34-бап. Жұмысқа қабылдауды ресімдеу Жұмысқа қабылдау жасалған еңбек шарты негізінде шығарылатын жұмыс берушінің актісімен ресімделеді. 35-бап. Жұмыскердің еңбек қызметін растайтын құжаттар Мына құжаттардың кез келгені: 1) еңбек кітапшасы; 2) тоқтату күні мен оны тоқтатудың негізі туралы жұмыс берушінің белгісі бар еңбек шарты; 3) еңбек шартын жасасу және (немесе) тоқтату негізінде еңбек қатынастарының туындауын және (немесе) тоқтатылуын растайтын жұмыс беруші актілерінен үзінді көшірмелер; 4) жұмыскерлерге жалақы төлеу ведомосынан үзінді көшірмелер; 5) жұмыс беруші қол қойған және мөрімен (ол болған кезде) растаған қызметтік тізім (жұмыскердің жұмысы, еңбек қызметі туралы мәліметтер тізбесі); 6) аударылған міндетті зейнетақы жарналары туралы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан үзінді көшірмелер; 7) жүргізілген әлеуметтік аударымдар туралы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан мәліметтер; 7-1) дуальды оқыту туралы шарт; 8) жұмыскердің еңбек қызметі туралы мәліметтер қамтылған архивтік анықтама; 9) еңбек қатынастарының болуын растайтын заңды фактіні анықтау туралы соттың заңды күшіне енген шешімі жұмыскердің еңбек қызметін растайтын құжат болуы мүмкін. Ескерту. 35-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.05.2020 № 321-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 08.01.2021 № 410-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
36-бап. Еңбек шартындағы сынақ мерзімі туралы талап 1. Еңбек шартын жасасқан кезде еңбек шартында жұмыскердің тапсырылатын жұмысқа біліктілігінің сәйкестігін тексеру мақсатында сынақ мерзімі туралы талап белгіленуі мүмкін. Сынақ мерзімі еңбек шартында көрсетілген жұмыс басталған күннен басталады. 2. Сынақ мерзімі жұмыскердің жұмыс өтіліне қосылады және үш айдан аспауға тиіс. Ұйымдардың басшылары және олардың орынбасарлары, бас бухгалтерлер мен олардың орынбасарлары, филиалдар, ұйымдар өкілдіктерінің басшылары үшін сынақ мерзімі алты айға дейін ұзартылуы мүмкін. 3. Жұмыскер жұмыста нақты болмаған кезеңге сынақ мерзімі тоқтатыла тұрады. Ескерту. 36-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.05.2020 № 321-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).