Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі



Дата04.11.2016
өлшемі3,55 Mb.
#157
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті

Ш.А. ЖЕТПІСБАЙ


АБАЙ (ИБРАҺИМ) ҚҰНАНБАЕВ –

қазақ халқының ұлы ақын-ағартушының туғанына 170 жыл

Қарағанды 2015


АЛҒЫ СӨЗ
Ұсынылып отырған жинақта ақын, композитор, философ, қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы, Абай мұрасын зерттеуші ғалымдардың еңбектерінен деректер берілген. Қазақстан жастарына патриоттық тәрбие беруде аға ұрпақтан қалған рухани игіліктерді танып білуде, өткен тарихымызды зерделеуде үлгі-өнеге алуға арналады.

Абайдың өмірі мен шығармашылық өнерін зерттеудің алғашқы өнімді кезеңі деп А. Байтұрсынов, К. Ысқақұлы, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, І. Жансүгіров, Қ. Жұбанов, Ы. Мұстамбайұлы, Ғ. Тоғжанов секілді әдебиет пен мәдениет қайраткерлерінің зерттеу еңбектерін, мақалаларын атауға болады. Абайтануды дербес ғылым саласы дәрежесіне көтерген М. Әуезов болды. Әуезов өзінің «Абай жолы» эпопеясымен ұлы ақын, ағартушының алып тұлғасын дүние жүзі оқырмандарына толық танытып, әдеби бейне қатарына жеткізсе, ғылымда да сондай күрделі еңбек етті. Қазақ тарихымен, Абайдың ақындық айналасымен ұстазы Мұхтар Әуезов арқылы көмбеде жатқан көп сырды алдымен ашқан Қайым Мұхамедханов тарихшылар айтпаған ақиқатты алдымен айтты.



«Көңілді түгел айтып болмайды екен, менің кеудем сендерге сандықпен тең» деген Абай сөзіне илансақ, ақынның көкірек көзін ашатын аса сәтті, дәмді өлеңдерін талдап, тереңдеген сайын арғы-бергі әлем әдебиетінен мол сусындаған сырына қаныға түсеміз.

«Абайдың ақындық әлемі дегеніміз мағыналық ауқымы өте кең ұғым. Абай поэзиясы — өз заманындағы қоғамдық өмірдің ең көкейкесті, ең күрделі және маңызды мәселесін қозғаған, толғаған поэзия.



Мұхтар Әуезов: «Поэзияда, музыкада, қоғамдық – азаттық ой-пікір саласында өлмес-өшпес шығармалар берген Абай қазақ халқының өткен замандағы өмірін зерттеуші біздің ұрпаққа таңғажайып тұлға болып көрінеді. Ол өз халқының ғасырлар бойғы мәдениетінің таңдаулы нәрін алды және бұл қазынаны орыстың және Батыс Европа мәдениетінің игі әсерімен молықтырды. Абай лебі, Абай үні, Абай тынысы – заман тынысы, халық үні. Бүгін ол үн біздің де үнге қосылып, жаңғырып, жаңа өріс алып тұр», – деп Абай әлемін паш етеді.

Жинақта берілген материалдың оқырмандардың қызығушылығын тудыратыны, студенттердің бойында белсенді азаматтық және патриоттық ұстанымдарды қалыптастыруға мүмкіндік туғызатыны күмәнсіз.


Абай Құнанбаев (1845-1904) – ұлы ақын, жазушы, қоғам қайраткері, ағартушы, қазақтың жазба әдебиетінің және әдеби тілінің негізін салушы.



«Абай 1845 жылы бұрынғы Семей облысының, Семей уезі, Шыңғыс болысында туған. Шыққан руы тобықты. Ата тегі сол тобықты ішінде билік құрып, ықпалын жүргізіп, үстемдік етіп келген тұқым. Үлкен әкесі Өскембай тобықтының атақты биі Кеңгірбайдан бата алып өмір бойы сол өз руының биі болып өткен. Өз әкесі Құнанбай көп заман тобықты болысына старшын боп кеп, бір уақыт Қарқаралы округіне аға сұлтан да болды». Абай көпті көрген әжесі Зеренің тәрбиесінде болды. Шешесі Ұлжан да ақылды ананың бірі болған. Болашақ ақын сабырлы мінезімен, кең пейілімен ел анасы атанған «кәрі әжесі» Зеренің таусылмайтын мол қазынадай аңыз ертегілерін естіп, абысын-ажынға жайлы, мінезі көнтерлі, әзіл-қалжыңға шебер, жөн-жобаға жетік өз анасы Ұлжанның тәрбиесінде өсті. Абай әуелі ауылдағы Ғабитхан молдадан сауатын ашады да, 10 жасқа толған соң 3 жыл Семейдегі Ахмет Риза медресесінде оқиды. Бұл медреседе араб, парсы тілдерінде, негізінен, дін сабағы жүргізілетін еді. Құрбыларынан анағұрлым зейінді бала оқуға бар ықыласымен беріліп, үздік шәкірт атанады. Ол енді дін оқуын ғана місе тұтпай, білімін өз бетінше жетілдіруге ұмтылады. Сөйтіп көптеген шығыс ақындарының шығармаларымен, араб, иран, шағатай (ескі өзбек) тілінде жазылған ертегі, дастан, қиссалармен танысады, Шығыстың Низами, Науаи, Сәғди, Қожа Хафиз, Фзули сияқты ұлы ғұлама, классик ақындарына бауыр басады. Медресенің үшінші жылында Абай Семей қаласындағы «Приходская школаға» да қосымша түсіп, орысша сауатын аша бастайды. Бірақ бұл оқуын әрі жалғастыра алмай, небәрі 3 жылдан соң оның мұсылманша да, орысша да оқуы аяқталады. Сол бала күнінде жаттаған кейбір өлеңдері ұлғайып, кәрілікке жеткен уақытына шейін есінен шықпаған, ұмы-тылмаған» деген тұжырымы болашақ ұлы ақынның калыптасу кезеңін айғақтайды. Абай бір жағынан шығыс классиктері Низами, Сағди, Қожа Хафиз, Науаи, Физули, Жәми, тағы басқаларды оқыса, екінші жағынан А.С. Пушкин, А.И. Герцен, М.Е. Салтыков-Щедрин, Н.А. Некрасов, М.Ю. Лермонтов, Л.Н. Толстой, И.А. Крылов, Ф.М. Достоевский, И.С. Тургенов, Н.Г. Чернышевский мұраларын оқып, терең таныс болған, Батыс әдебиетінен Гете, Дж. Байрон сияқты ақындарды оқып, түрлі ғылым салалары бойынша зерттеулер жүргізілді. Есейген шағында, осы өзі оқыған философ, ақын, ғалымдармен тең дәрежеде пікір таластырып, олардың ішінен ірі ақындардың өзіне әсері болған кесек туындыларын қазақ тіліне аударған. Аударған өлеңдері көркемдік жағынан негізгі нұсқасымен тең түсіп, кейде асып та жатады.

Ақындық қуатын танытқан үлкен шығармасы «Қансонарда» 1882 ж. жазылған. Бастан-аяқ динамикалық суреттерден тұратын бұл өлең қазақ әдебиетінде қалыптасқан дәстүрлі ұғымдардан өзгеше, ішкі ой иірімдері терең. Абай лирикасы жанрлық ерекшеліктері жағынан алғанда көп салалы, көп қырлы болып келеді. Ол қазақ поэзиясында тіл кестесіне, сөз қолдануына да жаңа сипат дарытқан ақын. Абай поэзиясының тілінде адамның жан тебіренісін, көңіл толғанысын, жүрек лүпілін, сезімнің сан құбылып ойнақшуын көрсететін сипаттамалар, эпитет, метафора және басқа да бейнелі сөздердің жаңа, өзі шығарған соны үлгі - өрнектері мол. Мысалы, «жүректің көзі», «жүректің оты», «көңілінің көзі ашық», «көңілдің жайлауы», «ой өлкесі» деген ауыспалы мағына туғызатын бейнелі сөздерді - метафораларды қолданады. Бірде ақын жүрегі кейіптеу бейне арқылы сипатталады: «Жүрегім менің - қырық жамау». Осындағы жұлқыланып, кескіленген, қырыққа бөлінген, парша-парша болып бөлектенген жүрек бейнесі ақынның өкінішін, арманын, қастандық-өшпенділіктен шеккен азабын, сүйенерге тірек таппай күйзеліп қалуын, т.б. көркемдік шеберлікпен жеткізіп тұр. Абайдың ұлылығын танытатын өлеңінің бірі «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес». Осы өлеңнің бастапқы тармағындағы сөздердің мәнісіне үңілсек, табиғат сөзін қалыпты мағынада алып, аспан мен жер, күн мен айды айтып отырған сияқты. Олардың өмірі адам өмірінен ұзақ екені талассыз. Ескі философиялық еңбектерде табиғат өлсе де, адам өлмейді деп, осы екеуін біріне-бірін қарама-қарсы қою кездеседі. Мысалы, Сократ адамды табиғатқа қарсы қойып, әділдік, ізгілік секілді адамның жақсы қасиеттерін зерттеу қажет деп, ал табиғатты зерттеу деген көңіл бөлуге тұрмайды деп санаған. Табиғат өзгереді, құриды, мәңгі өзгермейтін жаратушы бір Алла ғана деген ұғым бар. Жақсы адамның өзі өлсе де, жаны өлмейді деген пікірді философтар да айтқан.

Ол өзін 40 жасқа келгенде ғана ақын және азамат екенін танып «Жаз» деген өлеңіне өз атын жазады (бұрын шығармаларын досы Жантасов Көкбайдың атынан жазатын) [1, 448 б.]. Болашақ ақынның дүниеге көзқарасының қалыптасуына оның озық ойлы орыс зиялы қауымының өкілдерімен араласуы орасан зор ықпал етті. Ол кезде өз Отанының тәуелсіздігі жолындағы ұлт-азаттық қозғалыстарға белсене қатысушылар Қазақстан аумағына жер аударылып келіп жатты. Олар, атап айтқанда, Украина мен Польшадағы зиялы қауымның неғұрлым білімді өкілдері болатын. Жер аударылып келгендердің арасында патша үкіметінің саясатына қарсы шыққан орыс зиялы қауымының өкілдері де аз емес еді. Олар Абайдың саяси көзқарасының қалыптасуына ықпал етті. Атап айтқанда, Е. Михаэлис, А. Леонтьев, С. Гросс, А. Блек, П. Лобановский, Н.Коншин, Н. Долгополов және басқалары еді.

Олар Абаймен бірге жиі-жиі қонақта болып жүрді. Қазақ ақыны солардың арқасында озық ойлы орыс мәдениетінің алып өкілдері А.С. Пушкиннің, М.Ю. Лермонтовтың және басқалардың шығармаларымен жете танысты. Бұл озық ойлы азаматтардың Абайдың саяси-әлеуметтік көзқарасына игі ықпалы тигізгені сөзсіз [1, 450 б.]. Бірақ Абай Құнанбаев орыс мәдениетімен, әдебиетіменен, демократтық көзқарастарымен осы кісілер арқылы деу ағат айтқандық болар еді. Бұл тұста М.О. Әуезовтың «Ал, кейін орыс тілін біліп, орыстың ұлы мәдениетін мол, терең тани бастаған Абай озғын ойды бұлардан үйренбейді. Пушкиннің өзінен, Белинский, Герцен, Чернышевский, Салтыков-Щедрин, Некрасовтардың өз мұраларын оқып, кең, терең тәрбие алды. Абайдың классик ақын болған маңызын, әлеуметтік көзқарасын тек Михаэлис әсерінен деп қойсақ, әрі Абайға, әрі орыс халқының ұлы мұрасына және ұлы даналарына қиянат сөз айтқан болар едік» деген тұжырымын келтірсек те жеткілікті. Абай осылайша Европаның Гете, Байрон сияқты ақындарын, Спенсер, Спиноза, Льюис, Дарвин, Дрепер сынды ғұламаларының туындыларын оқыды. Сөйтіп Әуезовтың сөзімен айтқанда «1884 жылдары, жасы қырыққа таман ілінгенде, ол дүниеден көп мағлұматы бар кісі болды». Абай осы тұста, 1886 ж. досы Михаэлистің ұсынысымен, Семей облысы Статистика комитетінің толық мүшесі болып сайланды.

Абайдың өмірлік бағдарламасы, жаңа Абай екенін көрсететін өлеңі 1885 ж. «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деген өлеңі, ұлы ақынның өкініші. Мұнда үлгілі, жемісті өкініш айтылады. Кейінгілерге үлгі ретінде айтылады. Бұл сол замандағы барлық саналы ата-ананың өкініші еді.

«Бұл мақрұм қалмағыма кім жазалы?» дейді. Бұл «мақрұм» қалған Абай сол кезде Пушкин, Лермонтов, Толстой, Щедрин, Крылов т.б. біледі. Сонда да білген сайынғы білімге қомағайлықты көрсетеді. «Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім» дегенде дін медресе емес, басқа оқу жүйесін айтады.

Қазақ ортасында идеялық жаңа тыныстың қанаттануына Абайдай жан салған ойшыл кемде-кем, идеялық өрістің отын жағу үшін, шоқтанып қалған халықтың сезім мен ұлттық дәстүрді жедел дамыту керек болды. Сонау ХІХ ғасырдың соңында сомдалған Абай ақыры ХХ ғасырдағы реалистік поэзияның биік шыңына айналды [2, 6 б.].

1886 жылы Абай ақындық жолға біржолата құлай беріліп, үлкен-кішілі 18 өлең жазған. Бұл жылда програмды үлкен өрісті ақындық жеміс беру кезеңі көрінеді. Бар буын түгел қамтылады. Әуелі ата-аналар болып, кейін жігіттерге арнайды. Енді «Интернатта оқып жүр» деп балаларға оралады. Өлеңді қоғам тіршілігін көрсететін құрал екенін түсінеді. Абай мораль тәрбиесімен қауымды түзеуге болады деп түсінген.

Абай туған халқын сүйіп, оны қасіреттен құтқаруды, бодандыққа қарсы халқын күресуге оятып, береке-бірлікке шақырды.

Ұлы Абай тәуелсіздік таңын көре алмады, бірақ оны ұрпағы бүгінде өзінің тәуелсіз мемлекетін құруда.

Туған халқы да Абайын сүйіп, қатты құрметтеді. Өмірлік мағынасы зор өлеңдерін жатқа айтып, тұмардай сақтады. Шынында әр сөзі теңіздің тереңіне тартқандай мың батпан ойдан туған, кісіге берер шабыты мен шапағаты мол Абай әр қазақтың бағдаршамы іспетті.

Ұлы Абайдың әлеуметтік мәселелерді қозғайтын ойшыл өлеңдерінің астарына терең үңіледі. Кейбір пікірлерін келтіре кетсек.

«Абай қазақ арасындағы берекесіздіктің және басқа кемшіліктердің түп тамыры надандығында, оқымағандығында деп түсінеді де, халқының «көңіл көзін», яғни сана сезімін жетілдіру үшін қазақ жастарын оқуға, білім алуға шақырады. Ол:

Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,

Жоқ-барды, ертегіні термек үшін,

Көкірегі сезімді, ойы орамды,

Жаздым үлгі жастарға бермек үшін, - деп бар үмітін оқуға талапты жастарға жүктейді [1, 92 б.]. Өзі туралы айтқанда:

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім.

Ер жеткен соң түспеді уысыма, [2, 51 б.].

Қолымды мезгілінен кеш сермедім, - дейді де, оқыған өз балалары жайында:

Баламды медресеге біл деп бердім,

Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім, - деп, [1, 17 б.] оқығанда әкім болу үшін емес, ғалым болып дүние тану үшін оқу керек екенін еске салады».

Абайдың ақындық дәстүрін ақынның көзі тірісінде тікелей дамытып, жалғастырған ақын шәкірттері болған. Солардың ішінде ерекше орын алатыны Абайдың өз балалары.

Абай тек қана ақын емес, сонымен бірге сазгер. Халық арасынан шыққан таланттарды танып, олардың еңбегін таратушы болды.

Абайдың ән шығармашылығы қазақтың халық музыкасында ерекше орын алады. «Сегіз аяқ», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай» т.б. әндері әлі күнге халық жүрегінен жылы орын алған.

Біз ақын өлең-жырларындағы жаңа, соны ой-пікірлерді жұртшылықтың қалай қабылдайтынына ерекше мән бергенін айқын аңғарамыз. Өлең-жырға көңіл қоятын қауымнан мән-жайын түсініп байыбына жетуді талап етті. «Сыртын танып іс бітпес, сырын көрмей». Абай ақын халықтың тағдыры мен қасіретін терең түсініп, оның жоғын жоқтаушы болуға тиіс деп санаған. Абайдың өлеңдерінің ішінде мазмұны жағынан да, көркемдік бітімі жағынан да ерекшеленіп тұрған үздік туындылар мол. «Сегіз аяқ», «Сен мені не етесің», «Қан сонарда бүркітші шығады аңға», «Қалың елім, қазағым, кайран жұртым», «Жаз», (Жаздыгүн шілде болғанда) «Желсіз түнде жарық ай», «Болыс болдым, мінеки», «Қызарып, сұрланып», «Келдік талай жерге енді», «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?», «Көк тұман - алдындағы келер заман» секілді өлеңдерінің қай-қайсысын алсақ та, мүлде тың дүние, шығармашылық жаңалық. Бұларға қоса «Ем таба алмай», «Ата-анаға көз қуаныш», «Сағаттың шықылдағы емес ермек», «Нұрлы аспанға тырысып өскенсің сен», «Ауру жүрек ақырын соғады жай», «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес», аударма өлеңдерден «Жалғыз жалау жалтылдап», «Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз», «Қанжар», «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» сияқты тағы сан алуан шығармаларды атауға болар еді.

Абайдың сарқылмас шығармашылық тапқырлығы, оның қолынан шыққан кемеліне келген, көркемдік бітімі жағынан мүлтіксіз өлең үлгілерінің көптігі және әрқайсысының бір-біріне ұқсамайтын, жаңаша сипатты дүние болып келетіні. Абайдың тіпті жылдың төрт мезгілін суреттейтін «Қыс», («Ақ киімді, денелі, ақ сақалды»), «Күз» («Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан»), «Жаз» («Жаздыгүн шілде болғанда»). «Жазғытұры» («Жазғытұры қалмайды қыстың сызы») секілді бір топқа, циклге жататын өлендерінің де әрқайсы мазмұн-мағынасы, суреттеу тәсілі, кұрылысы жағынан әр түрлі болып шыққан.

Абай өзінің шығармашылығында қара сөзге ерекше мән берген.

Абай поэзиясының арқауы ғылым, білім, еңбек – осы қара сөздерде жалғасып дамиды.

Қара сөздерден адамның көңіл-күйінің жарығы мен қараңғысының айнасы болған – күлкі мен қайғы туралы педагогтар арасында осы күнге дейін айтылмаған тың ой табамыз. Өйткені күлкі мен қайғы туралы ешкім Абайдай тап басып айта алмаған. Абай «күлме» демейді тек «орынсыз күлкіден сақ бол» дейді. Абай өз шығармалары арқылы рухани бірлікке шақырады.

Абай өлеңдері бай философиялық, күрескерлік қасиетке ие. Ол ең алдымен қазақтың телегей – теңіз ауыз әдебиетінен сусындап, батырлар жыры мен ғашықтық жырларының үрдісіне мұрагерлік етті.

«Ескендір», «Масғұт», «Әзім әңгімесі» - Абайдың шығармашылық мұрасындағы поэмалары да зерттеушілердің назарында.

Абай қазақ өлең үлгісін жаңаша тұрғыдан байыта түсті. Сондықтан да Абай қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы деуге болады.

Қазақ халқының жазу әдебиетінің негізін қалаушы ұлы ақын Абай халықтың ағарту ісін өркендету үшін шығыс және батыс мәдениетін жан-жақты зерттеп, сол мәдениет негіздерін өз халқына үлгі-өнеге етіп көрсете білді.

Ақынның рухани, даналық мұрасы терең мағыналы философиялық идеяларға толы. Ол күллі Шығыста филосфияның негізгі мәні болып табылатын «жетілген адамды» өзекті және басты проблема етіп қарастырып, соған айрықша көңіл бөлді. Адамгершілік туралы ілімді дамыта отырып, адамды адамгершілік, кісілік тұрғысынан жетілдіру принциптерін, ұлттық эстетика мәселелерін алға тартты. Адамның шексіз танымдық мүмкіндіктері жөнінде, білім мен ғылымның әлеуметтік рөлі туралы, адамтану мәселелерін көтерді.

Даналықтың өлшемі бола білген философ-ақынның рухани мұрасы шын мәнісінде, қазақ халқының зерделі ойы мен өмірі тұрғысындағы энциклопедия секілді. Абайды танып, белсенді игере отырып, сол кездегі қазақ қоғамының экономикалық, саяси, құқықтық, отбасылық, мәдени-тарихи, моральдық хал-жайынан айқын да толық мағлұматтар алуға болады.

Ақын шығармалары сусындаған негізгі үш қайнар көзді айтатын болсақ, ол ең алдымен Абай қазақ елінің ұлттық рухы мен менталитетін, оның көкейкесті арманы мен даналық ойларын абыздық көрегеңділікпен, өлеңмен өрнектеуді қазақ эпосынан үйренді. Сондай-ақ Абайдың жүйелі ойларының үлкен бір арнасының калыптасуына Шығыстың рухани қазынасының да ықпал-әсерінің аз болмағандығы сөзсіз. Өйткені ол күллі араб пен парсының батырлық дастаны мен жырларын, Шығыстың атағы жер жүзіне мәшһүр классик ақындарын, Әбу Жафар Мұхаммед ат-Табари, Рабғузи, Рашид әд-Дин, Бабыр Захиреддин Мұхаммед, Әбілғазы Баһадүр ханның тарихи еңбектерін, сондай-ак, логика ғылымының негіздері мен мұсылмандық құқық, Шығыстың шариғат қағидаларын ұғындыратын ғұламалар еңбектерін жетік меңгерген. Сол еңбектерді түп нұсқасында оқитын жан-жақты білімдар, ғұлама болған. Араб, парсы, түркі тілдеріндегі білім көздеріне Абай ерекше көңіл аударады. Айрықша қабілетінің арқасында, араб, парсы тілдерін өз бетімен жүйелі түрде оқып, игереді. Сөйтіп ол Ә. Бөкейханов айтқандай, қасиетті кітаптардың білімпазы атанады. Отырардан шықкан және Шығыстың екінші ұстазы атанған ғұлама ғалым Әбу Наср әл-Фараби философиясы Абайдың дүниетанымын қалыптастырып дамытуда елеулі рөл атқарған.

Ақынның шұрайлы философиялық ойлары, негізінен, шығыс ойшылдары мен ақындарының кемел пікірлерін айрықша шеберлікпен игергендігін көрсетеді. Орыстың қоғамдық-философиялық ақыл-ойы ақынның эстетикалық көзқарасының қалыптасуына елеулі әсер етті. Сондай-ақ басын сонау антикалық ежелгі заман мәдениетінен алатын Батыс Еуропа мәдениеті Абай дүниетанымының даму процесінде тарихи сабақтастық желісін атқарды. Қазақ кемеңгері Сократ, Платон, Аристотель еңбектерімен жақсы таныс болды. Сонымен катар ол Спенсердің «Тәжірибелерін», Льюистің «Позитивтік философиясын», Дрепердің «Еуропа ақыл-ойының даму тарихы» атты туындылары мен Милльдің, Бокльдің және тағы басқа көптеген авторлардың да шығармаларын оқыған. Батыстың өркениеті мен философиясы, қоғамдық ойдың даму тарихы, ғылымы мен мәдениеті Абайдың рухани есею жолында елеулі рөл аткарып, Батыс пен Шығыс мәдениеттерін оның өз дүниетанымында тамаша ұштастырды. Абайдың негізгі зерттеу объектісі адам. Сол адамның эстетикикалық, этикалық талғамы, арман-мақсаты, өмірінің мәні, сезімі мен түйсігі, болмысы мен ұлттық ойлау ерекшелігі ұлы ойшылды терең тебіреніске түсірген. Шығыс ойшылы ретінде Абай адам проблемасын үлкен ауқымда, яки қоғамдық, руханилық, құндылық, этикалық, эстетикалық тұрғыдан зерделеді. Ол адам табиғатын этикалық тұрғыда қарай отырып, «сегіз қырлы, бір сырлы» сырбаз адам, яки кемеліне жеткен, «толық адам» кейпінде алға тартады. «Абайға шығыстан кірген бұйымдардың басы ислам діні», - дейді Әуезов. Шындығында, Абайдың «жан сыры», «жан құмары», «жан қуаты», «жан жарығы», «хауас», «хауас сәлим», «хауаси хамса», «хауаси хамса заһири», «толық адам», т.б. философиялық ұғым танымдар жөніндегі көзқарасы Ислам философиясын терең танығанын байқатады. «Әрбір ғалым - хакім емес, әрбір хакім ғалым», «Адаспай тура іздеген хакімдер болмаса дүние ойран болар еді» - деген пікір - ғұламаның философиялық көзқарасы.

Абай Шығыс мәдениетінен ақындық пен шешендік өнерін, мұсылмандық ғақлияларды танып, оны халыққа ұсына білді.

Абай Батыс мәдениетінен ғылым негіздерін, көркем әдебиетті үйренуді уағыздады. Абай өлеңдерінің эстетикалық тәрбиелік мәні зор. Табиғат лирикасы – Абайдың ұлы талантын, биік мәдениетін танытатын өлеңдер (З. Қабдолов) [3, 6 б.]. Абай шығармаларындағы табиғат лирикаларында табиғат пен адамның бейнесі, іс-қимылын ақын үйлестіре жырлап, әрі табиғат көркемдігіне оқушы мен тыңдаушыны қызықтырады, әрі сол кездергі адам бейнесін суреттеп көркемдікті, адамгершілікті сезіндіре, әсерлендіре тәрбиелейді.

Абай өлеңдері еңбекке, ғылым, өнер үйренуге, адамгершілікке де тәрбиелейді.

Ұлы Абайдың қара сөздері қазақтың ұлттық педагогикасына асыл арна болып қосылған педагогикалық (тәлім-тәрбиелік) тұжырымдар. Данышпан ақын көсем сөз арқылы да өзінің дүниетанымдық, тәрбиелік ойларын оқушыларына қарапайым баяндап, әсіресе ұлттық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды, іршіліктен іс-әрекеттік кемшіліктерді кесіп айтып, елді түзеп, ерді тәрбиелеуге терең ой жұмсаған. Бірінші сөзінде ойшыл адам отты ойларын қағаз бетіне түсірсе, ол да тәрбие десе, екінші сөзінде халықтың қасіретсіз өмір сүруі үшін басқа халықтардан үлгі алып, ұрпағын еңбекке тәрбиелеуін уағыздайды. Абай үшінші сөзінде қазақ халқының «бірінің – біріне қаскүнем болатынын, бірінің тілеуін бірі тілдеспейтінін, рас сөзі аз болатынын, қызметке таласқыш, өздерінің жалқау болатындарының себебі не? деп оның ұлттық кемшіліктерін атап көрсетеді, мұның бәрі тек малды ойлап, малға бейімделіп бара жатқан халықтың достықты ойлап, бірлікке бейімделіп, еңбекке дағдыланып, жағымпаздық пен жалқаулықтан аулақ болу керек екенін уағыздайды.

Абай қазақтың салт-дәстүрін сөз қылғанда белгілі мақсат көздеген дәстүрдің озығын дәріптеп, дәурені өткен тозығын үнемі айыптап отырған. Мысалы, «Аса, тойға баратұғын» деген он ауыз өлең жолында қазақтың қыз айттыруы, ел шетіне жау шапты дегенде ел намысын қорғауға аттанған ердің қапыда жау қолынан қаза табу, оң жақта отырған қалыңдықтың зар еңіреп жесір қалуы, адал махабаттың иесін арудың сүйген жарының қазынасына шыдай алмай өлуі жырланады. Ақын осы арқылы жастарды елді, жерді сүюге тәрбиелеуді, шынайы махаббат жолында жанын пида еткен жастарды өзгеге үлгі-өнеге етуді мақсат тұтады.

Бұл Абайдың, біріншіден, ақындық шеберлігін білдірсе, екінші -халық дәстүрін дәріптеп, ел жақсысының жақсылығын кейінгі ұрпаққа өнеге-үлгі етіп ұсынуының айғағы.

Ұлы Абай шығармашылығын, абайтану мәселелерін жан-жақты сөз еткенде назар аударатын мәселелер бар, ол Абайдың ақын шәкірттері, Абайдың ортасы, ақындық мектебі тәрізді құбылыстар. Мұның бәрі абайтану мәселесін тек тереңдете түсетіні сөзсіз. Бұл жайында академик Зәки Ахметовтің келесі бір пікірін келтіре кеткенді дұрыс деп санадық.

Абайды ұлы ізашар ақын деп қарағанда, оның шығармашылық дәстүрлерін дамытып жалғастырған ізбасар ақындар деп қазақ поэзиясының бір туар аса көрнекті қайраткерлерінен Шәкәрім, Сұлтанмахмұт, Мағжан, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовты алдымен айтамыз. Әрине, бұл топқа басқа бірталай ақындарды қосуға болады. Тікелей шәкірті болған балалары Ақылбай, Мағауия, немесе Абайдың айналасында болған, жақын жүрген Әсет, Көкбай ақындар туралы бұрынды-соңды айтылмай жүрген жоқ. Бұл — өз алдына мәселе. Кең мағынасында Абай дәстүрлерін дамытқан деп, мысалы, Сәкен мен Ілиясты да, ал жеке бір қырларынан келсе М. Әуезовті де, кейінгі атақты ақындардың қайсысын болса да алып қарауға мүмкін екені талассыз. Біздің сөз етпегіміз — нақтылы мәселе, қазақ әдебиетіндегі Абай дәстүрлерінің ұлы ақыннан кейінгі дәуірде тікелей жалғастық табуы, одан әрі өрістеп, дамуы. Абайдың ақындық дәстүрлерін тікелей жалғастырған осы ірі тұлғалар туралы ғана айтсақ та, ұлы ақын өмір сүрген XIX ғасыр мен оның өнерпаздық өнегесін өркендетіп, дамытқан XX ғасырдың бас кезіндегі әдебиеттегі дәстүр мен жаңашылдық мәселелерін талдап баяндауға толық мүмкіндік туады.

Жаңа реалистік жазба әдебиеттің негізін салған, ұлттық сөз өнеріміздегі жаңа дәстүрді бастаушы болған ақын тұлғасы осындай жан-жақты болуы да тегін емес дейміз. Сонда оған ілесе шыққан аса көрнекті ақындардың – Шәкәрім, Сұлтанмахмұт, Мағжан, А. Байтұрсынов пен М.Дулатовтың қайсысы болсын алдындағы ізашар ақынның дәстүрлерін өз шығармашылық өнерінің өзгешелік сипатына сәйкес өзінше жалғастырғаны заңды құбылыс болып шығады. Сонда біз Шәкәрімді Абайдың оқу-білім, ғылымды, адал еңбекті, талаптылықты, адамгершілікті уағыздау өнегесін фәлсапашыл ойшылдығын өзінше өрістеткен ақын десек, Сұлтанмахмұтты әсіресе әлеуметтік өмірдің қайшылықтарын, өз заманының шындығын нақтылы түрде, үлкен сыншылдықпен ашып көрсетуі жағынан Абай дәстүрлерін дамытуда өзіндік тың, жаңа өріс тапқан дей аламыз. Ал Мағжанды айтсақ, ол теңдесі жоқ лирик ақын ретінде Абайдың өз көңіл күйін және жалпы адамның жан дүниесін, ішкі сезімін суреттеудегі дәстүрлерін өзінің сыршылдық шеберлігіне тірек етіп, өзінше жалғастырған деу орынды.

«Дана ақынның өз халқынан және жалпы адам баласының өнер-ой байлығынан алған үш үлкен салалы түп-төркіні барын байқаймыз. Мұның біріншісі – қазақ халқының есте жоқ ескі заманнан жиып, өсіріп келген өз даналығы, халықтың ауызша әдебиет қоры. Екінші бір қол артқан қазынасы – араб, парсы, түрік тіліндегі шығыстың көркем классик поэзиясы. Үшінші, үлкен өнер, мол азық алған зор саласы - орыс халқының мәдениеті және сол арқылы Еуропа мәдениеті. Осы соңғы өріске құлаш созған Абай өз заманы үшін әрі жаңа тарих, жаңа дәуірдің басы, әрі кең майдан келешек еді».

Абай орыс тілін тамаша меңгерді. Мұның өзі оның орыс ақыны

М. Лермонтовтың бірқатар өлеңін қазақ тіліне аударуына мүмкіндік берді. Атап айтқанда, Абай М.Ю. Лермонтовтың «Шайтан» («Демон»), «Дұға» («Молитва»), «Қанжар», «Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз», «Жалау» («Жалғыз жалау жалтылдап»), «Теректің сыйы» («Асау Терек долданып, буырқанып») сияқты өлендерін аударды. Абай А.С. Пушкиннің «Евгений Онегин» дастанының үзінділерін қазақы ұғымда жатық етіп еркін аударды. Абайдың Татьяна хатының сөзіне шығарған «Татьянаның қырдағы әні» қалың елдің сүйікті әніне айналды.

Абай И.А. Крыловтың мысалдарын азақ тіліне аударумен де айналысты. Қазақтар ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті жетекшісі Ә.Бөкейханов өзінің қырғыз даласындағы әр түрлі уездерде болған кезінде ондағы ақындардың Пушкин мен Лермонтовтың Абай аударған өлеңдерін жақсы білетініне, оларды домбырада әнге қосып айтатынына көз жеткізіп қайтқанын жазады. Орыс тілінен Абай аударған шығармалар қазақ әдебиетін байыта түсті. Абай орыстың ұлы акындарының 50-ден астам өлеңін қазақ тіліне аударды.

Абайдың өз өлеңдері мен қара сөзбен жазылған ғибраттарында қазақ қоғамы өмірінің барлық жақтарын ашып көрсетті. Одан ақыл-кеңес сұраған дала тұрғындары ағылып келіп жатты. Атап айтқанда, оған Баянауыл өлкесіндегі белгілі шежіресі, әрі ақын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы келіп тұрды. Абаймен Семейге саяси жер аударылып келгендер де санасатын.

Абайдың қара сөздері (Ғақлия) – ұлы ақынның сөз өнеріндегі көркемдік қуатын, философиядағы даналық дүниетанымын даралап көрсететін классикалық стильде жазылған прозалық шығармасы. Жалпы саны қырық алты бөлек шығармадан тұратын Абайдың кара сөздері тақырыбы жағынан бір бағытта жазылмаған, әр алуан. Оның алты-жеті үлгісі қысқа болса, қайсыбіреуі мазмұн, тақырып жағынан өзгешелеу, ауқымды болып келеді. Абай өзінің қара сөздерінде шығарманың ажарына ғана назар аударып қоймай, оның тереңдігіне, логикалық мәніне зер салған. Сөйтіп көркемдік шеберлік пен ғылыми зерделік арқылы көркемдік сана мен философиялық сананы ұштастырады. Абайдың қара сөздеріндегі гуманистік, ағартушылық, әлеуметтік ойлары дін туралы пікірлерімен бірігіп, тұтас бір қазақ халқының философиялық концепциясын құрайды. Абайдың қара сөздері сондай-ақ жалпы адамзат баласына ортақ асыл сөзге айналды. Оның қара сөздерінің бірнешеуі ең алғаш 1918 ж. Семейде шыққан «Абай» журналында жарық көрді. Кейіннен, Абайдың қара сөздері орыс, қытай, француз, т.б. көптеген әлем тілдеріне аударылды. 

Абай қазақтың демократ ақыны, ұлы ойшыл, философы. Ол қазақ тілінің мәйегінен көптеген өлеңдер мен дастандар сондай-ақ, басқа да философиялық шығармалар жазды.

