Көтеріліс себептері: 1836—1838 жылдары Бөкей хандығында аса ірі халық-азаттық көтерілістерінің бірі болып өтті. Ол көтерілістің басты себебі жердің жетіспеушілігі еді. Мәселен, Ішкі Ордадағы 20 мыңға жуық отбасы шаруашылығы жер тапшылығынан зардап шекті. Ең жақын шұрайлы жерлердің бәрін де ірі помещиктер мен байлар өзара бөлісіп алып қойған болатын. Қатардағы қарапайым қазақтар жерді солардан жалға алып пайдаланды. Қазақ ақсүйектері орыс помещиктерінен жалға алған жерлерді өздерінің жеке қалауы бойынша қазақ ауылдарына көтеріңкі қымбат бағаға тағы да қайыра жалға беріп отырды. Сөйтіп қазақтардан әр түрлі айыппұлдар мен алым-салықты еселеп алып тұрды.
Ресей помещиктері Юсупов пен Безбородконың Каспий теңізі жағасында көлемі орасан зор жер телімдері болды. Жайық әскери кеңесі Үлкен және Кіші Өзен бойындағы және Қамыс-Самара көлдерінің төңірегіндегі жерлерді өз пайдасына басып алды. Жайық бойындағы жерлерді Жайық қазақ әскерлері иемденді. Қазақтардың кесіп өтіп, жағалаудағы жайылымдарды пайдалануына қатаң тыйым салынды. Далалық қазақтар ішкі жақ бетке, ішкі жақ қазақтары далалық сыртқы жақ бетке өте алмады. Жердің жеткіліксіздігі салдарынан қазақтар жерді Астрахан губерниясының шаруаларынан, Жайық қазақтарынан, жер иеленуші ірі помещиктер мен қазақ байларынан қымбат бағамен жалға алып пайдалануға мәжбүр болды. Жәңгір хан тарапынан салынатын алым-салық түрлері де еңсені езіп жіберді. Ол өз жеке басының пайдасына жинап алынатын бірыңғай салық түрін енгізді. Патша үкіметі ханның өзі жасап алған фискальдық қаржы жүйесіне араласпады.
Көтеріліс мақсаттары: Хан озбырлығына шек қою; Шаруалар жағдайын жақсарту;
Жер мәселесіндегі патша үкіметінің отаршылдық саясатын өзгерту; Әскери бекіністердің салынуын тоқтату.
Көтеріліс сипаты: Көтеріліс үш кезеңге бөлінді. Бірінші кезең – 1833-1836 жылдар аралығы қарулы көтеріліске даярлық ретінде сипатталса, екінші кезең – 1837 жылдың басында көтерілісшілердің ханға қарсы аттануынан бастап, олардың осы жылдың күз айларында жеңіліске ұшырауына дейінгі аралық. Үшінші кезең 1837 жылдың желтоқсанында Исатай мен Махамбет бастаған көтерілісшілердің шағын тобының Жайықтың сол жағалауына өтіп, күш жинап көтеріліске қайта шығуынан бастап, 1838 жылдың шілде айының ортасында Ақбұлақ өзенінің маңында болған шайқаста біржола жеңіліске ұшырауына дейінгі уақытты қамтиды.
Көтерілістің жеңілуі: Исатай басқарған көтерілісті тез талқандау үшін Орынбор губернаторы В.А. Перовский барлық күштерді жұмылдыра бастады. В.А. Перовский бұл көтерілістің Кенесары Қасымұлы басқарған ұлт-азаттық көтеріліспен бірігуінен сескенді. Полковник Гекке мен Баймағамбеттің отрядтары Ақбұлақтың жағасына орналасады. Исатай 500-дей жігітімен Қиыл өзенінің қарсы жағалауындағы биік қырға келіп тоқтайды. Көп кешікпей екі арада шайқас басталады. Жазалаушы әскер көтерілісшілерді үш жақтан шабуылдап, зеңбіректен оқ атады. Шайқаста көтерілісшілерден 70-80 адам қаза табады да, олар амалсыздан шегінеді. Кезекті қақтығыста Исатайдың атына оқ тиеді де, бірақ батыр жаяу ұрыс салады. Осы шайқаста Исатай қолға түседі, Баймағамбеттің үш нөкері оның қолын артына қайыра байлайды да, біреуі батырдың кеудесіне мылтық тақап тұрып атады. Оған қоса Иван Богатырев деген урядник батырдың басын қылышымен шауып түсіреді. Осылайша елі үшін еңіреген есіл ер қаза т
1838 жылы 12 шілдеде Ақбұлақ деген жерде көтерілісшілер Гекке мен Айшуақұлы басқарған отрядтан жеңіледі.
1838 жылы 23 шілдеде Махамбет бастаған көтерілісшілер хан ауылына шабады. Исатай қаза тапқаннан кейін Махамбет Өтемісұлы біраз адамдармен Хиуа хандығына өтіп кетеді. Кейін Орынбор әкімшілігі оны қолға түсіріп, сотқа тартып, Атырау өңіріне жер аударып жібереді. Сот үкіміне риза болмаған Баймағамбет сұлтанның адамдары 1846 жылы қыргүйекте Махамбетті өз үйінде өлтіріп кетеді.
1836-1838 жылдардағы көтерілістің негізгі мақсаттары орындалмады.
Көтерілістің жеңілу себептері:
Үстем тап өкілдерінің опасыздығы;
Көтеріліс басшыларының Кіші жүздегі және Ішкі Ордадағы көтерілістерді біріктіре алмауы;
Қару-жарақ теңсіздігі;
Стихиялығы, ұйымшылдықтың жеткіліксіздігі;
Патша үкіметінің жазалау отрядтарының күшінің басым болуы;
Көтерілісшілердің бір бөлігінің өз ісіне сенімсіз болуы;