304-бап. Ортақ меншiктегi мүлiктi кепiлге беру
Ортақ меншiктi құрайтын мүлiк кепiлге барлық меншiк иелерiнiң келiсуiмен ғана берiлуi мүмкiн. Ортақ мүлiктегi үлеске құқық кепiлдiң дербес мәнi бола алады.
305-бап. Кепiл берушi
1. Борышқордың өзi де, үшiншi жақ та кепiл берушi болуы мүмкiн.
2. Егер заң құжаттарында өзгеше көзделмесе, заттың меншiк иесi не меншiк иесiнiң келiсiмiмен оған шаруашылық жүргiзу құқығы бар адам заттың кепiл берушiсi бола алады.
3. Кепiлге салынатын құқыққа ие адам құқықты кепiлге берушi бола алады.
Жалға беру құқығын немесе бөтен адамның затына өзге құқықты оны меншiктенушiнiң немесе оған шаруашылық жүргiзу құқығы бар жақтың келiсiмiнсiз, егер заң құжаттарында немесе шартта аталған жақтардың келiсiмiнсiз бұл құқықты иелiктен айыруға тыйым салынған болса, кепiлге салуға жол берiлмейдi.
Достарыңызбен бөлісу: |