280-бап. Мiндеттеменiң орындалу барысы туралы ақпарат
Заңдарда немесе мiндеттеме шарттарында борышқордың несие берушiге мiндеттеменiң орындалу барысы туралы хабарлап отыру мiндетi көзделуi мүмкiн.
281-бап. Мiндеттеме орындалатын жер
Егер мiндеттеме орындалатын жер заңдарда немесе оның шарттарында белгiленбесе немесе мiндеттеме мәнiнен немесе iскерлiк қызмет өрiсiндегi әдеттегi құқықтардан көрiнбесе, ол:
1) мiндеттеме бойынша қозғалмайтын мүлiктi беру - мүлiк орналасқан жерде;
2) мiндеттеме бойынша тауарды немесе өзге де мүлiктi тасымалдауды пайдалана отырып беру - мүлiктi несие берушiге жеткiзу үшiн оны бiрiншi тасымалдаушыға тапсыратын жерде;
3) егер бұл жер мiндеттеме пайда болған кезде несие берушiге белгiлi болса, кәсiпкердiң басқа мiндеттемелерi бойынша тауар немесе өзге де мүлiктi беру - мүлiк дайындалған немесе сақталатын жерде;
4) ақшалай мiндеттеме бойынша - несие берушiнiң мiндеттеме пайда болған кездегi тұрғылықты жерiнде, ал егер несие берушi заңды тұлға болса - мiндеттеме пайда болған кезде оның болған жерiнде; егер несие берушi мiндеттеменiң орындалу кезiнде тұрғылықты жерiн немесе тұрған жерiн өзгертiп, бұл туралы борышқорға хабарласа - орындалатын жердiң өзгертiлуiне байланысты барлық шығындарды соның есебiне жатқыза отырып, оның жаңа тұрғылықты жерiнде немесе тұрған жерiнде;
5) басқа да барлық мiндеттемелер бойынша - борышқордың тұрғылықты жерiнде, ал егер борышқор заңды тұлға болса - оның орналасқан жерiнде орындалуға тиiс.
Ескерту. 281-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. N 211 Заңымен.
Достарыңызбен бөлісу: |