453-бап. Қызметке салғырт қарау
1. Бастықтың немесе лауазымды адамның қызметке елеулі зиян келтiрген салғырт қарауы –
бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Ауыр зардаптарға әкеп соққан дәл сол іс-әрекет –
бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екінші бөлiктерiнде көзделген, соғыс уақытында немесе ұрыс жағдайында жасалған іс-әрекеттер –
үш жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген іс-әрекеттi алғаш рет жасаған әскери қызметшi, жеңiлдететiн мән-жайлар болған кезде, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн.
454-бап. Батып бара жатқан әскери корабльді тастап кету
1. Батып бара жатқан әскери корабльді өзiнiң қызметтік мiндеттерiн ақырына дейiн орындамаған командирдiң, сол сияқты командирдiң тиiстi өкiмiнсiз корабль командасы құрамындағы адамның тастап кетуi –
екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Соғыс уақытында немесе ұрыс жағдайында жасалған дәл сол іс-әрекет –
бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
455-бап. Соғыс жүргiзу құралдарын қарсыласқа беру немесе қалдырып кету
Бастықтың өзiне сенiп тапсырылған әскери күштердi қарсыласына беруi, сол сияқты ұрыс жағдайы мәжбүр етпеген ретте бекiнiстердi, жауынгерлік техниканы және соғыс жүргiзудiң басқа да құралдарын қарсыласына қалдырып кету, егер аталған әрекеттер қарсыласына ықпал ету мақсатында жасалмаса, –
Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыра отырып немесе онсыз, он жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмiр бойына бас бостандығынан айыруға, не өлiм жазасына жазаланады.
Ескерту. 455-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 11.07.2017 № 91-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Достарыңызбен бөлісу: |