Абайды Абай еткен, асыл сөзімен өлең етіп ұйытып, жүрегіне жыр болып байланған қасиеті – өмірден әділет, мейірім, сенім, адалдық іздеу барысында тапқан танымдық олжалары, санасын сарғайтып барып көзін ашқан тұжырым тоғыстары өлең арқылы өріліп жатыр.

Абай өлеңдерінің тақырыбы жан-жақты әлеуметтік аясы кең. Өлеңдері халықты өнерге, білімге, ғылымға шақырады, әрі жанға жайлы, жүрекке жылы тиетін махаббат өлеңдері болып келеді. Сондықтан Абай өлеңдері XIX ғасырдағы «қазақ қоғамының айнасы» деп те аталады.

Ақын 1904 жылы туған жерінде қайтыс болды. Сүйегі Жидебай деген жерге қойылды. Қазір сол Жидебайда ақынның өзі тұрған үйде әдеби-мемориалдық мұражайы бар. Жер бетіндегі күллі қазақ қауымы өздерінің ұлы Абайымен мақтанады. Олар күн өткен сайын Абайды жаңа қырынан тануда. Өйткені Абай мұралары бүгін де, болашақта да өзінің өміршеңдігімен мәңгі жасайтын ғажап туындылар.

Кейінгі жылдарда абайтану ғылымы көптеген әдебиетшілер, тіл зерттеушілер, музыка мамандары және басқа ғылым салаларының өкілдерінің еңбектерімен толыға түсті. Абайтану ғылымына С. Мұқанов, Қ. Жұмалиев, Т. Тәжібаев, Қ. Мұхамедханов, М.Сильченко, Ы.Дүйсенбаев, З. Ахметов, Б. Ерзакович, М. Мырзахметов, Ғ. Есімов, Ж. Ысмағұлов т.б. ғалымдар салмақты үлес қосты.

«Қазіргі кезде әдебиеттану және басқа қоғамдық ғылымдар идеологиялық қатаң қағидалардың тар шеңберінен шығып, кең құлаш жаюға мүмкіндік алған жағдайда абайтану ғылыми жаңа белеске көтеріліп жалғаса, толыға беруі керек. Абай шығармашылығының танымдық, көркемдік, тәрбиелік мәнін жаңа қырларынан қарап, терең ашып көрсететін еңбектер ғана абайтану ғылымын байыта түспек».

Қорыта айтқанда Абай шығармалары қазірдің өзінде көптеген тілдерге аударылып, әлем халықтарының жақсы бағасын алуда. Соның бір дәлелі, Қытай Халық Республикасында Абай шығармаларының қазақша нұсқаларынан сырт оның үш бірдей дастаны және өлеңдері мен қара сөздері қытай тілінде жарық көрді.

Абай отандық тарихымыз бен әдебиетімізде аса көрнекті орын алады. Абай қазақтың ұлттық жазба әдебиетінің негізін қалады. Абай есімі дүние жүзі халықтары әдебиетінде Шекспир, Пушкин, Гетелермен қатар тұрады. Ақынның мол әдеби мұрасы тек бір халықтың ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани қазынасы саналады. Қазақстанда ұлы Абайдың есімі көптеген елді мекендер мен көшелерге, Алматы Ұлттық университетіне, Алматы қаласындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрына берілген. Ұлы ақынның құрметіне Қазақстан мен Ресейде ескерткіштер орнатылған. Қазақстанның жоғары оқу орындарында Абай шығармашылығына арналған халықаралық және республикалық ғылыми конференциялар жыл сайын өткізіліп тұрады.

Қазақ үшін Абай – мәңгілік махаббат және мәңгілік мұң, және ерменнің ащы дәмі, өйткені оның өзінің нәсілдестеріне айтып кеткен қарасөздері бүгінгі күні де аса өзекті. Біреулер үшін Абай – ұлы лирик, енді біреулер үшін – демократ, үшінші біреулер үшін – философ. Осының барлығын пластика тәсілі арқылы қалай білдіруге болады? Сөз бен ойдың тілін бояу, сызбалар, жарық пен көлеңке тілдеріне қалай көшіруге болады? Бір қарағанда мүмкін емес міндет сияқты. Алайда, «Абайды танып, біл!» көрмесіне келген адам, суретшілеріміздің ол міндетті абыроймен орындап шыққандықтарына көздерін жеткізді.

Абай – халқымыздың мақтанышы ғана емес, біздің ұлттық ұранымыз, ұлттық идеологиямыз. Оның өлмес мұрасын алдымен өзіміз танып, сосын әлемге таныту – біздің ғұмырлық парызымыз. Өйткені, Абайды әлемге таныту – әлемге қазақты таныту деген сөз.

Әдебиеттер тізімі
1. Абай. Алматы: Жібек жолы, 2012. – 487 б.

2. Абай Құнанбайұлы көңілімнің санасы. Алматы: Олжас кітапханасы, 2012. – 179 б.

3. Мұхтарова Ш. Идеи национального сознания в наследии Абая // Улагат. 2012. № 2.

4. Кунанбаев А. Слова назидания / Пер. С. Санбаева.- Алматы: Алматы кітап баспасы, 2013. – 224 с.






Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет