6 Ғылыми кітапхана қызметін пайдаланудың жалпы ережелері
Университет Ғылыми кітапхана қорында миллиондаған оқулықтар, ғылыми басылымдар жинақталған. Кітапхана сайтында (http//library.atu.kz) «Ғылыми кітапхана» бетінде электрондық каталог, электронды ресурстар және мақалалар деректер базасы мен кітапхана құжаттары туралы негізгі мәліметтер насихатталған.
Электронды ресурстар орталығы мен оқырман залдарында Интернет жүйесінің барлық ресурстарын, сонымен қатар оқулықтардың толықмәтінді деректер базасын, оқу-әдістемелік құралдар мен мақалаларды, электрондық каталогты пайдалану мумкіндіктері бар.
Оқырмандардың құқықтары, мiндеттерi және жауапкершілігі
АТУ білім алушылары кітапхана - ақпараттық қызмет түрлеріне:
кітапханалық - іздеу аппараттар (каталогтар, картотекалар) жүйесі арқылы кітап қорының кұрамы жәйлі толық мәлімет алуға;
библиографиялық және анықтама – ақпараттық қызметтерін пайдалануға;
уақытша пайдалану үшін оқу залдарымен абонементтерден керекті құжаттарды алуға;
құжаттарды үйге абонементтерден алуға;
ақпарат көздерiн iздестiру мен таңдауда кеңесшiлiк қызмет алуға, сонымен қатар Интернет жүйесін пайдалануға;
алынған құжаттардың қайтару мерзімін ұзартуға құқығы бар.
Ғылыми кiтапхана оқырмандарына АТУ ректоры бекiткен тiзбектер мен прейскуранттарға сәйкес қосымша ақылы қызметтер көрсетедi.
Оқырмандар ғылыми кітапханаға кірерде және құжаттарды аларда оқырман билетін көрсетуге міндетті.
Кiтаптарды, басқа баспасөз туындылары мен материалдарды алар кезде оқырмандар басылымды мұқият тексерiп шығады. Қандай да бiр ақау табылған жағдайда ол жөнiнде кезекшi кiтапханашыға хабарлайды. Олай болмаған жағдайда кiтапты бүлдiргенi үшiн басылымды соңғы пайдаланған оқырман жауап бередi.
Оқырмандарға өз оқырман билетін басқа адамдарға беруге және де басқа адамдардың оқырман билетін пайдалануға тиым салынады. Осы ережені бұзған оқырмандар Ғылыми кітапхананы пайдалану құқығынан айырылады.
Оқу орнынан кетерде оқырмандар өзiне жазылған басылымдар мен оқырман билетiн кiтапханаға қайтарады.
Басылымды жоғалтқаны немесе бүлдiргенi үшiн жауапты оқырман оны дәл сондай басылыммен немесе оның көшiрмесiмен, немесе кiтапхана құны бiрдей деп тапқан басылыммен алмастырады.
Оқырманға мыналар рұқсат етiлмейдi:
қызмет бөлмелерi мен кiтап қоймасына рұқсатсыз кiруге;
кiтапханаға сырт киiммен кiруге;
кітапхананың ішінде шылым шегуге;
құмар ойындарын ойнауға;
тамақ пен сусындар алып келіп ішуге;
оқу залынан құжаттарды кітапханашының рұқсатынсыз алып шығуға;
кiтапхана бөлмелерiнде тыныштық пен тәртiп бұзуға.
Пайдалану ережелерін бұзған оқырмандар Ғылыми кітапхананы пайдалану құқығынан келесі мерзімге дейін айырылады:
тыныштықты бұзған үшін – 1 айға;
қызметтік міндетін орындау барысында кітапханашаға тіл тигізгені үшін – 2 айға;
үйге алған кітаптардың тапсыру мерзімін бұзған немесе уақытылы мерзімін ұзартпаған үшін – 3 айға;
кітапханашының рұқсатынсыз оқырман залынан кітап алып шыққан үшін – 6 айға;
ғылыми кітапхананы пайдалану ережесін бернеше қатар бұзғаны үшін – 1 жылға;
қасақана басылымдарды бүлдіргені (белгi салу, сызу, парақтарын жыртып, мұқабасын бүлдіргені) үшін кітапхананы пайдалану құқығынан мүлдем айырылады. Ғылыми кітапхананы пайдалану ережелерін өрескел бұзған студенттер жәйлі мәліметтер деканаттар мен ректоратқа беріледі.
