СЫРЫМНЫҢ ЕКІ РЕТ СӨЗДЕН ЖЕҢІЛУІ
Сырым жолаушылап келе жатып бір үйге қонса, бір келіншек шай құйып отырады. Келіншектің өзі жас, күйеуі қарт адам екен. Сырым жолдасына қарап:
Япырай, аққудың қасында жапалақ жараспайды екен-ау!— дейді. Сонда келіншек сөзге түсіне қойып:
Батыр, сіз бір кезде тай жейтін Сырым едіңіз, енді қой жейтін Сырым болдыңыз, әр нәрсе өз уағында емес пе?— депті.
* * *
Сырым бір жақтан шөлдеп келе жатып, бір үйден сусын ішіпті.
Япырай, бір аяқ сусын бір кісінің құны екен ғой!— депті Сырым маңдайының терін сүртіп.
Жоқ батыр, бір аяқ сусын бір емес, екі кісінің құны. Бұл сусын табылмаса шөлдеп сіз де өлер едіңіз, ұялып мен де өлер едім,— депті үй иесі.
Достарыңызбен бөлісу: |