Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі



бет2/2
Дата11.01.2017
өлшемі0,49 Mb.
#7171
1   2

Монастырь – (грек тіл. – «оқшауланған тұрғылықты жер»). Жалпыға бірдей жарғыны орындайтын тақуалардың тұратын жері. Сондай-ақ тақуалардың қауымдастығын да айтуға болады. Қауымдастық ретінде оның өзіндік ішкі құрылымы болады. Монастырьдің негізгі қызметкерлері қатарында: настоятель, казначей, духовник, благочинный, ризничий, эконом және т.б. бар.
Монахтық – (от греч. – «оқшау өмір сүру») – өмірдің бар қызығынан, отбасын құрудан және дүниелік заттардан бас тартқан, оқшауланған қандай да бір дін сеніміне ие тақуалық жолын ұстану.
Монотеизм – (грек тіл. – «бір» «Құдай») – бірқұдайлылық, Құдайдың біреу екендігі туралы ілім және діни ұйымдар жүйесі.
Монофизиттер – (грек тіл. – «бір, жалғыз» - «табиғат, «мән») – Христостың бір ғана болмысын яғни, Құдайшыл болмысына тән екендігін мойындайтын христиандық ағым. Ал ортодокстық шіркеу болса, Христосқа бір уақытта екі болмыстың, яғни, құдайлық және адами болмыстардың тән екендігін қабылдайды.
Мощи (христиандықта) әулиенің шірімей сақталған мүрдесі. Оны ғажайып нәрселерді істейді деп сеніп діни құлшылық объектісіне айналдырады.
Муаззин (азаншы) – (араб тіл. – «аззана» деген етістіктен алынған жалқы есім) – терминдік мағынасы: мұсылмандарды намазға шақыратын, азан айтатын мешіт қызметшісі.
Муджахит – (араб тіл. – «күресуші» «күш жігер салушы») – жихадқа қатысушы. «Муджахит» – ол тек сарбаз емес, ол сондай-ақ күресі джихадтың оң мағынасының аясына сәйкес келетін кез келген мұсылман да.
Мурид – ерікті ізбасар, шәкірт (сопылықта).
Мұнара – (араб тіл. – «минарат» – «маяк») – мешіттің негізгі бөлігіне жалғастырылып немесе бөлек салынады, «муаззин» (азаншы) азан шақырғанда даусы ұзаққа жету үшін арнайы салынған ғимарат.
Мүфти – (араб тіл. – «ой білдіру») – дінбасы, мұсылман қауымының ресми басшысы. Мүфти – мұсылмандардың дінге қатысты мәселелерін жоғарғы деңгейде шешіп, ұйымдастырушы, үкім шығарылған шариғат заңдарынан заманға сәйкес мәселерді мұсылманға қолайлы түрде жеткізіп беретін басшы. Діни мәселелерге пәтуа беруші. Мүфти – араб тілін, шариғат ілімін жетік меңгерген тұлғалардан мұсылман қауымының құрылтайы арқылы бір ауыздан 5 жылға сайланады.
Мінбер – (араб тіл. «минбар»). Мешіт имамы Құран, құтпа оқығанда немесе уағыз-насихат айтқанда шығатын орын. Мінбер мешіттің басты белгілерінің бірі болып табылады. Михрабқа таяу орналасады. Мінберді ағаштан, тастан кейде кірпіштен жасайды.
Найб имам – исламда мешіт басшысы, яғни бас имамның орынбасары.
Намаз (салят) – исламның бес шартының бірі болып табылатын, күнделікті бес рет орындалуы тиіс ғибадат.
Неке – (неке қиюдың діни рәсімі) – православиелік және католик шіркеулері тарапынан қабылданған діни рәсімдерінің бірі. Ислам дінінде жауапкершілік пен адалдықтың негізінде ер мен әйелдің ерлі-зайыптылыққа деген өзара ниеттерін білдіретін заңды келісімі.
