Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитеті «Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы»


«Зиялы» деген сөз қандай мағына береді?



бет5/6
Дата11.01.2017
өлшемі0,94 Mb.
#7172
1   2   3   4   5   6

15. «Зиялы» деген сөз қандай мағына береді?
Бүгінгі қазақ публицистикасында жиі ұшырасатын «зиялы» ұғымының түбірі араб тіліндегі «зия» сөзінен келіп шығады. «Зия» сөзі – «нұр», «жарық», «ағару» мағыналарын білдіреді. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» (Алматы, 2008, 346 б.) «зиялы» терминіне «ізетті», «әдепті» немесе «оқыған», «сауатты азамат» деп анықтама берілген. Шынтуайтында, бұл анықтама латын және орыс тілі қолданысындағы «интеллегенция» терминінен тәржімаланып алынған. Әлбетте, бүгінгі күннің талабымен алғанда зиялы адам әдепті әрі білімдар болуы шарт. Бірақ, мәдениетті һәм сауатты адам ұлттық құндылықты аяқасты етіп, отанына опасыздық жасауы да ғажап емес. Яғни, мәдениетті һәм сауатты болу толық зиялылықты білдірмейді. Оны тек зиялылықтың бір нышаны деп қана қарастыруға болады. Олай болса, «зиялы» сөзі толығымен не мағына береді? Қандай ұғымға саяды?

Белгілі философ-ғалым Д.Кішібеков: «Зиялы жан шыныдай таза, ол жеке басы пайдасынан гөрі қоғам мақсатын жоғары ұстайтын адам» – дейді. Әйткенмен, жеке басы пайдасынан қоғам мақсатын жоғары қоятын тұлға әр дәуірде әр түрлі атаулармен аталған. Айталық, қадым заманда қара басының қамынан қалың бұқараның мүддесін жоғары қойған адамды халқымыз «ер» деп атаған. Орхон-Енисей ескерткішінде: «Он жаста шешем Ұмай текті ананың бағына, інім Күлтегін ер атанды» деп Күлтегіннің он жасында елі үшін ерлік жасап, жауға шапқандығы баяндалады. Демек, «ер» сөзі адамның жынысын ғана емес, ел үшін басын бәйгеге тігіп, жауына қарсы күрескен тұлғаның мақамын да білдірген. Мысалы, Асан қайғы бабамыз: «Төс табаны төрт елі, Нарлар жүрер жер екен. Төсегінен түңіліп, Ерлер жүрер жер екен» деп жеке басының қызығын тәрк етіп, халық үшін ғұмыр кешкендерді жырлайды.

Жалпы, қазақ халқы «ер» сөзіне балама ретінде «батыр», «баһадүр» атауларын да қолданған. Мысалы, қазақ халқы өз батырларын «Ер-Абылай», «Ер-Жәнібек», «Ер-Науан» деп атайды. Сонымен бірге, халқымыз «ер» сөзіне қосып қалың бұқараның қамы үшін аянбай қажыр-қайратын жұмсаған, жанқияр іс атқарған жанды «азамат», «сабаз» деп те мадақтайды. Яғни, ерлік жасаушы мағынасын білдіретін – «ер», «батыр», «баһадүр», сондай-ақ, ірі іс атқарды һәм ұлылық танытты дегенді білдіретін – «азамат», «сабаз» атаулары да зиялылық ұғымымен астасып жатыр деген сөз.

Алаштанушы-ғалым Т.Жұртбай: «Зиялы қауым – қоғамның қозғаушы күші. Онсыз ешқандай ұлт алға қарай дамыған емес. Есте жоқ ескі замандардан бастап, көшпелі кеңістіктерден бастап, сандаған ғасырларды төңкеріп, күні бүгінге дейін қоғамның алға жылжып, дамуына игі себеп болған, итермелеуші күш болған осы ұлт тізгінін ұстаушылардың, зиялылардың ой-қуатының, қажырлы іс-әрекеттері» – деген пікір білдіреді. Халық көшінің бұйдасын ұстаған ел билеушілердің ерен істері зиялылыққа баланатын болса, онда тарихымызда ұлтымызға бас болған билер мен бектер, хандар мен сұлтандар да зиялы болып есептеледі. Мысалы, «Қорқыт ата» кітабында бектер оғыз-қыпшақ тайпаларының тауқыметі үшін күрескен көшбасшылары ретінде сомдалған. Атақты В.В. Бартольд өз зерттеулерінде «бек» сөзінен «би» сөзінің шыққанын дәлелдейді. Қазақ халқының: «Тура биде туған жоқ» деген қанатты сөзі тектен текке айтылмаса керек. Бұл турасында белгілі заңгер-ғалым С.Өзбекұлы: «Би деген қазақ халқының әлеуметтік өмірін, салт-санасын, әдет-ғұрпы мен құқықтық жүйесін жетік меңгерген, халық арасынан суырылып шығып, өзінің ақылгөй даналығымен, шешендік қасиеттерімен дау-жанжалдарды шешуде әрқашан асқан әділеттік танытқандықтан халықтың құрметіне бөленген әлеуметтік топ. Би таптық әлеуметтік мүдделерден ада, олармен мүлде байланыста емес. Ол тек әділеттіліктің символы ғана» – деп билеріміздің қас зиялының өзі болғанын жазды.

