IV. Еншiлес және тәуелдi акционерлiк қоғам
94-бап. Еншiлес ұйым
1. Шешімдерін жарғылық капиталға қатысудың басым үлесі болуы не олардың арасында жасалған шарт негізінде не өзгеше түрде басқа заңды тұлға (бұдан әрі – негізгі ұйым) айқындайтын заңды тұлға еншілес ұйым болып табылады.
2. Еншiлес ұйым өзiнiң негiзгi ұйымының борыштары бойынша жауап бермейдi.
Еншiлес ұйыммен жасасқан шарт бойынша (не өзгедей түрде) оған мiндеттi нұсқаулар беруге құқылы негiзгi ұйым онымен осындай нұсқауларды орындау үшiн жасалған мәмiлелер бойынша еншiлес ұйыммен бiрге субсидиарлық жауапты болады.
Негiзгi ұйымның кiнәсiнен еншiлес ұйым банкрот болған жағдайда негiзгi ұйым оның борыштары бойынша субсидиарлық жауапты болады.
Негізгі ұйымның акцияларын осындай ұйымның дауыс беретін акцияларының он пайызынан аспайтын мөлшерде иелену құқығы бар қаржы ұйымдарын қоспағанда, еншілес ұйым негізгі ұйымның акцияларын сатып ала алмайды.
3. Егер заң актiлерiнде өзгеше белгiленбесе, еншiлес ұйымның қатысушылары негiзгi ұйымнан оның кiнәсiнен еншiлес ұйымға келтiрiлген зиянды өтеудi талап етуге құқылы.
4. Еншiлес ұйымдар ережелерiнiң осы бапта көзделмеген ерекшелiктерi заң актiлерiмен айқындалады.
Ескерту. 94-бап жаңа редакцияда - ҚР 1998.07.10. № 282 Заңымен, өзгерістер енгізілді - ҚР 2003.05.16. № 416; 22.04.2015 № 308-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
95-бап. Тәуелдi акционерлiк қоғам
1. Егер акционерлiк қоғамның дауыс берушi акцияларының жиырма проценттен астамы, басқа (қатысушы, басымырақ) заңды тұлғанiкi болса, ол тәуелдi қоғам деп танылады.
2. Алып тасталды - ҚР 2011.12.28 № 524-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
3. Алып тасталды - ҚР 2011.12.28 № 524-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
4. Бiр-бiрiнiң жарғылық капиталына тәуелдi және өзара қатысатын акционерлiк қоғамдардың осы бапта көзделмеген жағдайының ерекшелiктерi заң актiлерiмен айқындалады.
5. Қатысушы (басымырақ) заңды тұлға заңдарда көзделген тәртіппен акционерлік қоғамның дауыс беретін акцияларының жиырма пайызынан астамын сатып алуы туралы ақпаратты жариялауға міндетті.
Ескерту. 95-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1997.07.11. № 154, 1998.07.10. № 282, 2003.05.16. № 416, 2011.12.28 № 524-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Достарыңызбен бөлісу: |