1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) диаспора – өзiнiң тарихи шығу тегiнен тысқары елде тұрып жатқан халықтың бiр бөлiгi (этностық қауымдастық);
2) ономастика – тiл бiлiмiнiң жалқы есiмдердi, олардың пайда болуы мен өзгеруiнiң тарихын зерттейтiн бөлiмi;
3) ономастика комиссиясы – Қазақстан Республикасының аумағындағы әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктерге, елді мекендердің құрамдас бөлiктерiне, әуежайларға, порттарға, теміржол вокзалдарына, теміржол стансаларына, метрополитен стансаларына, автовокзалдарға, автостансаларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншігіндегі басқа да объектілерге атау беру және оларды қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімдерін беру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұрасының құрамдас бөлiгi ретiнде тарихи атауларды қалпына келтiру және сақтау бойынша бiрыңғай көзқарасты қалыптастыру жөнiндегi ұсыныстарды әзiрлейтiн консультациялық-кеңесшi орган;
4) орфография – дұрыс жазу ережесi, сөйленген сөздi (сөздер мен грамматикалық тұлғаларды) жазбаша беру тәсiлдерiнiң бiрiздiлiгiн белгiлейтiн қағидалар жүйесi;
5) Республикалық терминология комиссиясы – экономиканың, ғылымның, техниканың және мәдениеттiң барлық салалары бойынша қазақ тiлiнiң терминологиялық лексикасы саласындағы ұсыныстарды әзiрлейтiн консультациялық-кеңесшi орган;
6) топонимика – ономастиканың географиялық объектiлердiң атауларын, олардың пайда болуының, өзгеруінің және қолданылуының заңдылықтарын зерттейтiн бөлiмi;
7) транслитерация – бiр графикалық жүйедегi мәтiндер мен жекелеген сөздердi басқа графикалық жүйенiң құралдарымен әрiппе-әріп арқылы беру;
8) уәкілетті орган – тілдерді дамыту саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.
Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР 21.01.2013 № 72-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізiледi).
Достарыңызбен бөлісу: |