Тарихтағы ел билеген хан-сұлтандарымыз Шыңғысханнан тараған төре тұқымдары болып саналады. Халық алтын ұрық – төре тұқымдары билік жүргізсе, ел баянды өмір сүреді деп түсініп, хан-сұлтандарға ерекше құрмет көрсеткен. «Ханда қырық кісінің ақылы бар» деп оларды ақ киізге көтеріп ардақтаған. Ханның билігін кие тұтқан. Әйтсе де, бектер мен билер және хан-сұлтандардың барлығы халықтың қамы үшін ғұмыр кешті дегенді білдірмейді. Тарихта әділетсіз би мен бектің, хан мен сұлтанның өмір сүргені көпшілікке мәлім. Дегенмен, елден асқан ақыл-ойы һәм ерен қажыр-қайратын ұлтын ұшпаққа шығаруға жұмсаған билеушілердің болғанын да жоққа шығара алмаймыз. Олай болса, халық үшін тер төккен бектер мен билеріміз һәм хан-сұлтандарымызды, жалпы ел игі-жақсыларын зиялылар санатына жатқызумызға болады.

А.Мауқараұлы мен М.Исаұлы өз зерттеулерінде зиялылықтың өзегі ретінде рухты негізге алып, ар-ұжданын ұлықтай алған жан өзінен бұрын өзгенің бақыты үшін өмір сүретін зиялы адам бола алады деген пікір айтады. Біздіңше ар-ұжданды жоғары ұстау кісілік келбет пен адами болмыстың негізгі сипаттарына жатады. Тегі, зиялылық ошағы – кісі бойындағы ізгі қасиеттер десек асыра айтқандық емес. Себебі, он сегіз мың ғаламдағы саналы һәм ақылды болып жаратылған мақұлық – адам екені әмбеге аян. Абай атамыз: «Атымды адам қойған соң, Қайтіп надан болайын?» – деп, «адам» атауының мәртебесі жоғары екенін жырлайды. Ал И.Тайманұлы: «Хан елімен кісі» – деп билеуші халықшыл болғанда ғана кісілігін жоғалтпайтынын жеткізеді. Яғни, ескілікте зиялылық негіздері адам немесе кісі ұғымдарымен өлшенгенін аңғарамыз.

Философ-ғалым Д.Кішібеков зиялы болғысы келген адам ең алдымен өзінің ішкі нәпсі қалауларын жеңу керектігін алға тартады. Ол осы ойын: «Ең жоғарысы сол ішкі «Меннің» адамды тәртіпте ұстауы, жолдан тайдырмауы. Ол үшін адам өзін өзі тізгіндейді, тойымсыз талапты ноқталайды. Зиялы адам өзін қашанда іштей белгілі дәрежеде ұстай біледі» деп түйіндейді. Егер, нәпсі қалауларын жеңе білген жанды зиялы адам деп қабылдайтын болсақ, онда моральдік-этикалық құндылықтарды насихаттаған Ж.Баласағұнның «Құтты білік», Ахмет Иүгінекидің «Ақиқат сыйы», Қ.А.Яссауидің «Диуани хикмет», С.Бақырғанидің «Ақырзаман кітабының» көтерген негізгі тақырыбы зиялылық деп айта аламыз. Тіпті, Хакім Абайдың ғақлиясына айналған «кәмил инсан» (толық адам) тұжырымы да зиялылық ұғымымен астасып жатыр. Хакім Абай «Тасдиқ» атты еңбегінде зиялылықты «жәуан мәрт» терминімен бейнелеген. Яғни, нәпсі қалауларын еңсеріп, ақиқатты тану мен танытуға бүкіл ғұмырын сарп еткен жомарт мінез-құлықты (кәмил инсан) нағыз зиялылық ретінде көрсетеді.