6.2 Оқырмандарды ғылыми кітапханаға жазу тәртібі
Ғылыми кiтапханаға тіркелуде білім алушылар студенттік билетін, төлқұжатын, оқытушылар, қызметкерлер мен оқырмандардың басқа категориялары үшiн – төлқұжатын немесе қызмет куәлiгiн, 3х4 өлшемдi екі фото суретiн өткізуі тиіс. Бірінші курс білім алушылары деканаттардан немесе оқу бөлімінен түскен тізім негізінде жазылады. Оқырман билеті барлық абонементтермен оқу залдарын пайдалануға құқық береді.
Оқырман билетiнiң қолданылу мерзiмi – бiр жыл. Ғылыми кiтапхана жыл сайын өзi белгiлеген мерзiмде оқырмандарды оларға жазылған әдебиеттiң бәрiн көрсетуiмен қайта тiркеуден өткiзiп, оқырман билетiн ұзартады. Қайта тiркеуден өтпеген оқырмандарға кiтапхана қызмет көрсетпейдi.
6.3 Оқу залын пайдалану қағидалары
Оқу залында тек қана оқу залы қорынан алынған құжаттармен пайдалануға болады.
Әдебиеттерге тапсырыс сұраныс парағын толтыру арқылы беріледі.
Энциплопедияларды, анықтамалық, басылымдарды, сөздіктерді сирек кездесетін және құнды басылымдарды, кітаптың жалғыз және соңғы данасын, сонымен қатар, кітапханааралық абонементтен алынған басылымдарды тек қана оқу залдарында пайдалануға рұқсат етіледі.
6.4 Абонементтi пайдалану қағидалары
Оқырмандар абонементтерден үйге әдебиеттерді алу үшін, міндетті түрде оқырман билеттерін көрсетіп, сұраныс парағын дұрыс толтырулары, алған кітаптардың формулярларына қол қоюы қажет.
Кітап формуляры мен сұраныс парағы оқырманға әдебиет беру және кітапханашының оны қабылдау фактісін растайтын құжаттар болып табылады.
Абонементте әдебиет үйге мына мерзiмге:
оқу әдебиеттері бiр семестрге немесе бір оқу жылына;
ғылыми әдебиеттер – 5 кiтаптан асырмай – 1 айға;
көркем әдебиеттер – 3 кiтаптан асырмай – 1 айға.
Топ сабақтарында пайдалану үшiн әдебиет абонементте оқытушының жазбаша талабы бойынша берiлiп, топтың кезекшi білім алушысына қол қойуымен тiркеу журналына жазылады. Топ сабағына алынған әдебиет үшiн оқытушы жауап бередi.
Ғылыми кітапхананың жұмыс тәртібі
Дүйсенбі - жұма 9-00 –ден 18-00 – ге дейін
Үзіліс 13-00 – ден 14-00 – ге дейін
Сенбі 9-00 – ден 12-00 – ге дейін
Сессия кезінде 9-00 – ден 19-00 – ге дейін
Жексенбі демалыс күн
Әр айдың соңғы жұмасы – тазалық күні.
7 Білім беру қызметінің төлемақы тәртібі
Оқу ақысын төлейтін валюта түрі мемлекеттік стандартқа сәйкес «теңге» болып табылады.
Білім алу ақысы әрбір оқу жылына ҚР Үкіметінің қаулысы негізінде қабылданған мемлекеттік тапсырыс бойынша оқудың төлемақысы деңгейінің көлемінде АТУ ректорының бұйрығымен белгіленеді.
АТУ-дағы оқу төлемақысы көрсетілген оқу жылындағы ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес мемлекеттік оқу грантында оқитын әр білім алушыны оқытуға жұмсалатын қаржы көлемінің өзгеруіне байланысты өзгереді. Оқу ақысының мөлшері оқу жылында бір реттен артық өзгертілмейді.
