Эпидемиологиясы. Е гепатиті А гепатитке ұқсас, фекалды-оралды механизммен тарайтын антропонозды инфекцияға жатады. Инфекция көзі – жедел НEV-инфекциясымен, әсiресе оның сарғаюсыз, немесе латенттi түрiмен ауыратын адамдар. Таралу жолы – көбiнесе су арқылы, HEV-нi water born hepatitis virus деп атайды. А гепатитпен ерекше қатынастық-тұрмыстық жолмен сирек тарайды. Жанұялық ошақтар тiркелген емес. Бұны HAV-мен салыстырғанда HEV-нiң нәжiстегi концентрациясы аз болатынымен түсiндiруге болады.
Е гепатиті көбінесе 15-40 жастағы адамдарда тiркеледi. Ер адамдар жиiрек ауырады. Бұл ауру кезiндегi өлім-жітім көрсеткiшi жоғары емес. Қытайда болған вирусты Е гепатиттiң iрi эпидемиясы кезiнде (1986 жылы шамамен 120 мың адам ауырды) өлiм көрсеткiшi 0,58% болды. Жүктi әйелдерде ауру ағымы ауыр, жоғары өлiм көрсеткiшiне әкеп соғады. Егер ауру жүктiліктiң екiншi жартысында пайда болса, науқастардың 20% өледi.
Е гепатитімен ауыру көбiнесе күзде жоғарылайды, күзде жаңбыр көп жауып, iрi өзендер толады. Осыған байланысты жерасты суларының деңгейi жоғарылап, сумен қамтамасыз ету көздерi залалданады.
Е вирусты гепатиттiң эпидемиялық аумақтары Оңтүстiк-Шығыс Азияда, Индияда, Орталық Америкада тiркелген. Аурудың бiрен саран жағдайлары Америка мен Европада да кездеседi.
Достарыңызбен бөлісу: |