Философ-ғалым Д.Кенжетай өз зерттеулерінде: «Исламдағы сайру-сулук ілімі қазақ халқына сал-серілік дәстүр ретінде трансформацияланды» деген тұжырым айтады. Исламдағы сайру-сулук ілімінде кемелдікке құштар адам Хаққа рухани сапар шегеді. Хақиқатты толық танып білгеннен кейін халыққа сол хақиқатты таныту үшін қайтып оралады. Бұл жолы кемел мінез-құлықтың иесі бар ынты-шынтымен халыққа қызмет етіп, хақиқатты паш етеді. Осы тұрғыдан алғанда исламдағы халыққа қызмет етуші сайру-сулук иелері мен қазақ халқының Асан қайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Бұқар, Дулат, Махамбет, Абай, Шәкәрім және т.б. ақын-жырауларының ұстанымынан ортақ үндестікті көре аламыз. Демек, Құдай берген ізгі қасиеттерді халық игілігіне жұмсаған ақын-жырауларымызды да зиялылар санатына жатқызуымызға болады.

Задында, зиялылықты тек рухани тақырыптарымен байланыстырып, зиялылар мен руханият иелерін бір санатқа жатқызу дұрыс емес. Себебі, әрбір адам халыққа өзінің қабілет-қарымымен қызмет етуге құқылы. Мысалы, ХІХ ғасырдың екінші жартысында Жетісу жерінде әуқатты Маманов өз қаржысымен мектеп ашып, қазақ публицистикасына бәйге жариялап, хал-қадерінше халыққа қызмет етті. Осыған байланысты халық оны «Маман құт» деп атады. Ал, Сыр елінде жұт жылдары халыққа қарайласқан байларды «сақи» (жомарт) деп мадақтаған. Яғни, тапқан табысы мен байлығын халық игілігіне жұмсаған «құт», «сақи» атағын иеленген игі-жақсыларды да зиялы деп айтуымызға негіз бар.

Нағында, «зиялы» ұғымы алғаш рет алаш қайраткерлерінің шығармаларында көрініс берген. Мысалы, Мұстафа Шоқай: «Ұлттық зиялы деп кiмдердi айтамыз? Бiр қарағанда, жеңiл көрiнгенiмен, шын мәнiнде бұл сауалға дұрыс жауап қайыру оңай емес. Оқыған, тәрбие көрген адамның бәрiн «зиялы» деп атап, оны сол адам өзi тән болған ұлттың «ұлттық зиялысы» қатарына қоса беруге болады деп ойласақ, сөзсiз қателесемiз. Бiздiңше, белгiлi бiр мұрат-мақсаттардың соңында жүрген және сол белгiлi мұрат-мақсаттар төңiрегiне жиналған оқымыстыларды ғана зиялы деп айтуға болады. Ұлттық зиялылар қатарына тек өз халқының саяси, экономикалық және әлеуметтiк дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кiре алады. Зиялылардың мiндетi ұлы да қасиеттi болуы себептi өте ауыр. Халықты ұлт деңгейiне көтеру, яғни жерi, суы, қазынасы, тiлi мен дiнi бар болған халық бұқарасын бiрлестiрiп, олардың санасын бiртұтас саяси, әлеуметтiк, ұлттық санаға жеткiзуде ұлы тарихи мiндеттiң маңызды бiр бөлiгi зиялылардың үстiне жүктеледi» деп зиялы ұғымының мәнін жан-жақты ашып көрсетеді.

Алаш қайраткерлері нұсқаған зиялылық ұғымы бүгінгі күннің талабымен толық ұштасады. Себебі, халықтың саяси, экономикалық және әлеуметтiк мұң-мұқтажы мен тіл, дін, діл тәрізді рухани қажеттіліктерін өтеу арқылы ғана біз ұлттық тұтастыққа қол жеткізе аламыз. Бұрын қазақ халқы ұлтқа қызмет еткен тұлғаларды «ер», «азамат», «сабаз», «батыр», «бек», «би», «хан», «қайғы», «ақын-жырау», «игі-жақсы», «құт», «сақи», «сүлей», «камил инсан», «жәуан мәрт» және т.б. атаулармен атаған. Қазіргі күні халықтың жоғын жоқтап, барын ұқсатып кәдеге асыра білген қайраткер һәм кемел ойдың иесін – зиялы деп атаймыз.

