, гүлді жұлмау, гүлзарларды таптамау, ұяларды бұзбау, қоқыс тастамау және т.б.) сақтауды үйрету.

Табиғатты шамасы келгенше (табиғат аясындағы демалыстан кейін қоқыстарды жинау, бұлақ көзін ашу, өсімдіктер мен жануарларға қамқорлықпен қарау, тірі табиғат бұрышындағы объектілерді күтіп-баптау, қыстап қалатын құстарға көмек беру және т.б.) қорғау, оны сүю сезімдерін ояту.

Табиғат аясындағы демалыста, еңбек ету барысында қоршаған ортаға өзінің іс-әрекеті арқылы әсер ететіндігі туралы түсінік беру.

Жыл соңында экология негіздері бойынша бағдарламалық материалдарды меңгеру нәтижесінде балалар:

- «тірі» және «өлі» табиғат ұғымдарын ажыратуды;

- тірі және өлі табиғат объектілерін, табиғаттағы маусымды өзгерістерді атау және ажырата білуді;

- ағаштардың, бұталардың, шөптердің, гүлдердің, саңырауқұлақтардың, көкөніс пен жемістердің, дәрілік шөптердің бірнеше түрлерін атауды және ажыратуды;

- өсімдіктердің өсуі үшін қажетті жағдайларды, олардың көбеюінің бірнеше тәсілдерін;

- адам үшін өсімдіктің мәнін зердесіне жеткізуді;

- үй және жабайы жануарлардың, қыстайтын және жыл құстарының, жәндіктердің, балықтардың, жануарлар және құстардың бірнеше түрлерін атауды және ажыратуды;

- жануарлар өмірінің күзгі, қысқы және көктемгі-жазғы кезеңдері туралы;

- табиғатта өзін-өзі ұстаудың қарапайым ережелерін;

- табиғатты шамасы келгенше сақтауға көмек көрсетуді;

- тірі табиғат бұрышындағы өсімдіктер мен жануарларды күтудің қарапайым дағдыларын;

- жердегі барлық тіршілік иелерінің өзара байланысын зердесіне жеткізіп, қоршаған ортаға өзінің кейбір іс-әрекеті арқылы әсер етудің қарапайым салдары туралы алдын алуды білуі тиіс.


Қоршаған ортамен танысу

Мақсаты: коммуникативті-танымдық қызметін дамыту, қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстарға қызығушылығын арттыру.

Міндеттері:

1. Балалардың қоршаған заттар, олардың сапасы мен қасиеті, қолданылуы туралы түсініктерін жүйелеу және қорытындылау.

2. Адамдардың қоғамдық өмірі мен қоршаған әлемнің тұтастығы туралы түсінігін, заттардың, оқиғалар мен құбылыстардың бір-бірімен байланысы туралы тәуелділігін анықтай білу іскерлігін, эксперимент жасау дағдыларын қалыптастыру.

3. Балалардың танымдық белсенділігін, ақыл-ой қабілеттері мен білуге құштарлықтарын, тәжірибе жасау дағдыларын арттыру.

4. Өмірдегі қауіпсіздік ережелерінің негіздерімен таныстыру.

Мазмұны:

Заттар әлемін меңгеру, кеңістікті бағдарлау

Заттар, олардың белгілері мен ерекшеліктері туралы ұғымдарын қалыптастыру. Балаға таныс әртүрлі заттардың атауларын қайталау және қорытындылау, таныс емес заттар мен олардың атқаратын қызметін түсіндіру.

Заттардың түрлі сипаттағы қасиеттерімен (жұмсақ, тығыз, майысқақ, майыспайтын, сынғыш, мөлдір, айналмалы) таныстыру.

Заттардың қандай материалдан жасалғандығын (қағаз, шыны, металл, тері, ағаш) анықтап, сипаттама беріп (мөлдір, қатты, жұмсақ, тегіс), оның сапасы мен ерекшелігін дұрыс анықтай білуге үйрету.

Айналадағы заттар, құрылыс материалдары арасындағы міндет пен байланысты, оның неден жасалғандығы туралы түсінік беру.

Заттарды түсіне, көлеміне, пішініне, міндетіне қарай салыстырып, топтастыра білуге үйрету.

Тұрмыстық техника, оның қызметі, қолдану ережесі туралы түсінік беру.

Бөлменің сәнді, әрі қолайлы жабдықталғандығын көріп-сезіне білуге, заттар мен олардың безендірілуіне талғаммен қарауға үйрету.

Кез-келген зат адамдардың еңбегімен келетіндігі туралы түсіндіріп, оларға ұқыптылықпен қарауға үйрету (ойыншықтар, жиһаздар және т.б.).

Балабақша жақын орналасқан шағын ауданда, балабақша ауласында (балабақша, дүкен, емхана, пошта, мектептің қайда орналасқанын) еркін бағыт-бағдар ұстай білу іскерліктерін жетілдіру.



Көлік, байланыс құрал

Көлік құралдарының көп түрлілігі жайлы түсінік беру (суару көлігі, жедел жәрдем, өрт сөндіретін көлік, қар тазалайтын көлік).

Көлік түрлерін ерекшеліктеріне қарай топтастырып (жерде, суда, ауада), атқаратын қызмет аясына қарай (арнайы, жүк таситын, адам таситын) салыстыра білуге үйрету.

Үйден балабақшаға, кинотеатрға, дүкенге қандай көлікпен баруға болатынын, ата-аналары қандай көлік түрін жүргізетіні туралы білімдерін бекіту.

Көлік құралдары, олардың қызметінің маңыздылығы, негізгі бөлшектерінің атқаратын қызметі туралы ұғымдарын кеңейту.

Телефон, ұялы телефон, компьютер, теледидар, радионың қызметтерімен, оларды қолданудың бірнеше қарапайым ережесі туралы білімдерін бекіту. Поштаның байланыс мекемесі екендігі, оның маңыздылығы (хат, телеграмма, сәлемдеме жіберу, оларды қабылдау, жеткізу), пошта қызметкерлерінің еңбегі, хабарларды жылдам жеткізуге арналған көлік туралы ұғымдарын қалыптастыру.

Адам өмірінде байланыс құралдарының қажеттілігін түсіндіру.

Ересектердің еңбегі

Әр түрлі мамандық иелері мен олардың еңбегінің ерекшеліктері, маңызы туралы түсініктерін кеңейту.

Балабақша қызметкерлерінің еңбегі туралы (меңгеруші, шаруашылық меңгерушісі, тәрбиеші, бала күтуші, аспаз, аула сыпырушы, медбике, жүргізуші) ұғымдарын қалыптастыру. Адамдардың еңбектеріндегі өзара байланыстарды (жүргізуші азық-түлікті балабақшаға әкелді, шаруашылық меңгерушісі оны қабылдап алып, асханаға берді, аспаз түскі асты дайындады, көмекші тамақты топқа әкеліп балаларды тамақтандырды) байқауға үйрету. Балабақша қызметкерлеріне құрметпен қарауға тәрбиелеу.

Айнала қоршаған заттар, ойыншықтар адамдардың еңбегімен жасалғандығы туралы, оған ұқыпты қарау керек екендігін түсіндіру.

Балаларды мектеппен және балалар кітапханасымен, олардың сыртқы келбетімен, сынып бөлмелерімен, мұғалім мен кітапханашының жұмыстарымен таныстыру.

Республикамыздағы және аймақтағы өнеркәсіп орындарының жұмысы мен жұмысшылырының атқаратын жұмысы жайлы түсініктерін қалыптастыру (мысалы: шахтер, металлург, тігінші, сән үлгісін жасаушы т.б.). Олардың еңбегін құрметтеуге үйрету.

Құрылыс және түрлі құрылыс мамандықтары (суретші-әрлеуші, ағаш шебері, кранда жұмыс істеуші, балташы) және құрылыс көліктерінің міндеттері туралы ұғымдарын қалыптастыру.

Ауылшаруашылық саласы мамандары (диқан, егінші, тракторшы, комбайншы, бағбан, қойшы, малшы, сауыншы және т.б.) еңбегімен таныстыру. Ауылшаруашылығына арналған көліктердің маңызы туралы түсінік беру.

Нан пісіру кезеңдерімен таныстыру. Азық-түлік тағамдарын, нанды қадірлеуге, қастерлеуге тәрбиелеу.

Қала тұрғындары үшін ауылшаруашылық мамандары еңбегінің маңызды екендігін жеткізу (қала мен ауыл арасындағы байланыс).

Еңбек процесі мен нәтижесіне жалпылау негізінде түрлі мамандықтар (мұғалім, ұшқыш, эстрада әншісі, жаттықтырушы, дирижер, құтқарушы, сынықшы-дәрігер, ит жаттықтырушы, сән үлгісін жасаушы және т.б.) туралы түсініктерін қалыптастыру

Менің Отаным – Қазақстан. Еліміздің рәміздері

Отан туралы, мемлекеттік және халықтық мерекелер туралы білімдерін кеңейту. Елбасы мен оның қызметі туралы түсінігін қалыптастыру.

Мемлекеттік рәміздер (Елтаңба, Ту, Әнұран) туралы білімдерін кеңейту. Оларды танып, құрметтеуге тәрбиелеу. Маңыздылығын түсіндіру. Әнұранды орындау барысында ережені (Әнұранды орындарынан тұрып, сол қолды жүректің тұсына қойып, ер кісілер бас киімін шешіп) сақтауға үйрету.

Өз елінің рәміздерін қадірлеуге тәрбелеу.

Мемлекеттік және қоғамдық мерекелерге (Қазақстан Республикасы күні, Тәуелсіздік күні, 8 Наурыз, Наурыз мейрамы, Отан қорғаушылар күні, Балаларды қорғау күні) ертеңгіліктер мен ойын-сауықтарда өлең-тақпақтар жаттату, би билеу арқылы белсенді араластыру.

Қазақстан халықтарының салт-дәстүрлерімен, әдет-ғұрыптарымен таныстыру. Туған елінің, қазақ (орыс, татар т.б.) халқының тарихы, мәдениеті, тұрмысы туралы алған білімдерін байыту, тереңдету. Қазақтан Республикасында тұратын басқа ұлт өкілдеріне құрметпен қарауға тәрбиелеу.

Елордамыз Астана қаласы, Бәйтерек, Ақорда, Бейбітшілік пен келісім сарайы, Океанариум т.б. сияқты негізгі мәдени орындары туралы ұғымдарын қалыптастыру. Қазақстанның ірі қалаларының бірі Алматымен таныстыру.

Өзі тұратын қала, елді мекен, аймақтарындағы мәдени орындар мен ескерткіштерді таныстыра отырып, туған жеріне деген мақтаныш сезімін ояту.

Қазақстанмен шекаралас жатқан мемлекеттермен, халқымен, олардың мәдениеті, әдет-ғұрпы, дәстүрімен таныстыру.

Республикамыздың табиғат байлықтары мен жеткен жетістіктері (тыңайған жерлерді игеру, табиғи тас көмір мен мұнай, темір кенінің көздері, Байқоңыр ғарыш аймағы және т.б.) туралы ұғымдарын қалыптастыру.

Өз еліне деген мақтаныш сезімін қалыптастыру.

Қазақстан Республикасының әскері

Ел қорғаудың қиын да, ардақты міндет екендігін түсіндіру арқылы Қазақстан Республикасы әскері туралы түсініктерін кеңейту. Әскер өмірінен, қызметінен түсінік беретін суреттер, альбомдар, басқа да материалдар көрсету.