Нирвана – (санскр. тіл. – «сөну», «тоқтату») – үнді діни іліміндегі барлық тіршілік иелерінің жоғарғы мақсатын білдіретін және буддизмде маңызды рөлге ие ұғым – діни тәжірибенің соңғы мақсаты болып табылатын қайғырудан, мұңаюдан құтқару, сөну.
Ораза – (парсы тіл. – «руза», «рузе») – исламдағы бес парыздың бірі, қасиетті Рамазан айындағы (исламдағы) отыз күндік ғибадат. Ораза кезінде мұсылмандар күнде таң атқаннан (таң атпай турып, әдетте күн шығуына 1,5-2 сағ. қалғанда соңғы асын ішіп) күн батқанша тамақ ішуден, ішімдік ішуден және жыныстық қатынастардан бас тартуы керек. Темекі шегуге, дәрі-дәрмек қабылдауға, жыныстық сипаттағы кез келген қарым-қатынастарға тыйым салынады.
Ораза айт (айдуль-фитр) – ораза аяқталған кезеңдегі мейрам. Шәууәл айының (ай күнтізбесінің 10-шы айы) 1-ші күннен бастап 3 күн тойланады.
Ортодоксия – (грек тіл. – «тікелей пікір», «дұрыс ілім», «дұрыс сенім») – қандай да бір ілім, дүниетаным негізінде дәстүрді мықтап ұстануды көздейтін, сәл болса да ауытқуды қаламайтын ұстаным.
Өсиет – Торада бұл сөз Синай тауында, Тора түскен кезде Құдай мен Израиль халқының арасында орныған діни одағына саяды. Иудаизмде Өсиет деп Құдай мен Израиль халқының арасындағы халықтың құдай уағыз-өсиеттерін орындауға негізделген мәңгілік одақ. Христиандықта «жаңа өсиет» деп Құдай мен адам арасындағы жалғыз дәнекер, Құдай баласы – Иисус Христостағы одақты айтады.
Парыз – мұсылмандар үшін Аллаһ Тағаланың тікелей бұйрығы болып табылатын және орындауға міндетті болатын іс-әрекеттер. Оларды орындағандар Аллаһ тарапынан үлкен сауапқа ие болады, орындамағандар күпір деп саналады.
Пасха – христианның басты мейрамы. Иса Мәсіхтің ғажайып қайта тірілуі күні.
Патриарх – (грек тіл.– «ата-баба», «ру басы») – Автокефальді Шіркеудің бірінші киелісі, дін қызметкерлерінің жоғары басшысы (архиерей), алдыңғы қатарлы басшысы. Киім ерекшелігі – төбесінде маржан кресі бар ақ бас киім. Орыс Православ Шіркеуінің басшысының ресми лауазымы – «Святейший Патриарх Московский и всея Руси».
Пәтуа – (араб тіл. – «түсіндіру») – шариғатта қандай да бір ұйғарымды қабылдау немесе түсінік беру үшін жасалған құқықтық қорытынды және шешім.
Періштелер – (грек тіл. – «хабаршы», «елші»), Құдайдың еркін білдіретін және ғажайып мүмкіндіктері бар рухтар. Інжілде Періштелер қызмет рухтары деп аталады. Көбінесе олар арқасында аппақ қанаттары бар адамдар кейпінде бейнеленеді.

Исламда періштелерге сену мұсылман сенімінің ажырамас бөлігі болып табылады, ол мұсылман сенім шарттарының біреуі. Ислами деректерде періштелердің нұрдан жаратылғандығы, жынысы болмайтындығы, шаршау, жалығуды білмейтіндігі, секілді ерекшеліктері айтылады. Олардың тіршілігінің мәні Аллаһқа құлшылық етуден құралады.
Политеизм – (грек тіл. – «көп, саны көп» - «Құдай») – көп құдайлық, көптеген құдайлар тіршілігіне негізделген діни жүйе.
Пост (ауыз бекіту) дін қағидаларына орай тамақты немесе оның кейбір түрлерін жеуге тыйым салу немесе оны шектеу.
