Ішектер арасының абсцессі - көбінесе оған себеп болған іріңді үрдістің маңайында (аппендицит, жыртылған ойық жара) орналасады. Алдымен ішпердесі қабынады, оның салдарынан ішек, шарбы майы бір-біріне жабасып іріңді қуыстар құрады. Бұл іріңдіктердің орналасуына сәйкес күшті ауырсынатын "ісік" пайда болады. Ісік қатты, кейде жұмсақ және флюктуация береді, дене қызуы жоғары, лейкоцитоз, құсық, іш өтуі байқалады. Алғашқы аурудан айыға бастау кезеңінде қайталанып улану белгілері, ішектің динамикалы немесе механикалық өткізбеу көріністері басталады. Іріңдік ішек түтігін шірітіп ірің ішекке төгілсе науқастың операциясыз "жазылуы" мүмкін. Ал егер ішке төгілсе жалпы перитонитке ұшыратады. Ішек арасының абсцессінің алғашқы кезеңінде консервативті ем – антибиотиктер, тыныштық, диетотерапия, уланумен күрес қолданылады.
Іріңдік басқа мүшелерден жекеленіп, қапшықпен қоршалғанынан немесе іштің алдыңғы қабырғасына жабысқанынан соң абсцесс операциямен ашылып, іріңнен тазартылады. Іштің қабырғасы ісіктің үстінде ішпердесіне дейін тілініп, одан соң "ісіктің" жұмсарған орыны анықталады да осы жерде іріңдік пункциясы орындалады. Шприцпен ірің сорылып болғаннан соң инемен қатар іріңдік қапшығы 2-3 см. ұзындықта тілінеді де оның іші саусақпен тексеріледі, ірің қалдығынан тазартылады, дренаждалады, тампондалады. Операциядан соңғы кезеңде басқа іріңді ауруларды емдеудегідей жалпы ем тәсілдері қолданылады.
Достарыңызбен бөлісу: |