Әскер сарбаздарының ержүрек, тапқыр, күшті, ақылды болатындығы туралы ұғым беру.

Сарбаздың, басқа да әскери адамдардың сырт бейнесі, киім үлгілері мен әскери техника туралы түсінік беру.

Ұлы Отан соғысы жылдарында ел қорғаған қазақстандық қаhарман батырларымыз – Б. Момышұлы, Ә. Молдағұлова, М. Мәметованың жасаған ерліктері жайлы түсінік беру.

Ұлттық әскердің маңызын (Отан қорғау) түсіндіру.

Әскерлерге айбынды ерлігіне құрметпен қарау қызығушылықтарын дамыту.

Жолда жүру ережелері мен өмірлік қауіпсіздік негіздері

Жолда жүру ережелері туралы алған білімдерін бекіту.

Қиылыс жол мен «Жолаушылар өтетін жол», «Қиылыс жол», «Тамақтану пункті», «Телефон», «Автомобиль тоқтайтын орын», «Медициналық көмек орны» көрсетілген жол белгілерімен таныстыру.

Жолаушылар өтетін жол белгілерімен, көлікте өзін-өзі ұстау ережелерімен таныстыру:

- жолаушыларға арналған жолмен жүруге рұқсат етіледі; жолаушыларға арналған жолдың оң жағымен жүру, жолаушылар көшеден тек ала жолақ бар жерден немесе белгі қойылған жерден ғана өтуі тиіс; екі жақты жолдан өтетін кезде алдымен солға, жолдың ортасына жеткенде солға қарау керек, жолаушылар көлікті арнайы аялдамаларда күтеді;

- балалы жолаушылар көлікке алдыңғы алаңнан кіруіне болады, көлікте әркім өзін сабырлы ұстап, басқа жолаушыларға кедергі жасамау керек.

Тұрмыста, табиғатта қауіпсіздік ережелердің маңыздылығын түсінуін қалыптастыру.

Жыл соңында экология негіздері қоршаған ортамен танысу бойынша бағдарламалық материалдарды меңгеру нәтижесінде балалар:

- заттарды атау және ажырату, олардың мөлшеріне, түсіне, пішініне, материалы неден жасалғандығы туралы (шыны, металл, ағаш, қағаз және т.б.) міндеті, түрлері бойынша классификация жасауды;

- көлік құралдарын атау және ажырату, түрлері бойынша классификация жасауды;

- байланыс құралдарын;

- кейбір өндірістік және ауылшаруашылық кәсіптерінің атауын, мазмұнын, мәнін;

- кез-келген зат адамдардың еңбегімен келетіндігі туралы;

- өз елінің, оның басты қаласының, туған қаласының (ауылы) атауын;

- өз елінің мемлекеттік рәміздерін атау және ажырата білу, ҚР мемлекеттік әнұранын орындау ережесін;

- жолда жүру ережелері, кейбір жол белгілерін, бақшада, үйде, көшеде, суда, орманда қарапайым қауіпсіздік ережелерін;

- тәжірибелік эксперимент жасауға қызығушылық және білуге құштарлықтарын көрсетуді;

- байқап көру әрекетінің көмегімен түрлі мәселелерді шешудің тәсілдерін таба білуі, қарапайым себеп-салдар байланысын орната білуі тиіс.
«ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ» БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫ
Мақсаты: мектепке дейінгі ересек жастағы балаларды өнер әлеміне баулу, эстетикалық талғамын, шығармашылық құзыреттілігі мен қиялдау қабілетін дамыту, жан құбылысын, сезімі мен ойын көркем түрде жеткізе білу талпынысын жетілдіру.

«Шығармашылық» білім беру саласының базалық мазмұны төмендегідей ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің түрлері:

- сурет салу;

- мүсіндеу;

- жапсыру;

- музыка арқылы жүзеге асады



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет