Қоғамның саяси өміріндегі басқа ұйымдар мен партиялар - 1917 жыл Қазақстанда түрлі саяси ұйымдар мен партиялардың белсенділік танытуымен сипатталады. Олардың біразы Ресейдегі революциялык қозғалыстың тікелей ықпалымен бірінші орыс революциясы жылдарында-ақ қалыптаса бастаған. 1905 жылы социал-демократиялық топтар Верный, Қостанай, Перовск, Орал, Ақтөбе және Семей қалаларында қалыптаса бастайды. Олардың құрамында темір жол, баспахана, пошта және телеграф жұмысшылары, жергілікті зиялылар өкілдері болды. Басым түрде орыс және басқа славян тұрғындар өкілдерінен құралған бұл топтардың мүшелері өздерінің жабық құпия отырыстарында марксистік әдебиеттермен танысты және оларды халық бұқарасы арасында насихаттау ісін қолға алды.1913 жылы Омбыдағы түрлі оқу орындарында оқитын қазақ жастары «Бірлік» қоғамын құрды. Қоғамның мақсаты бастапқы кезенде, негізінен, ағартушылык қызметтен тұрды, ал оның басқарушы тобы құрамында Мұхтар Саматов, Нығмет Нұрмақов, Мағжан Жұмабаев, Шаймерден Әлжанов, Сәкен Сейфуллин сияқты жастар бар еді. 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейінгі оқиғалар тұсында «Бірлік» ұйымы екі қанатқа жарылып кетті. Оның бір қанаты (Ә. Досов, Ж.Сәдуақасов, Жүсіпбеков, т.б.) кеңестік билік жағында болса, екінші қанаты (Қ.Кемеңгеров, С.Сәдуақасов, т.б.) Алаш партиясының бағдарламасын қолдады, өздерін «жас алашшылар» санады.
Достарыңызбен бөлісу: |