151-бап. Мәмiленiң нысаны
1. Мәмiлелер ауызша және жазбаша нысанда жасалады (жай немесе нотариалдық).
2. Заңдармен немесе тараптардың келiсiмiмен жазбаша (жай не нотариалдық) немесе өзге белгiлi бiр нысан белгiленбеген мәмiле, атап айтқанда, олар жасалған кезде атқарылатын мәмiлелердiң бәрi ауызша жасалуы мүмкiн. Мұндай мәмiле адамның мiнез-құлқынан оның мәмiле жасау еркi айқын көрiнiп тұрған ретте де жасалған деп саналады.
3. Жетон, билет немесе әдеттегiдей қабылданған өзге де растайтын белгi арқылы расталған мәмiле, егер заңдарда өзгеше белгiленбесе, ауызша түрде жасалған болып табылады.
4. Үндемей қалу заңдарда немесе тараптардың келiсiмiнде көзделген реттерде мәмiле жасауға ерiк бiлдiру деп танылады.
5. Жазбаша түрде жасалған шартты орындау үшiн жасалған мәмiлелер, егер заңдарға қайшы келмесе, тараптардың келiсiмi бойынша ауызша жасалуы мүмкiн.
152-бап. Мәмiленiң жазбаша түрi
1. Мынадай мәмiлелер:
1) егер мәмiлелердiң жекелеген түрлерi үшiн заңдарда өзгеше арнайы көзделмесе немесе iскерлiк қызмет өрiсiнiң әдеттегi құқықтарынан туындамаса, мәмiлелердi жасау кезiнiң өзiнде орындалатындарынан басқа, кәсiпкерлiк қызмет үрдiсiнде жүзеге асырылатын;
2) мәмiлелердi жасау кезiнiң өзiнде орындалатындарынан басқа, бір жүз айлық есептiк көрсеткiш жоғары сомаға;
3) заңдарда немесе тараптардың келiсiмiнде көзделген өзге де реттерде жазбаша түрде жасалуға тиiс.
1-1. Мәміленің жазбаша нысаны қағаз жеткізгіште немесе электрондық нысанда жасалады.
2. Егер iскерлiк қызмет өрiсiнiң әдеттегi құқықтарынан өзгеше туындамаса, жазбаша түрде жасалған мәмiлеге тараптар немесе олардың өкiлдерi қол қоюға тиiс.
Егер заңдарға немесе мәмiлеге қатысушылардың бiрiнiң талаптарына қайшы келмесе, мәмiле жасау кезiнде қол қоюдың факсимилелiк көшiрме, электрондық цифрлық қолтаңба құралдарын пайдалануға жол берiледi.
3. Екiжақты мәмiлелер әрқайсысына өзiн жасаған тараптар қол қойған құжаттарды алмасу арқылы жасалуы мүмкiн.
Хат, жеделхат, телефонжазба, телетайпжазба, факс, электрондық құжаттар, электрондық хабарлар немесе субъектiлердi және олардың ерiк бiлдiруiнiң мазмұнын айқындайтын өзге де құжаттар алмасу, егер заңдармен немесе тараптардың келiсiмiмен өзгеше белгiленбесе, жазбаша түрде жасалған мәмiлеге теңестiрiледi.
Қазақстан Республикасының заңдарымен және (немесе) тараптардың бірінің талап етуі бойынша қосымша талаптар белгiленуi мүмкiн, оларға мәмiле нысаны, атап айтқанда, белгiлі бір нысандағы бланкiде жасау, мөрмен бекемдеу сәйкес келуге және осы талаптарды сақтамау салдары көзделуге тиiс.
4. Егер азамат дене кемтарлығы, науқастығы немесе сауатсыздығы салдарынан өзi қол қоя алмаса, оның өтiнiшi бойынша мәмiлеге басқа азамат қол қоя алады. Соңғысының қойған қолын, егер заңдарда өзгеше көзделмесе, нотариат немесе сондай нотариалдық әрекет жасау құқығы бар басқа лауазымды адам, мәмiле жасаушының өзi қол қоя алмаған себептердi көрсете отырып, куәландыруға тиiс.
5. Жазбаша түрде жасалған мәмiленi орындаған тарап екiншi тараптан оның орындалғанын растайтын құжат талап етуге құқылы.
Мәмiлелердi жасау кезiнiң өзiнде орындалатындарынан басқа, ауызша кәсiпкерлiк мәмiленi орындаған тараптың да осындай құқығы бар.
Ескерту. 152-бапқа өзгерістер енгiзiлдi - ҚР 1998.03.02. N 211, 2003.01.08 N 372; 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 24.11.2015 № 419-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Достарыңызбен бөлісу: |