16. «Зікір» ұғымы
«Зікір» сөзінің тілдік әрі діни ұғым ретінде бірнеше мағынасы бар. Түркітілдес халықтардың ликсикалық қоржынына бұл сөз ислам діні мен өркениетінің таралуымен енген. Тілдік талдау жағынан алғанда, «зікір» ұғымы араб тілінде «еске алу», «жадына сақтау», «атап өту», сондай-ақ «мақтау», «мадақтау» секілді т.б. көптеген мағыналарды қамтиды. Дегенмен, бұл ұғымның өзге тілдер жүйесіне діни терминология құрамында кіргендіктен, оның қазақ тілінде қолдану аясы көбіне осы діни сарынмен шектелген.

Жалпы діни тұрғыдан алғанда «зікір» ұғымы – Жаратушыны еске алу және Оның көркем есім-сипаттарын ұлықтау әрекеттерінен тұратын құлшылықтардың бір түрі. Құран мәтіндерінде зікір етуге қатысты көптеген аяттарды кездестіруге болады. Оларға мысалы «Әй мүміндер! Алланы өте көп зікір етіңдер» деген үндеу және бұйрық түріндегі аяттар, сондай-ақ «Олар тіке тұрып, отырып, жамбасынан жатып (әр халде) Алланы зікір етеді» деген сипаттау сарынындағы аяттар жатады.

Зікір етуді дін ғалымдары ғибадаттың ең жеңіл әрі маңызды түрі деп санаған. Кез келген адам тамаққа және ұйқыға мұқтаж болғандай, зікір де рухтың азығы, қажеттілігі іспеттес. Ал діндар адам үшін ең абзал зікір әрине – «Кәлима-и шахадат» айту. Калима-и шахадат айту исламды қабылдаудың бірінші әрі негізгі шарты болып табылады. Яғни ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған сөйлей алатын адамның: «Лә илаһә иллаЛла Мухаммәдән расуләЛла» (Алладан өзге тәңір жоқ, Мұхаммед Оның елшісі) деп айтуы және осыған жүрегімен сенуі оның сөзсіз мұсылман болғандығын айқындайды.

Жаратушыны көркем есім-сипаттарын ауызға ала отырып еске алу, оны ұмытпай, үнемі ойлау, яғни зікір ету дауыстап (зикр жәһри) немесе құпия (зикр һәффи) түрде орындалуы мүмкін. Алайда ислам ғұламалары Құдайды дауыстап еске алу құлшылығын рия болмайтын жағдайда орындауды құптаған. Бұл қөзқарас Мұхаммед пайғамбардың: «Құдіреті шексіз Алла айтты: «Мені құлым қалай ойласа, мені солай табады. Мені ол зікір етсе мен де оны ескеремін. Егер ол мені іштей есіне алып зікір етсе, Мен де оны іштей ескеремін. Егер мені көпшіліктің алдында еске алып зікір етсе, Мен де оны одан да қайырлы көпшіліктің құзырында ескеремін...» деген құдси хадисіне негізделген.

Сондай-ақ тағы бір хадисте Мұхаммед пайғамбардың заманында адамдар жамағатпен оқылған парыз намаздарынан кейін Аллаға дауыстап зікір айтқандығы баяндалады. Жалпы парыз намаздардан кейін «субһанаЛла», «әлһамдулиЛлә» және «Аллаһу акбар» деп әрқайсысын 33 реттен қайталап зікір ету, дұға жасау – сүннет. Бүгінде бұл сүннетті мұсылмандар күнделікті өмірінде орындауда.

Зікір белгілі бір уақыт немесе жерді қажет етпейді, жүрекпен жасалады және тілмен айтылады. Жүрек зікірі (зикр әл-қалб) – көңіл арқылы Жаратушыны әрдайым еске ала отырып, оның әмірлерін терең түсіну және ұжданның түкпірінен келген қалтқысыз сезіммен оны құлай сүю. Ал тілмен айтылатын зікір (зикр әл-лисан) – зікір сөздерін «жария» және «құпия» айтудан тұрады.

Ислам ғалымдары осы зікірлердің ішінде жүрекке негізделіп тілге тиек етілген зікірді жөн санаған. Жүрекпен жасалған зікір Жаратушының шексіз құдіреті, көркемдігі, аяттары мен ұлылығы жайында ойландырады. Тілмен жасалатын зікір болса осы жүректегі зікірді сыртқа шығарады. Сонымен қатар пайғамбарларға салауат айтып, уағыз-насихат жүргізу де осы жүрек және тілмен айтылатын зікірге жатады және құлшылықтың бұл түрі дәрет пен ғұсыл алуды міндеттемейді.

