8.11 Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы (1858-1931 жж.)
Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы – ұлы ойшыл, фольклортанушы, этнограф, тарихшы, философ, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің белгілі тұлғасы.
Ол өлең жазумен қатар, ауыз әдебиеті үлгілерін жинап бастырумен де айналысты. Шежірелер мен айтыстарды, көптеген тарихи жырларды хатқа түсіріп, кейінгі ұрпаққа аманаттады. Сонымен бірге ол күллі ғұмырын қазақ халқын сауаттандыруға жұмсады.
10-15 жасынан бастап-ақ өлең жазып, хат жазарлық болғаннан-ақ Мәшһүр Жүсіп халық әдебиетін ел аузынан да, қағаз бетінен де жинаумен айналысады.
1887 жылы 29 жасында Мәшһүр Жүсіп Бұхара, Ташкент, Түркістан, т.б. шаһарларға сапарға шығады. Мәшһүр Жүсіп бір жыл Бұхарада тұрып оқып, білімін толықтырады. Араб, парсы, шағатай, түркі тілдерін үйренеді. Өзбек, тәжік, және т.б. тілдерді де біледі, әдет-ғұрпын түсінеді. Көптеген ғылыми кітаптарды оқып, танысады.
Келесі жылы Бұхарадан қайтып, Түркістандағы атақты Қожа Ахмет Яссауидің басындағы Әмір Темір салдырған көк күмбезін көреді. Онда да бірсыпыра уақыт болып, бірнеше ғалымдармен танысады. Одан әрі Сыр өңірін аралап, Шу мен Сырдан өтіп, Ұлытау мен Кішітауды басып, Есіл мен Нұраны жайлап, мекен қылған жұртты аралайды. Осындай екінші сапарына Мәшһүр Жүсіп 37 жасында, яғни 1895 жылдар шамасында шықса, үшінші сапары 49 жасына (1907) сәйкес келеді.
Мәшһүр Жүсіптің үш кітабы: «Сарыарқаның кімдікі екендігі», «Хал-ахуал», «Тіршілікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз» атты туындылары 1907 жылы жарық көреді. Мәшһүр Жүсіп жинаған фольклор үлгілерінің басым көпшілігі – аңыз бен әңгімелер. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының аңыз-әңгімелерді, тарихи әңгімелерді, шешендік сөздерді қағазға түсірумен ғана шектелмей, фольклордың басқа да жанрлық түрлерін, атап айтқанда, тұрмыс-салт жырларын, эпос, ертегі, мақал-мәтел, ақындар айтысын, т.б. жинағаны белгілі.
Зерттеуші ел арасынан түрлі ертегілер де жинаған. Халық поэзиясы үлгілерін, оның ішінде мақал-мәтелдерді Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің ерінбей ұзақ жинаған.
Мәшһүр Жүсіп сондай-ақ ақындар айтысының не бір тың үлгілерін де жинаған, тәрізді ақындардың сөз қағыстырулары Мәшһүр Жүсіп қолжазбаларында белгілі бір тәртіппен, реттілікпен берілген.
Ақын қолжазбаларында көптеген ақын жыраулардың өлең мен қиссалары, дастандары т.б. бар, ақындар туындыларын қағазға түсірген.
Бұл жинаушылық барысында Мәшһүр Жүсіп өзіндік жинау әдісіне сүйенгені белгілі. Олар: тілдік ерекшеліктерді сақтау, дәлділік, айтушы аузынан сол қалпынан көшіру, арнайы бір тақырыпқа материал жинау, т.б.
Сондай-ақ айтушы не айтты – бәрін түгел қалдырмай жазу шарты, еш сөзін қысқартуға, алып тастауға немесе өз жанынан басқа бір нәрсені қосуға мүлде болмайтындығы, диалектілік ерекшеліктер болса, оны да тастамай көрсетіп отыру керектігі жөніндегі т.б. талаптар барлық фольклорист ғалымдар үшін ортақ. Сол тәрізді шығарманы кім, қашан, қайдан, кімнен естіп жаттап алды деген сауалдарға жауап жазу керектігі тәрізді талаптарды Мәшһүр Жүсіптің орындап отырғандығы бізге мәлім.
Мәшһүр Жүсіп жазбаларында фольклордың барлық жанрлары қамтылған. Егер жанр бойынша жіктеп жүйеге келтірсек, ертегілерден 15 шақты мәтін үлгі; батырлық жырлардан – 5-6; ғашықтық жырдан – 2-3; қисса-дастандардан – 11-12; тұрмыс-салт жырларынан – 30-40 шақтысы; аңыз-әңгімелердің – 200-300 үлгісі; жаңылтпаштың – 100-150 шақты көлемі; жұмбақтың қара сөз бен өлең түріндегісі – 50 шақтысы; мақал-мәтелдердің 2,5 мың жолдық мөлшері; ақындар айтысының 27 үлгісі; 30-40 шақты ақын-жыраулардың өлеңдері, дастандары т.б. орын алған.
Шығыс, батыс мәдениетін, қазақ тілін жетік меңгерумен бірге араб, парсы, орыс, көне түркі тілін жете игеруі және ХІХ ғасырдың соңғы ширегі мен ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ даласын көп аралауы нәтижесінде Мәшһүр Жүсіптің қазақ халық әдебиетін өз замандастарына қарағанда, анағұрлым мол жинап, ол туралы кеңірек зерттеу жүргізу мүмкіндігі болды.
Мәшһүр Жүсіп жазып қалдырған көп материалдарды шолып қарай отырып, оның жинаушылық еңбектерін саралауға бастайтын мынадай ерекшеліктерін жинақтап айтуға болады. Біріншіден, Мәшһүр Жүсіп ертегінің, не аңыздың қысқартылған сұлбасын, шығарма фабуласын берумен шектелмеген. Ақын белгілі бір материалды ел арасындағы айтылу қалпын сақтай отырып, неғұрлым толық қамтып отырған.
Екіншіден, әрбір сөздің сол кездегі дыбысталу қалпын, орфоэпиясын ескеріп, белгілі бір сөздерді естілуі бойынша қағазға түсірген.
Үшіншіден, Мәшһүр Жүсіп қай материалды кімнен қандай жағдайда қалай жазып алғанын жеткізіп отырған.
Төртіншіден, ел тарихын, мәдениетін, әдет-ғұрпын кең білген Мәшһүр Жүсіп жинаған материалдарға деген өз бағасын, байқауларын қоса жазып отырған.
Мәшһүр Жүсіптің фольклорист ғалым ретінде қалыптасуының үш қайнар көзі бар. Бірі – өз елінің ауыз әдебиеті мен фольклор үлгілерінен тұратын бай мұрасын қабылдауы; екіншісі – шығыс елінің, оның ішінде орта ғасырлық ғалымдар жетістіктерін игеруі; үшіншісі – батыс ғалымдары, оның ішінде орыс зиялыларының әсері.
Достарыңызбен бөлісу: |