2. Арзан да қоректілігі жоғары азық дайындау
Органикалық тыңайтқышқа көң‚ көң садырасы‚ құс саңғырығы‚ қордалар‚ шаруашылық қалдықтары‚ шымтезек‚ сапропель, сидераттар т.б. жатады. Органикалық тыңайтқыштардың маңызына тоқтала келіп академик Д.Н. Прянишников былай деп жазған: ”Химия өнеркәсібінің дамуына және минералдық тыңайтқыштардың кеңінен таралуына байланысты‚ көңнің маңызы кейінгі екінші кезектегі жоспарға қалдырылады деп ойлау мүмкін емес‚ керісінше‚ минералдық тыңайтқыштарды қолданудың артуына байланысты көңнің мөлшері де арта түседі. Мұны химияландырудың жоғары дәрежесіне жеткен елдердің тәжірибесі де көрсетіп отыр. Бұл жағдай, көңді ауыл шаруашылығы дақылдарына ең басты тыңайтқыштар ретінде қолданудың бірі деп санауға мәжбүр етеді.
Органикалық тыңайтқыштар топырақтың агрономиялық қасиеттеріне жан-жақты әсер етеді және дақылдардың өнімін арттыруда маңызды рөл атқарады. Мысалы‚ Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал тәжірибе стансасының көпжылдық деректеріне қарағанда, гектарына 30 тоннадан көң қолданғанда боз топырақтың құрамындағы гумус (0-25 см тереңдіктегі) мөлшері 1‚125 пайыз‚ азот 0‚136 пайыз‚ ал тыңайтқыш берілмеген жердің топырағында бұл көрсеткіштер тиісінше 0‚573 және 0‚082 пайыз болған. Органикалық тыңайтқыштар құрамында өсімдіктің қоректенуіне қажетті барлық элементтер кездеседі. Мысалы‚ мүйізді ірі қара малының көңінің бір тонна құрғақ затында 20 кг азот‚ 10 кг фосфор‚ 24 кг калий‚ 28 кг кальций‚ 6 кг магний‚ 4 кг күкірт‚ 25 г бор‚ 230 г марганец‚ 20 г мыс‚ 100 г мырыш‚ 2 г молибден‚ 1‚2 г кобальт‚ 0‚4 г йод болады. Сондықтан оларды толық тыңайтқыш деп атайды.
20 тонна жартылай шіріген төсенішті көң 0‚3 тонна аммоний селитрасын‚ 0‚25 тонна жай суперфосфатты‚ 0‚3 тонна калий хлоридін алмастырады.
Минералдық тыңайтқыштарға қарағанда органикалық тыңайтқыштарда қоректік заттардың мөлшері аз болады.
Органикалық тыңайтқыш өсімдік үшін көмір қышқыл газының көзі болып табылады. Топыраққа еңгізілген бұл тыңайтқыштардың ыдырауынан пайда болған көмір қышқыл газы топырақауасын‚ топырақтың үстіңгі қабатын қанықтырады да өсімдіктің ауа арқылы қоректенуі жақсарады. Жасалған есеп бойынша бір гектарға еңгізілген 30-40 тонна көң бірқалыпты жағдайда ыдырағанда күнделікті қосымша 100-200 кг көмірқышқыл газы бөлінеді. Мұндай құбылыстың маңыздылығы сонда‚ дәнді дақылдардың әр гектардағы өнімділігін 20-25 центнерге жеткізу үшін 100 кг СО2‚ ал картоп пен көкөністен 400-500 центнер өнім алу үшін 200-300 кг СО2жұмсалады.
Органикалық тыңайтқыштар топырақ микроорганизмдері үшін энергетикалық материал мен қоректік заттардың негізгі көзі болып саналады. Сонымен қатар олар топырақты түрлі микрофлоралармен байытады‚ аммонификация және нитрификация про-цестерін жеделдетеді.
Органикалық тыңайтқыштарды еңгізу-топырақ құнарлылығын арттырудың басты тәсілі. Әрдайым органикалық тыңайтқыштарды жоғары мөлшерде қолданғанда топырақтың агрохимиялық көрсеткіштері‚ биологиялық‚ физикалық‚ физикалық-химиялық‚ химиялық қасиеттері‚ су және ауа режимдері жақсарады. Топырақтың сіңіру сыйымдылығы мен негізбен қанығу дәрежесі артады‚ қышқылдылығы төмендейді‚ жылжымалы алюминий‚ темір‚ марганец мөлшері кемиді‚ буферлігі жоғарлайды.
Органикалық тыңайтқыштар минералдық тыңайтқыштың тиімділігін арттырады. Топырақ ерітіндісінің шамадан тыс қоюлануын және қоректік заттардың шайылуын кемітеді. Минералдық тыңайтқыштар көбінесе еңгізілген жылы ғана әсер ететін болса‚ органикалық тыңайтқыштардың әсері бірнеше жылға созылады. Органикалық және минералдық тыңайтқыштарды бірге қолданса анағұрлым мол өнім алынады. Ғылыми және өндірістік тәжірибелерде таза көңнің өзі дақылдардың өнімділігін 20-30 пайыз‚ минералдық тыңайтқыш 25-35‚ ал екі түрін бірге пайда-ланғанда 40-60 пайызға дейін арттыратындығы анықталған. Мыса-лы‚ Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтында жүгерінің әр гектарына 20 тонна көң бергенде өнім мөлшері 100‚7 центнерге‚ 120 кг азот‚ 60 кг фосфор‚ 60 кг калийді минералдық тыңайтқыш түрінде сіңіргенде 105‚9‚ ал органикалық және минералдық тың-айтқыштарда араластырып пайдаланғанда өнім 126‚9 центнерге жетті. Профессор К.Иманғазиевтың ғылыми талдаулары бойынша әр гектарға еңгізілген 20 тонна көң мақта өнімін гектарына 7 ц‚қант қызылшаны - 100 ц‚ дәндік жүгеріні 15 ц‚ күрішті 10 және бидайды 5 ц арттырады.
Сонымен егілетін дақылдардан мол әрі сапалы өнім алу үшін және топырақ құнарлылығын арттыруда органикалық тыңайт-қыштарды қолданудың маңызы зор. Егіншілікте өте ертеден қолда-нылып келе жатқан органикалық тыңайтқыштардың бірі көң.
Көң құрамдас бөлігіне байланысты төсенішті және төсенішсіз деп ажыратылады.
Төсенішті көң
Төсенішті көң қатты‚ сұйық бөліктен және төсеніштен тұрады. Малдың жеген азығының құрамындағы органикалық заттың 40‚ азоттың 50‚ фосфордың 80 және калийдің 95 пайызы көңге ауысады.
Көңнің құрамы мал түріне‚ оның жасына‚ азық түріне қарай өзгеріп тұрады. Бұл факторлар сол сияқты көңдегі қатты және сұйық бөліктердің арақатынасына да әсер етеді.
Мал денесінен бөлінетін қатты және сұйық бөліктердің химиялық құрамы бірдей емес (41-кесте). Мұнда айта кететін бір жағдай - мал денесінен шығатын фосфордың барлығы жас нәжісте болса‚ азоттың 50-70 пайызы және калий зәрмен бірге бөлінеді. Құрғақ зат‚ азот және басқа элементтердің мөлшері жылқы мен қой малдарының көңінде жоғары болатындықтан тезірек шіриді. Төсеніш-көңнің сапасын жақсартатын және көң садырасы мен азоттың ысырап болуын төмендететін құрамдас бөлігі. Төсеніш ретінде сабан‚ шымтезек‚ ағаш үгіндісі т.б. материалдарды пайдаланады.
Төсеніштің агрономиялық маңызы зор. Ол шаруашылықта жиналатын көң мөлшерін молайтады. Төсенішпен көң құрамына қосымша қоректік элементтер енеді. Бұл элементтер микробиологиялық процестердің әсерінен өсімдікке сіңімді күйге ауысады.
Төсеніш малдың сұйық экскрементін (зәр) және пайда болған аммиакты азотты сіңіреді. Сөйтіп, бұл заттардың ысырап болуын азайтады. Мысалы‚ сабанның бір бөлігі 2-3‚ ойпатты жердің шым-тезегінің бір бөлігі 5-7‚ қыратты жердің шымтезегінің бір бөлігі 10-15 бөлік малдың сұйық экскрементін сіңіреді.
Төсеніш көңнің физикалық‚ физика-химиялық және биологиялық қасиеттерін жақсартады. Атап айтқанда‚ көңнің ылғалдылығы азды-көпті төмендейді‚ онша тығыздалмайды және сақтағанда жеңіл ыдырайды.
Төсеніш үшін сабан мен шымтезекті пайдаланғанда сапасы жақсы көң алынады.
Қолданылатын төсеніш мөлшері оның түріне‚ сапасына‚ малдың түрі мен жасына‚ азықтың мөлшері мен сапасына байланысты (42-кесте).
Достарыңызбен бөлісу: |