Православтық – (грек тіл. «дұрыс пайымдау», «дұрыс ілім») – б.э І мыңжылдығында Рим империясының шығысында Константинополь – Жаңа Рим епископы кафедрасының бастауымен және басты рөлімен пайда болған христиан дініндегі бағыт. Православие сенімнің Никео-Цареград Символын уағыздап, Әлемдік Соборлардың жетеуінің қағидаларын мойындайды.
Преподобный – христиандық шіркеулердегі аға дін қызметкерлеріне қатысты айтылады.
Пресвитер – (грек тіл. – «ақсақал») – Христиандықта қауымдастықтың күнделікті өмірін басқару үшін сайланатын қызметкер. Әдетте пресвитер құдайға құлшылық ету жиындарында уағызшы рөлін атқарады. Орыс тілінде осы сөздің синонимі – священник.
Причащение / евхаристия – (грек тіл. – «рахмет айту»)Құдайға құлшылық ету кезінде діндарларға Христостың «жаны мен қанын» білдіретін нан мен шараптан дәм тататытын христиан шіркеуі рәсімінің бірі.
Пробст – (латын тіл. – «басшы») – христиан шіркеулеріндегі лауазым. Кейбір ұлттық лютерандық шіркеулерде – епископқа бағынған белгілі бір географиялық аумақтың аға пасторы.
Прозелитизм – (латын тіл. – «келген», «өз орнын тапқан») – жаңа сенімге, жаңа ілімге терең берілу, өз сенімін таратуға, оған басқаларды тартуға, өзі ұстанған дінің барлық жерде қалыптастыруға ұмтылыс.
Протестантизм – (лат. тіл. – «жұрт алдында дәлелдеу») – XVI ғасырдағы ұлты неміс дін қызметшісі Мартин Лютердің Рим шіркеуіне қарсылық білдіруімен басталған христиан реформасының қайнар көзі болған христиандықтың негізгі үш бағытының бірі.
Протопресвитер – (грек тіл. – «алғашқы пресвитер») – ерекше жетістіктері үшін марапат ретінде ақ дін қызметкерлерге жататын пресвитерге (священникке) берілетін жоғары билік дәрежесі.
Реформация – (латын тіл. – «қайта құру», «түзету»). Протестанттықтың қалыптасуына негіз болған ХVІ ғасырдағы Батыс Еуропадағы діни және қоғамдық қозғалыс.
Рим Папасы – (латын тіл. – «римдік понтифик», «жоғары егемен понтифик»). Католик шіркеуінің басшысы. Католик шіркеуінде Рим Папасы сондай-ақ Ватикан қосымша егемендік территориясы болып саналатын Қасиетті Престолдың жоғары басшысы болып табылады.
Рукоположение – діни қызметке қабылдану; епсикоптың діни қызметке қабылданып отырған дін қызметкерінің басына қолын қойып Құдайдың атын дұғада атау арқылы мәртебесін беру рәсімі жүзеге асырылады. Православие мен католицизмде мойындалады.
Садақа – (араб тіл. – «шынайы іс-әрекет») – ислам діні бойынша қайырымдылық мақсатында мұқтаж адамдарға берілетін ақшалай немесе заттай көмек.
Сансара – (санскр. тіл. – «өту, қайта дүниеге келу, өмір») – индуизм, буддизм және басқа да шығыс діндерінде – тұлға мен жанның қайта түрленуінің шексіз тізбегі, кармамен шектелген әлемдердегі дүниеге келу мен өлімнің айналымы.
Сахабалар – (араб тіл. – «замандас») – Мұхаммед Пайғамбардың кезінде исламды қабылдап, кейін мұсылман болып көз жұмғандар. Оның замандастары, серіктері, ислам дінінің нығайып, әлемге таралуына еселі еңбек сіңіргендер.