Оқу ақысын төлеу төмендегідей тәртіппен жүзеге асырылады:
Білім алушы күндізгі оқу нысанының бірінші оқу жылына АТУ студенті қатарына қабылданғанға дейін жылдық оқу ақысының 30%-ын, 1-ші семестр ішінде қысқы емтихандық сессия басталғанға дейін 20%-ын төлейді. Қалған 50%-ын: 25% - екінші семестрдің басында, 25% - екінші семестр ішінде жазғы емтихандық сессияға дейін төлейді.
Келесі оқу жылдары білім алушы оқу ақысының 25%-ын бірінші семестрдің басында, 25% - бірінші семестр ішінде қысқы емтихандық сессия басталғанға дейін, 25%-ын – екінші семестрдің басында, 25% - екінші семестр ішінде жазғы емтихандық сессияға дейін төлейді. Оқу төлемақысы төленбесе студент сессияға жиберілмейді және оқудан шығарылады.
Оқу ақысын төлеу АТУ-дың есеп шотына банктер немесе төлем терминалдары арқылы соманы аударумен жүзеге асырылады.
Білім алушылар қатарына қайта қабылданған немесе академиялық демалыстан қайта келген кезде оқудың төлем ақысы білім алушының қайта қабылданған кезіндегі оқу төлемақысының көлемі мен шарттарына байланысты анықталады.
Қажетті деңгейдегі баллдарымен курстан курсқа ауысқан білім алушының кейбір пәндерден академиялық үлгермеушілігі болған жағдайда ол сол пәндерден ақы төлеу арқылы қайтадан дәріс алып академиялық қарыздарын өтеуі тиіс. Пәндерді қайта оқу және академиялық қарыздарын жою үшін ақы төлеу тәртібі, мерзімі, сонымен бірге көлемі АТУ ректорының бұйрығымен белгіленеді.
8 Алматы технологиялық университетінің халықаралық ынтымақтастығы
Алматы технологиялық университетінің халықаралық қызметі оның жұмысындағы ең маңызды бағыттардың бірі, АТУ дүниежүзілік білім беру кеңістігіне бірігудің негізгі факторы болып табылады және төмендегі бағыттар бойынша жүзеге асады:
шетел университеттерімен, білім беру орталықтарымен және басқа ұйымдармен әріптестік;
бірлескен ғылыми-техникалық ынтымақтастық бойынша бағдарламалар және шаралар;
еуропалық білім беру жүйесіне бірігу үшін академиялық ұтқырлықты одан әрі дамыту.
АТУ барлық қызметі Лиссабон Конвенциясының, Болон декларациясының талаптарына сай келетін және білім берудің, кәсіби қайта даярлықтан өту, кадрлардың біліктілігін жетілдірудің жаңа көздерін белсенді іздейтін үзіліссіз кәсіби білім беру кешенін құру концепциясына негізделеді.
Алматы техникалық университеті төмендегі ұйымдармен қызметтестікті қолдайды:
ҚР ұлттық инженерлік ғылыми академиясы (ҚР ҰИҒА);
Халықаралық жоғары мектеп ғылымы академиясы (ХЖМҒА);
Халықаралық университеттер ассоциациясы (IAU);
Халықаралық студенттер алмасу ассоциациясы (IAESTE);
Евразиялық университеттер одағы (EURAS);
Еуропа ректорларының клубы;
Қиыр және таяу шетелдегі жетекші жоғарғы оқу орындары және ғылыми орталықтар;
АО «Халықаралық бағдарламалар орталығы»
ERASMUS+ бағдарламасы;
ҚР-дағы шет мемлекеттердің аккредиттелген елшіліктері;
Халықаралық ұйымдар: Қазақстандағы Британдық Кеңес, Герман академиялық ауысулар қызметі (DAAD), Гете институты, Американдық халықаралық зерттеулер кеңесі (IREX);
Еуропалық студенттер және кәсіпкерлер ассоциациясы және т.б.
Қазіргі уақытта университетте жақын және алыс шет елдердегі алдыңғы қатарлы 100ден аса жоғары оқу орындарымен және ғылыми орталықтармен тығыз байланыс орнатылды және осының негізінде ПОҚ және студенттер шет елдерде тұрақты біліктілігін жетілдіреді, оқиды.