Зікір жеке адам немесе жамағаттың қатысуымен орындалуы мүмкін. Жамағатпен бірлесе Құдайды еске алу құлшылығы адамның жеке дара отырып зікір айтудан артық саналады. Өйткені ғибадатта топтасу кезінде адамдардың арасында өзара бауырластық сезімдері күшейіп, бір-бірінің иманын қуаттауға әсер етеді. Жамағатпен бірге зікір айтуға қатысты бірқатар хадистер бар. Сол хадистердің бірінде Мұхаммед пайғамбар: «Егер жәннат бақшаларының жанынан өтсеңдер ләззат алыңдар» дейді. Ол кісіден: «Жәннат бақшалары дегеніміз не?» деп сұрағанда, ол: «Зікір айтылатын жиналыстар» деп жауап берді.

Осы хадиске қатысты Мұхаммад Әли ‘Аллян мынадай түсініктеме береді: «Алланы еске алып жатқан топтардың қасынан өткен кезде, сендер де солармен бірге Алланы еске алыңдар немесе олардың зікірлерін тыңдаңдар». Ал хадистегі «ләззат алыңдар» сөздерінің мағынасы: олардың «субһанаЛла», «әлһамдулиЛлә» және т.б. зікірлерді айтуы жәннатқа кірулеріне себепші болады деген.

Тағы бір хадисте пайғамбар: «Адамдар Алланы еске алу үшін отырған бойда, айналаларына періштелер жиналады, оларға Алланың рақымы түседі, жүректері тыныштық тауып, Алла оларды Өзінің қасындағылардың алдында еске алады» деп, жамағатпен бірге зікір етудің артықшылығын атап өткен.

Осы мазмұндағы хадис Ибн Хаджар әл-Аскалянидің «Булуг-уль-Марам» кітабында да келтірілген: «Адамдар бас қосып, Алланы зікір ете бастағанда, оларды періштелер қоршап алады, оларға Алланың рахметі жауады, Алла оларды Өзінің қасындағылардың ортасында еске алады».

Яғни адамдардың мешітте жиналып, қатты дауыспен зікір айтудың ислам шариғатына еш қайшылығы жоқ екендігін діни дереккөздерден келтірілген жоғарыдағы дәйексөздер айғақтай түседі.

Адамның оңаша жерде жалғыз отырып зікір айтудың өз орны бар. Жеке қалып зікір ететін адам өзінің күнделікті өмірде жасаған іс-әрекеттерін саралап, жасаған күнә-қателіктері үшін Жаратушысынан жарылқау тілейді. Сол арқылы жүрегін ғапылдықтан, құлқынның құлшығынан оятып, тәубеге келеді. Осыған байланысты Мұхаммед пайғамбардың: «Қиямет күні ешқандай көлеңке болмаған кезде Алла Тағала жеті адамға көлеңке береді» деген хадисінде, сол адамдардың бірі: «оңашада Алланы есіне алып, қорқыныштан көзіне жас алған адам» деп көрсетілген.

Исламдағы кейбір сопылық тариқаттар зікірді нәпсіні тазарту және рухтың дәрежесін көтеру үшін пайдаланады. Мысалы, нақшбанди тариқатын ұстанатындар «Алла» сөзіне зейін қойып, ұзақ уақыт бойы іштен қайталау зікірін Жаратушыға рухани жақындай түсу және оны толғана тамашалау әдісі ретінде қолданып келеді. Яғни сопылық ілімінде зікір – өзіндік діни ритуалдар арқылы Алланы еске алудың, рухани шабыт шақырудың әдісі болып табылады. Әрбір зікір жүректі шынайы ғибадат етуге тәрбиелеп, Алла мен адам арасындағы байланыс тірегін күшейтудің құралы, әдістемелік жүйесінің тұғыры.

Жоғарыда атап өткендей зікір ұғымының мағынасы көп, қолдану аясы кең. Оның мән-мазмұны исламды алғаш қабылдағанда айтылатын сөзден бастап, күйбең тіршілікте күнделікті орындайтын құлшылықтармен де сабақтасады. Мұсылмандардың бір жерге жиналып, иман және шариғат секілді діни тақырыптарда бір-біріне уағыз айтуы, пікір алмасуы, Құран оқуы немесе жеке адамның оңаша қалып, Жаратушысымен сұхбат құруы, осының барлығы зікір ұғымына саяды. Өмір сүру барысында пайғамбарлар мен тарихта өткен салиқалы жандардың ізгі қасиеттерін үйреніп, үлгілі істерін қайталау, сондай-ақ, Жаратушының нәсіп еткен нығметтеріне шүкіршілік ғибадаты арқылы ризашылық білдіру, қажеттіліктерді тілеу де зікір болып есептеледі.

17. Қазақ дүниетанымындағы «әулие» ұғымы
«Әулие» сөзі негізінен араб тіліндегі– «жақын», «дос», «көмекші» ұғымдарын білдіретін «уәли» сөзінен шыққан. Бұл сөздің шариғаттағы мағынасы күнә істеуден бойын алыс ұстайтын, Аллаға шынайы бойсұнушы, Оған деген махаббаты жалындап, Одан қатты қорыққан және Мұхаммед пайғамбардың сүннеттерін мұқияттылықпен орындаған, иманына берік кісі дегенді білдіреді. «Уәли» сөзінің көпше түрі  «Әулие» (достар). Ал Құран мен хадисте «уәли» және «әулие» есімі Алланың сүйікті пенделері, құлдары, достары деген ұғымды білдіреді.

Әйгілі ғұлама Тафтазани «уәли» түсінігіне: «Алланы және Оның сипаттарын біліп, күнәлардан қашып, итағатпен (бойсұнып) жүруші, ләззәт пен шахуаттарға берілмеген адам» деп анықтама береді.

Қазақ тілінде әулие-әнбие түрінде қосарланып та айтылады, мұндағы әнбие – арабша нәби, яғни пайғамбар деген сөздің көпше түрінен келген. Әйткенмен бұл тіркес ел түсінігінде тек қана әулие деген бір ғана мағынаны білдіреді.

Қасиетті Құран аяттарынан «Әулияуллаһ» (Алланың достары) деген сөзді көптеп кездестіруге болады. «Біліңдер! Расында Алланың достарына қауіп-қатер жоқ әрі олар қайғырмайды. Сондай иман келтіріп, тақуа болғандар. Оларға дүние тіршілігінде де, ақиретте де қуаныш бар. Алланың сөздерінде өзгеріс жоқ. Міне, ірі қол жетушілік осы» делінген («Юнус» сүресі, 62-64 аяттар).

Сайд ибн Жубайрдың риуаяты бойынша, Мұхаммед пайғамбардан: «Алланың уәли (әулие) құлдары кімдер?» деп сұрағанда, пайғамбар: «Олар сондай кісілер, оларды көрген кезде Алла Тағала еске түседі» деген. Демек, Алла Тағала достарының болмысынан олардың әдепті, адамдық қасиеттері мол, парасатты, жүзінен нұр тамған иман жүзді, инабатты, кішіпейіл әрі Жаратушыдан қатты қорқа білетін жандар екендігін аңғарамыз.

Әулие адамдарға тән үлкен қасиеттердің бірі  Жаратушының өздеріне берген кеңшілігі мен артықшылығы арқасында керемет (карамат) көрсетуі. «Керемет» (карамат) – Алланың пайғамбарына шын ықылас ниетімен сенген және Аллаға құлшылық етуде алдына жан салмаған әулиелердің табиғат заңдылықтарына қайшы көрсеткен іс-әрекеттері.

Ислам діні бойынша мұғжиза да, керемет (карамат) те – төтенше болатын жағдай. Мұғжиза пайғамбарға берілсе, ал керемет қасиеті сол пайғамбардың жолын ұстанушы әулие кісілерде болады. Бұл жайында Имам Ағзам Әбу Ханифа «Әл-Фиқһул әкбар» атты еңбегінде: Әулиелердің көрсеткен кереметі (караматы) хақ» дейді.

Ислам тарихында есімдері ел арасында әулиелігімен танымал болған Хасан Басри, Малик ибн Динар, Жунейд Бағдади, Абдулқадир Ғейлани, Ахмед әр-Рифай, Абдулхалқ Гуждевани, Мәулана Желаледдин Руми, Баязид Бистами, Бахауддин Нақшибанди, Ахмед Иассауи сынды тұлғалар көп болған.

1148 жылы Нишапурда дүниеге келген Фәрид-әд-дин Әттар шектен тыс тақуа, көріпкел болып бейнеленетін әулиелер жайлы кітап жазып қалдырған. Әттар жазған 66 түрлі деректі-шежіре, әңгіме дастандар бүгінгі күнге дейін жеткен. Сол кітаптардың бірі – «Тазкират әл-әулийе», сопылық жолдан өтіп әулие атанған жетпіс екі сопы тақуаның өмірбаяндық шежіресі. Кітапта осынау әулиелер көрген, кездескен немесе өздері көрсеткен тылсым оқиғалары баяндалады. Онда әулиелер асқан қанағатшыл, Жаратушыға жан-тәнімен берілген тақуа, кемеңгер ойшыл, тартымды да қисынды сөйлейтін шешен, тылсым әлеммен байланыса алатын аномальды адам ретінде бейнеленген.

Тарихи-әлеуметтік себептерге байланысты қазақ даласында да әулие туралы түсінік ислам дінімен бірге дамыды. Халық жадындағы әулиелік туралы молынан таралған аңыз-әңгімелер осының айғағы. Көпшілік санасында әулие адамдар дінді берік ұстанған, аса тақуалығымен небір тылсым, кереметпен байланысты адам әрі Алланың досы ретінде ерекше құрметтеледі.

Базар жырау Оңдасұлы «Әулиелер» жайлы былай дейді:

Мына бір шолақ дүниеден

«Әулие өлмес» дер едім;

Отқа салса, күймеген,

Залымдардың өмірі

Бір шарпуы тимеген,

Арамды көңілі сүймеген;

Дін мұсылман баласын

Кереметпен билеген...

Оңтүстік Қазақстан, Сыр бойы мен Маңғыстау өлкелерінде әулиелер өмір сүрген қасиетті мекендер, яғни үңгірлер мен жер асты мешіттері  өткен күннің белгісі ретінде тарихымызда қалған асыл мұралардың бірі.

Аңыз-әңгімелерге жүгінсек Қаратау бөктерінде Ысқақ баб, Құш ата, Укаша ата, Жылаған ата, Ғайып ата, Үйрек ата, Мұқым ата, Көк тонды ата, Қарабура ата, Алатау қойнауында Темірші баба, Әлхан баба, Бәдір-Садыр бабалар, Ер Дәуіттің төсі, Ғайып Ерен, Қырық Шілтен, Ыбырайым ата және т.б., Сыр бойында Арыстан баб, Ұзын ата, Асық ата, Жабай ата, ал Маңғыстау өңірінде 362 әулие өмір сүрген. Әулиелер көрсеткен кереметтер ел аңыздарында сақтылып, олардың мазарлары зиярат жасап келетін қасиетті орынға айналды.

Кейбір әулие адамдар лақап есімге ие болған. Мысалы, Құсшы ата әулие кезінде құсбегілік өнермен елге танымал болса, Қазаншы ата ежелден келе жатқан ел дәстүріндегі кәсіптердің бірі қазанды құюымен Қазаншы аталған.

Жоғарыда есімдері аталған әрбір әулие адамның өзіндік қасиеті болған деседі. Сонымен қатар әулиелер халықтың рухани немесе тұрмыстық қажеттеріне орай қызмет еткен. Мысалы, қазақ ауыз әдебиетінде кездесетін Баба түкті Шашты Әзиз батырлықтың, көзсіз ерліктің, адуын қара күштің пірі әрі жақсылық хабарды жеткізуші әулие болған деседі. Келесі бір аңыздарда Баба түкті Шашты Әзіз – Қожа Ахмет Иассауидің арғы бабалары, ислам діні Орталық Азияға тарай бастаған кезде өмір сүрген кісі, Қорқыттың замандасы делінеді.

Қожалар әулетінің шежіресі «Насабнама» еңбегінде Ысқақ баб жайлы мәліметтер келтірілген. Еңбекте Ысқақ бабты Мұхаммед пайғамбардың қызынан тараған ұрпағы ретінде баяндаған. Ысқақ баб әулие ауызекі аңыздарда Баба түкті Шашты Әзиз әулиемен байланыстыра еске алынады және Баба түкті Шашты Әзиздің кереметінің басым екендігі айтылады.

Соның бірінде «қырық нарға теңдеп әкелген сексеуілді өртегенде, сол сексеуіл шоғының астына керемет көрсету үшін көмілген Шашты Әзиз әулие бір жері күймей аман шығады».

Ел аузында жүрген бойына қасиет дарыған әулиелердің бірі – Укаша ата. Укаша ата ел аузындағы аңыздарда түрліше сипатталады. «Мұхаммед пайғамбардың тапсыруымен қазақ даласына келген Укаша ата ислам дінін тарату жолында басы алынады. Бірақ кесілген бас ешкімге ұстатпастан домалап қаша жөнеледі. Сәлден соң Құдайдың кереметімен жер жарылып, қуысқа түскен бас көзден ғайып болады. Сонда әлгі қуыстан сарқырап су ағып, денесіз басы Меккеден бір-ақ шығыпты. Меккеде сахабалар бастың Укаша екенін танып, Меккеге жерлейді. Ал денесі қазақ даласына жерленеді».

