Гемотораксты емдеу тәсілі плевра қуысына қан төгілу тоқталды ма, қан ағуы созылып күшейді ме деген сұрақтармен байланысты.
Егер қолданылған консервативті емге қарамай, ауыр гемотораксқа қоса қан ағуы күшейе түссе, не тоқтамаса торакотомия операциясын жасап қан ағуының себебін жою қажет.
Көбінесе болмашы гемоторакстар өздігінен тоқтайды. Бұдан соң плеврадағы қанды пункциямен сорып,өкпені босатып,қажет болса ауруға қан кұйылады.
Үлкен және ұйыған гемотораксті емдеу қиындыққа соғады. Өйткені плевра қуысында ұйыған қан әлбетте инфекцияға шалдығып, эмпиемаға соғады. Сондықтан ұйыған гемотораксті бірнеше тәуліктен соң торакотомия операциясымен емдеу қажет. Торактомиялық жараны толық тігіп, одан соң плевраға жиналған экссудатты пункциямен сорады. Егер торактомия үстінде плеврадағы қанның іріндегені анықталса - операциядан соңғы емді эмпиеманы емдеу шартымен орындайды.
Плевра пункциясы қалай орындалады? Плевра қуысынан бос ауаны алу үшін отырған адамның II-III-ші қабырғалары арасында (бүғананың орталық шебімен), ал жатқан адамның IV-VII қабырғалары арасында қолтықтың орталық шебімен пункция жасалады.
Егер плевра пункциясы одан қан не басқа сұйықтар алу үшін орындалатын болса, пункцияны VI-VII қабырғалар арасында қолтықтың орталық не артқы шебінен ауруды отырғызып жасайды. Пунқция жасалатын жерді йод, спиртпен сүртіп, 0,25—0,5% новокаин ерітіндісімен анестезия жасайды. Қабырға арасының қан тамырын жарақаттамау үшін инені төменгі қабырғаның жоғарғы жиегіне жақын түйрейді. Бос ауаға, қанға толған шприцті босатқанда плевра қуысына сырттан ауа енгізбеу үшін, инеге резеңкелі түтік жалғанады. Шприцті босатудан бұрын түтікті қысқышпен қысып, кеуде қуысына сырттан ауа енуіне кедергі жасалады. Пункциядан соңғы жарақатты йодпен сүртіп, лейкопластырмен жабады.
Плевра қуысынан көп мөлшерде ауамен сұйықты тез сорғанда, аурудың басы айналып, талып, жүрегі соғуы жиілеуі мүмкін.
Достарыңызбен бөлісу: |