Академиялық ұтқырлық
Білім алушылардың, оқытушылардың және қызметкерлердің академиялық ұтқырлығы Болон Декларациясының ең негізгі принциптері және халықаралық қызметтің маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Білім беру сапасын арттыруға, ғылыми зерттеулердің тиімділігін жоғарылатуға, басқару жүйесін жетілдіруге, ішкі және сыртқы байланыстарды орнатуға, Алматы технологиялық университетінің міндетін атқаруға көмектеседі.
Академиялық ұтқырлықтың мақсаты: халықаралық білім беру кеңістігіне ықпалдасу, әлемдік білім беру ресурстарын қолдану.
Университет білім алушыларының академиялық ұтқырлығын жүзеге асырудың ерекше тәсілі – бұл оларды әріптес жоғары оқу орындарына бағыттау:
қос диплом ортақ бағдарламасы шеңберінде оқу үшін;
жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық шеңберінде, сонымен қатар академиялық алмасу бағдарламалар бойынша енгізілген оқу үшін;
тағылымдамадан өту үшін (соның ішінде тілдік);
оқу (зерттеу, өндірістік) тәжірибелерінен өту үшін;
жазғы мектептерге (семестрге) қатысу үшін.
Білім алушыларды іріктеу еңбектері, қабілеті және қоғамдық қызметі бар мүмкіншіліктердің теңдігі үрдісіне сәйкес ашық конкурстық шаралар шеңберінде өтеді. Академиялық үлгерімі, қабылдаушы жақтың тілін білу (немесе ағылшын тілін), алмасу туралы келісімге немесе бағдарламаға сәйкес келуі есепке алынады.
Академиялық ұтқырлық бағдарламасына қатысуға іріктелген білім алушылар өз академиялық үйлестірушілерімен кеңескеннен кейін қабылдаушы университетте оқитын пәндерін көрсететін құжатты тапсырады.
Бағыттаушы университет академиялық ұтқырлықтың қатысушысына АТУ оқу жоспары бойынша пәндерді өз бетімен оқу және сол пәндер бойынша ағымдық және мәртелік білімді бақылау мақсатында АТУ оқу порталына дистанционды кіру рұқсатымен қамтамасыз етеді. Осы білім алушыларды дистанционды оқыту үрдісінің барысын факультеттің академиялық үйлестірушісі қадағалайды.
Білім алушылар қабылдаушы университетте оқу орнының ережелеріне сәйкес әкімшілік тіркелу үрдістерінен өтеді.
Қабылдаушы университетте оқу аяқталғаннан кейін білім алушы
- өз академиялық үйлестірушісіне «Академиялық мойындау туралы актісін» дайындау үшін оқыған пәндерінің атын, кредиттерді және бағаларды анықтайтын академиялық анықтаманы (транскрипт) тапсырады;
- халықаралық ынтымақтастық бөліміне шет елде білім алу нәтижесі бойынша есеп береді.
Академиялық ұтқырлықтың мүмкіндіктері
«Эрасмус Мундус» Еуропалық Одақ бағдарламасы
Бұл – біздің еліміз бен Еуропалық Одаққа мүше-елдердің арасындағы ұтқырлық және ынтымақтастық бағдарламасы. Бағдарлама еуропалық университеттерде бакалавриатта, магистратурада, докторантурада оқу, машықтану үшін лайықты стипендияларға (гранттарға) ие болуға мүмкіндік береді.
2010 жылы Алматы технологиялық университеті ERASMUS MUNDUS Action 2, Лот 9 - CENTAURI (Central Asian Universities in need of Research and Innovation) – Орталық – Азиялық университеттерде ғылыми зерттеулерді және инновацияларды қолдау жобасы бойынша Консорциум мүшесі Еурокомиссиямен бекітілді.
«Қосдипломдық білім беру» бағдарламасы
Қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандумдардың негізінде білім беру және ғылыми зерттеулердің алдыңғы қатарлы еуропалық стандарттары бойынша кадрларды біріктірілген әріптестік даярлықтан өткізу бағдарламасы әзірленді және жүзеге асырылуда.
Бағдарламаның артықшылықтары:
Қазақстан студенттері еуропалық, сонымен қатар қазақстандық компаниялармен танылатын біліктілік статусын иеленеді;
еңбек нарығында бітірушілердің бәсекеге қабілеттілігін жоғарылату.
Бұл бағдарламаны ойдағыдай жүзеге асыру үшін төмендегі мәселелер шешіледі:
ортақ үйлестірілген бағдарламаларды әзірлеу;
білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау үшін сынақ бірліктерінің еуропалық жүйелерін қолдану;
қос бірдей дипломдарды қорғауға арналған оқуды ұйымдастыру (Double major).
Швейцарияның Халықаралық туризм және қонақүй менеджменті институтымен-HTMi бірлесе отырып АТУ бакалавриат пен магистратураның:
«Туризм»
«Мейрамхана ісі және қонақүй бизнесі»
мамандықтары бойынша Қосдипломды білім беру бағдарламасын жүзеге асыруда.
Оқу түрі: күндізгі
Оқу мерзімі: 4 жыл
Оқу желісі: 1-ші жыл – қазақ немесе орыс тілдерінде АТУ-дың бағдарламасы бойынша және шет тілдерді қарқынды оқыту;
Одан кейінгі жылдары – кәсіби пәндерді ағылшын тілінде оқыту.
Бағарламаны ойдағыдай игерген түлекке:
«Туризм» немесе «Мейрамхана ісі және қонақүй бизнесі» мамандықтары бойынша бакалавр дәрежесі беріліп, АТУ-дың дипломы тапсырылады;
«Туризм, қонақүй бизнесі менеджменті және шаралар ұйымдастыру» » мамандығы бойынша бакалавр дәрежесі беріліп, HTMi -дың дипломы тапсырылады.
Германия, Вильдау қаласындағы Қолданбалы ғылымдар техникалық университеті
Германияның Вильдау қаласындағы Қолданбалы ғылымдар техникалық университетімен ынтымақтастық туралы келісімнің шеңберінде 2010 жылдан бастап Қазақстанда талап етілетін «Биоинформатика», «Телематика», «Экономикалық информатика» сияқты мамандықтар бойынша мамандарды даярлау басталды.
Қазіргі уақытта «Тағам өндірісі», «Экономика және бизнес», «Инжиниринг және ақпараттық технологиялар» факультеттерінің 5 студенті Вильдау қаласының университетінде бакалавриат бағдарламалары бойынша ойдағыдай оқып жатыр.
Франция, Анже қаласының Университеті
Халықаралық магистратурада «Ауылшаруашылық»,«Тағам өнеркәсібі» және «Қоршаған ортаны қорғау» саласындағы мамандықтар бойынша кәсіби білім беру бағдарламасы 2009 жылдан бастап АТУ-де ESA Group (LACTALIS компаниясы, Франция) компаниясымен бірлесе жүзеге асуда.
Inter-Culture-Training бағдарламасы
Бұл бағдарлама 2010 жылы АТУ білім алушылары үшін әзірленген және жазғы кезеңде кәсіптік тәжірибеден өтуге бірден-бір мүмкіндік береді. Білім алушыларға Испанияның тағамдық және қайта өңдеу өнеркәсіптерінің, мейрамханалық және мейманханалық кешендерінің қызметімен таныстырылатын бағдарлама ұсынылады.
Сантьяго де Компостела университетінде қарқынды тіл оқыту курстары білім алушыларға тез әрі тиімді түрде испан тілін үйренуге көмектеседі, бакалавриатта және магистратурада білім алушыларға одан әрі «Қос дипломдық білім алу» бағдарламасына қатысуға мүмкіндік береді.
ҚҰРМЕТТI БІЛІМ АЛУШЫ!
Университеттің www.atu.kz ресми сайтында Сіз білім алушылардың үлгеріміне ағымдық бақылау, аралық және қорытынды аттестаттау өткізудің негізгі ережелерімен, академиялық демалыс беру ережелерімен, білім алушыларды ауыстырудың және қайта қабылдаудың ережелерімен, сонымен қатар университеттің басқа да ішкі нормативті құжаттарымен таныса аласыз.
Достарыңызбен бөлісу: |