Секта – (лат. тіл. – «мектеп», «ілім»)негізгі (қалыптасқан, басым) діни бағытқа қарама-қарсы бағытта пайда болған діни бірлестіктің ерекше түрі. Секталар үшін қоғамнан оқшаулану және доктринаның, идеялық қағидаттарының, құндылықтарының өзгешелігі жөніндегі талап қоюы тән.
Секуляризация – (лат. тіл. – «пендешілік» «зайырлы») – қоғам өміріндегі дін рөлінің әлсіреуі, рационалды, діни емес ережелерге негізделетін зайырлы қоғамдық құрылым үлгісіне көшу.
Сенім – ең алдымен сенім деп логикалық тұрғыда дәлелдеуге және тәжірибеде тексеруге келмейтін кейбір жағдайлардың ақиқаттылығына психологиялық сенімділік күйін түсінеді. Христиан дініне қатысты сенім Құдайдың және рухани әлемнің бар болуына, сондай-ақ Құдайлық армандардың орындалуына сенімді болуды білдіреді. Сонымен қатар сенім деп сенімділік затының өзі, яғни, адамның соны шынайы екеніне сенімділігін білдіретін белгілі бір ілім.



Синагога – иудаизмдегі құлшылық ету үйі.
Синтоизм – (жап. тіл. – «құдайлар жолы») – Жапонияда таралған дін. Құлшылық ету көптеген құдайларға және өлгендердің рухына бағытталған ежелгі жапондықтардың анимистикалық сенімдеріне негізделген дін. Өз дамуында буддизмнің ықпалына ұшыраған.
Сопылық – (араб тіл. «тасаууф» – «тазалық») – Исламның қайнарынан бастау алатын рухани құндылық, ислам дінінің дүниетанымдық, ахлақтық-этикалық, эзотерикалық қырларынан көрініс беретін, адамның Аллаһ Тағаланы тануы мен рухани адамгершіліктің кемелденуіне мүмкіндік беретін ілім, мистикалық ағымның бірі.
Суннизм / сүннет жолын ұстанушылар – Ислам дінінің бір бағыты. Құран Кәрімді және Мұхаммед пайғамбардың хадистерін, сондай-ақ оның артынан ерген сахабаларының сенім мәселесіндегі ұстанымдарын басшылыққа алады.
Сүре – (араб тіл. – «бөлім») –терминдік мағынасы: құран аяттарынан құралған жеке топ. Құран мәтінінің 114 бөлігінің атауы.
Табу – (полинез. тіл. – «тыйым салу») – белгілі бір іс-әрекеттерді жасауға діни санкциялармен бекітілген тыйым салу жүйесі. Оны бұзған жағдайда сәйкесінше жазалау алады.
Талмуд – (иврит тіл. – «білім алу», «ілім») – иудаизмнің Танахпен бір қатарда тұратын орталық мәтіні. Нәтижесінде Галаханы құрайтын ережелер мен құндылықтар жүйесін анықтап, қалыптастыруды мақсат еткен яхудейлер даналарының талқылауларының жазбасы.
Танах – өзінде діни өмірдің ережелері мен діни сенімнің негіздерін қамтыған иудаизмнің Қасиетті жазбасы, Үш бөлімнен тұрады: Тора, Невиим, Ктувим.
Тариқат – (араб тіл. «жол», «сапар») – исламдағы ақиқатқа жетудің мистикалық, танымдық жолы. Тариқат исламның моральдық-этикалық жүйесінің, психологиялық тәжірибесінің практикада жүзеге асуы. Ал діни терминологияда тариқат - хақ пен ақиқатқа жету жолындағы діндегі арнаулы жол, түсінік деген сөз.
Таухид –Аллаһ Тағалаға серік қоспастан тек өзіне ғана құлшылық ету.
Таухид ілімі – ислам дініндегі ақида (сенім) негіздерін терең зерттейтін ілім. Алла тағала жалғыз екендігіне сеніп, одан басқаға табынбау, одан өзгеден жәрдем сұрамау және бір құдайлық ұстаным бағытын зерттеу ілімі.
Тәкпір – «Аллаху акбар» деп айту. «Аллаху Акбар» – Алла ұлық деген мағына береді. Ислам дініндегі намаздың ерекшеліктерінің бірі. Құрбан, ораза айттарында, қажылықта айтылады. Тәкпір намаз уақытының кіргенін және намаздың басталуын білдіретін Азан шақыруда алғашқы айтылатын сөз.
Тәубе ету (исповедь / покояние) – барысында күнәдан арылуға келген адам шын жүректен өкінушілік арқылы Құдайдан өз күнәларынан арылуға рұқсат алатын маңызды рәсімдердің, қасиетті іс-әрекеттердің бірі. Тәубені дін қызметкері немесе архиерей қабылдайды. Құпияшылдық ретінде православие мен католицизмде мойындалады.
Тәурат – (иврит тіл. – «ілім», «заң») – Моисейдің бес кітабы, Танахтың алғашқы бес кітабы («Брейшит», «Шмот», «Ваикра», «Бэмидбар», «Дварим»). Кең мағынасында Жаратушыдан сыйға берілген яхудей халқының бүкіл діни мұрасы.
Теология / (дін ілімі) – (грек тіл. – «Құдай» «ілім») – Құдай жайындағы ілімнің негіздеме жүйесі, діни ілім мен догматика (қатаң қағида) ақиқатының дәлелдер кешені.
Терроризм (лаңкестік) – (лат. тіл. – «үрей, қорқыныш», «қорқыту») – экстремизмнің шеткі көрінісі. Терроризм (лаңкестік) саяси мақсатқа жету жолындағы аса қатігездік, қорқыту, күштеу әдістерін қолданады.
Толеранттылық – (лат. тіл. – «төзімділік») – басқалардың тұрмыс қалпына, мінез-құлқына, әдет-ғұрып, сеніміне, сезіміне, пікіріне, идеясына төзімділік таныту.
Тотемизм – белгілі бір адамдар қауымдастығы (әдетте бір ру, тайпа) мен тотем – мифтік ата тегі арасындағы ғажайып туыстық байланыс туралы түсінікпен байланысты алғашқы қауымдық сенім. Көбінесе тотем болып жануарлар мен өсімдіктер, кейбір табиғат құбылыстары мен жансыз заттар да шыға алатын.
Түсінісу храмы – Тибет Далай-ламасы, Рим Папасы Иоанн Павел ХХІІІ, үнді лидері Джавахарлал Неру қолдаған ұйым. Кейін бұл ұйым адамзатты аман қалдыруға бағытталған рухани және парламенттік лидерлердің Жаһанды Форумына айналды.
Уағыз/өсиет – діни-өнегелік тыйым салу ұйғарымы. Ол діннің негізін құрап, моральдық кеңестері болып саналады.
Уаһһабилік (араб тіл.) – XVIII ғасырларда Орта Арабияда пайда болған ислам дінінің ағымы. 1703-1787 жылдары өмір сүрген шейх Мұхамед ибн Абдул Уәһһәб ат-Тамими атымен қойылған. Уаһһабилік салафизм (араб тіл. «салафа» – «бастапқы болу») жолын таратады. Уаһһабиліктің басты догматы – бір Аллаһқа сену болып табылады. Олардың ойынша, нағыз исламды Мұхамед пайғамбарға ілесуші алғашқы үш ұрпақ қана таратқан болатын. Одан кейінгі енгізілген жаңашылдықтарды бидғат деп жоққа шығарады.
Упанишадтар – (санскр. тіл. – «қасында отыру») – діни-философиялық сипаттағы ежелгі үнді трактаттар. Ведалардың бір бөлігі болып табылады және шрути категориясындағы индуизмнің қасиетті жазбалары қатарына жатады. Оларда негізінен философия, медитация, Құдайдың табиғаты қарастырылады. Упанишадтарда Ведалардың негізгі мағынасы тұйықталады деген пікір бар, сондықтан оларды «веданта» деп те атайды.
