Қазақстан Республикасының № 193-IV 2009 жыл 18 қыркүйектегі «Денсаулықты қорғау жүйесі және тұрғындардың денсаулығы туралы» кодекстегі негізгі ұғымдар.
1) адамның мекендеу ортасы (бұдан әрі - мекендеу ортасы) - адамның тыныс-тіршілігі жағдайын айқындайтын табиғи, антропогендік және әлеуметтік факторлардың, ортаның (табиғи және жасанды) жиынтығы;
2) әлеуетті қауіпті химиялық және биологиялық заттар - белгілі бір жағдайларда және белгілі бір шоғырлануы кезінде адамның немесе болашақ ұрпақтың денсаулығына зиянды әсер етуі мүмкін, қолданылуы мен пайдаланылуы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілермен және гигиеналық нормативтермен регламенттелетін заттар;
3) бейінді маман - жоғары медициналық білімді, белгілі бір мамандық бойынша сертификаты бар медицина қызметкері;
4) денсаулық - аурулар мен дене кемістіктерінің болмауы ғана емес, тұтастай тәни, рухани (психикалық) және әлеуметтік салауаттылық жағдайы;
5) денсаулық сақтау - аурулардың алдын алуға және оларды емдеуге, қоғамдық гигиена мен санитарияны қолдауға, әрбір адамның тәни және психикалық саулығын сақтап, нығайтуға, оның ұзақ жыл белсенді өмір сүруін қолдауға, денсаулығынан айырылған жағдайда оған медициналық көмек ұсынуға бағытталған саяси, экономикалық, құқықтық, әлеуметтік, мәдени, медициналық сипаттағы шаралар жүйесі;
6) денсаулық сақтау жүйесі - қызметі азаматтардың денсаулық сақтау құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік органдар мен денсаулық сақтау субъектілерінің жиынтығы;
7)денсаулық сақтау саласындағы медициналық сараптама (бұдан әрі - денсаулық сақтау саласындағы сараптама) - денсаулық сақтау қызметінің әртүрлі аяларындағы құралдардың, әдістердің, технологиялардың, көрсетілетін қызметтердің деңгейі мен сапасын анықтауға бағытталған ұйымдастырушылық, талдамалық және практикалық іс-шаралардың жиынтығы;
8)денсаулық сақтау саласындағы стандарт (бұдан әрі - стандарт) - медициналық, фармацевтикалық қызмет, медициналық және фармацевтикалық білім беру саласындағы қағидаларды, жалпы принциптер мен сипаттамаларды белгілейтін нормативтік құқықтық акт;
9) денсаулық сақтау саласындағы стандарттау (бұдан әрі - стандарттау) - стандарттарды, талаптарды, нормаларды, нұсқаулықтарды, қағидаларды әзірлеу, енгізу және олардың сақталуын қамтамасыз ету арқылы процестердің, медициналық технологиялар мен көрсетілетін қызметтердің сипаттамаларын ретке келтірудің оңтайлы дәрежесіне қол жеткізуге бағытталған қызмет;
10) кәсіптік ауру - қызметкердің өз еңбек (қызмет) міндеттерін орындауына байланысты оған зиянды өндірістік факторлардың әсер етуінен туындаған созылмалы немесе жедел ауру;
11) мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау - халықтың денсаулығын, мекендеу ортасын және өнімдердің, процестердің, көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігін қорғау мақсатында санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдарының Қазақстан Республикасының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу, оларды анықтау, олардың жолын кесу жөніндегі қызметі, сондай-ақ халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің және гигиеналық нормативтердің сақталуын бақылау;
12) профилактика - аурулардың пайда болуының, олардың ерте сатыда өршуінің алдын алуға және орын алған асқынуларды, ағзалар мен тіндердің бүлінулерін бақылауға бағытталған медициналық және медициналық емес іс-шаралар кешені;
13) санитариялық-эпидемиологиялық жағдай - белгілі бір аумақтағы халықтың денсаулығы мен мекендеу ортасының белгілі бір уақыттағы жай-күйі;
14) санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шаралар - мекендеу ортасы факторларының адамға зиянды әсерін жоюға немесе азайтуға, инфекциялық және паразиттік аурулардың пайда болуы мен таралуының, жаппай уланудың алдын алуға және оларды жоюға бағытталған шаралар;
15) тәуекелді бағалау - инфекциялық және паразиттік ауруларды қоздырғыштардың немесе жұқтырғыштардың ену және таралу ықтималдығына, сондай-ақ қоршаған орта факторларының халықтың денсаулық жағдайына кері әсеріне және осыларға байланысты ықтимал медициналық-биологиялық және экономикалық салдарларға ғылыми негізделген баға беру;
16) улану - мекендеу ортасының химиялық, биологиялық және өзге де факторларының адамға қатты (бірмезгілді) немесе созылмалы (ұзақ) әсер етуі кезінде туындайтын ауру (жай-күй);
17) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы - мекендеу ортасы факторларының адамға зиянды әсері болмайтын және оның тыныс-тіршілігіне қолайлы жағдайлар қамтамасыз етілетін кездегі халық денсаулығының жай-күйі;
18) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы қызмет - мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдары мен ұйымдарының азаматтардың денсаулығын сақтауға бағытталған, мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауды, гигиеналық оқытуды, санитариялық-карантиндік бақылауды, радиациялық бақылауды, санитариялық-эпидемиологиялық нормалауды, тәуекелді бағалауды, санитариялық-эпидемиологиялық мониторингті, санитариялық-эпидемиологиялық сараптаманы қамтитын қызметі
Достарыңызбен бөлісу: |