Авторлық құқықтарды басқару
1. Құқық иеленушi өзiне тиiстi құқықтарды өз қалауы бойынша жеке жүйеге асыруға құқылы. Өзге адамдар авторлық құқықтарды тек құқық иеленушiнiң келiсiмi бойынша және, өкiлдiктi заңды өкiл жүзеге асыратын осы Кодекстiң 977-бабында көзделген құқықтарды қоспағанда, оларға берiлген өкiлеттiк шегiнде ғана басқара алады.
2. Авторлық және сабақтас құқықтарды иеленушiлер заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен авторлық және сабақтас құқықтарды басқару жүктелетiн ұйымдар құра алады.
Сабақтас құқықтардың объектiлерi
Сабақтас құқықтар қойылымдарға, орындаушылыққа, фонограммаларға, эфирлiк және кабельдiк хабар таратушы ұйымдардың хабарларына, олардың мақсатына, мазмұны мен маңызына, сондай-ақ олардың көрсетiлу әдiстерi мен нысандарына қарамастан қолданылады.
Сабақтас құқықтардың субъектiлерi
1. Орындаушылар, фонограмма жасаушылар мен эфирлік және кабельдік хабар тарату ұйымдары сабақтас құқық субъектiлерi болып табылады.
2. Фонограмма жасаушы, эфирлік және кабельдік хабар тарату ұйымдары осы тарауда көзделген құқықтарды фонограмма жазылған не эфирге немесе кабель арқылы берiлетiн туындының орындаушысымен және оның авторымен жасалған шарт бойынша алынған құқықтар шегінде жүзеге асырады.
3. Орындалған туынды авторларының құқықтары сақталған жағдайда орындаушы осы тарауда көзделген құқықтарды жүзеге асырады.
4. Сабақтас құқықтардың пайда болуы және жүзеге асырылуы үшiн туындыны тiркеу немесе қандай да бiр басқа формалды талаптарды сақтау талап етiлмейдi.
5. Фонограмма шығарушы және (немесе) орындаушы өз құқықтары туралы жариялау үшiн орындау жазбасының, фонограмманың әрбiр данасында және (немесе) ол сақталатын әрбiр қорапта орналасатын және үш элементтен:
1) қоршауға алынған латынша «Р» әрпiнен;
2) айрықша сабақтас құқықтар иесiнiң есiмiнен (атауынан);
3) орындау жазбасының, фонограмманың бiрiншi жарияланған жылынан тұратын сабақтас құқықтарды қорғау белгісін пайдалануға құқылы.
6. Егер өзгеше дәлелденбесе, фонограммада және (немесе) оның қорабында есімі немесе атауы көрсетілген жеке немесе заңды тұлға фонограмма шығарушы болып танылады.
Достарыңызбен бөлісу: |