Қазақ халқының мифологиялық сеніміндегі төрт түлік малдың пірі болған – Зеңгі баба. Көшпенді өмір салтын ұстанған халқымыз сиыр малының қамқоршысы Зеңгі баба деп түсінген.

Дерек көздеріне жүгінсек, Зеңгі бабаның шамамен 12-13 ғасырларда өмір сүрген әулие делінеді. Зеңгі баба түрік-ислам дүниесінде исламды уағыздаушы данышпан ойшылдың бірі болған. Зеңгі Баба Қожа Ахмет Иасауидің шәкірті Сүлеймен Хакім Ата Бақырғанидің тәрбиесінде болып, Иасауи ілімінің мағрифатын, тариқатын, шариғатын, ақиқатын үйреніп, Аллаға жақындасудың қиын да азапты жолдарынан өтеді делінеді. Хакім Атадан терең білім алып, данышпандық пен керемет көрсету дәрежесін меңгергеннен кейін ол халықты ілімге, әдептілікке тәрбиелейді.

Зеңгінің күнделікті өмірі сахарада пада бағумен өткендіктен ол намазды да қыр-адырларда оқитын болған. Намаздан кейін зікір айтумен шұғылданған екен. Сол кезде сиырлар жайылуын тоқтатып тұратын болған. Зеңгі Атаға жергілікті халық үлкен құрмет көрсетіп, Зеңгі Баба деп атаған екен. Зеңгінің көптеген мүридтері (шәкірттері) болған. Олардың ішінде төртеуі - Ұзын Хасан ата, Сайид ата, Садр ата (Садриддин) және Бадр ата (Бадриддин) атақты машайықтар дәрежесіне жетеді. Зеңгі Баба 1258 жылы өмірден өтеді.

Сонымен қатар қазақ ауыз әдебиетінде кейбір әйел адамдардың өте тақуа болғандығы әрі олардың да әулиеге жақын қасиеттерінің бар болғандығы айтылады. Ел аузында даналығымен, парасаттылығымен көзге түскен Домалақ, Бабажүн аналар және т.б. биік дәріптелген.

Ислам әлемінде асқан тақуалығымен көзге түскен Рабия әл-Адауия есемі көпке танымал. Өмірбаяндық еңбектері, сопылық дүниелері көбіне көп ел аузына тарап кеткен хикметті әңгімелерімен, өлеңдерімен бүгінгі күнге жеткен.

Бір жолы Рабия діндар қауым бас қосатын жиналысқа келеді. Ондағы ғалым, діндарлар Рабияны сынамақ болып, «Керемет пен ұлылық ерлерге ғана берілген. Қараңыз, әйелден пайғамбар шықпаған ғой, неге олай екен?» дейді. «Айтқандарыңыз бек ақиқат. Бірақ тәкаппарлық пен өзімшілдік те ер азаматтарда көп кездесетіні тағы да шындық қой. Ал есесіне әйел аналар «Мен жоғары мәртебелі пәруардигармын!» деп ешқашан айтпады. Кейбір азаматтар сынды кеудемсоқтық көрсетіп Иесіне бағынбаушылық танытпады!» деп жауап беріп, көнбіс шыдамдылықты Алла сүйетінін паш етеді.

Халық жадында кейбір әулие адамдардың мазарлары есте қалғанымен, сол әулиелер көрсеткен керемет қасиеттер жайлы мәліметтер еміс-еміс қана есте қалған.

Қазақ халқының кейбір аңыз-әпсаналарында ерекше географиялық аймақтар қасиетті саналып, әулие деген түсінікпен ұштастырылған. Мысалы, Жылаған ата аңызы осының дәлелі. Жылаған ата делінуінің мәнісі Құрыш хан мен Шаш ана екі аймақта өмір сүреді. Бір күні ай-күні жеткен Шаш ана еріне келе жатып, жолда босанып қалады. Бірақ мес (перделі) бала табады. Бірақ Құрыш ханға жеткенінше мес жарылып, ішіндегі бала тұра қашады. Анасы соңынан қуады. Ақыры жетуге айналғанда бала: «Қара тас жарыл!» деп айқай салады. Сол кезде тауда үңгір пайда болып, бала соған кіріп жоқ болып кетеді. Осылайша мес бала Жылаған ата әулиеге айналыпты-мыс.

Халық санасында жер-су атаулары мен тарихына байланысты әулие, қасиет ұғымдарына телінген осы сынды аңыз-әңгімелер көптеп кездеседі.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет