2.3. «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасы
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі ұсынған«Тәрбиенің негіздері» атты тұжырымдамада елімізде оң метапәндік және тәрбиелік әлеуеті бар «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасы қабылданды деп атап көрсетеді. Бағдарлама білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмы-сының барлық салаларын қамтиды және тиісінше іске асырылған жағдайда қоғамда ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды жаңғырту механизмдерінің мықты катализаторы рөлін атқара алады. Әлемдік білім беру кеңістігінде тәрбие теорияларының шабыттандыратын ең соңғы идеялары қолданылған, халықтық педагогиканың көп ғасырлық тәжірибесіне негізделген «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының аналогы жоқ. Ол балалар мен оқушы жастардың рухани-адамгершілік тәрбиесінің үздіксіздігін және сабақтастығын қамтамасыз етеді. Жалпыадамзаттық құндылықтарға бағдарланған «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасы ізгі ниетті және адамгершілік қасиеттері бар лайықты азамат тәрбиелеуге ықпал етеді.
Үздіксіз білім беру жүйесіне «Өзін-өзі тану» пәнін енгізу арқылы тұлғаның “өзін-өзі тану”, “өзін-өзі бағалау”, “өзін-өзі жетілдіру”,“өзіне-өзі сену”, “өзін-өзі дамыту” сынды қасиеттерді менгерту, бойына сіңіру баса назар аударылуда. Қазіргі таңда үздіксіз білім беру жүйесінде оқытылып жатқан «Өзін-өзі тану» пәнінің тұлғаның рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыруда маңызы ерекше. «Өзін-өзі тану» пәні Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2010 жылы 15 қаңтарда №6 бұйрығымен 1-11 сыныптарға енгізілді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен 2012жылы 29 маусымында №873 бұйрығымен «Өзін-өзі тану» пәнінің кешенді типтік бағдарламасы оқу-әдістемелік құралдар білім беру жүйесіне енгізілді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2013 жылы 15 қаңтарда №11 бұйрығымен «Өзін - өзі тану» бойынша рухани - адамгершілік білім берудің республикалық кеңесі құрылды.
«Өзін-өзі тану» пәні тұлғаның бойындағы рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыруға бағытталады. Тұлға–бұл әлеуметтік байланыстардағы және әлеуметтік қатынасқа түсетін адам, қоғам мүшесі, оған қоршаған орта әсер етеді, ол саналы түрде адамдармен және әлеуметтік құбылыстармен қарым–қатынас орнатады. Қабылдау қабілеті әр адамда әр түрлі, бірақ жеке тұлға әлеуметтік ортада өзін дара ұстайды және өз қарым – қатынастары үшін есеп бере алады. Қазақстанда тұлғаның рухани- адамгершілік білімін дамытатын «Өзін-өзі тану» пәнін үздіксіз білім беру жүйесіне енгізу үдерісін теориялық және практикалық тұрғыда негізделді.
Бүгінгі бізге жеткен ауызша және жазба мұралардан қазақ елінің рухы биік халық болғанын аңғаруға болады. Рух дегеніміз адамның ішкі жан дүниесі арқылы көрініс бере отырып, бүкіл ұлттың бойына сіңісті болатын асыл қасиет (туған жерге, елге, Отанға деген сүйіспеншілік, ұлы бабаң аманаттаған жерді көзіңнің қарашығындай сақтау, тілге деген құрмет, ұлттық мәдениет пен дәстүрлерді білу, оны аманат ретінде ұрпақтан–ұрпаққа жалғастыру, т.б.) тұрғысынан бағалауға болады.
Белгілі тарихшы М.Қозыбаев “Рух – туған жер, туған ел, ана тілі, ата тарихы, ұлт менталитеті ұғымдарымен, түйіндеп айтқанда, Отанмен тағдырлас. Рухты жан қара басын күйттемейді, олар, Отан, халық, ұлт деп толғанады. …Рух адам баласының жан дүниесінің арқауы”. Ғалым рухты Отан-анамен, туған жер, туған ел, ана тілі, ата тарихы, ұлттық ділмен, тұлғаның жан дүниесімен байланыстырып беріп отыр.
Тұлғаның бойындағы рухани құндылықтар мәселелерін зерттеуші ғалым Ш.Майғаранова1 “тұлғаның руханилығы–оның гуманистік бағыттағы дүниелік қатынастарға енуі. Рухани дамыған тұлға–адамзат санасынан туындаған дүниелік құндылықтарды бойына жинақтап, сол арқылы дүниеге тұлғалық қатынастан, өмірге қанағаттанбаудан тұлға ізденіске түсіп, өзін-өзі дамытады. Өмірдегі қанағаттанбаушылық тұлғаның рухани қалыптасуының белгісі, руханилықтың өлшемі болып табылады», - деп тұлғаның дүниеге деген кемел көзқарасы, дүниелік құндылықтарды тұлға бойына жинақтауы тұрғысынан қарастырады.
Зерттеп отырған руханилық ұғымы да педагогикалық сөздікте “Руханилық –тұлғаның екі фундаментальды қажеттілігі себептерінің жүйеде көрінуі: идеалды таным қажеттілігі мен “басқалар үшін” өмір сүру мен қызмет ету әлеуметтік қажеттілігі. Руханилық категориясымен өмірді, өзін және өмірінің мақсатын және мәнін тану қажеттілігі астасады. Адам қаншалықты осы сұрақтарға жауап іздесе және табуға тырысса, соншалықты рухани болады”,- деп атап көрсетуі де жоғарыда ғалымдардың рух, руханилық ұғымының мәнін нақтылай түседі.
Біздің алдымызға қойған негізгі міндетіміз, оқушы жастардың бойына рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру. Құндылық кез-келген тұлғаның бойында қалыптасатын қасиеттердің негізгісі болып табылады. Құндылық тұлға, топ, әлеуметтік ортада адамгершілік ұстанымдар, мақсаттар, мен белгіленген әдістері және көрсеткіштермен нақтыланады. Тұлға бойындағы құндылықтар тұлғааралық қарым-қатынаста, іс-әрекетте, мінез-құлықта көрініс береді.
Психолог О.С.Сангилбаевтың «Адамның өзінің құндылығы неден тұрады?»- деген сұрақ қоятын болсақ, онда жауаптар осыншама біржақты бола қоймайды дейді. Біреу талантқа, өзге біреулер басқа адамдармен қатынас орната білетініне үміт артатын болады, ал енді біреу өмірдегі және еңбектегі табыстарды қолайлы қалыптаса қалған жағдайлармен түсіндірер.
Психологтар бұл сұраққа төмендегідей жауап береді: адамның құндылығы тек оның істері мен әрекеттерінен ғана емес, оның үнемі өз өзімен жұмыс істей, өзін-өзі жетілдіре білуінен, өзінің мүмкіндіктерін күн өткен сайын тереңірек танып-біліп, оларды өз өмірі мен қызметінде максималды пайдалана білуінен тұрады.
... үнемі өзін тану және дамыту өзінің сарқылмас тұлғалық және шығармашылық потенциалын ашудың, осы потенциал толық шамада қолданылуы мүмкін тіршілік әрекетінің салаларын айқындаудың құралы болып табылады. Қабілетті және тіптен дарынды адамдардың, белгілі бір табыстарға қол жеткізіп алып, тынышталғанының, өз өзімен жұмыс істеуден қалғанының, осының нәтижесінде тіптен бұрынырақта қол жеткізгенінен айырылғанының талай оқиғалары белгілі. Өзін тану және дамыту құндылықтары туралы көзқарастар көптеген діни, философиялық, психологиялық-педагогикалық тұжырымдамаларда қарастырылған. Гуманистік бағыт алған психология мен педагогикада өзін-өзі танытуға деген қажеттілік адамның жоғарғы қажеттілігі ретінде қарастырылады, оны қанағаттандыру адамға өзін толық шамада жүзеге асыруға, оған пешенесіне өмірмен және тағдырмен жазылған борышты орындап шығуға мүмкіндік береді.
Тек осы жағдайда ғана адам өзінің өмір сүруінің мәніне ие болады, қоршаған адамдар осындай болуды таңып жатқан емес, өзі болуға қабілетті кісі болып шығады.
Отбасының, білім беру мекемелерінің міндеті ниет етілген нәтижелерге қол жеткізу мақсатында өсіп келе жатқан адамның тұлғасына тікелей әсер етуден емес, өзін-өзі құру, өзін қалыптастыру және өзін-өзі тәрбиелеуі үшін жағдай жасаудан, механизмдерін өзектендіруден тұрады»,-деп атап көрсетулері тұлғаның өзінің мүмкіндіктерін күн өткен сайын тереңірек танып-білуі, өз өмірі мен қызметінде максималды пайдалана білуінен тұратынын көреміз.
П.И. Пидкасистый құнды қатынастарды тәрбие үрдісінің мазмұны ретінде ұсынады. Қарым - қатынас-кез келген ұстаздың оқу-тәрбие үдерісінің негізгі ұстанымы болуы қажет екені белгілі.
П.И. Пидкасистый құндылықтарды жетіге бөліп қарастырады: құнды қатынастар-тәрбие үрдісінің мазмұны; адам құндылық ретінде; өмір құндылық ретінде; қоғам құндылық ретінде; еңбек құндылық ретінде; табиғат құндылық ретінде қарастырады (Кесте 1 ).
Достарыңызбен бөлісу: |