Байланысты: қосымша Иманбаева С.Т., Майгаранова Ш., т.б. Т рбие ж мысыны теориясы м (1)
Жаттықтыру әдісі. Жекебастық қасиеттерді қалыптастыруда аса маңызды рөл атқаратын тәрбие әдісінің бір түрі – жаттықтыру. Мінез-құлықты оқушы бойына дарытып, әдет, дағдыға айналдыруы үшін жаттықтыру, қайталап үйрету қажет. А.С.Макаренко тәрбие ісінде оқушыларды практикалық іс-тәжірибемен байыту, олардың мінез-құлқына мәдениеттілік дағды мен әдетті сіңіру аса қажет деп санады.1 Ол: «Мінез-құлық саналы болуы керек, бірақ одан тәрбие ісінде үнемі саналылыққа ғана сүйену керек деген ұғым тумайды. Нағыз этикалық мінез-құлық нормасы саналатын әдет дағдыға, іс-тәжірибеге сіңісіп, мүлде дағдылы әрекетке айналғанда ғана, шынайы мәдениетті адам тәрбиелеуге болады. Сондықтан да балалардың бойында жақсы әдет, дағдылардың мықтап орнығуы үшін, оны үнемі жаттықтыру керек», - дейді.
Психолог Л.И.Божович: «Жеке бастың қасиетін сенім, талап ету, мадақтау және жазалау әдістерімен ғана тәрбиелеп жетілдіруге болмайды. Тұрақты жағымды мінез-құлықты бала бойына сіңіру оларға тіл мен математика сабақтарын үйреткендегі сияқты, жаттықтыру әдісімен іске асырылады»,- дейді. Сонымен «Жаттықтыру әдісі дегеніміз – оқушының бойына қажетті жағымды іс-әрекетті, мінез-құлықты бала бойына сіңіру, оны қалыпты мінез–құлық дағдысына біртіндеп айналдырып қалыптастыруы.
Осы әдісті жүзеге асыру үшін, оқушыны әр түрлі сыныптан тыс қоғамдық жұмыстарды атқаруға, еңбекке, мәдени-көпшілік, саяси тәрбие, спорт жұмыстарына араласуға тәрбиелеу абзал. Бір сөзбен айтқанда оқу-тәрбие процесіне байланысты мектепте істейтін іс-әрекеттердің бәрі жаттықтыру арқылы іске асырылады. Жаттықтырудың мәні адамның іс-әрекеті мен қимылын әлденеше қайталау арқылы сол мінез-құлық нормасына деген адам бойында қажеттілікті туғызу екенін психологиялық жағынан дәлелдей, нақтылай түсуде жатыр.
Баланың бойында әдет, дағдыны қалыптастыру жаттықтырудың педагогикалық негізі жөнінде К.Д.Ушинский келелі пікір айтқан болатын. Ол жаттықтырудың іс-әрекет қимыл үстінде адам психологиясының орнын айқындай келе, жаттықтыруды іске асырудың төмендегідей тәсілдерін ұсынады: оқушылардың алдына белгілі бір іс-әрекетті жасауға ынталылық туғызатындай міндет қою; сол іс-әрекетті шешуге қажетті білімді алдын ала меңгерту; оқушыға іске асырылатын әрекетті алдын ала қайталатып, жасатып үйрету; кейін ол іс-әрекетті әлденеше қайталатып жаттықтыру, қалыпты әрекетке айналдыру; оқушылардан жаттығуды жетілдіре түсуді талап ету; іс-әрекет үстіндегі адамның мінез-құлқының үнемі бағыты болатынын ескерту.