Фетишизм – (фр. тіл. – «идол», «талисман») – сенушілердің түсінігінде ғажайып қасиеттері бар жансыз заттардың – фетиштердің культі. Алғашқы қауымдық халықтарының барлығында кездескен. Фетишизм көріністері қазіргі діндерде де сақталған. Фетишизмді жансыз заттардың культі, тұмар, бойтұмарлардың тылсым күштеріне сену, заттар мен құбылыстарды құдай бейнесімен сипаттау ерекшелейді.
Фиқһ – (араб тіл. – «түсіну», «білу») – мұсылмандық құқықтық ғылым, заң ғылымдарының жиынтығы.
Хадис – (араб тіл. – «әңгіме») – Мұхаммед пайғамбардың істеген немесе ұйғарған мәлімдемелерін көзі көрген кісілердің сөзімен жеткізу. Хадистер жиынтығы – Сүннет.
Халал – (араб тіл. – «рұқсат етілген») – исламда Құран аяттары мен пайғамбар хадистерімен тыйым салынбаған нәрселер.
Халиф – (араб тіл. – «мұрагер», «басшы») – ертедегі исламдағы Мұхаммед пайғамбар қалдырған өсиеттер мен қағидаларын орындауды қадағалау үшін сайланатын мемлекеттің жоғарғы билеушісі және діндарлар қауымының жетекшісі.
Харам – (араб тіл. – «тыйым салынған») – шариғатта жасалуы мен пайдалануы қатаң тыйым салынған нәрселер.
Харизматикалық культ (харизматикалық топ) бұл сектаның немесе дәстүрлі емес діндердің бір түрі. Ізбасарлары мен жақтаушылары біріге отырып, өзін таңғажайып күштерге ие екендігін алға қойған көшбасшының бастауымен құрылған топтар.
Хижра – (араб тіл. – «көшу», «қоныс аудару») – Мұхаммед пайғамбардың 622 ж. Меккеден Мединаға (Ясрибке) қоныс аударған кезеңі және мұсылман жыл санауының бастауы болып қалыптасты.
Хинаяна (санскр. – «шағын екі аяқты арба» ) – б.э. басында пайда болған буддизмнің негізгі бағыттарының бірі, 18 түрлі мектебі бар. Монахтық өмірді таңдау, қоғамнан алшақтау арқылы нирванаға кетуди мақсат қояды.
Христиандық – б.э. І ғасырында Палестинада пайда болған әлемдік үш діннің бірі. Христиандық Иисус Христосты Құдайдың ұлы деп сенеді. Христиандықтың құрамына әр түрлі шіркеулер мен конфессиялар кіреді.
Целибат – католиктік дін қызметкерлерінің үйленбеске міндетті түрде ант беруі.
Шаббат (иврит тіл. – «демалу», «тиылу») – иудаизмде Құдай осы дүниені жаратып болғанын білдіретін аптаның жетінші күні. Бұл күн Құдайға арналып, үлкен мейрам болып саналады. Шаббатта жұмыс істеуге тыйым салынған.
Шаман – табиғаттан тыс тылсым күштермен байланысатын жоғарғы күшке ие болған адам. Шаманизмде культті орындаушы. Аруахтармен таңдалып, одан кейін қайта жаратылудан өтеді. Қайта жаратылудан өткен шаман адамдарды емдеу мүмкіндігіне ие болады. Емдеумен қатар, шаман қызметіне руластарын қауіп-қатерлер мен аурулардан сақтау, тайпалардың шаруашылық өмірін қолдау, марқұмның жанын о дүниеге шығарып салу рәсімдерін атқару кіреді. Шаман ер адам да, әйел адам да бола алады.
Шариғат – (араб тіл. – «түзу дұрыс жол») – Алла тағаланың құлдарына намаз, ораза, қажылық секілді т.б бұйырған міндетті амалдары. Сонымен қатар мемлекеттік, мұралық, қылмыстық және неке-отбасылық құқықтық нормалардан тұратын, Құран мен Сүннет негізінде құрастырылған исламдық құқықтық және теологиялық нормалар мен заңдар жинағы.
Шәйіт (араб тіл. «шаһиид») – дін жолындағы соғыста немесе отбасын, отанын Алла үшін қорғап, дұшпан қолынан қаза болған мұсылман. «Шахид болу» деген сөзді арабшадан мағынасын бұзбай аударғанда «сыртқы күш тарапынан өлтірілу» дегенді білдіреді. Ал өзін-өзі жарып, өлімге бару шахидтікке жатпайды.
Шәһәдә – (араб тіл. – «қатысу», «білу», «хабарлау», «көру», «куәгер болу») –

1 – діни терминологияда ол «Кәлима шәһадат», исламның бес шартының бірі, ислам дінін қабылдауды білдіретін сөз. «Әшһәду әллә иләһә иллаллаһ уә Әшһәду әннә Мұхаммадан абдуһу уә расулуһ» яғни «Алладан басқа тәңір жоқ Мұхамед оның құлы әрі елшісі екендігін куәлік етемін».

2 – бір адам біреудің құқығының тапталғандығын айту үшін, қазының және екі тараптың алдына шығып, куәлік етуі.

3 – біреу бір қылмыс істегенде оның қылмыс жасағандығына куәлік ету.

4 – екі жас отау құрғанда екі ер кісі немесе бір ер екі әйел кісі оларға куәгерлік етуі.
Шейх – (араб тіл. – «ақсақал», «басшы») – діни қайраткерлерге, діни пәндер білімпаздарына, сопылық бауырластық басшыларына, тәлімгерлер мен ұстаздарға, өздерінің ізгі істерімен танымал болған адамдарға қатысты айтылатын құрметті атақ.
Шиизм – (араб тіл. – «жолын қуушы», «партия») – ислам бағыттарының бірі. Бастапқыда Пайғамбардың мұрагері ретінде оның күйеу баласы Әлидің қабылдаған саяси партиясы. Шииттер Сүннетті мойындамайды және өздерінің шарттары бар.
Ширк – исламда Алладан өзгеге табыну және Алладан өзгеден сұрау. Аллаға серік қосу.
Шоқындыру – (грек тіл. – «суға батыру»)Шіркеу құпияшылдықтарының бірі – рухани туылу. Адам шіркеу мүшесіне айналып, Шіркеу құпияшылдықтарына қатыса алады. Шоқындыру рәсімі судың себелеп шашылуы немесе суға – Әке, Бала және Қасиетті Рух құрметіне деп үш рет батыру арқылы атқарылады. Шоқындыру барлық христиан конфессияларымен мойындалады.
Шіркеу 1) діни ілім дамуы нәтижесінде қалыптасқан діндарлар ұйымы; 2) христиан діни ғұрыптары мен ғибадаттарын атқаруға арналған ғимарат.
Інжіл – христиан дінінің Қасиетті жазбасын құрайтын кітаптардың жиынтығы. Оған Көне өсиет пен Жаңа өсиет кіреді.
Экзархат – (грек тіл. «басшы», «жетекші») – патриархаты бар елдің сыртында орналасқан ірі шіркеулік аумақ. Экзархаттың құрамына экзархқа бағынышты бірнеше епархиялар, епископтар және архиепископтар кіреді.
Экстремизм – (лат. тіл. – «шеткі») – адамның басқа түсініктерді, сенімдерді, дәстүрлер мен құндылықтарды қабылдамауға түрткі болатын белгілі бір сенімдер мен идеяларға деген шектен тыс радикалды көзқарас жолын ұстаунуы.
Экуменизм – (грек тіл. – «елді әлем») – әлем христиандарының бірігуі үшін қозғалысы. Тар мағынасы, христиан конфессияларының ынтымақтастығы мен өзара түсіністігі үшін қозғалыс. Кең мағынасы, барлық діндердің жаңа бір дін астына бірігу мүмкіндігі туралы ілім.

* * * * * *






Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет