2-стратегиялық бағыт. Экономиканы жедел әртараптандыруды ғылыми қамтамасыз ету
2.1) Реттелетін саланы немесе қызмет аясын дамытудың негізгі параметрлері
Соңғы үш жылда Қазақстан ғылымында түбегейлі жүйелі өзгерістер болды.
«Ғылым туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ғылымды басқарудың мүлдем жаңа моделі мен ғылымды қаржыландырудың жаңа тетіктері қызмет етеді.
Тәуелсіз ғылыми-техникалық сараптама жүйесі жұмыс істейді. Сараптаманы ғылыми зерттеулерді қаржыландыру бойынша соңғы шешім қабылдайтын алқалы орган болып табылатын Мемлекеттік ғылыми-техникалық ұлттық сараптама орталығы және бес Ұлттық ғылыми кеңес (ҰҒК) жүргізеді.
Жоғары ғылыми-техникалық комиссия 2014 - 2016 жылдарға арналған ғылымды дамытудың басымдықтарын мақұлдады:
1) табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, шикізат пен өнімді қайта өңдеу;
2) энергетика және машина жасау;
3) ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялар;
4) тіршілік туралы ғылымдар;
5) елдің зияткерлік әлеуеті.
Тұтастай алғанда, ғылымды қаржыландыру ұдайы өсуде: 2011 жылы - 26,9 млрд.теңге, 2012 жылы - 46,6 млрд. теңге, 2013 жылы 52,9 млрд. теңге бөлінді.
Ғылымды қаржыландырудың жаңа нысандарының енгізілуі жалпы республика көлемінде ғылыми процесті жандандырды. Мемлекеттік ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындары базалық қаржыландыру алуда. Ғылыми зерттеулердің өзі бағдарламалық-нысаналы және гранттық қаржыландыру шеңберінде қаржыландырылады.
Гранттық қаржыландыру бойынша ғылыми жобаларды қаржыландыру конкурстық негізде жүзеге асырылады (жаңа жүйе бойынша 4 конкурс өткізілді). Жобаларға халықаралық сараптама жүргізу енгізілді - жобаларға сараптама жүргізу үшін 2,9 мың ғалым, оның ішінде әлемнің 59 елінен 1,7 мың шетелдік сарапшы тартылды. Конкурсқа ұсынылған 6593 өтінімнен ҰҒК 2016 ғылыми жобаны іріктеді.
2013 жылы бюджеттік бағдарламалар әкімшілері шеңберінде базалық, гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру 52,9 млрд. теңгені, соның ішінде ҚР БҒМ бойынша 34,9 млрд. теңгені құрады.
2013 жылы Министрлік шеңберінде ғылыми ұйымдармен базалық қаржыландыру бойынша 4,2 млрд. теңге (67 субъекті), гранттық қаржыландыру бойынша 18 млрд. теңге (2016 жоба), бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша - 12,6 млрд. теңге (63 бағдарлама) сомасына шарттар жасалды.
Ғылым саясатының жаңа тетіктері ғылым саласындағы кадрлық әлеуеттің жағдайын тұрақтандыруға мүмкіндік берді. 345 ғылыми ұйым жұмыс істеуде, онда 20,4 мың қызметкер жұмыс істейді.
Соңғы төрт жылда ғылыми қызметкерлер санының тұрақты өсу үрдісі қалыптасты (2010 жылы - 15,8 мың, 2011 жылы - 17 мың, 2012 жылы - 18 мың, 2013 жылы - 20,4 мың). Жастардың ғылымға келу белсенділігі артты. Соңғы төрт жылда елдегі зерттеушілердің жалпы санынан 35 жасқа дейінгі ғалымдардың үлесі 34 %-дан 38 %-ға, ал 45 жасқа дейінгілер 50 %-дан 56 %-ға дейін өсті.
Ғылыми кадрларды даярлаудың жаңа жүйесі енгізілді. PhD философия докторы атты жаңа ғылыми дәреже бекітілді. Ғылым докторларын даярлау республиканың ірі университеттерінде күндізгі оқу нысаны бойынша жүзеге асырылады.
Президенттің «Болашақ» халықаралық стипендиясы шеңберінде қазақстандық жас ғалымдардың ғылыми тағылымдамадан өту мүмкіндіктері пайда болды, онда техникалық бағыттағы мамандықтардың санын 40 %-дан 53 %-ға дейін ұлғайту көзделген.
Ғалымдардың ғылыми өнімділігінің сапасын айтарлықтай ынталандыру Ғылым және техника саласындағы мемлекеттік сыйлық, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 6 атаулы сыйлығы, мемлекеттік ғылыми стипендиялар болып табылады: жас ғалымдарға - 50, көрнекті ғалымдарға - 25.
Барлық ғалымдардың әлемдік ақпараттық ресурстарға қол жеткізуі қамтамасыз етілді - Thomson Reuters, Springer, Elsevier ірі шетелдік компанияларымен және баспаларымен лицензиялар мен келісімдерге қол қойылды.
Халықаралық рейтингтік басылымдарда қазақстандық ғалымдардың жарияланым белсенділігінің айтарлықтай өсуі байқалуда. 2012 жылы - 1405 жарияланым, 2013 жылы - 1874 жарияланым белгіленді.
Ғылым жүйесіне жоғары оқу орындарының қатысуы ұлғаюда - олардың ғылыми жобаларды орындауға қатысу үлесі 2010 жылы 33 %-дан 2012 жылы 67 %-ға өсті. ЖОО-дағы ғылыми-зерттеу құрылымдарын (ҒЗҚ) дамыту бойынша, яғни, 2011-2013 жылдары құрылған 541 ҒЗҚ дамыту және 2017 жылға дейінгі кезеңде ЖОО-да 67 ҒЗҚ құру жұмыстары жүргізілді.
Екі жақты негізде ғылыми-техникалық ынтымақтастық дамуда - ғылым және техника саласында Ұлыбритания, АҚШ, ҚХР, Корея, Жапония, Египет, Германия, Италия, Франция, Польша, Ресей, Украина және т.б. мемлекеттермен 30-дан аса мемлекетаралық келісімдерге қол қойылды.
Министрлік енгізу үшін перспективалы, аяқталған ғылыми әзірлемелерді тұрақты түрде іріктеу жұмыстарын жүргізеді. Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, «Технологияларды коммерцияландыру» жобасы шеңберінде 21 ғылыми жоба іске асуда. «Парасат» ҰҒТХ» АҚ зерттеудің соңғы нәтижесіне бағытталған жобаларды жүзеге асыруда. Министрлік 2012 - 2014 жылдарға арналған технологиялық және әлеуметтік инновацияға бағытталған ғылыми жобаларды гранттық қаржыландыруға жеке конкурс өткізді. Қорытындысы бойынша 33 жоба іріктелді. Назарбаев Университеті мен Инновациялық технологиялар паркінің базасында зияткерлік кластерлер құрылды.
«Қазақстан-2050» Стратегиясында анықталған ғылымды дамытудың жаңа бағыттары тапсырылды, бұл:
1) ЖОО ғылыми-зерттеу қызметін белсенді дамыту;
2) шетелдік ғылыми қауымдастықпен ықпалдасу, ауқымды халықаралық жобаларға қатысу;
3) экономикаға ғылымның нақты үлесі, ғылым мен бизнестің бірлесуі.
Министрлік ғылымды дамытудың мынадай міндеттерін айқындады:
1) ел экономикасын инновациялық индустрияландыру бойынша алға қойылған міндеттерді іске асыру үшін ғылымды экономиканың инновациялық дамуымен үйлестіру;
2) ғылыми зерттеулердің нәтижелілігін жоғарылату үшін ғылыми және кадрлық әлеуеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыру;
3) зерттеу жоғары оқу орындары мен ғылыми технопарктер желісін дамытуды көздейтін ғылыми инфрақұрылымды жаңғырту және одан әрі дамыту;
4) ғылымның венчурлық дамуын құру, зияткерлік меншікті қорғау, зерттеулер мен инновацияны қолдау, сондай-ақ ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру мақсатында ғылыми қызметті қаржыландыру және қолдау тетігін жетілдіру.
2.2) Негізгі проблемаларды талдау
Ғылым мен білім арасындағы алшақтық сақталуда, осының салдарынан ғылыми нәтижелер білім беру саласына шоғырланбайды, ғылыми зерттеулерді жүргізуге жас мамандар тартылмайды.
Тәуелсіз сарапшылар қоғамы ретінде тартылуы мүмкін ғылыми қызметкерлердің ұлттық кәсіби қоғамы дамымаған.
Ғылымның материалдық-техникалық базасы зерттеулер мен әзірлемелерді жүргізуге мүмкіндік беруді қамтамасыз ететін елдің ғылыми әлеуетінің бірден бір маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Елдің ғылыми әлеуетін жақсарту мақсатында заманауи жабдықтармен және құралдармен жарақтандыру арқылы ғылымның материалдық-техникалық базасын және қамтамасыз етілуін едәуір жақсарту қажет.
2.3) Негізгі сыртқы және ішкі факторларды бағалау
Сыртқы факторлар:
ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру көлемінің төмендігі. Ғылыми зерттеулердің нәтижесін практикалық іске асыру, өндіріспен байланыс ғылымның негізгі проблемалары болып қалуда;
өз ғылыми әлеуетін іске асыруға қолайлы жағдайдың болуына байланысты ғалымдардың өзге мемлекеттерге кетуі;
өзге дамыған елдермен салыстырғанда ғылыми нәтижелер деңгейінің төмендігі (рейтингті ғылыми журналдардағы жарияланымдар бойынша);
ғылыми-зерттеу ұйымдары сапасының төмендігі.
Ішкі факторлар:
жоғары оқу орындарында ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардан алынған нәтижелер мониторингі сапасының төмендігі;
ғылыми ұйымдардың материалдық-техникалық базасының тозу пайызы жоғары;
ҒЗТКЖ нәтижелілігінің төмендігі;
ғылымның экономиканың инновациялық дамуымен үйлесім таппауы. Зияткерлік ұйымдар мен инновациялық кластерлерге ЖОО және ҒЗИ белсенді қатысуын қамтамасыз ету қажет. ЖОО мен ҒЗИ инновациялық құрылымдарының нашар дамуы;
ғылымдағы кадр әлеуетінің бәсекеге қабілеттілігі төмен. Докторантура (РhD) бойынша даярланған ғылыми кадрлардың жетіспеуі.
3-стратегиялық бағыт. Балалар мен жастардың дамуы, оларды елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тарту үшін жағдайлар жасау
3.1) Реттелетін саланы немесе қызмет аясын дамытудың негізгі параметрлерi
Балалардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі әлеуметтік жетімдікті төмендету болып табылады.
Білім беру органдарының деректері бойынша 2013 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша республикада жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 33,7 мың бала (2012 ж. - 34,8 мың) өмір сүреді.
Оның ішінде қорғаншылыққа және қамқоршылыққа - 21,8 мың бала (2012 ж. - 21,7 мың), патронаттық тәрбиеге - 1,9 мың бала (2012 ж. - 2,1 мың), интернаттық ұйымдарға - 9,8 мың бала (2012 ж. - 10,8 мың) орналастырылды.
Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған денсаулық сақтау, білім беру, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау жүйесіндегі интернаттық ұйымдардың 9879 тәрбиеленушісінің 80 %-ы - ата-аналары бас бостандығынан айыру орындарында отырған, хабарсыз кеткен, әрекетке қабілетсіз деп танылған, ата-аналық құқықтарынан айрылған және т.б. балалар.
Отбасының, жақын туысқандары мен достарының болмауына байланысты интернаттық мекемелер жағдайында баланың әлеуметтік-психологиялық дамуы шектеулі. Бұл балалардың біртекті ортада балалар үйлерінде және интернатта болуы мемлекеттік мекемеден шыққан соң өмірлік стандарттардың кемітілуін және әлеуметтік бейімделу деңгейінің төмендеуін қалыптастырады.
Әлеуметтік жетімдіктің алдын алу мақсатында бірқатар шаралар, оның ішінде отбасының және баланың қолайсыздығын дер кезінде анықтау, өмірде қиын жағдайға тап болған отбасылар мен балаларға қажетті көмек көрсету бойынша бірқатар шаралар қабылдануда.
Аталған жұмысты тиімді ұйымдастыру үшін мектептердің штатына 4 мыңға жуық әлеуметтік педагог, 8 мыңға жуық психолог енгізілді.
Білім бөлімдерінде қорғаншылық және қамқоршылық функцияларын жүзеге асыратын 300-ден астам маман қызмет атқарады.
Балаларды орналастырудың қорғаншылық (қамқоршылық), патронат және бала асырап алу сияқты баламалы түрлері дамуда.
Қамқоршылар мен қорғаншыларды, патронаттық тәрбиешілерді қолдау мәселелері шешілді. Мемлекет қамқоршылықтағы әр баланы күтіп-бағу үшін 10 АЕК мөлшерінде жәрдемақы төлейді.
Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың бітірушілерін тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданды.
2013 жылғы 4 шілдеде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйге құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына Қазақстан Республикасының Президенті қол қойды.
Бұл Заң жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың бірінші кезекті тұрғын үй алу құқығын, заңды өкілдерінің өздері қамқорлыққа алған балаларды тұрғын үй алуда жеңілдікті кезекке уақтылы қою жауапкершілігін көздейді.
БАҚ арқылы Қазақстан азаматтарының отбасыларына жетім балаларды орналастыру бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Әлеуетті бала асырап алушыларды қолдау және тарту үшін тұрақты негізде «Қуан, сәби», «Ризашылық», «Қамқоршылар күні» акциялары өткізілуде.
Отбасыларға орналастыруға жататын балалар туралы бірыңғай ақпараттық интернет-портал құрылды. Аталған ресурс жетім балаларды қазақстандық отбасыларға орналастырудың пәрменді тетіктерінің бірі болып табылады.
Қабылданған шаралар интернаттық мекемелердегі жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санының азаюына ықпал етеді.
1.2) Негізгі проблемаларды талдау
ҚР ІІМ деректері бойынша республикада құқық қорғау органдарының есебінде 12 мыңнан астам тұрмысы қолайсыз отбасы тіркелген, онда 20 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. Жыл сайын балалар үйлеріне 1,5 мыңнан 2 мыңға дейін балалар келіп түсуде.
Отбасы қолайсыздығының және әлеуметтік жетімдіктің негізгі себептері: материалдық және тұрғын үй жағынан қиындықтар, бейәлеуметтік өмір салтын (алкоголизм, нашақорлық) ұстанатын отбасылардың болуы, некесіз бала туудың өсуі, ана және әке атануға дайын болмауы, отбасы және отбасылық тәрбие құндылықтарының әлсіз насихатталуы, бала тәрбиелеуде ата-аналар жауапкершілігінің төмендеуі, қарқынды көші-қон процестері.
3.3) Негізгі сыртқы және ішкі факторларды бағалау
Сыртқы факторлар:
отбасы қолайсыздықтарын ерте кезеңде анықтау бойынша жергілікті атқарушы органдар жұмыстарының жеткіліксіздігі;
өмірде қиын жағдайға тап болған балалар үшін білім беру саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жөніндегі стандарттардың жоқтығы;
қазақстандық азаматтардың жетім баланы немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы өз отбасыларына қабылдауға психологиялық дайындығының жетіспеушілігі, олардың құқықтық сауаттылығының төмендігі;
қорғаншылыққа, қамқоршылыққа, асырап алуға берілген балаларды қайтару фактілерінің өсу үрдісінің дамуы (2011 ж. - 108 факт, 2013 ж. - 132);
қазақстандық отбасыларға жетім балаларды орналастыру мәселелері бойынша оң қоғамдық пікірді, қалың жұртшылық алдында балалар үйлері тәрбиеленушілерінің оң имиджін қалыптастыруға бағытталған әлеуметтік жарнамаларды әлсіз ілгерілету және насихаттау.
Ішкі факторлар:
қабылдаушы ата-аналарға заң, психологиялық, консультативтік және басқа да көмек көрсету үшін қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдарда маман кадрлардың жетіспеушілігі және кадрлар тұрақсыздығының жоғары болуы (2012 ж. - 349 бірлік, 2013 ж. - 307 бірлік). Маман кадрларға қажеттілік 700-ден астам адамды құрайды;
өмірде қиын жағдайға тап болған балалы отбасыларға көмек көрсету бойынша түрлі көрсетілетін қызметтер, орталықтар желісінің жетіспеушілігі;
қабылдаушы ата-аналар мектебі мен отбасыларды қолдау қызметінің жұмысын әдіснамалық қамтамасыз етудің жеткіліксіздігі. Әлеуетті қабылдаушы ата-аналардың жетім баланы қабылдауға және тәрбиелеуге дайындығын бағалау өлшемдерінің жоқтығы.
Реттелетін саланы немесе қызмет аясын дамытудың негізгі параметрлері
3.1. Жастардың әлеуметтік құқықтары мен мемлекеттік кепілдіктерін іске асыру
Мемлекеттің басты міндеттерінің бірі жастардың өзі-өзін дамытуына жағдай жасау мен бәсекелестілігін қалыптастыру болып табылады.
Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің деректері бойынша 2013 жылдың басында республика жастарының саны (14-29 жас) 4 293,3 мың адамды немесе жалпы халық санының 25 %-ын құрады.
Өңірлік салыстыруда жастар санының басым бөлігі бұрынғыша Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласына келеді. Жастардың аз бөлігі Солтүстік Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарына келеді.
Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің деректері бойынша еліміздің жастарының 55,3 %-ын қала жастары, ал 44,7 %-ын ауыл жастары құрайды.
Салыстырмалы талдау соңғы үш жылда ауыл жастары санының азайғанын көрсетеді. Егер 2011 жылдың басында ауылдық жерде тұратын жастардың саны 2118,5 мың адамды құраса, 2013 жылы жастардың саны 2 082,4 мың адамды құраған, ол 2011 жылмен салыстырғанда 2 %-ға төмендегенін көрсетеді.
Ауыл жастары санының азаюы жастардың білім алу мен жұмыс істеу мақсатында қалаға кетуімен байланысты.
Оған мынадай өңірлердің әлеуметтік-демографиялық жағдайлары ықпал етеді: тұрғындардың жоғары тығыздығы мен шекара жақындығы. Осының салдарынан көршілес елдерден сыртқы көші-қонның өсуі және ауыл жастары ішкі көші-қонының әлеуетті артуы пайда болады.
Соңғы онжылдықта елімізде жастар ұйымдарының саны 7 есеге артты. Жастардың шоғырлану процесі «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» Жастар қанаты, «Жас Ұлан» біртұтас балалар-жасөспірімдер ұйымдары» республикалық қоғамдық бірлестігі сияқты бұқаралық ұйымдарда жалғасуда.
Бірқатар жастар бағдарламалары мен бастамалары іске асырылуда: «Жастар практикасы», «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға!», «Жастар кадрлық резерві», «Сәтті қадам», «Жастар - Отанға!», «Жайдарман», олар кең позитивті қоғамдық резонанс тудыруда.
Сонымен қатар талантты және дарынды жастарды қолдауда үлкен жұмыс атқарылуда.
Дүниежүзілік Универсиаданың өткізілуіне қатысуға жастарды кеңінен тарту мақсатында Алматы қаласында жастардың қатысуымен спорттық және мәдени-бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырылуда. Универсиада әлемдегі ең ауқымды халықаралық бұқаралық-спорттық және мәдени оқиғалардың бірі болып саналады.
2005 жылдан бері жыл сайын Ұлттық жастар Дельфи ойындары өткізілуде.
Дельфи ойындары-мәдени мұраны сақтау жас таланттарды анықтау мен қолдау, өсіп келе жатқан ұрпақтың эстетикалық тәрбиесі, тұлғаның рухани қалыптасуына көмектесу, мәдениаралық диалог пен мәдениеттердің көптүрлілігін дамытуға ықпал ету құралы.
Ұлттық жастардың Дельфи ойындарының жеңімпаздарынан құралған Қазақстанның құрама командасы Дельфи ойындарына қатысады.
Министрліктің және Қазақстан Республикасы Ұлттық Дельфи комитетінің қолдауымен Тәуелсіз мемлекеттер достастығы мемлекеттерінің қатысуымен Халықаралық ашық Дельфи ойындары өткізілді. Ойындарға 20 елден 800-ден астам қатысушы қатысты.
Еңбекпен және жұмыспен қамту саласындағы Мемлекеттік жастар саясаты жастарды жұмыспен қамту бағдарламасы, қоғамдық жұмыстарды дамыту мен жастарды кәсіптік даярлау мен біліктілікті арттыру курстарында оқыту арқылы іске асырылады.
Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің деректері бойынша жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2013 жылғы 3-тоқсанның қорытындысы бойынша 5,4 %-ды, ұзақ мерзімді жұмыссыздық деңгейі 3,0 %-ды құрады.
Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі бойынша деректер жұмыссыздықтың ең жоғарғы көрсеткіші Алматы қаласында (8,4 %), Маңғыстау (8,0 %), Солтүстік Қазақстан (7,8 %), Жамбыл (7,3 %) және Алматы облыстарында (7,0 %) екенін растады.
Көрсеткіші 4 %-дан аспайтын жастар арасындағы жұмыссыздықтың төмен деңгейі Ақтөбе, Атырау, Оңтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында байқалады.
2013 жылғы үшінші тоқсанның қорытындылары бойынша 2012 жылғы 4-тоқсанмен салыстырғанда Алматы және Маңғыстау облыстарында жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,4 %-ға, Алматы қаласында 2 %-ға өсті.
Министрлік 2013 жылы 040 «Жастар саясаты мен азаматтарды патриоттық тәрбиелеу бойынша іс-шаралар өткізу» республикалық бюджеттік бағдарламасының шеңберінде мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға 815,6 млн. теңге, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа 477,3 млн. теңге бөлінді. 40 әлеуметтік маңызы бар жоба іске асырылды.
Облыстарда, сондай-ақ олардың аудандары мен Астана, Алматы қалаларында мемлекеттік жастар саясатын қаржыландырудың жалпы көлемі 2,8 млрд. теңгені құрады.
Өңірлік деңгейде мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыруға 1 млрд. 171,9 млн. теңге көзделген.
Мемлекет пен жастар арасындағы ынтымақтастық әдістері диалогтық алаңдар арқылы жетілдіріліп келеді: Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Жастар саясаты кеңесі, Министрліктің жанындағы Республикалық жастар ұйымдары бірлестігінің қызметтерін дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесі, әр деңгейдегі әкімдіктер жанындағы консультативтік-кеңесші органдар.
Жастармен атаулы жұмыс тетіктерін құру және оларды тұрғылықты жері, оқу және жұмыс орны бойынша жер-жерде қамту мақсатында өңірлерде әртүрлі ұйымдастыру-құқықтық нысандағы жастар ресурстық орталығын құру жөніндегі жұмыстар жалағастырылуда. Олардың жұмыс істеуіне қаражат жергілікті бюджетте көзделген.
Жастардың ахуалын жан-жақты зерттеу, сондай-ақ әлеуметтік-мәдени процестерді объективті пайымдау үшін алғаш рет «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы құрылды. Орталық жастар арасында әртүрлі зерттеулер жүргізеді, мемлекеттік жастар саясаты саласындағы ғылыми-зерттеу жобалары мен бағдарламаларды әзірлеуге қатысады.
Алғаш рет «Қазақстан жастары – 2013» атты Ұлттық баяндама дайындалды. Ұлттық баяндама жастардың тіршілік ету жағдайлары мен факторлары туралы ақпаратты жүйелендіретін, жастар жағдайы өзгерісінің үрдістерін, жастар проблемасын шешу бойынша мемлекеттік органдар қызметінің басым бағыттарын айқындайтын, сондай-ақ жастардың құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі қажетті шараларды әзірлеу, оларды қорғау мен дамыту үшін ресми қорытынды құжат болып табылады.
Халықаралық жастар ынтымақтастығы мынадай төрт бағыт бойынша жүзеге асырылады:
1) ТМД-ға мүше мемлекеттер шеңберіндегі ынтымақтастық;
2) Еуропа Кеңесінің шеңберіндегі жастар саясаты;
3) шет елдермен қол қойылған және жоспарланып отырған екі жақты келісімдер негізінде;
4) халықаралық ұйымдармен бірлескен жобалар мен іс-шаралар арқылы.
Мемлекеттік жастар саясатының таяудағы үш жылғы дамуының негізгі бағыттары мемлекеттік жастар саясаты мен патриоттық тәрбиені іске асырудағы мемлекеттік органдардың ведомствоаралық өзара іс-қимылын күшейтуді, жастарды ақпараттық және ұйымдастырушылық жұмыспен кеңінен қамтуды қамтамасыз ету болып табылады.
3.2) Негізгі проблемаларды талдау
Жұмысшы, ауыл, маргиналды және өмірде қиын жағдайға тап болған жастар санатын мемлекеттік жастар саясаты саласындағы іс-шаралармен толық қамтымау.
Жастардың экономикалық және әлеуметтік әлеуетін іске асыру үшін жобалық тәсіл тетігінің жоқтығы.
Мемлекеттік жастар саясаты саласындағы заңнаманың жетілдірілмеуі. Жастарға спортпен айналысуға, демалыс мекемелеріне қол жеткізу, тұрғын үй алу, шағын бизнесті кредиттеу үшін және т.б. жеңілдікті шарттар заңнамалық деңгейде қамтамасыз етілмеген.
Жастар ұйымдары іске асырып отырған әлеуметтік маңызы бар жобалардың сапасын талдау жүйесінің әлсіздігі.
Мемлекеттік жастар саясатын іске асыруды бағалаудың тиімді жүйесінің жоқтығы.
Мемлекеттік жастар саясатын іске асыру бойынша әлсіз ведомствоаралық іс-қимыл.
3.3) Негізгі сыртқы және ішкі факторларды бағалау
Сыртқы факторлар:
ішкі саяси тұрақтылық;
тұрақты әлеуметтік-экономикалық даму;
жастар арасындағы жұмыссыздықтың өсуі;
жастардың ішкі және сыртқы көші-қоны;
жастардың бір бөлігінің деструктивті діни бірлестіктерге тартылуы;
компьютерлік ойындар мен әлеуметтік желілердің теріс ықпалы;
жастар арасындағы қауіптің артуы (қылмыс, нашақорлық, алкоголизм, темекі тарту, суицид және т.б.).
Ішкі факторлар:
жастар саясаты саласындағы институционалды басқару моделін енгізу;
тиісті нормативтік құқықтық базаның болуы: «Қазақстан 2020»: болашаққа жол» Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 27 ақпандағы № 191 қаулысы) және оны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 17 маусымдағы № 603 қаулысы), Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы (Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 7 желтоқсандағы № 1118 Жарлығы), Мемлекеттік жастар саясаты саласындағы республикалық бірегей паспорт, Жастар ресурстық орталығы қызметінің үлгілік ережесі, Жастар саясаты мәселелері жөніндегі өңірлік басқармалардың үлгілік жұмыс жоспары;
барлық өңірлерде жастар орталықтарының болуы.
Достарыңызбен бөлісу: |